ВЕРНУТЬСЯ

            Адамзат
аман болса мүсәпірсіз болмайды. Қазанбай да сондай тумысынан бишара, бітім-болмысы
момыннан өткен сүмірейіп қалған байғұс, бірақ ақыл-есі түзу, ешкімнің бетіне
жел болып тиіп көрген емес, тіпті, мал баласына да шәйт демейтін шығар. Адам
қарасын сонадайдан байқаса, амандаспас бұрын күледі. Бұл енді сәлемдескені.
Рабайда ғана: "Інішегім, кемпір-шалың бақуат па?" дейтіні бар. Оның
да осы дүниеде жазығы болса осы жалғыз ауыз сөзі мен мүсәпірлігі ғана. Өйткені,
одан саулық сұрап, жай-жағдайын білетін жан жоқ, сұмдығы мен дәулеті
бір-бірімен теке-тірескендер Қа-а-занбайды қайтушы еді, ерін ұшын жыбыр-жыбыр
еткізіп, тапсыратын шаруасының өзін әмір бергендей шегелеп сөйлейді. Әйтеуір
бірде бие, бірде түйе болып отыратын ағайынның байғұс Қазанбайға келгенде
тіндері қатты.

Әлімсақтан,
солай ғой өзі, бірімізді-біріміз кешіріп жатамыз, ал мүсәпірге кешірім жоқ.
Қазанбай сондықтан да болар ешкімге өкпе айтпайды. Ренжісе, тумай жатып
әке-шешесін қатар жалмаған құдайдың өзіне шағынар еді ғой, жаратылысында ондай
мінезі болмағасын қайтеді енді. Айтылған шаруаның ау-жайын ұғып алғанша
"Жарайды, жарайды" деп басын екшей күліп тұрады да, біраз бейнетті
өзімен бірге көріп әбден ерғашты болған тор шолағына мініп қойдың ізінен
кетеді. Қазанбайдың кім екендігін сол ауылдағы итке дейін сезе ме, қанша
күшкәлағанда ауыл шұңқырынан біреуі ерсейші соңынан. Түк таппаған төбеттер аш
құрсағы қабысып тышқан ауласа да, қоймен бірге өрістеп қайтуға құлықсыз. Ал
ауыл арасында үнемі ұнжырғасы түсіп жүретін байғұстың өзімен жүзбе-жүз келіп
қалса, бос итаяқ көргендей  төрткөзденіп
бұрылып кететінін қайтерсің.

Қазанбайды
тұлдыр жетім кезінен қолға ұстап, басына пана болған орта бөксе дәулеті бар
аталас ағайыны Жұқаш еді. Баладан өзі де тарығып жүрген байдың мұны көрісімен ет
бауыры елжіреп кетпеген шығар, бірақ қанына тартқан болар, жұмсаған жағына тіл
қайырмай аттанатын жуастығына, тапсырған шаруасын көңіліндегідей орындап
қоятынына, тіпті, оның бұл дүниенің бейшарасы болғанына да қызыққан шығар. Оның
үстіне таяу жылдары аяғына оралғы болатын бала-шағаның сыңайы және байқалмайды,
бірақ Жұқаштың құдайдан үміті болғандықтан көңілінің хошы бар шағында:
"Осы жаманды бір шүйкебасқа қосып, әруақтарды риза етсем, балаларының
бір-екеуін бауырыма бассам, тегінен тартып құл болып кетер ме екен, қайтер
екен?" деп өз-өзінен отырып күбірлейтіні бар-ды. Сөй десе де бір қолын екі
етіп отырған мүсәпір жігітті қақаған суық, қайнаған ыстық деген жоқ, бетін
құладүзге қаратып шаруашылығына жұмсап салып отырды. Кей-кейде елім-делімі
шығып қандай қиындық көріп жүрсе де "қыңқ" демейтін мінезіне қарап
жаны ашиды, салғыласып ақы сұрап жатпаса да "мына жиырма қаралы тоқты
сенің еңбегіңнің өтеуі" деп түсіндіріп қояды. Жоқ-жұқанадан құрастырып
үстіне киім кигізеді, қазан-ошағына қарап қалған сараң бай емес, ас-суын да
таршылық жасамайды. Тек, Қазанбайдың өзі, жеріне жеткен мүсәпірліктен де шығар,
солардың біріне елп қуанбайтын тәрізді. Баяғы мән-мағынасыз залалсыз күлкісі.
Ерте тұрады, кеш жатады, атқа мініп ойын-тойға барып қайтайын деген талабы жоқ.
Шаруасы жай жаздың жұмсақ күндерінде шайды баптап қана ішетін Жұқаш:

-
Қазанбай, қойыңның басы құдайға шүкір жыл санап өсіп келе жатыр. Ханның қызын
алмасаң да өзің құралпы кедей шаруаға бәсін беріп, бір бәлекейді түсіруге
қауметім келеді енді. Қандай ойың барын бізге де сездіріп қой, - деп
бәйбіше-тоқалдың арасында тел өскен тайыншадай көлбеп жататын Жұқаш "Осы
немең әтек емес пе?" дегендей байқастап көреді. - Айт көкейіңдегіні, біліп
отырайық...

Қазанбай
бет-моншағы үзіліп, жаңа түскен келіншек сияқты бетін жеңімен жасырып төмен
қарап күледі. Ол үшін үйлену деген шаңырақ көтеруден де басқа ұятты
түсініктерді қозғайтын секілді, екі әйелдің көзінше бұндай әңгімені аузы барып
айтып отырған байға іштей таң қалады. Жалпы бұл кісінің біреу емес, екі әйелді
қатар алғанын күнәға екі мәрте батып жүр деп есептейді.

-
Несі бар, үйленсе зіңгіттей жігіт емес пе? - Тоқал да қарап тұрмай бұның ұятты
сезіміне ши жүгіртеді.

-
Әй, жеңешекежан-ай, - Қазанбай басын тұқыртып, артық әңгімеге бара алмай
бұқпантайлаған кезде ішек тұсынан бірдеңе ойнап шығып, теңселтіп жібергендей
көрінеді. Өз-өзінен өрттей жанады сосын. - Жеңешекежан-ай мені ұялтпаңызшы
енді...

Жұқаш
рахаттана күледі. Санын шапалақтай рахаттана күледі.

-
Әй, мынаның өзі қызық қой... Ұялғанда қайда барасың ұрпақсыз... Осы неме келеге
келсе болар еді...

