ВЕРНУТЬСЯ

  Қозғау сап көңілдегі көп белгіге, 

Желтоқсан, қаңтарлардың кеткені ме?

Биік құзды паналап ақпан жатыр,

Қарлы таудың оранып шекпеніне.

Тон кигізген қонақжай жылдың басын,

Іздеп еді кәрі өзен тұрғыласын.

Қыс патшаны таппаған тентек неме,

Сеңді опырып, жартасқа ұрды басын.

Бурыл толқын сақалын жел үйіріп,

Кеудесінде күркіреп шерлі күйік,

Жұбата алмай жатқан-ды көршілері,

Қалың ағаш, жартастар кеп жиылып.

Долылықпен ақ тонын шеше салған,

Өзі батыр, өзі аңқау есерсоқ жан.

Бұрқ-сарқ етіп жатқанда...

Күлкі естілді:

«Мен қуам, - деп, - желікті есер шалдан».

Бұлт ішінен жарқ еткен күн шуағы,

Бұйра төсін қартыңның шымшылады.

Өзі-дағы қытықшыл неме екен,

Қарқ-қарқ күліп иірімде тұншығады.

«Көктем келді, қайтейін өзге кімді?!»

Деген ойын көк жасыл көзден білді.

Өзді-өзімен кетті де көршілері,

Күн шуаққа тентегің тез берілді.

Аяды да қарлы тау қысты қатты,

Қалтырап кеп биіктен тас құлатты.

Бойы жыли бастаған кәрі жынды

Басып-жаншып кетем деп көшкін ақты.

- Ән бесігін ал-дағы, көк белге шық! -

деп, өзенге берді әкеп көктем бесік.

Кінә кімнен білмедім оны мен де,

Айрылысты екі дос өкпелесіп.

Кешірмеске  бекісіп,

«жетті» десіп,

Әркім жеке тағдырын етті несіп.

Бірі жерде қалды да, екіншісі -

Көз көрмеске ұрланып кетті көшіп...