ВЕРНУТЬСЯ

             Бұрынғы
өткен заманда, баурайы көкорай шалғын Көкдомбақ тауын жайлаған елде зеректігі
жұрттан асқан Көреген атты қойшы бала болыпты. Көрегеннің тумысындағы бір міні:
шешесі кісі есігіндегі күң де, әкесі жоқшылықтан көні ағарған жарлы екен.
Ауылдағы ақ сақал, қара сақалдар тегі тақыр кедейден шықты демей баланың ақылгөйлігіне
ден қойысыпты. Шаруа жайын тас аяқтай қағыстырған білікті ұланға сенім артып,
қой бағуға көбірек жұмсайтын көрінеді. Қиқарсып, қиналуды білмейтін Көреген
үлкендердің ықыласына риза боп, отарын ерте өргізеді, оты мол жерге жаяды, қос
бүйірі шыға тойған қойларды қызыл іңірде ауыл шұңқырына құлататын.

Күндердің
күнінде, кештетіп өрістен қайтқан қойшы бала қой бастаған ақ серкенің аяғына
оралған алтын арқанды көзі шалады. Мұндай ғажапқа қайран қалған Көреген жұмбақ
арқанның сырын білмекке ынтығып, ақ серкені қуалай-қуалай қалың өскен
дүзгендікке әкеп қамайды. Жақын келіп үңіліп қараса, бататын күннің қызыл
шапағымен мың құбылған - тұсау бойы көк жылан. Аздан соң есін жинаған бала қара
қойды бөркіне сауып, аждаһаның басына ақ құяды. Жылан сонда да ақ серкенің
сирағынан түспейді.

Жартыбайдың
серкесі ед,

Жарты
ырысым дей-тұғын.

Түлігінің
естісі ед,

Ессіз
малы қой-тұғын.

Ақ
серкені босатшы,

Қой
берейін жей-тұғын, - деп жалынып та, жылап та жалбарынады. Аждаһаға бұл сөз
әсер етпейді. Ниеті бұзық мақұлықты садақпен атуға серкенің аяғын майып
қылармын деп сескенген Көреген көсік аршитын кездігін қынынан суырып алады да,
жыланды ортасынан қақ бөліп тастайды.

Сөйтсе...
Қалың қолды Қарасұр атты жылан патшасының сарайында бұлғақтап өскен Көкшулан
есімді жалғыз ұлы екен. Хабар бірден екіге жетіп, патшаның құлағына тиісімен
халқы қара жамылады. Ордалы жыландар Көкшуланның табытын қолдан-қолға өткізіп,
ысқырып-пысқырып азалап көмеді де, адам баласынан аяусыз кек алуға серт
байласқан. Тайлы-тұяғы қалмай түгел көтерілген Қарасұрдың қалың әскері бір
түннің ішінде Жартыбайдың ауылын қоршап алмасын ба? Үрей бұлты үйірілген
Жартыбай асығыс үйлерін жықтырып, бау-шуларын жинастырып, беймезгіл уақытта
қашып құтылмаққа құба жолға шықса, төңірегі толы ысылдаған қорқынышты үн, жон
арқалары жалтырап жатқан ордалы жыланның құрсау шеңбері. Ай сәулесі астында
қылтыңдап, зәр шашқан оқ жыланның бастары. Көп күттірмей, көздерімен жебе
атқан, құлаш-құлаш денесінен мұз лебіндей ызғар шашқан, айбатына адам дауаламас
Қарасұр патшаның өзі шығады алға:

-
Менің жалғызымның қанын шашып, халқыма қасірет жамаған жауыз баланы жұртқа
тастап кетіңдер, әйтпесе бірің де тірі кетпейсіңдер, - деген жылан патшасы
шартын айтып, ысқырынған қолға қайта қосылады.

Кемпірлер
қамығып, шалдар сасқалақтайды. Көрегенге қорыққаннан қайран жоқ, аққа мойын
ұсынып тұрып, әбіржіген еліне басу айтады, өзін қалай жасырудың жолын үйретеді.
Қойшы баланы қимаған ауыл адамдары әрі кеңесіп, бері кеңесіп, Қарасұрдың
талабын мүлтіксіз орындауға бір ауыздан келісіп, баланың да өтінішін қапысыз
орындайды. Ақылы асып туған жас ұланды ажалға қимаған ел-жұрты мен әке-шешесі
жылай-жылай жолға аттанады. Кетерінде Көреген тапсырғандай баланың үстіне
бірінен бірі кіші тоғыз қазан төңкеріп, ең кіші қазанға "қарны ашқанда
азық етсін" деп жабулы нан қалдырады. Қыр асқан әкесі бір айналып соғып:

-
Жыландар қаншама құдіретті болса да тоғыз қабат қазанды тесіп өте алмас. Аптаға
жетерлік асың бар. Аманшылық болса, алдағы жетіде өзім келіп алып кетермін, -
деп көштің ізімен жөнеледі.

Алдаусыратып
айтқан сөзі мен ұлына ет-бауыры елжіреген әкесі бір тамшы қаны қалса да
шүберекке түйіп, жатқан  жеріне көмейін
деген ниетпен бір жұмадан соң көшкен жұртына қайта оралады. Келсе, тоғыз қабат
қазандар шұрқ тесік, көбесінен күн көрінеді. Тек, жапқан нанға жеткенде
жыландар тесіп өте алмай, жігері мұқалған Қарасұрдың әскері улап-шулап кейін қайтыпты.

Көреген
әкесімен аман-есен қауышып, еліне жеткен. Міне сонан бері қасиетті нанның киесі
адам баласын талай апат пен ажалдан аман сақтап келеді екен.