ВЕРНУТЬСЯ

   Бір сақтаса, адамды сақтар
үміт,

сәттер сақтар сілкінген
ақтарылып.

Саған, досым, сырымды айттым
бүгін,

қарашада жатқанда бақтар ұлып.

Сезім - желкен...

Жыр - теңіз...

Қайық - дала...

Артық айтты демегін.
Айыптама.

Желкенімді көтерсем,
жеткізбей ме

Ілеге де, Ертіске, Жайыққа да?!.

Оңды-солды шабытты ырғап алып,

бір желпінсем, шіркін-ай,
Сырға барып;

Қаратауды кезсем бір кие
қонған,

Атыраудың айдынын нұрға малып.

Сәл ұмытып уайым, қайғы-мұңды,

Сарыарқаны шарласам -
айдынымды.

Алтай барып, аунасам ауа жұтып,

Шыңғыстауда тербетіп Айды,
Күнді.

Сәлем жолдап елімнің
арқасына,

Жетісудың көз тастап әр
тасына;

Алатауды армансыз бір аралап,

бір сүңгісем Аралға,
Балқашыма.

Құс ұшырып Сексенкөл, Есіліме,

түнеп қайтсам Түркістан
есігіне.

Қарадала...

Қарқара...

Қайта оралып,

бір сиынсам
Аспантау-бесігіме.

Бір сілкінсем осылай ақтарылып,

қарашада жатқанда бақтар
ұлып;

Қазақ жері - киелім! Жебер
мені...

Жебер менің Жырымды! Сақтар
Үміт!..

қараша, 1980 жыл