Өйткені
бұл дүниеде Қазанбай ұялмайтын тіршілік жоқ шығар. Оның мүсәпірлігінің түп
тамыры сол өн бойын құрсаулап алған ұят деген түсінікпен астыртын астасып
жатыр. Жұрт оған таң қалатын болса, бұл адам басына бір әйелден меншіктеп алып,
одан туған балаларын төбелеріне хан көтеріп, жиын-тойда алдына жан салмай
ұятыңды белінен басып сөйлеп отыратындарға таң қалады. Мүмкін, жарық күннің
астында кім-кімнің де жүзіне тура қарай алмай төменшіктеп, ел аузында мүсәпір
атануының себебі сонда шығар, әйтпесе көзін ашқалы бар өмірін мал соңында
өткізген бұл секілді байғұстың елден ала-бөлек бүлдіріп тастаған ештеңесі жоқ. Тіптен,
бұл дүниеге басы ұмсынып келе жатқан шарана төлге де туралап қарай алмай
тайсалып кетеді, өйткені ту сыртынан біреу мұның ұятын аңдып тұрған сияқты. Ол
ол ма, отыз жыл қойдың қиын басып жүргенде еркек болып қолына пышақ ұстап мал
мауыздап көрген жан ба екен десейші. Ондайда аза бойы қаза болып, ауыл
қабағынан асып кетеді.

Жері
шүйгін, ықтасыны мол дегенмен наурыздың алғашқы сәулесі түсісімен алаөкпе
болған бірлі-жарым жандықтар Жұқаштың отарында да кездеседі. Бірде ауыл шұңқырында
Қазанбайдан басқа еркек атаулы наурыз көжеге кетті де, алаңсыз қойына шығып
кеткелі жатқан бәйбіше-тоқал бұған жетіп келді. Жаны шыққалы жатырған саулықтың
тамағынан қан шығарып берсе өздері-ақ іреп-союып алуға құлшынып тұр. Еркек аты
болғасын бұрындары мал бауыздаудан басын алып қашатынын білсе де қанжығасынан
алып жібермейді. Әрі-бері жалынып көріп еді болатын емес, ердің қасынан шылбырын
суыртпақтап алып сол күйі есіктің алдына қадап қойды.

-
Жеңешекежандар-ай, мен қорқамын ғой, - деді Қазанбай имандай шынын айтып.

-
Сені-ақ періште қамайды да тұрады екен, неден қорқасың?... Ең болмаса пышақтың
жүзімен тамағының астынан жүргізіп өтші, қан шығар ма екен...

-
Қорқамын деймін,.. қорқамын. Тамағы қыр-қыр етіп бауыздай бастағанда сөйлейді
олар...

-
Не дейді осы ит- шіркін. - Жұқаштың бәйбішесі айбатты адам еді, жанулы тұрған
пышақты бұның қолына зорлықпен ұстатып тұрып ертеден бері аяқтарын серпіп жаны
шықпай жатқан қойға қарай желкесінен итере нұқып жіберді. - Жаныңа ғана
сенің... Қой соймасаң етін қалай жеп жүрсің. Ұста арғы жағынан...

Тоқал
мен бәйбіше Қазанбайға жабылып жүріп қалтырап жатқан қойдың қасына тізерлетті де
қолының сыртынан баса ұстап тұрып жандықтың қыл кеңірдегінен бір-екі изеп
қалды. Қойдың басы бір-екі кегжең еткендей болып тамақтан қан көрінді.

-
Кет енді әрман итаяққа ұқсамай. - Бәйбіше "не күйге түстім?" деп
отырған Қазанбайды тізесімен қағып жіберді.

***

Содан
бері де біраз заман өтті. Ел арасында патша тақтан құлапты, ендігі заман мына
Қазанбайлардың қолына өтеді екен деп патшаны тағынан осы құлатқандай
отырыспа-тойларда кекесін-мұқасынды көбірек естіп жүретін... Бәрі расқа
айналды. Бір күні басына жұлдызды шоқайма киген мылтық асынған жігіт келді де
Жұқашпен ат үстінде ұзақ сөйлесті. Қолына мөрі басылған қағаз беріп, мына
малдың көбісін қазынаға қабылдаймыз, бұл сенің тапқаның емес, құл-құтандардың
еңбегі деді. Жұқаш үндеген жоқ. Есігінде жүрген малай Қазанбай Үрімбайұлына
еркіндік береміз, - деді.

-
Беріңдер... Үкіметтің айтқанынан шыққан жеріміз жоқ... Бірақ Қазанбайды қайда
апарып бағасыңдар, - деді.

-
Артельде болады, - деді бейтаныс жігіт. - Кеңес үкіметі кедейді өлтірмейді,
қайта қолына билік береді, партия қатарына алады, көзін ашып сауаттандырады...

-
Дұрыс екен...

-
Екі әйел алғандығың үшін тағы да жауап бересің...

Бұл
ауыл ежелгі теңіздің ойпат табанында жатқандықтан Ұлы Қазанның шапағат-шуағы
бірден түсе қоймады. Кештетіп жетсе де жаңа үкіметтің екпіні қатты болды. Елге
тиген бықпырт алдымен ауқатты деген шаңырақтарға жетті, соның қатарында Жұқаш
та бар. Алдымен шошайма бөрік киіп, жылтыр жадағай киіп, мылтық асынған
төрт-бес жігіт үкіметке деп біраз мал-текесін айдап кетті. Жұқаш жанын қайттады
ма, әлде заманның ағымын аулады ма, келгендермен айбат шегіп теке-тіреспеді,
сұрағандарын Қазанбай екеуі қаумалап жүріп алдарына салып берді.

Жаңа
үкіметтің орталығы "Көне қоныста" еді, сол жаққа барып қайтқан жан
болса күнде бір дүмпудің болып жатқанын айта келеді. Жұқаш естіген әңгімелеріне
қарсы сауал да қоймастан басын шұлғып отырып үнсіз тыңдайды, сол қалпында жүріп
малының шаруашылығына араласады, міз бақпастан шайын ішеді, тіпті оттың басында
өзінен басқа жан жоқтай, өзімен-өзі... Тек кешкілік жатар кезде ғана:

-
Е-е, алла, абырой бере көр де, - деп тереңнен күрсінетіні бар. Бұл өмірде болып
жатқан түсініксіз тірліктермен Жұқаштың мінезіндегі күрт өзгерісті Қазанбай да
сезіп, тақалып қалған әлденені сезгендей жүрегі шәукілдейтін-ді. Сол тегін емес
екен, бір күні бұлардың аулына шөберелес ағайыны Аймағанбет келді. Оның да
басында шошақ бөрік, иығында мылтық, алдынан үріп шыққан иттердің бір-екеуін
қамшының астына алып жіберіп, сол сыдыртқан күйі байдың жердің бетіне жартылай
көтере салған жертөлесінің қыр көзіне тоқтады. Қазанбай қора жақта қи шығарып
жүр еді, Аймағанбеттің адам танымастай өзгерген түрін көріп, бұқпантайлап
қалды.

Аймағанбет
аттан түспеді, шөп шауып келгендіктен желігі басылмай басымен арпалысып тұрған
айғырдың тізгінін тежей тартып тұрды да, ішке қарай дауыс салды.

