ВЕРНУТЬСЯ

                                       Образ деген сөз әдебиетте негізінде екі

Образ                                     түрлі
қолданылады. Бірінші, көркемсөз

                                    
мағынасында, екінші, адам образы - тип 
мағынасында.

Көркемсөз
ұғымында - образға теңеу де, эпитет те, троп, фигуралардың түрлері де жатады.
Кейде сөз образы немесе бейнелеу деп те айтамыз.

Екінші,
адам образы - тип мағынасында қолданамыз. Бұрын образы (адам образы) деп ұнамды
қаһармандарды ғана атап, ұнамсыз қаһармандарды тип дейтін. Ал соңғы кездерде
образ мен типтің арасына шек қойылмайды. Қазақша образды - типті - кейіпкер,
ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер деп те жазып жүрміз.

Бұл
кітапта біз адам образы - тип (қазақша: кейіпкер) деген сөздерді бір мағынада
қолданамыз.

Көркем
шығармаларда адамның өмірі, олардың өзара қарым-қатынастары, наным-сенімдері,
ой-сезімдері, мінез-құлықтары суреттелінеді дедік. Бірақ жазушы шығармасында
өзіне белгілі бір адамның ғана сипатын көрсетіп қоймайды, сол адамның өмір сүрген
кезіне, өскен ортасына дәл келетін көп адамға тән іс-әрекет, мінез-құлық,
наным-сенімдердің ең керекті екшенділерін теріп алып, бір адамға тән сипат етіп
көрсетеді  және солай болуы мүмкін
екендігіне оқушыларын сендіреді. Міне, адам образы - тип деп осыны атаймыз.

Мысалы,
Обломовтың образы крепостнойлардың ақысыз, тегін еңбектеріне сүйенушіліктің
арқасында туған помещиктердің икемсіздігін, жалқаулығын көрсетеді. Бірақ
Гончаров еш әрекеті жоқ помещиктердің жалпы қасиеттерін, әрқайсысын әр жерден
шетінен алып қалай болса солай жаза бермейді. Бір адамды алады да, оны
помещиктердің өкілі етіп көрсетеді. Помещиктерде болатын барлық ерекшеліктерді
сол адамның бойына сыйғызып көрсетеді. Барлық помещиктердің әдетін,
мінез-құлқын, ісі тағы басқаларын да сол адамнан табуға болады.

Горькийдің
«Анасындағы» Павел, Ниловналар - тип.

Павел
- жұмысшыдан шыққан, саналы, өз жолының дұрыстығына және революцияның
жеңетініне көзі жететін адам, сондықтан оған еш нәрсе де қорқынышты емес,
қайтпас берік, шын революцияшыл тип. Павел сол кездегі жұмысшылардан шыққан
революционерлердің образы -типі болғандықтан, бүкіл революционерлердегі
мінез-құлық, көздеген нысанасының дұрыстығына сенушілік, қайтпайтын табандылық,
тағы басқа революционерлерге  тән
қасиеттердің бәрі де Павел Власовтан табылады. Павелдің революционерлер образы
болып саналуы да сондықтан.

Павелдің
анасы Ниловна езілуші әйелдердің қатарынан шығады да, революцияшыл жолға
түседі. Бұл бір дегеннен революционер бола қалмайды. Қараңғы, езілген әйелдерде
болатын мінез-құлық, салт, көзқарас, наным, тағы басқалардың бәрін де Ниловна
басынан кешіреді. Бірақ ол біртіндеп өсіп отырады. Санасы да өседі. Хат таниды.
Кітап оқиды. Жиналысқа қатысады. Сондықтан ескі көзқарастары біртіндеп жойыла
бастайды. Жаңа көзқарасқа ие болады. Революционерге айналады. Жазушы сол
күндегі революционер әйелдердің істерін, мінездерін, олардың революционерге
қалай айналғандығын асқан шеберлікпен суреттеп берді. Сондықтан ананың образы -
бір ғана әйел емес, бірнеше әйелдердің орындарына жүретін образ - тип.

