ВЕРНУТЬСЯ

    Іңкәрмін...

Күлкінді сағынған шақтарға,

ақтарып сырды ағылған
шақтарға.

Сондықтан болар...

Сен менен алыс кеткенде,

жападан жалғыз

барамын түнгі бақтарға.

Барамын үнсіз

жүрек төріне мұң артып,

саламын үнсіз

бір ғажап әнді құмартып...

Дариға-ай, нұрлы дүние!

Ұшардай сол шақ

көзімнен менің мұнартып.

Мұнартып алыс таулардай,

құмартып жасыл баулардай,

жапанды кезген жаңғырық

тағдырым болып,

жұлдызды көктен саулардай...

Кеудемді менің сілкілеп,

қараша қаздар дүркіреп,

ұшардай ой-хой!

Сағыныш көлін сабалап,

ақ жаңбыр болып сіркіреп...

Ұмыт боп сол шақ

қуаныш пенен мұң-қайғы,

жанарың болып

жаулығын дүние бұлғайды.

2. Үзілмеу үшін жалғандым...

* * *

Өрік гүлдеген көктемде,

құлпырып таулар кеткенде...

Өзің жоқ, досым, өзгердім,

өзгертті мені көп пенде.

Елестеп бөктер, тасжарған,

қол созды күндер асқардан.

Өзің жоқ, досым, өртендім,

өртеді бойды басқа арман...

Ол кезде біздер өзге едік,

тау кезген сері, кезбе едік;

алаңсыз, адал шақтар-ай,

болмайтын еді сөзде дық.

Аспаннан жұлдыз, Ай тамған,

түндер жоқ сол бір шайқалған.

Сезім де, ой да өзгерді.

Өзгерді неге?..

Айта алман.

Жауын да қалың, жер отты,

түлетті қайың, теректі.

Өзгердік біздер, әттең-ай!..

Өзгермеуіміз керек-ті...

Шетен гүлдеген көктемде,

сен менен шеттеп кеткенде;

өзгерді өмір, амал жоқ,

өзгертті, бізді көп пенде...

сәуір, 1972 жыл.