ВЕРНУТЬСЯ

(Есенғали Раушановтың ақындығы хақында)Мені жалықтырмайтын - үш ақын бар...«Пендеде бір іс бар – жалығу деген»,-дейді Абай. Осы «жалығу» ойлы -оқырманға да тікелей қатысты. Өлең десе – ішкен асын жерге қоятын мұндай адам күндердің-күнінде бір мықтыны (мысалы: Тұманбай ағамызды.Авт.) біразырақ қызықтап оқиды екен де, араға, аз ба, көп пе, уақыт салып барып, одан өткен бір жүйрікке (мәселен: Қадыр ағамызға. Авт.) тап болып, алдындағы Құдайдай көріп жүрген «әулиесінен» - жеритін көрінеді!.. Жылдардан жыл өткенде - әлгі «жеруіктен» - кезінде қазақ өлеңіне тұтқа болған немесе бүгінде болып жүрген тұлғалардың көпшілігіне «осы қалай?» деп қарайтын «мінез» шықса – оған да таң қалмаңыз!.. Сонда, бұл шіркінге не жетпейді?.. Шынында, қызық өзі... Қазақ өлеңінің Абайдан бергі небір інжу-маржаны жетпегендей, қайта айналып, тағы да сол Абай «шалды» айналсоқтай беретіні несі?.. Сонда әрқайсысы бір-бір ұстын: сезім патшасы Мағжан мен жыр даңғылы Ілиястың, арманы асау Қасым мен мұңы басым Мұқағалидың, ақпа-төкпе Төлеген мен қарсы бұтақты Өтежанның, сыбызғы сырлы Сағи мен күйлі-сазды Жұматайдың – мұның тақиясына тар келгені ме?.. Әрине, Абайдың қасында, ептеп тарлау соғатын болғаны ғой!.. Сонда бірінен-бірі өткен әлгі дүлдүлдердің өзіне өткел берместей – Абай ақсақалдың соншама не сиқыры бар еді?!.«Жеруіктің» патша көңілі айтады: «Оның жұмбағы ой мұхитының тұңғиық тереңінде, қасиеті – сөз топырағының шексіз құнарында»,-дейді. «Абай – Күн секілді, басқа ақын-ғаламшарлар соны айналып жүрген  секілді!»-дейді. «Ол – да Абай еді!»-деп алжаспалық!.. Десек те, қазақ өлеңінің керуенінде сол алыпқа жетеқабыл, Абай – шалыс бір сөз сұңғыласының өткенін ескермеске болар ма?!. Оның аты- ой қатпары қат-қабат, артында өзі айтқандай, « жеңілдігі шабыттай, ауырлығы табыттай» ақындық қазынасын қалдырған Жұмекен Нәжімеденов!... Оның бір өлеңінде:-Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,Поэзия секілді бір саулы інген.Ботасы өлген секілді ертеде оның –Абай жатқан бауырында кер төбенің!- деп күңіренсе –күңіренетіндей де жөні бар еді!..Абайдан қалған «улы сия, ащы тілдің» теңдессіз мұрагері Жұмекеннің, басқа сөз байлығы өз алдына, өлеңіне орынсыз жармасқан сыншысымақты:«Пародистер, мәз болмай-ақ қой бұған, Қаламыңның мұрынын сүрт әуелі!..»- деп қағып тастайтынының өзі – қайталанбас үлгі емес пе?!.Талғамды оқушы өлеңнен, алдымен, өз жанына өлмес азық болар салмақты пәлсапа іздейді!.. Оның таусылмас кені – кемеңгер Абай шығар, қала берді, қоңыр өлеңнің «қатепті қара нары» Жұмекен шығар!..