«Айман
- Шолпан» пьесасындағы Көтібар да типке жатады.

Көтібар
пьесада ерекше боп көрінеді. Өзінше жұртты оппақ та, шаппақ та болады. Жаңалық
біткеннің бәріне қарсы келеді. Ән салғанға: «Не оттап тұр?» -  дейді. 
Билегенді өзін қорлады деп ұғады. Қызға сапысын ала ұмтылады. Өзін
жұрттан анағұрлым артықпын деп санайды. Айманды алмақ болады. Ала алмайды.
Жұрттың бәрінің қолынан ештеңе келмейтін кем деп, ақырып, жекіреді. Шынында,
өзі кем болып жүргенін, заманы өтіп кеткенін, жұрт оны күлкіге айналдырып
жүргенін абайламайды.

«Шабамын!
Шабамын!» - дейді. Кімді шабады? Не үшін шабады? Оны ол білмейді. Көрінген
жаңалықтың бәрін қиратпақ болып ұмтылады. 
Өзі Теңгенің торынан шыға алмай жүріп, баяғы кеудемен тағы бір әйел
алмақшы. Өзінің торға әбден шырмалып, шығатын жолы бітелгенінен еш хабары жоқ.
Күн таянғанда:

Уа,
сорлы үнім жаңа саңғырлады,

Қыранның
аш дабылы даңғырлады,

Тоятқа
айдай Айман ілемін деп,

Көңілде
арман, сірә, қалдырмады.

Жаман
жау жаяулаған жалбырлады,

Тоқал
да қу шолағын шандырлады

Бөгеттің
бәрін бүгін үйіп, төгіп,

Еңбегін
кәрің отыр жандырғалы, -

 

деп ән салады.
Алды-артын болжамастан, дегенім болады деп ұғады. Ақырында Айманды Әлібек,
Шолпанды Арыстан алады да, Көтібар бос қалады. Баяғыдан бергі үміті босқа
кетеді. Ең аяғында, «жұрттың бәрін қиратамын» деп жүрген батырға Теңге былай
дейді:

Шабарсың,
иә шабарсың.

Ұқтың
ба анау хабарын?

Мұнда
тұрған күйеу - біреу емес, екеу.

Арыстан
Шолпанды алатын бопты,

Сүйінші,
міне, сүйінші!

Саған
енді дым жоқ-ты,

Бұйырған
мына тоқалың (өзін көрсетіп) мен
бопты!

Сонда Көтібар:

Шабармын!

Сірә,
шабармын! - дейді.

(«Айман-Шолпан», бірінші
басылған варианты.)

Бұл
пьесада Көтібар өзінің сөзімен де, ісімен де, әрекетімен де басқалардан өзгеше,
бір бөлек, оқшау тұрады. Автор оны жекелеп көрсетеді. Оны бос қуыс, құр кеуде,
күні өткен, күнінің өткенін өзі де білмейтін, ескі, тарих сахнасынан шығып бара
жатқан қуаты, күші жоқ феодалдық қоғамның өкілі етіп алады.

Көтібар
да бірнеше адамдарда болатын мінез-құлықтың жиынтығы. Қазақ еліндегі феодалдық
дәуірдің әлсіреп азып бара жатқан кезіндегі, алды-артын байқамайтын, аңқау,
аңғырт батырлардың барлығының орнына алынған, феодал табының өкілі. Солардың
әрқайсысының басында болған мінез-құлық, іс-әрекеттерін жинастырып әкеледі де,
бір Көтібардың басында болды ғып көрсетеді. Сондықтан ол ерекше, оқшау, жеке
тұрады.

                            Адам образы қандай
топтың өкілі етіліп

Образ - жеке  
                      көрсетілсе, сол өз ортасындағы             адамға                   мінез-құлықтардың   жиынтығы   
дедік. 