-
Кім бар, хабарлас-ау...

"Бұл
кім болды?" деп жайбарақат уақыттағыдай іштен ешкім жүгіріп шықпады, тек
әлден уақыттан соң қақырынып-түкірініп, кең қойын шапанын желбегей жамылып келе
жатқан Жұқаш көрінді.

-
Асалаумағалейкүм!

-
Әлік салам. - Жұқаш Аймағанбеттің сәлемін ықылассыздау алды, себебі, Аймағанбет
жақын інілері еді, қатар отырған ағайын-туыс қиын кездері бір-бірімен селбесіп
күн көрген, қай кезде де мал-текесінен айрылмаған бұның оларға қол ұшын берген
жерлері көп еді, қазіргі сәлемі бұрынғыға қарағанда астамшылықпен айтылғандай
үстем естілді. Жұқаш іші алмай қалғаны 
осы жағы. Сондықтан да бұның одан шайтаны сескенбегендей. - Атыңды әрі
апарып байласайшы, - деп қолын сілтеп қора жақты нұсқады да бұрылып үйді
айналып кетуге қарады.

Аймағанбеттің
ойына да өткен уақыт оралса керек, өзінің жақын ағасына елеурей шауып
келгенінің сөкеттігін енді түсініп, айтқанды орындағаннан басқа шарасы қалмады.
Жақындауға қорқа-соқтап біраз мүдірген Қазанбай Аймағанбетке келіп амандасты...

Арада
біраз уақыт өткен соң осы үшеуі төр бөлмеде отырды. Аймағанбет шайға қарай
алмайтынын, уақытының өте тығыз екендігін айтып, бұйымын да білдіре отырды...

-
Жұқ-аға, уақыт осындай болып жатыр... Мені осында жіберді... Келген бұйымым
үлкен емес, ауылдағы жаңа үкіметтің басшылары мына Қазанбайды ала кел дейді...

-
Қазанбайды қайтпекші?.. - Жұқаш төмен қараған күйі елеусіздей сауал тастады.

-
Үкіметтің өз білгені бар да... Кісі есігінде жүргендерге бостандық береміз,
жаңа қоғам құруға қатыстырамыз, адам қыламыз деп жатыр... Мен қайтейін енді,
айтқандары осы...

-
Е-е, жөн екен... - Жұқаш төмен салған басын жерден алған жоқ, тұнжырап отыр. -
Қазанбайдың адам қатарына қосыла алмай жүргенін кеңес үкіметі дұрыс тауыпты...
Онысы рас... Бірақ пейішке алып барсаң да адамның бейшарасы сол құдай берген
жаратылыстан әрі аса қояр ма екен...

-
Мен білмеймін, Жұқа...

-
Сен білмесең, ертеңгі күні бүгінгі күніне зар болып жатса обал-сауабын бөліп
мойныңа жүктей аласың ба?

Аймағанбет ауыз жарып ештеңе айта алмады, басын қысып бара
жатқан соң шошақ бөркін алып тершіп кеткен маңдайын ерсілі-қарсылы сүртті.
Ара-арасында Қазанбай жаққа да көзін ұрлап тастап қояды, төмен қарап
күлімсіреген күйі үнсіз отырған жігіт мына болып жатқан әңгімеге қатысы жоқтай
жүгініп отыр. Көбіне Жұқаш жаққа жалтақтайды, қолынан келген амалын жасап жібермесе
екен дейді, өзі танып-білмейтін бейтаныс ортаға барудан зәре де иманы қалмай
қорқады. Әрі-бері сарапқа салып отыра бергеннен Аймағанбет ештеңе өндірмесін
ұқты да, сөздің сарасына көшті.

- Жұқа, үкімет күшті ғой... Қанша адам шапқылап айтқандарын
екі етпей жүргенде өздерінің ойлап тапқан ұшпағы дейсіз бе? Бір жандары үшін
де... Мені де кедейсің, кеңес үкіметінің қабырғасын нығайтуға қатысуың керек
деп осындай қылып қойды ғой... Алдымен ағайынды құтқар құлдықтан дегесін келген
бетім...

-
Ә, солай ма? - Жұқаш салмақты көзқарасы Аймағанбеттің қушиып отырған денесін
қылыштай шалып өтті. - Бұныңды айып демеймін... Бірақ, ағаңның аулына ат
ойнатып, арқаңа мылтық асынып келмесең бірдеңеден кем қалатын ба едің...
Жамандығыңа бағасың да... Шай ішіп, ет жемейтіндей, пірғауын болып кетіп пе
едің...

Жұқаш
мұнан әрі шынтақтағы жастығын итере тастап, орнынан тұрды. Тысқа қарай құман
алып беттеді. Аймағанбет ізінен іле көтерілгесін, жалғыз өзі отыра берудің
амалын таппай, Қазанбай да шыққан. Сонадай жерде қазыққа шала салған боз айғыр
тағатсызданып жер тарпып тұр екен, Жұқаш тани кетті.

-
Мынау Өтеш қажының айғыры ғой...

Аймағанбет
"иә" дегендей імкәм байқатып, елдегі әулие тұтатын адамның көлігіне
міне шапқанының қаншалықты қате болғанын енді түсінгендей ұяла төмен қарады.

-
Талай-талай заман болар, қарағай басын шортан шалар деген екен бұрынғылар...
Сол расқа шығып келеді... Мен отыз жыл қолыма ұстағанда бір тірлікке иегін енді
асамын ба деп едім, Аймағанбет жаңа үкіметтің билері бір күнде адам қыламыз жеп
жатыр дейді ғой... Күштінің дегені болады енді... Қазанбай жинал...

Жұқаш
Қазанбайды қыр асыра қуып тастағандай қылған жоқ... Қойға мінетін атын өзіне
берді... Жаз айлары айран-шалап сақтайтын қара қос бар еді, оны тағы бір атанға
жүктеді. Өзі ауыл қабағына дейін ілесіп келіп, "Жұқаш аға, мен
қайтемін" дегенді көзіммен сездіріп тұрған мүсәпір жігіттің арқасынан
қақты...

-
Ой, мүсәпірім-ай, құдай жар болсын да саған... Осы бергенімнен де тоқты-торымың
бар еді, оны алдыңа салып бергенмен сенің аузыңа тигізбейді ғой андағылар...
Заман жақсы болса менде тұрған мал қайда кетеді дейсің... Ал, енді сау бол, -
деген.

