ВЕРНУТЬСЯ

         Әлем таныған Хо Ши Минді елі ешқашан да ұмытқан жоқ. Шығысқа
тән биязылықпен оның көзі жұмылысымен жамандаған да емес (көрші Ресей мен бізде
міне елу жыл болды, өлген Сталинмен әлі "соғысып " келеді).Мүмкін, оның
себебі-социализм құрғанда Хо Ши Миннің Ресейдің үлгісін сол күйде "көшіріп"
алудан бас тартып,  елінің ерекшелігін
ескеруінде жатқан шығар. Бір мысал. Төтенше жағдайдың  болуына қарамастан, Вьетнамда жаппай
ұжымдастыру жүргізілмеген-ді. Елде жеке меншік пен кәсіпкерліктің кейбір
түрлері сақталынып қалды. Мұның өзі әлемдік социализм қауымдастығы  күйреген шақта вьетнамдардың қазақ секілді
абдырап қалмай, нарықтық экономикаға алаңсыз, емін-еркін еніп кетуіне жағдай
жасағаны сөзсіз. Оның үстіне ділінің өзі саудаға, кәсіпке етене тұратын
Вьетнамның жоспарлы экономиканы нарықпен шебер ұштастырып, таразының басын тең
ұстауы бүгінде әлемнің көп елдерінің тарапынан оған қызығушылық туғызып отыр.
Қазір халқының саны 80 миллионға таянған Вьетнам бүгінгі Азиядағы экономикасы
қалыпты даму жолына түскен, саяси-әлеуметтік жағдайы тұрақты мемлекеттердің
бірінен саналады. Яғни болашағы-айқын, жүрер жолы-тура да дәл...

Әрине, бүгінде заман да ,адам да бөлек. Көп жылғы өшпенділік
пен жауығудан соң, Вьетнам мен АҚШ бір-бірімен дипломатиялық қарым- қатынас
орнатты. Қазіргі сауда-экономикалық байланыстары қалыпты, тараптар оны әрі
қарай да дамыта беруге мүдделі. Күні кешеге дейін  екі елді тек алименттік ( күле көрмеңіз,
американ солдаттарының вьетнам қыздарына қалдырып кеткен балалары үшін АҚШ
төлемақы төлеуге мәжбүр болған-ды), қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалып
кеткендерді іздестіру, тұтқындар алмасу сынды мәселелер байланыстырса, енді ХХ!
ғасырдың күрделі өндірістік технологиялары күн тәртібіне қойылуда. Сонау
жылдары өздеріне қару-жарақ беріп, өзге де көмегін аямаған Ресей мен Қытайдың
жақсылығын да ер елдің өр халқы ұмытқан жоқ. Олармен де достық, татулық
байланысы ойдағыдай. Ал тәуелсіз Қазақ Елімен Вьетнамның қандай қарым-қатынасы
барынан хабарсызбыз. Ұлы Азияның Малайзия, Қытай, Жапония ,Үндістан секілді
қуатты елдерімен іргелес орналасқан Вьетнам елімен, Хо Ши Мин елімен жақсы
қарым-қатынаста болу біздің  Отанымыз
үшін тек тиімді боларына кәміл сенеміз...