 тән
мінез     Бірақ образ көркем шығармада жеке                           адамға тән  мінез-құлық,  
наным-сенім,

іс-әрекеттер арқылы бейнеленеді. Жай
оқушыларға сондай адам шындықта болған не болуы мүмкін деген наным
туғызады.  Образды қай мағынасында алсақ
та, өмір шындығын көзге елестету, жайнақы, жанды, тұжырымды түрде суреттеу
арқылы жазушылар өз пікірін оқушыларына ұсынады. Сондықтан В.Г.Белинский: «Ақын
образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, көзге елестетеді», -  дейді.

Адам образын жасау
үшін жазушы не өткен өмірді, не өз кезіндегі бір адамды негізге алады да, соны
басқалардан жекелеп, көзге түсерлік етіп көрсетуге тырысады. Ол үшін ең алдымен
керекті жайт - жеке адамға тән мінез. Әдеби мінез (литературный характер)
жайшылықтағы мінезден анағұрлым терең, анағұрлым кең. Жайшылықта біз біреуді
жеңіл мінезді не салмақты, ауыр мінезді кісі дейміз. Мұның негізінде де бір
адамды екінші адамнан айыру, жекелеу жатқандығы сөзсіз. Бірақ ол толық емес,
адам мінезінің тек бір-ақ жағын көрсетеді.

Көркем әдебиеттегі
жеке адамға тән мінез: адамның мінез-құлқын, нанымын, сенімін, ой-пікірін,
өмірге көзқарасын, психологиясын, күйініш-сүйінішін, басқаларға қарым-қатысын,
сөздік қорын, тіпті оны қолданудағы ерекшеліктеріне шейін қамтиды. Осылардың
бәрін бір адамның бойына сыярлық сипат етіп шебер суреттеудің негізінде сол
адамның бейнесі, образы, айнаға түскен сәуледей біздің көз алдымызда тұрады.
Осыны образ не адам образы деп атаймыз.

Жазушылар жеке
адамға тән мінездерді жасағанда, адамның өмір жолдарын, іс-әрекеттерін баяндайды,
сол арқылы оның мінезінің қалай қалыптасқандығын елестетеді.

Жақсы не жаман мінез
бір күннің не бір жылдың ісі емес, талай жыл, талайғы өмір соқпақтарының
нәтижесі екендігін аңғартады. Көркем шығармадағы кейбір әдеби мінездің
қалыптасуы өмірдің, өз ортасының әсерімен біртіндеп өсе келе мүсінделуі де,
кейбірі белгілі қайшылықтардан кейін ғана қалыптасуы да мүмкін. Шығарманы ой
көзімен оқыған кісіге мұны аңғару қиын емес.

Көркем шығармадағы
әдеби мінезді сөз еткенде, айрықша көңіл аударуды қажет ететін негізгі бір
мәселе - кейіпкердің толып жатқан мінездерінің ішінен қай мінезін жазушы
бірінші орынға қояды, қайсысын жекелеп, ерекше көзге түсерліктей етіп көрсетуге
күш салады, міне, шығарманың идеясын айқындауда болсын, образдарды талдауда
болсын, бұл мәселенің мәні зор. Сондықтан әрбір әдебиетті үйренуші адам
образдың бұл ерекшелігін жақсы ұғынуы керек.

Біз жоғарыда
Обломовты мысалға келтірдік. Обломов мінездерінің жазушы толып жатқан жақтарын
көрсетеді дедік. Ол - жалқау, еріншек, жігерсіз, бойкүйез, ынжық. Сонымен қатар
адал, ізгі, кейде нәзіктіктен де құр емес. Кейде жігерленіп, іске кірісуді де
ойлайды.

Бірақ Обломовтың
мінездеріндегі ең басты, ең негізгі мінез - жалқаулық, бойкүйездік, еріншектік.
Бұл мінездерді жазушы сүтпен еніп, сүйекке сіңген ең басты және оған тән
мінездер деген бағыт сілтейді.