Өз басым қазақтың жыр ордасына құбылыс болып кіріп, бүгінде әбден шаршысына толған, жазғаны оқырманының да ой қазанын толтырған бір ақын болса, ол – Есенғали Раушанов шығар деп білеміз!.. Онда өлеңді терідей илеп, жеңіл жазатын, ұйқасты ұршықша үйіріп, Асқар Сүлейменовше айтқанда, «ырғақты ыңқылдатып», оқушысын терең ойға омбылатып отыратын талап қуаты бар!.. Оның мықтылығы сондай – кейде жырды әлдебір тылсымның күшімен ойнап отырып жазғандай көрінеді!.. Бірақ, осы «ойынның» артында кемел ой мен алғыр зерденің, іргелі ізденіс пен терең білімнің, тек өзінше жазуға ұмтылар қайсарлық пен ауыр еңбектің жатқанын қалай ұғынбассың!..Алдыңғы Абай атасы мен Жұмекен ағасы секілді өлең қуған замандастарына – Есенғали ақынның да көңілі көншімейтіндей!..-Дінсіз кәпір мен екем,Менде де бар соққан жүрек дамылсыз.Иттей дос боп – иманымдай сенер ем,Қыл аяғы, өтірік те дарынсыз!..- дейді ол. Мұндай «астам» сөзді - өзіне бек сенгендер ғана айта алса керек!..Қасиетті қара өлеңнің қадірін кетіріп жүргендерден теріс айналатын ақын – Қазақтың Баба – жырын жасаған сөз құдіреттерінің алдында сондай кішік!.. Бүгінгі қазақтың ертеңіне алаңдаған ақынның – ұлтының «еркін жайлап, кең көшкен» ертедегі арда дәуіріне (ХҮ ғасыр) арманмен үн қатып, жорықшыл бабаларына мұңын шаққаны да жарасымды!..Мынау «Қарға бойлы Қазтуған» деген отқа оранған жырдан үзінді:Біз-дағы азын-аулақ сөз айтсақ:Өрімнің әр талында – дерт жатқан,Өзегінде - өрт жатқан,Сабында - сары алтынның буы бар,Қол - қарығар аларға,Көз – қарығар қарарға –Сен құлданған қамшыныңОл – бүлдіргісіне жарар ма?!Осы тоғыз тармақты оқып шыққаныңызда-ақ – ақынның өзіндік «бет-бедері» біршама аңғарылып-ақ қалады. 1. Өлеңнің – жыраулар поэзиясына суарылғандығы. 2. Ағып тұрған айшықты тіл. 3. Жолдан-жолға ширыққан динамика мен айтқыштық. 4. «Дерт» пен «өрт», «бу» мен «у» жайлаған қамшының естен кетпес суреті.5. Тармақтардағы буын өлшемін әдейі бұзып, оны - өлеңнің көркемдік қызметіне жегу. 7. Тоғыз жолдың «басын» бірдеммен қайырған тұтастық!.. Мұны – үздік шыққан шеберлік, феномен деуге келеді!..Тыңнан түрен салуға ұмтылу – Е. Раушановтың айнымас серті!.. Оқырманның - өсу шарты да осы!.. Есенғали таңдаған тақырыптардың өзі-ақ – оқушыны байлап тастайды!.. Ол бір өлеңін «Қарағайға жай түсті!..» деп атапты. Адам баласының көрген-білгенінде – «жай түскеннен» жайсыз не бар!..-Көкте бұлттар қызылшеке айтысты.Шарт ете қап қарағайға жай түсті!..Балағында жүрген кеше, заман-ай,Үрді самал абалай!..Әй, ит мінез, табалай бер, табалай!..Өлеңнің бастауында-ақ «әңгіме» жай түскен қарағайдың күні кеше балағында жүрген самалдың абалап-табалауы үстінде, табиғаттың бір сәттік жайсыз құбылысынан – пенделердің сатқындық қалпына, иттігіне ауысып жүре береді!.. Осылайша, ұтқыр «жүріс» жасаған ақын:-Қарағайға жай түскен жоқ, дұрысы,Жайды өзіне тартып алды қарағай!..