ВЕРНУТЬСЯ

   Өзіммен өзім оңаша

күн кешкен кезде,

өзіммен-өзім оңаша

тілдескен кезде,

қуанған кезде,

күлгенде,

мұң кешкен кезде -

ақпан-ойларым

арбасып көктем-ойларым,

көзімде менің

бұлаңдар көк тоғайларым;

өткен айларым,

кеткен айларым,

көк тоғайларым -

көңілдің керім тұсындай,

сәуірде келген

көктемнің жасыл құсындай.

Кеудемді жарып,

шырқырап көкке бойлар үн:

Өшкен ойларым,

көшкен ойларым,

кешкен ойларым -

тауларым түнгі бұлқынар,

қанатын жайып,

бауларым мұңды жұлқынар.

Даланың үстін ән басып,

жаңғырықтарым жалғасып,

Дүние күллі құлпырар,

Аспанның төсі жыртылар,

Арғымақ-ойлар андыздап,

көзінде көктің Жыр тұнар...

Жыр тұнар...

Өзіммен-өзім оңаша

күн кешкен кезде,

өзіммен-өзім оңаша

тілдескен кезде...

қаңтар, 1976 жыл