Оның басқа мінездері
осы негізгі мінезді толықтыру үшін керек. Обломов адал, бірақ зұлымдыққа қарсы
шығар онда дәрмен жоқ. Тіріліп, жігерленіп, жұрт қатарлы іс-әрекет істесем
деген ойлары тұтана түсіп, тез сөнеді де, олары құрғақ қиялдан әрі бармайды.
Сөйтіп, Обломовтың образын жасаудағы ең басты, негізгі мінез - жалқаулық,
еріншектік, бойкүйездік, дәрменсіз, жігерсіздік бірінші орында және
оқушыларының мәңгілік есінде қалатын да Обломов образының осы жақтары.

М.О.Әуезовтің «Абай»
романындағы Құнанбайды алсақ, жазушы оның мінезінің сан алуан жақтарын
суреттейді. Құнанбай қатыгез, мейірімсіз, бекінгеніне берік, ойланған мақсатын
орындамай тынбайтын бірбет, сұмдықты әріден ойлайтын зымиян, басынан бақайшағына
шейін ескілікке берілген кертартпа; сонымен қатар ол ойлы, ақылды; қимылдың,
істің адамы, сөзге шешен, тілге жүйрік, қолы ашық, мырза. Қысқасы, оның
мінезінің сан алуан жақтары бар. Әйтсе де солардың ішінен, ең бірінші орындағы,
ерекше көзге түсіп, мәңгілік есте қалатын мінездері - қаттылық, мейірімсіздік,
ел тізгінін өз қолында ұстауға шебер, әккілік, әріден ойлайтын зымияндық,
беріктік. Оның мінездерінің басқа жақтары сол негізгі мінезін толықтыра түсетін
көмекшілік қана жұмыстар атқарады.

Жазушы Абайдың әр
алуан мінез-құлықтарын сипаттай отырып, оның мінездерінің ішінен адамгершілік,
жаңашылдық, демократтық, патриоттық, мейірбандық, ойшылдықтарды оған тән
негізгі мінез, сипаттар деп бірінші орынға қояды. Оқушыларының есінде берік
сақталатын да Абай мінездерінің осы жақтары.

Әрине, образдардағы
әр алуан мінездерді, әсіресе жазушының негізгі деп бірінші орынға қоятын
мінездерді, тапжылдырмай тану, білу қандай керек десек, сол мінездердің туу
себептерін білу де сондай керек.

Көркем шығармадағы
әдеби мінездердің басқаша емес, дәл солай болуының өзінде  белгілі бір заңдылық болатындығын ұғып, оның
сырын аша білсек қана біз шығарманың идеялық мазмұнын дұрыс аша аламыз.

Обломовтың
еріншектік, жалқаулық, бойкүйездіктері, Гончаровтың көрсетуінше, кездейсоқ
нәрселер емес. Оның өскен ортасына, алған тәрбиесіне нық байланысты. Сонау бала
кезінен бастап, мәпелеп өсірушілік, еш нәрсені өз қолы, өз күшімен істеуге
рұқсат етілмей, барлығын басқаларға істетушілік - Обломовты осындай
жалқаулыққа, еріншектік, бойкүйездікке, икемсіздікке әдеттендірді. Оның бұл
тәрізді ерекше көзге түсерлік мінезінің негізгі себептері, түптеп келгенде,
ақысыз, пұлсыз крепостной шаруалардың күштерін пайдаланушы помещиктік қоғамның
құрылысында, шаруаларды аяусыз қанауда жатқандығы айқын көрінеді. Және бұл сол
кез, сол жағдайда тіршілік еткен феодал табының өкілдерінің барлығына тән
мінездер еді. Гончаров Обломов образын жасау үшін сол мінездердің ішінен ең
керектілерін теріп алып, оларды бір адамның басына жинақтап, айрықша көңіл
аударарлық, ерекше көзге түсерлік дәрежеге көтерді. Сөйтіп, Обломов образын
жасады. Басқа жазушылар да әдеби мінездерді осы әдіспен жасайды.

