ВЕРНУТЬСЯ

Біздің Маңғыстауда ел тізгінін ұстағандардың ескерткіштер мен монументтер тұрғызу ісіне жүрдім-бардым қарайтыны сондай – кей реттерде адам түсініп болмайтын ерсі жағдайлар қалыптасқан!.. Соның нақты мысалы – қазақ жырының айқын жүйрігі Қашаған ақынға қойылған ескерткіштер!.. Бізде олардың саны – екеу. Қайсысы анық Қашаған – біліп болмайсың!..Оқырманның есінде шығар, бұл екеудің алғашқысы – ақынның 150 жылдығы тұсында Ақтауда ашылған. Бірақ, атағы республикаға белгілі мүсіншінің қолынан шыққанымен – сәтсіз дүние болды!.. Оның бойында – «қайырытпай кеткен жүйрікке» тән қайрат та, айбат та жоқ еді!.. Халық – сыншы ғой, сүмірейіп қалған мүсінге көңілі толмай оны күлкі қылды!.. Биліктегілердің сондағы тапқан « жолын» қараңыз!.. Жарамсыз ескерткішті мүлдем алып тастаудың орнына, жұрттың көзапара көзін алдап, оны Жаңаөзенге апарып қойды!.. Сол бір ұят істі  тұсында «Үш қиян» келеке қылып жазған да!.. Бірақ, оған ұялып-қысылған басшылар болмаған!.. «Ақтаудан ауған Қашағанның» Жаңаөзенде сол тұрғаны - әлі күнге тұр!..Содан, көп ұзамай Ақтауда – аталған ақынның екінші ескерткіші пайда болған!.. Бұл – алдыңғысына мүлдем ұқсамайтын, оған қарағада «тірлігі» бар, домбырасын шалқалай шалып, жырлап отырған, ноқтаға толық, шомбал Қашаған болып шықты!.. «Жаңаөзенге кеткенді» көре қалған жұрт бұған, әрине, шүкір етіп жүр!.. Бірақ, мұны да «Көргенде - көңіліңді ашатын Қашаған ақын осы ғой!..» - деп сүйсінетін озық туынды деу қиын! Бұлай деуімізге себеп – қорғасымен «киінген» ақынның көңілді ашпайтыны!..Қашаған ескерткішіне байланысты біздің нақты ұсыныс-пікірлеріміз мынадай...1.Ақынның Жаңаөзенде тұрған жарамсыз ескерткішін мүлдем алып тастау керек!.2.Ақтаудағы мүсіннің қорғасынын «шешіп», қола не мыспен «киіндіру»  қажет.