ВЕРНУТЬСЯ

   Ертелі-кеш үзілмей қурай әні, 

Желдеп кетті көктемнің туар айы.

Қарасуық қозғалды көкжиектен,

Қайда жүрсің даланың құралайы?

Қиырларға қараймын жан ауыртып,

...Балық жонды қырқалар қарауытып.

Боран, аяз, тұманын бұлттарға артып,

Қыстың көші қай жаққа барады үркіп.

Кеше ызғарын көрсе де мына маңдай,

Көңілде бір аяныш оянғандай...

Көгендеулі өзенге қайрылмады-ау,

Әділдігі, ұяты жоқ адамдай.

Тепсең жердің тез толған көкорайы,

Қорғасын бу астынан сығалайды...

Жыртық бұлттың сөгіліп алтын жібі,

Жерге құлай береді күн арайы...

Ашуланып, дөңбекшіп түн гүрілдеп,

Қараңғыны тықсырды күн біртіндеп.

Жас құлындай ойнақтап жылға кетті,

Қырға келе жатқаны-ау бір құдірет!

- Тас құлағын ашатын саңыраудың,

Күйме мініп жүрген бұл, тәңірі-ау, кім?

...Керең таудың қытықтап қызғанышын,

Бұлақ қаға түседі қоңырауын...

Ұяң емес бұл, шіркін, басқалардай,

Шолжаңданып бір ойын бастағандай

Жондар қуып барады көк белбеуін,

Бөрік киген біркелкі жас баладай...

Жылы-жылы жел қағып омырауын,

Сай-саланың төлдердей жамырауын...

Аспан, жердің арасын алқындырып,

Келе жатыр Құралай, сенің әнің!

Шөп тамыры, ши басы әніңді айтып,

Қанды ысытып: жіберді-ау көңіл байтып!

Біздің үйге соға кет, қарағым-ай,

Атам ести ала ма енді қайтып...

Жас анадай мүбәрак, Жер-дүние,

Еміреніп, елжіреп келді күйге.

Есті тентек жел тоқтап құлақ қойды,

Өмір деген әжемнің әлдиіне.