Аймағанбет
ілгері озып кетті де, Қазанбай түйесін жетектеп соңында ыбылжып жүріп келеді.
Қайда барады, қандай тірлік жасайды ол жағы беймәлім, өмірі ауыл қабағынан
әріге ұзап шықпаған жігіттің іші әлем-жәлем. Басынан не күй кешіп келе жатқанын
өзі дөп басып айта алмайды. Мені сойылатын малдай Аймағанбеттің қолына жетектетіп
жібергені несі деп Жұқаш ағасына да ренжитіндей ме? Бірақ, басқадай шарасы бар
ма, сол сәтте арты да, алды да терең құз сияқты, қайда қарай бұрылғанда да
өзінің қалағаны болмайтынын жақсы біледі. Бірақ, өзіне қол жұмсамаушы еді,
тамағы болса тартынбайтын алдына қоятын, ешкімге көзге түрткі қылмай жағдайын жасайтын
Жұқаш ағасына бауыр басып қалып еді... Осы ойына түскенде жол тосып тұрған
Аймағанбетке жақындай бергенде Қазанбайдың көңілі босап кетті.

-
Аймағанбетжан, мені қайтесің... Жұқаш ағамның қолында қалдырсайшы...

-
Не дейді мынау?! - Жұқаш аулынан ұзағасын Аймағанбеттің өңі қайта кірейін деген
екен, бұған қарай дікілдей сөйледі. - Жаман неме... Мен сені адам қыламын, туысқаным
деп ізіңнен келсем... Былжырап, аузыңа келгенді айтасың ғой өзің... Жүр бермен,
жаны бар адамға ұқсап.

Аймағанбет
бұған қарай еміне бергенде қамшымен жон арқасынан бір-екі тілгілеп ала ма деп
қауіп етіп еді, бірақ ешкім тимеді. Қазанбай бұдан кейін бір ауыз әңгіме
айтпастан үнсіз қалған.

***

Қазанбай
үйін Аймағанбеттің үйінің маңына апарып тікті. Күнде маңдайына жалау ілінген
кеңседе кешкілік жиналыс өтеді, одан Қазанбайды да қалдырмайды. Күні бойы
артельге әркімнен жиналған малды бағады да, қолы бос кезінде Аймағанбеттің
айтуымен басқа тірліктерге араласады. Колхоз болдық, сен енді сол колхоздың
мүшесісің деп бір қояды. Қазанбай сол баяғы дыбысын шығармай күлетін кәдісі,
бұрыс не дұрыс болды-ау деп айтпайды. Сенің көзіңді ашамыз, сауаттандырамыз деп
мектепке де тіркеді. Бұл түн баласына дейін ересектермен қатар қағаз-қалам
ұстап, қалғып-мүлгіп бірдеңе оқыған болады, бірақ сан жағы болмаса әріптер
санасына қонатын емес. Осылайша қанша жүретіні белгісіз еді, сол елде өзі
сияқты тұлдыр жетім Күләш деген қызды Аймағанбет қолынан жетектеп қосына ерте
келмегенде. Оны да бір туысқанының үйінен күңдіктен құтқарған екен. Алғашында
сенімен бірге баспалай жүрсін десе де, кейіннен Қазанбайға осы қызға үйленесің
деген қиғылық салды. Жақында ғана қара табан бадырақсың деп партияға
қабылдаған, қызыл билетті қолына беріп тұрып колхоздың басқармасы Нұрыш деген
кісі:

-
Сен енді ел қатарына ендің... Өте жуас бола берме... Сені жұрт коммунист,
белсенді дейді. Енді мына билетің жүргенде айтқан тапсырмамызды екі етпейтін
боласың, - деп күлсе де арғы жағында шын пейілі жатқан.

Бірақ
өмірінде қанша жаңалық болып жатса да Қазанбай құдай берген мінезінен бір айнымады.
Сол бұрынғысынша кім көрінгенге жалынышты адамдай күлетіні, ешкімнің жүзіне
тура қарай алмай назарын төмен тастап, көзін алып қашатыны. Енді үйлену жағына
келгенде де әуеліде басын сауғалап көріп еді. "Біле білсең бұл саған деген
партиялық тапсырма, егер шаңырақ құрудан басыңды алып қашатын болсаң, мәселеңді
колхоз жиналысына қоюдан тартынбаймын" деген соң Қазанбайдың күлуге де
шамасы келмей қалды. Себебі, Қазанбай колхоз жиналысының қалай өтетінін, бұл
түгілі аузымен құс тістеп жүрген талай сұңғыланы, осы өңірдің байлары мен
билеріне дейін жүндеп түтіп жібергенін талай көрген. Соның бірі Жұқаш еді.
Осындағы бүкіл колхозшы ұлы бөріге алды оны.

-
Құл ұстап, халықты қанаған боржой...

-
Екі әйел алған ескіліктің сарқыншағы...

-
Қазанбайды жібергісі келмей, Кеңес үкіметінің өкіліне қарсылық білдірген халық
жауы...

Жұқаш
көпке дейін өңін бермей біраз отырды да, қайта-қайта екі әйел алғандығы жөнінде
дау көбейе бергесін бір ауыз сөз сұрады. Біреу берейік, біреу үкіметке қарсы
үгіт айтып қояр деп  қорғалақтаса да,
ауданнан келген өкіл:

-
Біздің өкімет сөз бостандығын жақтайды... Бұл жауға да болса жасап отырған
кеңшілігіміз. Үкіметтің остабын бұзбай сөйлесе сөйлесін, - деді.

-
Мал баққанға бітеді деген, - деді Жұқаш жұрт қолқа салып қоймағасын орнынан
тұрып сөйлеп. - Қазанбайдан да бұрын әкемнен қалған отардың бүкіл бейнетін өзім
көтеріп едім. Кейінірек ағайыным болғасын мына Қазанбайды қолғанат қылғаным рас
еді... Еңбегін жеген жоқпыз... Бердім тиісті ақысын...

-
Тоқта, сіз остаптан шығып бара жатырсыз. - Уәкіл ескерту жасап орнына қайта
отырды. - Басқа жағына көшіңіз...

-
Бірінші әйелімнен нәресте көрмегесін, екінші қайтара тоқал алғаным да рас еді.
Құдайдан үмітім болғаннан кейін ұрпақсыз өткім келген жоқ. - Осыдан кейін
Жұқаштың көңілі босап, қалтасына орамалын алып бетін сүртті. - Бәрібір жазудағы
болады екен.

Уәкіл
орынан тағы да ұшып тұрды.

-
Сіз көз жасыңызды төгіп, жұрттың алдында өзіңізге, үстем тап өкіліне аяныш
шақырып тұрсыз. Остапты екінші қайтара бұздыңыз. Онан да кемшілігіңізді
мойныңызға алып, колхоз жиналысының қаулысы бойынша тиісті жазаңызды өтеуге
ықыласты екеніңізді білдіріңіз...

Жұқаш
үндемей біраз тұрды, жүзін жұртшылыққа, ертеден бері у-шуға қатысып отырған
көпшілікке туралап қарады. Кезінде "дәм-тұзымды татқан ағайын
едің-ау" дегендей мағына жатыр. Қазанбай осы кезде жерге кіріп кеткендей
болды, Аймағанбет те назарын төмен тастады. Тамағын қырнап алған Жұқаш:

-
Ағайын, жазығым жоқ еді ғой алдарыңда... Қателескен жерім болса кешіріңдер! -
деді де, түйлігіп қалды.