Оқалы тау, балғын майса, баршын көк,Орман аман қалсын деп –дегенде- онымен бірге сенің де ет жүрегің езіліп, найзағай – оттар жарқылдап, санаңды зілмауыр ойлар басып қоя береді!.. Ақын одан әрі:-Ал орман ше, ән-күй тыңдап құсынан,Маужырайды күнге қарап ысыған.Шырт түкіріп, өтеді өзен ыңыранып-Жанып жатқан қарағайдың тұсынан!..-дегені де – көз алдыңнан жақсылыққа-жасылық, қайырымға-қайырым түгілі, өзгелер үшін өртке түскен есіл ердің өзіне – жындысүрей қасқаны көргендей, сырт айналып қарқылдай күліп бара жатқан бейопа қаражүректердің сұлбасы көлбең қағады!..-Асыра айтып, сілтер болсақ арыға –Тобыр айтқан, айтады, айта береді:«Қарағайға жай түседі, қауіпті ол,Жоламаңдар маңына!» - деген трагедиялық түйінмен аяқталады өлең!.. Жарық көргеніне он жыл («Қазақ әдебиеті» газеті 11 наурыз, 1994 жыл.) болған осы бір тұзды жырды қаншама рет қайталап оқыдым десеңізші!.. Қашан оқымайын, көзімнің алдына «қарағайдай» қатар түзеп, «қазағым», «халқым», «елім» деп отқа түскен: Махамбет, Сырым, Әлихан, Ахмет, Мұстафа – сынды еңіреген ерлер келеді».. Сосын, бүгініңді ойлайсың!..Сұңғыла ақын:Біздің таудың қарағайлы орманы –Селдір, сидам боп келеді бұл күнде!..- деп, бұл ойыңды да тап басып қойыпты-ау!..Егер, осы бір ауыр тақырып ізденісі кем біреудің қаламына іліксе – «көзінің жасын көл қылып – жылап» немесе құрғақ ділмәрсіп, арзан ақыл айтып, жаныңды жеп жіберер еді!.. Шүкір, бұдан біздің Есенғали – сынды «қарағайдай» санаулы ақындар сақтап тұр!..Біздің «жеруік» талғам-тарызымызға салғанда, қазақтың мәңгілік Жыр-Қағбасына: бұрынғыдан – Абай, кешегіден – Жұмекен, бүгінгіден – Есенғали – осы үшеуі ғана анық кірген секілді!.. Бұлардың ізін басқан үркердей шағын топтан – осы «үштікке» енді кімдер қосылмақ?.. Ол алғашқы жинағымен-ақ («Ақшам хаттары») даралығын мойындатып, Ә.Кекілбаевтай кемеңгерден лайықты бағасын алған, өкінішке орай, кейінгі шығармашылығында, жазғандарының күрделілігі сондай әдебиетшілердің өздері түсініп болмайтын жағдайға жеткен Тыныштықбек Әбдікәкімов бола ма – белгісіз!.. Ол – жыр нөсері толастап көрмеген асау талант, қырық жасында өлеңдерінің үш томдығын («Таң  қауызын жарғанда») шығарған ағыны қатты дария, сөйте тұра, әлі де бір тынысы ішінде жүргендей көрінетін Светқали Нұржан бола ма – білмедік!.. Бәлкім, ол - адам жанының құпия сырларына, әсіресе, соңғы жинағында («Аспандағы аңсарым») тереңдеп барған бөлекше лирик, бір өлеңінде. «Өлімнен басқаның бәрі - ойын!..»- деп өмірдің тым ащы пәлсапасын айта алған ойгер, бірақ, бірыңғай көңіл-күйді жырлағандықтан, әр тарапқа көз салғысы келетін оқушысына кей-кейде суықтау көрінетін Гүлнар Салықбай болар ма – айта алмадық!.. Біздіңше , Жыр-Қағбадан – аты жалпақ қазаққа беймәлімдеу, ғұмырының көп жылдары Қарақалпақ жерінде өтіп, Ақтауға беріде қоныс аударған, ағалық жасқа жеткен (елудің жетеуінд.