ВЕРНУТЬСЯ

  Атам Нұрахметтің Рухына

Бір тымық әуен...

Еседі...

Өртенді күн мен

ертеңгі күнді жалғаған...

Келемін кезіп көшені,

ойымда менің - маң таулар,

ойымда менің - маң далам;

қарағайларым, белдерім,

сары адырларым, көлдерім...

Есіме түсті

Нағашы атамның қара жорғасы,

көрінсе қара алыстан,

ауыздырыкпенен алысқан,

есіме түсті жануар,

сағыммен, желмен жарысқан.

Есіме түсті...

Толқыдым мұнша мен неге?

Толқыдым бала кезгідей

күтетін

қара жорғаны көмбеден...

Құлағым

дүбірге көміліп кетті,

қоңыр белдегі

құлпытас еске түсті де,

көзімнен сынап төгіліп кетті.

Көрмедім - сәулелер жанып
өшті ме?!

Білмедім - бейуақыт бұлт көшті ме?!

Жаңбыр жауды ма?!

Жел есті ме?!

Сабылған жандар көшемен

жынданған мені десті ме?!

Білмедім?!

Жауынсыз түнде

жауын жамылып...

Аяңдай бердім...

Нағашы ата,

Қара жорғаны,

Сені сағынып...

қараша, 1973 жыл