Мұнан
кейін ертелі осы жиналысқа бастан-аяқ қатысқан 
белсенділер тәлтіректеп тұрған Жұқашты қос қолтығынан алып тысқа
беттеді. Жұқаштың көзі жоқ жерде боржойдың құйыршығы болып саналатын ауылдың
шонжарының дүние-мүлкін үкіметке өткізіп, малын кәмпескелеп, өзін ит жеккенге
айдату жөнінде шығарылған қаулыға Жұқаштың көзі жоқ жерде ағайын-тумаларының
бәрі бір ауыздан дауыс берді. Арасында Қазанбай да бар.

Жиналыста
атын айтқасын Қазанбай жалтарып кете алмады да Күләшпен отау тіккен. Алғашында
азар-безері шыға қашқанмен, тіршіліктің мұндай құпиясын ашқанына наразылық айтып
құдайын күпір бола алмайды. Сол
Күләш соңғы кездегі жетімсіреген көңілінің жұбанышына айналды. Бүкіл өмірінде
көрген ақырет-азары, шеккен бейнеті, Жұқаш ағасының сотталып, ел асып, су асып
белгісіз жаққа айдалып кеткенінің орнындағы олқы жерді бір әйел-ақ толтырып
жатқандай. Сонда да болса жарық кезінде әйелінің бетіне тік теліп қарауға
қаймығады, көзі мен көзі ұшыраса қалса төмен қарап күлетін әдеті әлі де бар.
Әйелі алғашында өзінен де өткен ұялшақ еді, кейде оңашада отырып күйеуіне қарап
сықылықтап күлетінді шығарып жүр. Осы күлкілерінің ішінде екеуіне ғана белгілі
құпия жағдаймен бір-бірінің бишара көңілдерін күйттегендей наз бар. Бір күні
кешкілік Күләш:

-
Қазанбай, құрсағымда бірдеңе қимылдайды, - деді.

-
Ә-ә, солай ма? - Қазанбайдың өнебойын өрт шалғандай қалшылдап-дірілдеп кетті.
Күлейін деп еді аузы жуысатын емес, сонда да болса өз-өзін тоқтатты. -
Қимылдайды,-ә?.. Ол, сірә бала шығар... Қап, елден ұят болды-ау...

-
Шын ба айтқандарың?  Елдің бетіне енді
қалай қараймын? Бәрі енді сенің кесірің ғой... Күләш бетін басып алды да
өксіген күйі төсегіне құлай кетті. Иығы бүлкілдеп жылап жатыр. Қасында Қазанбай
селтиіп біраз тұрды, жылаған әйелін не деп жұбатарын білмей, әуре-сарсаңға
түсіп тұр. Әйтеуір бірдеңе деуі керек тәрізді.

-
Күләш, қойшы енді, байқамай қалдым. Жұрттың бәрі сөйтетін көрінеді ғой...

-
Иә, сағ-ған...

Қазанбайдың
төбесінен біреу қайнаған ыссы суды аудара салғандай есінен адасып қалды. Оның
ойына колхоздың жиналысы оралды. Ертеңіне мұны біреу шақырып алып, ал енді
коммунист басыңмен қандай әрекет жасап жүрсің. Сен де боржойдың құйыршығысың.
Ит жеккенге Күләш екеуіңді қоса айдаймыз десе не бетін айтады. "Бірақ,
жақында ғана басқарманың әйелі бала туды ғой, оған ешқандай жаманат келген
жоқ" деген екінші ой тағы сығалады. Сонда да болса айтылған жайға көзін
жеткізбек жайы бар.

-
Кәне, өзім былай көрейінші. - Ол бүк түсіп жылап жатқан әйеліне батылсыздау
қолын созды.

-
Кетші-әй, әрман! - Пысылдап екі иінінен демалып жатқан Күләш төсегінен айналып
кетіп еді, қолы ұмсынып барып құрсағының үстінен түсті. Ішінде біреу екі иығы
бүлк-бүлк етіп өзі сияқты күліп отырған сияқты.

-
Енді қайттік?..

-
Мен қайдан білейін.

Бұған
дейін шат-шадыман күліп отыратын бұлардың әңгіме-сөзі сол күні тынып қалды.

***

Содан бері де екі-үш
жылдың беделі болған шығар. Қазанбай колхоз қойын бағып жүрсе де біраз жағдайға
қанығып қалды. Бұған ел ішінде білдірмей, бұлардың қанын теспей сорған
"жау" дегеннің кім екенін білді. Көзі қимаса да заманында өзіне
қамқор болған Жұқаштың да ішінде бір түйткілі жатқан болды ғой, әйтпесе ел
болып, халық болып жала жасауы мүмкін емес деген де ой түсті. Сонда болса,
бала-шағасымен ит жеккенге айдалып кеткен оған деген көңілінде өкпе-реніш жоқ
сияқты. Әйтеуір, ішінен жек көрмейді, бірақ кімнің кім екенін үкімет айырады
ғой деп ойлайды.