Авт.) сойы бөлек талант, бір өлеңінде: «Тайсалып қалың орманнан – Жалғызға түсер найзағай!» - деп көңілімізді астан-кестен еткен махаббат жырларының бірінде: «Көзіңнің жасын теріп алайын!..»- деп жүректі лүпіл қақтырған (онда – мұндай жаңалықты сөз аз емес!.. Авт.) сөйте тұра, кейбір жазғандарында мөлшерсіздеу сөйлеп кететін Қалбай Әбдіраманов та үмітті!..Мақаламыздың басты тұлғасы Е.Раушановтың - өлеңнен басқа жанрда да ірі қаламгер екені аңғарылады!.. Оның эсселерінің өзі өлеңдей оқылып, таңсық тақырыптарға жазған танымдық мақалалары, білмекке құмарлық шөліңді қандырады!.. Бұрын шалғыны жапырылмаған соныға бару, жазатын жайына ұрымтал тұстан құрық салу, тың фактілер мен  деректерді, қарабайыр тізбелемей, көркемдік қалыпқа түсіріп, оқушыға дәмдеп ұсыну – қаламгердің айнымас дағдысы!. Ақын жазған мақаланың өзі – зерттеу еңбектей болып шығатыны содан!.. Е.Раушанов шығармашылығының бұл салаларына да зерттеуші-ғалымдардың назарын аударатын уақыт жеткендей...Жоғарыдағыдай ақындардан қара үзіп шықпағанымен, өлеңде өз жолын тапқан, бүгінгі поэзия көшінің кеуде тұсында келе жатқан Есенбай Дүйсенбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Иран-Ғайып, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Мейірхан Ақдәулетов, Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек Айтов, Байбота Серікбайұлы, Әбубәкір Қайран, Ертай Ашықбаев, Сабыр Адай, Ғалым Жайлыбай, Болат Жетекбай, Жанат Әскербекқызы секілді таланттардың үлкен тобы да байыпты сыншы-зерттеушілерін күтуде!.. Бір қызығы осылардың арасында ағалық жасқа жеткендерінің дауысы – жыр базарында күні кеше саңқылдап –ақ тұрғандай көрінуші еді!.. Өлеңге кейінгі жылдарда қосылған тегеурінді толқын бүгінде оларды да бұрынғы позицияларынан ептеп ығыстыра бастағандай!.. Сөз жоқ, «тегеурінді толқынды» да уақыт сыны іріктейтін болады!.. Өсудің бұлжымас заңы – осы! Тұсында әдебиетте «мода» болған талай ақынның аты бүгінде ұмытыла бастауы – соның дәлелі!..Өкінішке орай, кімнің кім екенін уақытында нақты бағалап, алтыны мен бақырын, асылы мен жасығын айырып отыратын поэзия сыны – бүгінде «қирап» қалған!.. Қирағаны емей немене, қазіргі сынның күні, білікті әділ сөзінен гөрі, біреулердің «басын жарып, көзін шығаруға» бейіл Бегділдә Алдамжаров ағамызға қарап қалғандай!.. Сөйте тұра, оған «рахмет» айтуымыз керек-ақ!.. Себебі, қалай айтса да, ұзақ жылдардан бері ұйқы басып жатқан әдеби ортаны бір оятты емес пе?!.«Әр қаламгер - өзін жазады»,-деседі. Біреуді оқып отырып: «Осының өзі қандай адам екен, мұның кісілік қалпы қандай екен?..» - деп ой кешуіңіз – табиғи нәрсе. Бұл, әрине, біз сөз қылып отырған Е.Раушановқа да қатысты. Есенғали ақынның бір өлеңінде:-Ұлы адам-ақ болар ем, әншейін бір,Обалына қалам ғой өзгелердің!..