ВЕРНУТЬСЯ

   Түнгі сағат үш жарым...

Ұйтқытып тұр қыс қарын.

Жүрегіме тыным бермей ақ боран,

ақ бесікті тербетеді құштар үн.

Түнгі сағат үш жарым.

Аяз ұлып, боздайды,

боз тауымды қозғайды.

Түнгі Алматы... Күрсіне ме?

Қайтеді?

Ақын үшін ұйқы қашса?.. Сөз - қайғы.

Аяз...

Аспап боздайды.

Түнгі сағат үш жарым...

Төкті неге қыс кәрін?

Көктем сазы...

Дала жыры...

Қайда әлгі?

Көрдіңдер ме қарашаның құстарын?

Төкті неге қыс кәрін?

Түнгі сағат үш жарым...

Қай додаға түсті Арым?

Қаталын-ай, табиғаттың мына бір,

еске оралды шалыс басқан
тустарым.

Ұмыттырса...

Жарар еді түс бәрін?!

Ұйқым қашты...

Түнгі сағат үш жарым...

ақпан, 1973 жыл.