Қазанбай
жаңа үкіметтен бір жағынан өлердей қорқады, екінші жағынан мұны қатарға
қосқанына тәубешілігін қоса айтады. Қатарға қосылғанмен мінезі өзгерген жоқ,
сол баяғы сонадайдан адам көрсе ыржиып күліп тұратыны. Бірақ туғаннан қой
соңында өмірі өткендіктен шаруаның ау-жайын бағдарлағыш қи табан шаруа. Қысқы
күннің сыңайына қарай жаятын өрісін жаздырмай көзі таниды, бұрыннан көзі
қарақты болып қалғасын малы да іш тастамайды, шығыны да жоқ. Сосын адам баласы
болып ешқайда алаңдамай, тек қой баққанын біледі. Осылай жүргенде колхоз
басшыларының аузына іліге бастады. Сыйлық береді, кейде ақша, кейде сол еңбек
күніне молдау ғып ұн-шайын, шыт-кездемесін алады. Өзінің де, әйелінің де иығы
жаңаланып қалғасын құдайына тәубе айтпай қайтсін. Өздерінің өзекжарды баласы
бұл күндері жасы үшке толған. Атын жаңа үкіметтің жебеушісі болар ма екен деп
бұл күндері ағайын болып сіңісіп жүрген Аймағанбеттің өзі Кеңес қойған. Сол
Кеңес уақыт өткен сайын тілі былдырлап уызөйін құртады. Баладан ба, әлде
тұрмысы түспегір бұрын еңсесін жаздырмай қойды ма, Күләш та қосылған кездегідей
жалтаң, әрі ұялшақ емес, бойын біраз тіктеген, бұған билік айтатындай да шамасы
бар. Оның үстіне жақында ғана жиған-тергендерінің басын қомақтап үй көтеріп
еді, соның әсері шығар. Әйтеуір, алты қанат ақ боз үй емес, бірақ қарадан
шыққан Қазекеңе аздық қылмайды. Алғашқылары көлденең көк аттылар ғана
жол-жөнекей түсіп кететін еді, қазір бұл үйді көземелдеп келіп қонақ болып
кететіндер бар. Ондайда Қазанбайдың да, Күләштің де жүрегі өзінде емес, бары
болса қазанға салады. Тек Қазанбай байғұстың әлі де мүсәпірлігі қалмаған.
Тіктеліп назар салған адамның бетіне қарай алмай, басын изей береді. Әсіресе,
Аймағанбеттің айтқанын екі етпейді, "туысқаным" дейді, сені адам
қатарына қостым дейді, бауырсып сөйлеп келсе құр қол аттанған емес осы үйден,
бір елтірі де болса ұстай шығады. Қазанбайға да, Күләшқа да онысы сөкет емес
тәрізді, сонда да болса ағалары бұлардың әлі тірліктеріне риза еместей.
"Өйтпедіңдер, бүйтпедіңдер" десе де қи табан шаруашылықтың өзімен әлі
күнге колхозда шабармандай қызмет
атқарып жүрген өзінен қарыс-қадамдап озып бара жатқан бұларға қызғанышы да жоқ
емес. Бұлар басына үй көтергенде де енді елдің аузында сөз боласыңдар, сәл
сабыр сақтамадыңдар ма? деп кейістік те білдірген. Қазанбай қаралай жазықты
болып: "Күләш болмады ғой" деп жер шұқып күліп берді. Сол Аймағанбет
жақында колхозға отыз қаралы шошқа береді екен. Соны бағуды ұйымдастыруды
ауданның өзі маған тапсырды. Біз жемегенмен, Мәскеу жақта тұратын ағайындардың
талғажау ететін сол көрінеді. Кеңес үкіметі айтқан соң амал бар ма, енді
түліктің сондай түрін өсіреміз деген.

Жұқаш
бала кезінен шошқаның атын ататтырмай, доңыз деп сөйлеуге үйреткен. Туысының
аузынан осы сөзді естіген Қазанбай төмен қарай бұқшиды да қалды. Яғни, әкіру
мақұлықтың атын атаған кезде бұның түсінігінде ішкен-жегеніңнің бәрі харам,
қазан-ошағыңның бүлінгені бұлай тұрсын, өзің де қайта-қайта жуынып, дәретіңді
алып, білетін тәубешілігіңді айтуға тиіс болатынсың. Бұл сөз сондықтан да
көңіліне атылған оқтай дік етіп тиді. Аймағанбет сол кеткеннен мол кетті.

Жазғы
салым уақыт еді. Бұлар қозы төлдемін бітіріп, қоныс аударып отырғалы үйлерінің
бау-шуын жинап жатқан. Көне қоныстан арнайы ат басын бұрып келген біреу
Қазанбайды да жиналысқа шақырып кетті. Қойға шыққалы бері айқай-шудан құлағы
тынышталып қалып еді, бұл шақырудың қандай мән-мағынасын білмей Қазанбай біраз
абдырап қалды.

***

Қазанбай
жиналысқа кештетіп салт басы ғана келді. Ауылда бір желпініс бар екені
байқалады, өйткені басқарманың кеңсесінде кіріп-шығып жатқан адам қарасы көп.
Әудем жерде дүр-дүр етіп зіркілдеп бірдеңе тұр. Ол жарық та, тоқ та беретін
шағын движок екенін Қазанбай қайдан түсінсін.Қазекең жаймендеп барып жиналыс
болады деген кеңсенің аузына басын сұқты.
Іште топырлаған халық, қарсы алдында ауданнан келген біреу болу керек
қақырайған кепкісі бар екен, бура санды галифенің қалтасына қолын салып сөйлеп
тұр. Сөйтсе енді аңғарды жарда қалқып адамдар тұр. Қора-қопсы көрінеді.
Әлгілердің қолында шелектері бар, шеттерінен астауға жем төгіп жатыр. Сөйткенше
болған жоқ екінші жақтан қора ашылды да бұл білмейтін мақұлықтар тұра ұмтылып
жаңағы астауға қарай шыңғыра жүгірді. Тұп-тура осылардың үстін басып өтетіндей,
жалғыз бұл ғана емес, қарап отырғандардың бәрі қолдарын көлегейлеп жасқанын
қалып  еді, уәкіл түсіндіре бастады:

-
Қорықпаңдар... Кино деген де суреттің бір түрі. Ондағы көрген жан-жануарлардың
адамға ешқандай зияны жоқ, қайта сіздерді өмір сүрудің жолымен бір табан жақын
таныстырады. Міне, мынау шошқа деген түлік...

-
Не дейді? - Бағанадан бері жыбырлап жатқандарды ауыл адамдары аңдамаған екен
үрпиісіп қалды.

-
Шошқа да табиғаттың жаратқан жануары, жолдастар. Харам деп сіздерге теріс
түсіндіріп жүрген кешегі халық жаулары, молдалар. Әйтпесе, осы түліктің бір өзі
он қойдың етін беретінін сіздерге түсіндірген жан бар ма?

Жұрт
қарсы дау айтпағанмен, адамдар арасында күбір-сыбыр көбейді. Біреу білетін
құранын ішінен қайталап оқып жатыр, екіншілері өзінше аллатағалаға жалбарынады.
"Тфу, кәпірдің түрі жаман екен" деп қалғандары бар. Қазанбай осының
бәріне қарай алмай көзін жұмып төмен қарады.

-
Ал, енді харам десеңдер мынаны қараңдар. - Уәкілдің сөзінен тайсалса да бұлар
кино жүріп жатқан қабырғаға сығалаған. Басында сәлде ораған сақалды молда
кеспек-кеспек шошқаның сүбесін қолына алып, нанға қосып соғып тұр. Жұрт лоқсып
қалды. Әлгі молдасы соңынан ештеңе болмағандай күліп орнынан тұрды да, асын
қайырып, құранын оқыды.

Осымен
кино бітті. Қызық көреміз деп келген көпшілік бірінің бетіне екіншісі қарай
алмай, әліптің артын бағып тып-тыныш отыр. Тек, уәкілдің қасындағы Аймағанбет
қана уәкілге жалтақ-жалтақ қарай береді.

-
Бұл шошқаның қойға қарағанда он есе жақсылығын ел біледі ғой, бірақ біздің
жерге осындай кірпияз түлік үйренісіп кете қоя ма екен? - деген қаупін жаймен
ғана жеткізіп көрді.

Уәкілдің
күтіп отырғаны сол екен, колхоздың басқармасына тарпа бас салды.

