ВЕРНУТЬСЯ

      Көктем, әлі
тастамапсың сен мені, 
Таусылмайтын
рахаттай жердегі,
Тағы да бір құлағыма
келеді,
Алыс қалған жас дәуреннің
әндері.
Әлде сенің атың ба екен - он аты,
Ақындарды алып ұшар қанаты.
Қайту үшін торғын
көкте жуынып,
Бұл өмірдің туса
сәтті сағаты?!
Неге саған осыншама құмартам,
"Тағы да бір
туар көктем, туар таң",-
Деймін дағы
өзімді алға сүйреймін,
Шаршап қалған
жүрегіме жүк артам.
Дәл осылай сынық
қанат көбелек
Күн шыққанда
алтын сәуле себелеп.
Конушы еді
жақындағы бір гүлге,
Көрінетін соның өзі керемет.
Гүлден гүлге секіретін күн кайда,
Қалмау үшін
қайран басы бір сайда,
Қанағат қып
жалғыз гүлдің жұпарын
Жатушы еді құлдық
етіп құдайға.
Қайран көктем, менің туған нағашым,
Қартайсам да еркелетіп бағасың.
Тағы да сен ескі
жүлге - тамырда
Қанды қозғап,
шымырлатып барасың.
Көктем, көктем, бір жасама, көп жаса,
Болар еді бұл
тіршілік далбаса,
Сен болмасаң, сен
келеді - деген бір
Асыл үміт, жасыл үміт болмаса.
* * *
Кел, көктем, келші көктем, кеудеңді тос,
Сен едің ежелгі
дос, беделді дос,
Алысқа, әкет мені
бір сапарға,
Қасыма ескі серік
өлеңді қос!
Баяғы есіңде ме ақбоз атым,
Бәйгеге салған
бойда, сәтте озатын,
Өзі де, ер тоқымы
бірдей тозып,
Бұл күнде жағдайы
оның жоққа жақын.
Болмайды ылғи іштен тынса кісі,
Әуелде болған болса шын дауысы.
Шіркіннің бір
айқайы қалған шығар,
Тұлпардың
қалғандай-ақ бір шабысы.
Ал, көктем, көтер
мені жеңіл қолмен,
Кезімде сені көріп
көңілденген.
Шаң басқан
қанатымды бір сілкейін,
Сау болса
қауырсыны сөгілгеннен.
Сағынған кең серуен - көк айнасын,
Байғұсың ең әуелі
бір айналсын,
Содан соң шыр айналсын шырқау жақты,
Аймалап,
айдарымен жел ойнасын.
Кәрі құс, -
жап-жас көңіл қайран шабыт,
Қайтсын бір
мекеніне сайран салып,
Сол кезде
нөсерлетіп құяр, бәлкім,
Өлеңнен төбесіне
айналса бұлт.
Ия, солай алшы, көктем, бір сергітіп.
Жұмбақтың
көкірегіме желі бітіп,
Қалайын жалғыз сәтке
құдайсынып,
Әйтпесе, неғылам мен сені күтіп?!
* * *
Сексеуілді құмайтта
Өмір бар,- деп
кім айтқан?
Бар,- деп соны
естідім
Ертеде бір
суайттан.
Суайт та жоқ бүгінде
Өз сөзіне
сүрінген,
Ақ көңілді жан
еді,
Ел көзіне
ілінген.
Содан бері неше жыл,
Сонау кәрі сексеуіл
Көрген сайын әлгі
сөз
Жүретұғын есте
бір.
Елге бірде барғанда,
Сирек жаңбыр
жауғанда,
Көктем еді
осындай,
Жер бұлтты сауғанда.
Ертеңінде жатты құм
Кешегі бір
шаттығын
Тез ұмытқан без
бүйрек,
Бауырында батты
күн.
Сол батар күн нұрында,
Сексеуілге
бұрында
Қарамайтын әдетім,-
Қарап едім,
шынында.
Көз тоқтатсам, леп тартып,
Еніп түске көк барқыт.
Сексеуіл тұр
бусанып,
Кеше қурап жатқан
түп.
О, дүние!- дедім мен
Таң-тамаша көңілмен.
Сөйтіп сонау құмайтта
Өмір барын көрдім
мен.
Дәл осылай кейде
біз,
Неғыласың -
пендеміз;
Жете тұрып жетпейді
Ақиқатқа зердеміз.
* * *
Көктем, сенің бар-ау бір кереметің,
Адамды ұмытшақ
қып жіберетін.
Өйткені
сендегінің бәрі жаңа,
Көктегі жаңартады
күн де көркін.
Бәрін де көргендейсің бірінші рет,
Бәрі де саған
қарар күлімсіреп.
Тек қана
қуаныштың сөзін айтар -
Алдыңнан ашылады ұлы
сурет.
Тәңірінің өзі келіп көрме ашқандай,
Таласып адам көзі
жармасқандай.
Әр түстың, әр
бояудың сиқырынан
Ақылың әлденеге
адасқандай.
