ВЕРНУТЬСЯ

  Бозамық таң... Жүрегімді жыр
қарып...

Тал-қайыңдар, алма-ағаштар ырғалып,

қыдырып жүр көктем менің көшемде,

көктем менің тереземді тұр қағып.

Қызыл-жасыл жарнамалар
секілді,

ой келеді, ой қашады не
түрлі.

Бұлдыр-бұлдыр... Бұлаңытып көк аспан,

бесін ауды, ауды сұлу-екінді.

Намаздыгер... Нарттай қызыл кешқұрым,

көкжиекпен жалқынданып, көшті
күн.

Көз байланды... Қиылып кеп Ай
туды,

Алатаудың сүтпен бояп
төстігін.

Жұлдыз жауды... Бір ғажап ән естідім,

жұлқынғаны шабысындай бестінің.

«Ләйлім, шырақ, Ләйлім, шырақ»...

Безектеп,

гитаралы жігіттердің өшті үні...

Бозбала әні...

Боздап-боздап тарады,

боз тірліктің боз аспанда -
жанары.

Тал-қайыңның жапырағын
шулатып,

тереземнен көктем өтіп
барады...

Айтыңдаршы,

Қайда кетіп барады?!.

30 маусым, 1979 жыл