-
Сіз байқай сөйлеңіз... ел басқарып отырсыз... Мені арнайы сіздерге жұмсағанда
шошқаның қандай мал екендігіне көзін жеткізсін деп жіберіп отыр. Бұл үкіметтің
қолға алған шаруасы. Сен кешегі халық жауларының әңгімесін жайып салып қарап
отырсың... Ондай болса, сізбен басқа жерде сөйлесуге тура келеді...

Жұрт
демін де алмастан тым-тырыс болды да, Аймағанбет уәкілдің бетіне жалтаң-жалтаң
қарады.

-
Қате менен... Түсінбестік болды енді... Жаңа ғана ұғып жатырмыз... Біз бұл
түліктен бой тарта алмаймыз, қалайда үкіметтің берген жол-жобасынан ауытқымауға
тиіспіз ғой...

Уәкіл
Аймағанбеттің өзін тұқыртып жібергеннен кейін үрейленіп қалған көптің алдына
шығып біраз әңгіме айтты. Қысқасы, Қазанбайдың ұққаны шошқа жылына төрт туып,
әр туғанда он екіге дейін торай табады екен. Бұл түлікті баптай білген адамның
абыройы да мерейі де жоғары, осы саладан табысты еңбегі үшін ордень-медаль
алып, атақ-абыройы жер бетіне түгел жайылып жатыр. Үкімет басшылары халықтың
дәулетін көтеру үшін осындай сара бағыт ұсынып отырған кезеңде ескілік
сана-сезімнің шырмауынан шыға алмай бас тартып қалғанымыз бүкіл елімізге үлкен нұсқан
болғалы тұр. Кешегі жүрген кедей-кепшіктердің арасында ел қатарына қосылып,
кеңес үкіметінің жақсылығын көрген осы адамдар арасынан ондай белсенділер
шығатынына сенім барлығын білдірді. Партия саясатын бірден түсініп, сол жолда
табысты түлікті өсіруді бастайтын патриот болса қол көтеріп орындарынан тұруын
сұрады.

Бөлме
ішінде ешкім үндемеді. Қайсысына қараса да төменшіктеп тұнжырап отыр. Қайта
қатардан желкелеп ортаға шығаратындай бүрісіп бір-бірлеріне иық тығып алыпты.
Қаралай Аймағанбет сасайын деді.

-
Жолдастар, кәнекей, кәнекей, - деп қопаңдап қояды.

Бірақ,
ешкім назарына ілікпей отыр.

-
Осы арада коммунистер бар емес пе? - Уәкіл қатқыл қабағын енді Аймағанбетке
бұрды. - Неліктен біреуінің жүрегінде от жоқ. Кәне, өзің айтшы ыңғайлы деген
адамыңды.

Аймағанбет
сасқалақтап отырған адамдарға зер салып қарай бастап еді, есікке таяу шоқырайып
төмен қарап отырған Қазанбайды назарына іліктірді. Сонан кейін қолын солай
қарай шошайтып:

 - Әнәу отыр, - деді аты-жөнін айтуға аузы
жуыспай...

-
Кәне, кім? - Жұрт өкіл қараған жаққа мойындарынан бір ауыртпалық түскендей
жүдемелете көз салды. - Кімді айтасың?

-
Қазанбай...

-
Кәне, тұршы, ол кім?

Қазанбай
бұдан кейін тұрғанын-отырғанын білмейді, әйтеуір уәкілдің айтқанын орындады.
Бағанадан бері құрықтың кімге түсерін білмей абдырап отырған халық еңселерін
жазып Қазанбайдан жүзін алмайды. Уәкіл орнынан тұрған адамның мүсәпір күлкісін
көрсе де елемегенсіп, келген шаруасын жедел арада бітіріп кетудің тірлігіне
кірісті.

-
Коммуниссің бе?

Қазанбай
сөйлей алмады. Ол үшін Аймағанбет қана жауап берді.

-
Оның дұрыс екен. Кедейдің бел баласысың ғой. Кәне еңсеңді көтеріп тұр.

Қазанбай
ыржалаңдап бір езулей күлді де солай  еді
дегендей басын изеді. Мойнына түскен құрықтан өзі құтыла алмасына көзі
жеткендіктен ұнжырғасы түсіп, басын жерден көтермеді.

-
Ендеше, - деді уәкіл де демін жеңіл алып, - Өзі коммунист, өзі еңбек озаты,
стақаншы көрінеді, кедейден шыққан осындай жігітке сенбегенде кімге сенеміз.

Көптің
арасында ертеден бері өзінен қауіптеніп отырғандардан «Бұл дұрыс» деген дауыс
шығып қалды. Тек Аймағанбет ғана
отырған орындығына жыпырылып кіріп бара жатқандай, басын көтермей төмен қараған
күйі қалды. Уәкіл Қазанбайды төрағалар шақыратын столға шақырды, өзіне кәделеп
тұрып сөз берді. Мақтады, үмітті ақтай алатын адамның біреуісің, - деді.

Қазанбайдың
аузына сөз түспеді, бірдеңе айтқысы келгендей оқталады да күлгендей болып
еріндері жуыспай кетеді. Сәлден соң езуі қималанып барып үні шықты.

-
Жолдастар, шошқа жақсы түлік қой... Шошқа жақсы. - Бұдан әрі шыдай алмаған
Қазекең еңкілдеп тұрып жылап жіберді. Оны бағамын да, бақпаймын деп те айта
алмады, сол жылаған күйі Қазанбайға арнап қаулы шығарды. Сол сәт қандай күйге
тап келгенін білмей теңселіп тұрған Қазанбайдың ойына талай жыл тұмсықтыға
шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай келіп, өзі айдауға кеткен Жұқаш ағасы оралған
еді.

***

"Шошқа
деген түлік кір-қоқысты жақтырмайды екен, оған ауасы таза, кеңістік керек"
дейді деген әңгімемен Көне Қоныстан төрт-бес шақырым жерге апарып мал қора
салды. Баздың аты "Шошқа баз" деп қойды да колхоз басшылары
жүдемелетіп жүріп Қазанбайдың қойын біреуге беріп, өздерін сол араға көшірді.
Құдайға не жазғандарын білмей бастары қатқан Қазанбай мен Күләш кішкентай
Кеңестерін бауырларына салып жатып күндіз-түні жылаумен жүрді.