                                Шын  мәніндегі   
көркем   шығарма -

Образдарды                   өмір  сәулесі. Қоғамдық өмірде   адам       

топқа бөлу                                   баласы
бір-бірімен байланыста,  қарым-қатыста,
тіршілік үшін   күрес-

тартыста болатындығы белгілі қағида.
Бірақ өмірдің барлық жағын  бір шығармада
түгел қамтуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жазушылар өздерінің шығармаларында
өмірдің бір құбылысын таңдап алады да, белгілі бір адамдардың араларындағы
қарым-қатыс, күрес-тартыстар етіп суреттейді.

Сол тартыс,
қарым-қатынастардың түріне қарай, көркем шығармаға қатысушы образдар -
негізінде екі топқа бөлінеді. Оларды іс-әрекет, амал-қылықтарына қарай ұнамды,
ұнамсыз топтар деп атаймыз. Шығармада адам баласын жақсылыққа, прогреске үндеп,
тұрмысын жеңілдету, жақсарту үшін күресушілерді ұнамды топқа, олардың игілікті
істеріне бөгет жасап, қарсы күресушілерді ұнамсыз топқа жатқызамыз. Бұлардың
екеуінің де оқушы жұртшылық үшін мәні бар. Алдыңғылардың үлкен идеал, асқан
ерлік істерін көріп сүйінсек, соңғылардың ездік, болашағы жоқ, сұм, сұрқия,
жауыздық іс-әрекеттерін көріп жерінеміз. Мысал үшін, оқушыларымызға көптен
таныс С.Мұқановтың «Ботакөз» романын алсақ, онда суреттелетін оқиға 1913 жылдан
басталады да, 1916 жылғы халық көтерілісін, 1917 жылғы февраль революциясын,
совдептің құрылуын, Ұлы Октябрь революциясына большевик партиясының
басшылығымен жүргізілген әзірлікті, революцияға қарсы Сибирь казак
атамандарының, алашорда үкіметімен біріккен күрес, бүліншіктерін көрсете келіп,
романды социалистік ұлы революцияның жеңуімен, ақтарды өкшелей қуған қызыл
армия, Амантай бастаған партизан отрядының елге келуімен аяқтайды.

Роман оқиғасының
негізінде тарихи шындық жатса да, жазушы тарихи фактілерді тізіп қана қоймай,
белгілі бір адамдардың арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыстарға құрады.
Қатысушылар негізінде екі топқа бөлінеді: бірінші топтың бас қаһармандары:
Асқар, Ботакөз, Амантай, Кузнецов, Булатовтар; екінші топқа: Итбай, А.Кулаков,
Кошкин, Сарыбас, Мадияр, Базархандар жатады.

Бұлардың алдыңғылары
- халық өкілдері. Барлығының тілек-мақсаттары ғасырлар бойы қорлықта, жаншылу,
қанауда келген орыс, қазақ еңбекшілерінің адамдық правосы, бостандық,
теңдіктері үшін табандылық, ерлікпен күресу, сол жолда қандай қиыншылыққа
болсын төзіп, көздеген нысанаға жету.

Екінші топ өкілдері
де өз үстемдіктерін сақтап қалу үшін күреседі. Тізгінді қолдарынан шығармай,
бұрынғысынша қожалық ету үшін еңбекші халыққа жауыздық, қаталдықтың не түрлерін
қолданады. Сәл қарсылық білдірушілер болса, 
басқа ұрып, тұқырта түсуге тырысады, халыққа жасаған
зорлық-зомбылықтарын бүркеу үшін астыртын жүргізілген пәлеқорлық, жалақорлық
әдістерін қолданып, түрмеге жаптырса, кейбіреулерін Сібірге айдату,
кейбіреулерін ату, асуға шейін барады.