Баладай ішің тартып мәз боласың,
Ұмытып алдына
әкеп қойған асын.
Ол сәби,
қуыршақпен ойнамай ма?
Сол кезде есейіп қап, ойланасың.
О, дүние, қуыршақ дүние, сені қимай,
Өтесің өмір бойы
жинай-жинай,
Әкетер өзіңді де
бірге жинап,
Жаңағы көрме
жайған шебер құдай!
...Есімде Шүбалаңның
нар қамысы,
Сыятын қойынына зорға құсы.
Көктемде ығы-жығы
жәрмеңке боп,
Асырға айқұш-ұйқыш
толған іші.
Ұя сап,
абыр-сабыр құрылыс қайнап,
Тағы да көрме
ашылып, тұрмыс жайнап.
Қаптайды неше
түрлі жұмыртқалар,
Жел тербеп,
салындыны қуысқа айдап.
Оларды қыздырады тірлік буы,
Желбіреп төбесінде рақат туы.
Туудың,
жанданудың белгісіндей
Тербейді дүниені
перзент шуы.
Сол кезде туған
қопам - Шүбалаңым,
Көрінер
көрмесіндей бір Алланың,
Көрінер жалпақ жиһан
бөлшегіндей,
Соларды алдыма
алып қуанамын.
Бәрін де өзім жасап отырғандай,
Шынында осы жерде ой туғандай.
Бұларды
мен көрмесем, мен болмасам,
Белгісіз - дүниенің көркі қандай!
* * *
Болдың-ау, көктем маған енді естелік!
Қалайын неңді
санап, неңді ескеріп.
Тұрғандай тар
көпірдің аузына кеп,
Мен жеккен он бес
арба, он бес көлік.
...Тағы да ораламын Шүбалаңға...
Айналып мен
ойнайтын су-алаңға,
Малтимын,
батып-шығып келе жатам,
Жолығып маған жұмбақ
бір ғаламға.
Қылтиған жас құрақтар су астынан,
Айнымай қырдың жаңа жуасынан.
Бойынан таратады
кермек иіс,
Жас иіс - тірлік
исі бүл ашылған.
О, көктем, ол иісті білесің сен,
Бөлетін әр
тірліктің үлесін сен.
Сәбидің
қолтығында, борбайында
Айналып хош иіске
жүресің сен.
Жастығың, сонда сенің жаңалығың,
Жасампаз, жарылқаушы даналығың.
Дәл сондай
перзентіңнің біреуі еді,
Сонау бір менің
төтті балалығым.
Мен соған ораламын сені көрсем,
Ең алғаш
кездескен күн менімен сен,
Жыл сайын маған
соны көрсетем деп,
Жетелеп мұнша
алысқа келіп ең сен...
Малтимын... Тағы есімде, кеудем суда...
Жаңғырған құлақ
тосам көлден шуға...
Жамырап жас құрақтар
сөйлеседі,
Не айтқанын мынау
жеңіл желден сұра.
Табаным біраздан
соң жерге тиіп,
Болған соң көк
толқында тербетіліп,
Ырғалып суды
кешіп келе жатам,
Шыпылдап қамыс
басы белге тиіп...
Тағы да
елестейді өмір маған...
Толқыны қанша кешсем тойдырмаған.
Сол толқын
әлдиімен, ән-күйімен
Білдірмей жылды ұрлаған,
ойды ұрлаған.
Алдымда тұр
жағалау көлбең қағып,
Өмір-су бір
тынбастан келген ағып.
Сонау бір құрғақ,
суық жағалауға
Бас қойып, жығылармын мен де барып...
* * *
"...Тағы
да келді көктем, күн әдемі,
Керілген шым
жібектей көк әлемі.
Сен маған бұл көктемде
кездеспедің,
Айтатын көңілімде
сыр бар еді..."
Сырбай
Ия, сен
кездеспедің бұл көктемде...
Мол кеттің осы жолы бір кеткенде,
Баяғы қимас көңіл әдеттен бе,
Ойлаушы ем мәңгі
қаста жүр деп, мен де.
...Астында отырушы ек жапырақтың,
Тұратын төбемізден шашырап күн.
Жамылып
алтын-күміс сәулелерді,
Қараушы ек ар
жағына атыраптың.
Сол жақтан қызық
күндер, сәтті күндер,
Дегендей:
"Бақытым көр, шаттығым көр".
Қол былғап шақыратын
екеумізді:
- Ал, Ғафу, бір
әдемі ән айтып жібер.
Сол әнмен
көкжиекке аттанайық!
Жыр жазып, ақын
деген атқа ылайық.
Іс істеп адам
деген атқа ылайық,
Илаһим, тіл мен
көзден сақ болайық!
Деуші едің, көп айтпаушы ең сөзді маған,
Көп сөзді
айтпайды ғой өзіне адам!
Өзіңдей көруші
едің ғажабы сол,
Мендей-ақ сақтап
жүрген көзіңді аман.