Шошқа
көп күттірген жоқ. Ауылға дүрілдеп түңғыш рет жолсызбен жүріп машина келді.
Арбасы толы қорсылдаған торай шошқа екен, соның бәрін қойға салғандай етіп
қаусыра салған қамыс қораға қамады да ауданнан келгендер "ал енді
мыналарға ие боларсың" деп мұқияттап тапсырды да өздері жолдарынан қалмай
жөнеп кетті. Шошқа жуынды ішеді екен деген дақпырт келгеннен оған ауыл жақтан
ағаш бөшкемен жуынды таситын тағы бір адам бөлінген еді. Түйені теңдеп
шылпылдатып жұрттың жуындысын алып келетін жігіт шошқа қораның маңайынан
жүрместен қыр басынан бұларға қол бұлғап бөшкелерді түсіреді де кетеді. Бұлар
астаушыға әлгі жуындыларды бөліп құйып шыңғырып-шұрқырап жататын шошқаларға
үлестіріп күнін өткізді. Тез арада айналасы иістеніп кеткендіктен,
аузы-мұрындарын орамалмен бастыра байлап алып әйтеуір тыным таппайды. Қазанбай
шошқаның шөпке қарамайтын жануар екенін осы жолы біліп жағасын ұстады. Көп
ұзаған жоқ, келген шошқалардың бір-екеуі себепсізден себепсіз өліп қалды. Бір
күні таңертеңнен шошқалардың бар жемін астауға салайын деп келсе бір торай
тырайып жатыр. Қоғам малын өлтіргені үшін оның ішінде де шошқаға деген
көзқарасының дұрыс болмағаны үшін қандай жаза күтіп тұрғанын Қазанбай жүрегімен
сезді. Сезді де жүгіріп үйге келді. Осы күндері үрей айналдырып, әбден жүдеп
кеткен Күләш "не болды?" дегендей едірейіп отыр екен. Бұл өз-өзін
ұстай алмай жүрелеп отыра кетті де жылап қоя берді.

- Құрыдық!
Бір шошқа өліп жатыр...

-
Не дейді? - Заманның қандай екенінен ұзын құлақ хабары бар Күләштің даусы
ышқына шықты. - Енді қайтіп күн көреміз...

Сол
арада ерлі-зайыпты екеуі отырып біраз көз жасын төгіп алды. Әке-шешелерінің
мұндай пұшайман хал кешкенін көз жастарынан сезген Кеңес оларға қосылды. Ақыры
біраз көңіл шерлерін тарқатып, мауқы басылғандай болған кезде Күләш ақыл қосты.

-
Сен қазір қайнағаға бар. Қойда жүргендей емес, шекер-шайымыз түгесіліп барады,
соны айт. Сосын, мынадан бізді құтқарсын... Екі дүниеде жақсылығын ұмытпайық. -
Осыны айтты да Күләш өксіп қоя берді.

Сол
күні өлген шошқаны сүйретіп апарып терең шұқырға көмген Қазанбай түс қайта атқа
мініп "Көне қонысқа" келді. Бұл сонадай қыр басынан келе жатып ойнап
жатқан ауыл балаларына көзі түскен, олар мұны көрісімен жөн-жөніне қашып лезде
көз алдынан ғайып болды. "Алдымен Аймағанбеттікіне соғайын, шай ішіп алып
кеңсеге барсам" деп ұйғарған Қазанбай орталықта үйдің маңынан атынан
түскен. Көне қоныстың екі-үш адамы әлдеқайда асығыс кетіп бара жатыр екен, бұл
сәлемдеспек болып бұрылып қолын ұсынбақшы еді... Күліп келе жатқан Қазанбайды
көрген үшеу бұрылып алды да теріс қарай айналып жүре берді. Не жағдай болғанын
ұқпаған Қазанбай сәмсіреп шамалы тұрды, содан соң аяғын ілбіп басып басқарманың
еңсесі биік үйіне беттеді. Шарбақ таза, ішінде жүрген бейсауыт жан көрінбейді,
ешкімнің қарасы көзіне шалынбағасын есікке қарай беттеді. Оның жіп тұтқасын
алып тартып көреді, ашылар емес. Әрі-бері әурелеп еді, онысынан ештеңе өнбеді.
Іштен қазық бау шалып байлап алған. Бұған колхоз кеңсесінен басқа барар жер,
басар тау қалмады. Енді атын жетегіне алып солай қарай аяңдады. Жолшыбай
дүкеннің есігі ашық тұрғанын байқайды да "кіре шығайын" деген ниетпен
бұрыла берген. Дүкенші әйел, бұл он қадамдай жерге жақындай бергенде абыр-сабыр
есігін жапты да бұған қарай мұрнын бір шиырып, алды-артына қарамастан, сәлемге
де келмей тайып кетті. Қазанбай жабылған дүкеннің есігіне қарап үн-түнсіз ұзақ
тұрды.

Бұл
есіктен кіргенде Аймағанбет кеңсесінде отыр екен. Әңгімеге келген жоқ.

-
Шіркіннің иісі жаман екен ғой, - деп аузы-мұрнын қос қолдап басып екі көзін
бұдан алмай біраз отырды. - Айт бер...

-
Аймағанбет-ау, мен құрыдым ғой... - Қазанбай тұрған жеріне тізерлеп отыра
кетті. - Жаңа бір шошқа өлді. Кетерімде тағы біреуі ыңқылдап үйелеген малдай
тұра алмай жатқан...

-
Қой, әй! - Аймағанбет шошып түссе де аузынан қолын босатпады. - Жемін, жуындысын
беріп-ақ жатырмыз ғой... Дұрыстап қарамадың ба?

-
Болатын емес, ағажан. Мына бәледен құтқарсайшы, екі дүниеде құлың болып өтейін,
- деген Қазанбай сол егілген күйі тізерлеп отыра берді.

Аймағанбет
қатты әбіржіді, әрине Қазанбай үшін болмау керек, шошқалар үшін, өзінің
шыбындай жаны үшін. Шошқаға қолынан келер басқа қайраны жоқ екенін айтты да,
дұрыстап қарауын тапсырды. Бірақ дүкеннен шай-тамағын алып берді. Қазанбай
ештеңе өндіре алмай еңсесі түсіп "Шошқа базына" жеткенде бағанағы
шошқа да аяқ созған екен.

***

Сол
жылы күз ерте түсті. Қарашада қар жауды, төбесі ашық жайдан қорада қалған
шошқалар мен торайлар айналдырған бір-екі күннің ішінде бір тұяқ қалмады.
Қазанбай "ішінен тынып жүрген халық жауының өзі болып", ісі сотқа
берілді. Тергеу кезінде оның Жұқаш байдан айрыласар кезде оған жаны ашып
жылағаны анықталды. Бұл жайды білетін жалғыз Аймағанбет еді, сол алдынан шықты.

Күләш
ел тентіреп жүріп екінші рет тұрмысқа шыққан, бірақ бір бағы қайтқан байғұстың
жолы болмай көкірек ауруынан дүние салды. Қазір сол кезден ескерткіш болып
қалған "Шошқа баздың" жұрты көне қоныстың қасында әлі жатыр, ал
артында қалған Кеңес деген ұлын елге барған сайын көремін. Сол ауыздан-ауызға
жыр болып келе жатқан Қазанбайдан ауса қайтесіз, сонадайдан көрсе "Інішек"
деп күледі. Бұл біздің заманның - Қазанбайы еді.