ВЕРНУТЬСЯ

      Түтіні түзу ұшқан
мұржадан сәл,

деп пе едің сен де мені бір жаман шал,

Сұлумен
тізелеспек біз емес пе ек,

қиялы қия беткі құлжаны аңсар!...

Құлағын,

сөйлеп кетсе,

халық түріп,

көрмеген құрбыласын жалықтырып,

шалғынға шалқалатар біз деп түсін,

аруды

ақ тамақтан... алып тұрып.

Ұқсатып
көрінгенге күні тығыз,

кәрілік деген сөзді ұмытыңыз,

Күні өтіп барады деп жүргендердің,

осымен біржолата үмітін үз!

Білгенге бұл
дағы бір қызық үкім:

басынам дегендердің үз үмітін!

Бізді де бірегейдің өзі деп біл,

басы аман, балтыры сау,

түзі - бүтін!

Көк белге қарап қойып көкең кеткен,

көзге ілмей,

баса көктеп өтем деп пе ең, -

дедің бе көптің бірі -

көкшолағын

ауыл үй арасында тепендеткен!

Жілігін бала жастан май жібіткен,

төрінде төре сыйлап, тайжы күткен,

жақсылар іздемесе тұра алмаған,

кем едік біз де кеше қай жігіттен!

Бұл да бір
ұрып өткен ызғар еді,

қайысқан қай өзеннің мұзға белі? -

Әлі де ауылым - өн,

сауығынан

қалдырып көрген емес қыздар елі!

... Түтіні түрілгенге мұржадан сәл,

осы екен деп қалдың ба бір жаман шал,

Көңілі көк тірердің өзі емес пе ек,

қиялы қиядағы құлжаны
аңсар.

Шайнамай жұтпаса
да мұз кесегін,

біледі әлі қанша із кесерін,

Сексенбай, Тоқсанбайлар қайда десең,

жалғасы емес пе едік біз де соның.

Ақынның айта берер шері деп құр,

қаймықпа қылышымнан менің өткір.

... Орнынан мұңымды
ауыр ырғаудың да,

осылай жырлаудың да жөні кеп тұр!...

25 ақпан,
2006 жыл