Сол сезім өзге түгіл маған жұмбақ,
Жүргелі туыс
сүйіп, аңға құндап,
Ондай мен
хикмәтті көргенім жоқ,
Дүниеде, сірә,
көрмей қаларым хақ.
Ия, сондай менде де бір сыр бар еді,
Көктем ғой
сондағыдай бұл да әдемі.
Ол сырым - тағы
да бір қатарласып,
Жазатын көктем
жайлы жырлар еді.
Жан едің жалпақ елге атың ыстық,
Кетуге жасадың-ау асығыстық.
Біздегі
жыр-туыстық, жан-туыстық,
Кімде жоқ жәй
ағайын, жәй туыстық...
Қамықпа, көңіл көтеріл,
Ренжітпейік көктемді.
Белгісі жастың
екен бұл
Еске ала беру
өткенді.
Байқалды қанда бұлқыныс.
Оянып, ойнап аққандай.
Тағы бір жұмбақ
тылсым күш
Сағынып мені
тапқандай.
Баяғыдағы батырлар
Асынғанда бес
қару,
Аруағын дереу
шақырар
Жорықта жоқ қой
кеш қалу.
Сондай бір сезім мені де
Қоршайды көктем келгенде.
Желіге түсем,
желіге
Жел ойнақтап
кеудемде.
Жалғанның жанға бәрі дос,
Көңілге серік көп
тауып,
Қайғысыз, қамсыз
басым бос,
Алдағы сәттен жоқ
қауып.
О, дариға, бұл
шақта
Толады ішім
сенімге,
Біреуге яки бір
затқа
Жақсылық жасай
беруге.
Өзімнен өзім құлшынам
Әрекет, істі сағынып,
Болмайды сәтім
тыншыған,
Сәулелі ойлар
сабылып.
Сөздерді қақшып қашаған
Кетемін сонда
сөйлеп мен:
"Осының
бәрін жасаған
Көктемнің күші
ғой" деп мен.
* * *
"Қырық жылғы жарыңа
Қартайды көзің болып таң.
Қарағандай аруға
Жаңа ғана
жолыққан.
Мына көктем қайтеді,
Алдап, көзің жазбай-ақ,
Тағдырдың сан тәлкегі
Бастан өткен аздай-ақ!"-
Дейді маған ақын дос
Айтып шағым көктемге.
"Ақылыма
ақыл қос,
Ми сұйылып кеткен
бе?"
Мен күлемін мәз болып:
- Осал сөзді
айтпа онша,
Көл-көңілге қаз
қонып,
Аққу ұшып
жатпаса,
Кәрі әйелдің жас
болып,
Қайта келіп
сүймесе,
Жаның балқып, мас
болып,
Қайта отына
күймесе.
Жердің бәрі қып-қызыл
Қырмызыға
толмаса,
Бойыңдағы от-қызу
Баяғыдай болмаса.
Маңайыңа дос толып,
Бал бөлісіп
ішпесе,
Әр сөзіңді хош
көріп,
Қошеметтей түспесе.
Алтын тақта бір мезгіл
Отырмасаң патша
боп,
Нақ төбеңде
күмбез кіл,
Асыл-маржан тас
та көп.
Жарқ-жұрқ етіп
сол тастан
Айнымайтын көздері,
Кәнизактар тұс-тұстан
Жалынбаса өздері.
Күй кешесің сондай бір...
Қой, бауырым, қой, құрсын!
Әулие деп көктемді
Несін күтіп
отырсың?!
* * *
Ал, көктем, сөйлеп болды ақын жаны,
Осы өлең сені
айқайлап шакырғаны.
Сонау бір жолдың
шеті жақындады,
Болатын
жан-жағының тақыр бәрі.
Таусылып бара жатыр көз көргендер.
Кешегі таусылмасқа сөз бергендер.
Солайша өмір заңы
- тірлік заңы,
Ол заңда жоқ қой
әлі өзгергендер.
Мезгілдің төртеуі де сен болғанда,
Көбірек жасар ма
едік бұл жалғанда,
Арман ғой ол әшейін
пендешілік,
Қашанда көп нәрседе
құн болған ба?
Жарайды, келдің,
кәне, жайнаң қақшы,
Бойдағы мұздап
қалған қанды ойнатшы!
Келдің сен,
шақырғанға тілімді алып,
Ақынды сыйлағаның
қандай жақсы!
Көк шыбық исің
қандай, денең қандай!
Иіскеп өкпе
байғұс дем алғандай.
Қажыған қайран
жүрек қайта соғып,
Қарайған қайран көңіл ағарғандай.
Сандалып, сая таппай саясаттан,
Жоқшылық,
қымбатшылық, сор апаттан,
Бір сәтке
паналауға аш қойныңды,
Зарығып,
қорғаушымдай жаңа тапқан.
Такаббар патша
мінез, кінәз кеуде
Көнбейді қуанышты
күн "аз" деуге,
Баяғы ақбоз атты
бермесең де,
Апарып таста
ақынды біраз жерге!
Наурыз, 1993 жыл