ВЕРНУТЬСЯ

    Талайлардың заты да өлдi, аты өлiп,

Бiз де сонау заманаға жат едiк.

Ғасырлардың бетi толған адасу,

Қай әрпiңдi түзетейiн, қателiк?

Кеткен аз ба бiрi-бiрiмен қауыша алмай,

Ендi өзi-өзiн түгендеуде бар шалғай.

Ұлы Қытай қорғаны отыр миы ашып,

өз кiрпiшiн өзi санап тауыса алмай.

Мұң да бiттi көңiлiңдi жайлайтын.

Асығыстық - ендi мида қайнайтын.

Дауылдар да ендi ойланып қалғандай,

Мұхиттарды шашып-төгiп ойнайтын.

Шашып-төккен тiрлiктi кiм құрайды,

Уақыт, шiркiн,босқа өткен сыңайлы.

Жапырақта жалғыз тамшы дiрiлдеп,

-Мен де мұхит болғанмын, - деп жылайды.

Талайлардың сандығында жатты бақ,

Талайлар жүр өзiн өзi шақ құрап.

Құйындар жүр өз тарихын бiлмейтiн,

-Кiм бiлед? - деп көрiнгенге шапқылап.

Тұрды кейде ертеңiмнен шошып ой,

Тарих деген - iз кескеннiң досы ғой.

-Мен кiммiн? - деп бiз ешкiмге бармаймыз,

бiздiң ұлы бақытымыз -осы ғой.

Оқпен атып, шапқанда да насырға,

Бой бермеген жылдарға да, ғасырға.

Кiм болғаның, кiм екенiң жазылған,

Күлтегiннiң ғажайып көк тасында.

Өсем десең - өткен шаққа ие бол,

Келешектiң сынбас, асыл
сүйегi ол.

Өткен шаққа оқ
атқызба,себебi,

Болашаққа барып тиедi ол!