-дегенін оқып, күліп алдық!.. Бұл – ақынның атақ-даңқ жолында есі кеткен көп өлерменді мысқылдап, белден басқаны емес пе?..Өзінен бір тілшінің: «Басқалар өткізіп жатады.Осындай айтулы ақын бола тұра, Сіз шығармашылық кештеріңізді өткізуге ұмтылмайсыз!.. Неге?..» - деген сауалына оның: «Жиіркенемін»,-деп бір сөзбен жауап бергенін де оқығанбыз!..Есенғалидың – қандайма бір әдеби науқандардың бел ортасында белсеніп жүргенін көре бермейміз!.. Алпысыншы жылдардың аяқ шенінде Қазақ ұлттық университетінде өтетін әдеби кештерде, белгілісі бар, белгісізі бар, ақындардың омыраулап, төсін соғып (бәрі бірдей емес, әрине. Авт.) жарыса өлең оқып жатқандары есімде!.. Сол жиындарға Жұмекен ағамызды шақырғанда – келмеуші еді!.. «Газет-журналдар жариялап жататын түрлі әдеби бәйгелерге немесе ақындардың мүшәйраларына – Есенғали да қатысыпты!..»-дегенді естімедік!.. Өкініші у-ду мен арзан қызықтан, өздерін-өздері жарнамалаудан биік тұрған бұл екеуі, есесіне, айтулы іс тындырып, поэзияның ұлан-асыр бәйгесінде ат оздырды!..Әдебиетте «жаманның» жақсыға еліктеуі – заңдылық!.. Олардың арасында бір мықтыға еліктей-еліктей, жаза-жаза пәленбай кітап шығарып, ақын атанып жүргендер де бар!.. Бір ғажабы Е.Раушановқа еліктеу мүмкін емес!.. Себебі, оның өлеңі қандай «жауға» да алдырмайтын қамал секілді!.. Ол үшін – Есенғали болып туу керек!..Кейінгі жылдарда баспасөзде Есенғали Раушановты: «Көзі тірі классик»,- деген пікірлер шаң беріп қалып жүр!.. Ақын ендігі шығармашылық жолында, бірыңғай романшы болып кете бере ме, әлде Жұмекен ағасы секілді прозаның ауылында біраз шаруа бітіріп барып, өлеңіне тың тыныспен қайта орала ма, ол – қаламгердің өз ісі!.. Қай жанрда қалам тартпасын, өз басымыз – оның классик, әдебиеттегі қайталанбас құбылыс екеніне шек келтірмейміз!.. Біреулер айтады: «Үлкен таланттарды бір-бірімен салыстырудың қажеті жоқ. Себебі, олардың әрқайсысы бір-бір әлем» - дейді. Иә, мықтылардың өз «әлемі» болатыны рас!.. Мысалы: Дулат пен Шәкәрімнің, Әбділдә мен Сырбайдың, Төлеужан мен Ғафурдың, Фариза мен Қанипаның, Кеңшілік пен Жарасқанның әлемі дегендей!.. Бірақ, ақындардың жазғанын талғам таразысынан өткізе отырып, салыстырмасақ - әркімнің жеткен биігін, өзіндік бағасын қалай білерміз?!.Мақаламызда біз ұстанған позицияның – талайларға ұнамайтынын білеміз!.. Е.Раушанов – қазақ поэзиясында бетбұрыс жасаған, тыңнан жол салған талант!.. Оны – көрмей, мойындамай тұра алмадық!.. Қашаннан қалыптасқан стеротип – түсініктерден қиыс кетуіміздің басты себебі де – содан!.. Әйтеуір, ішімізде құлта қалдырмай, ақ сөйлеуге тырыстық!.. Бұған кім қалай қарайды – оны әркімнің патша – көкірегі біледі!..                                               (Үш қиян» газеті» газеті. 24.06.2004 жыл)