ВЕРНУТЬСЯ

     Апам:

«Неге жүдеп барасың,

қарағым?!..» - деді.

Ақтарылып сезім боп,

қуанған да кезім көп,

мұңайған да кезім көп,

айтамын деп сан рет

айта алмаған сөзім көп,

айта алмаған кезім көп.

Көкірегімді

билеп кейде күшті ағын,

қағаз алдым

қолға қалам ұстадым,

айта алмадым бірақ та,

айтатұғын тұста мың.

Жүрек тулап, қан ысып,

өз-өзіммен алысып,

түнді - таңға жалғадым,

айта алмаған сөзімді

айтамын деп қарысып.

Көз алдымда - Ар-Ана,

көз алдымда - бар Ғалам,

көз алдымда -

көлбеген көк Тауларым,

көз алдымда Ар-Далам...

Тұрып алды

көз алдымда - сан қырым,

айтылмаған ән-жырым...

«Айта алмауың - қорлық қой,

айта алмауың - шемен ғой,

айта алмасаң, -

айтпа мүлде», - дегендей,

жүрегімді сілкіді

құлын дауыс, көгенді ой.

мамыр, 1975 жыл