ВЕРНУТЬСЯ

  Алыстан...

Таудан...

Даладан...

Жұлдызы қалың көк түнде,

көшесі шулы қаладан

жығылып-талып жеттің бе?

Ұстатпай ұшып кеттің бе?!..

Ғаламның үнін иіп кеп,

көзіне жұрттың күйік боп,

жалт етіп ұшып кеттің бе,

қауырсын - қанат сүйіп көк,

ғайып-құсындай биіктеп?!.

Ақжауын-арман сіркіреп,

найзағай - тағдыр күркіреп

жатқанда...

Ғарыш үні боп,

жеттің бе түнде дүркіреп,

көктем боп жаңа, нұр түлеп...

Көзінде көктің жас тұнып,

сезімге түнде мас қылып,

тағдырым сынды мазасыз

тауға да басты тасқа ұрып,

жеттің бе жұртты састырып?!

Алыстан...

Таудан...

Даладан...

Қол созып асқақ от күнге,

көшесі шулы қаладан,

жұлдызы қалың көк түнде,

Жыр-Құсым!

Аман жеттің бе?!.

сәуір, 1973 жыл.