ВЕРНУТЬСЯ

  Көк сайдың аузы - көк шалғын,

қымыздық, жуа, бүлдірген.

Жағалай сипап көк шалғы,

жусатып бәрін бүлдірген.

Шілде еді... Енді тамыз кеп,

тамылжып тагы батты күн,

қоңыр тауларым ән іздеп,

баса алмай жатыр аптығын.

Асылып көкке қарағай,

құлазып жатыр бар маңым.

Асығып қайда барады Ай,

барады қалқып арман-үн?!

Қанатын жайып, ағып түн,

құс жолын тізіп, тынды аспан,

жалғыз-ақ, жалғыз шабыттың

соғады демі тынбастан...

Соғады жүрек....

Тұр үнсіз

сығалап көктен Ай қарап,

бал дәурен кездер тынымсыз

барады жонмен тайғанап.

Тайғанап қашып, қара әні,

бала күндерім - бал күнім,

жұлмалап, тапап барады

орылған таудың шалғынын.

Омыраулаған күміс үн

ауаға сіңді, қыратқа,

шулатқан тауды, түн ішін

күлкісі қалды құлақта...

3 тамыз, 1979 жыл