Сөйтіп, жазушы еш
келісімге келместей, бір-біріне қарсы екі топтың арасындағы күрестер арқылы
белгілі бір тарихи кезеңдегі екі таптың күресін бейнелейді. Екі таптың
өкілдерін кейде астыртын, кейде ашық бетпе-бет майдандастырады, ал оларды қалай
көрсететіндігі арқылы біз жазушының ой-пікірін, суреттеп отырған өмір
құбылыстарының қандайын керек, қандайын керексіз деп табатындығын аңғарамыз.

Кейбір көркем
шығармада қатысушылардың аз болуы, солардың ішінен де екі жағынан екі адамды
алып, барлық тартысты сол екі адамның айналасына ғана құруы, басқалары бас
қаһармандардың іс-әрекет, мінез-қимылдарын толықтыру үшін енгізілуі мүмкін.

Әрине, жазушы
шығармаға қатысушыларды екі топқа бөлгенде, әр топтың негізінде бір нысананы
көздеуін, жалпы бірліктері барлығын көрсетумен қатар, олардың өзара
айырмашылық, бір-бірінен өзгешелік жақтары болатындығын да көрсетеді. Бір
таптың өкілдері етіп алған кейіпкерлердің бірін-бірі толықтыратын не сол
күресте әрқайсысының өзінше орны болатындығын көреміз. Мысалы, Амантай -
алғашқы кезде өзінің руының арын жоқтаушы адам ғана болса, кейін халық кегін
жоқтаушы кейіпкер. Әйтсе де оның ісінде, наным, сенімдерінде, мінездерінің
қалыптасуында кем-кетік жерлер жоқ емес. Сол кетіктерді толтыратын басқа,
екінші саптағы қаһармандар. Олар әртүрлі жағдай, әртүрлі себептермен Амантайдың
айналасына топталады да,  күрес үстінде
халық кегін жоқтаушы негізгі кейіпкердің образын толықтырады.  Темірбек «кекке - кек, қанға - қан»
алушылықты, Асан «жақсылыққа жақсылықты», Ержан «достыққа достықты» қалайды,
Сағит ептілік, айлакерлік көрсетеді, т.б. осылар тәрізді екінші дәрежелі
кейіпкерлердің іс-амалдары болмаса, халық намысын жоқтаушы Амантай образы толық
шықпаған болар еді.

Романдағы бас
кейіпкерлер - Асқар, Ботакөз. Бірақ солардың революциялық жолға түсуінің
негізгі себебі өмір талқысы болғанмен, көп жағдайда Кузнецов, Булатовпен
байланысты емес пе? Асқарды дұрыс бағытқа сілтеуші, революциялық әдебиетке
таныстырушы, қиын күндерде не жасау керек екендігін айтып, ақыл беруші;
Амантайға, Ботакөздерге басшылық етуші - большевик Кузнецов. Онсыз Асқар,
Ботакөздер стихиялық қарсылықтан саналы революция күрескерлерінің дәрежесіне
көтерілмеген болар еді.

Керісінше, Асқар,
Амантай, Ботакөздерсіз Кузнецовтің жасырын жүргізіп жатқан саяси үлкен істері
де бұл дәрежеде халыққа етегін кең жая алмас еді. Кузнецов, Булатовтардың
нұсқауымен Асқардың майдандағы қазақ жігіттерінің арасында жүргізген
үгіт-насихаты, кейін қазақ еңбекшілерінің Ұлы Октябрь революциясының мәнін тез
ұғынып, Қызыл әскерге көмекке аттануына зор пайдасы тиеді.

Қысқасы, көркем
шығармада бір кейіпкердің істері, екінші кейіпкердегі олқылықтарды толықтыра
түседі. Көркем шығармаларға талдау бергенде бұл жайттарды біз әрдайым есте
сақтауымыз қажет.

                                  Дүниежүзінің
әдебиетіне көз салсақ,

Әдеби типтердің                            үздік,
шебер жасалған  және   талай

мәні                                      ғасырлардан
бері ұмытылмай   келе

                                              жатқан
тип - образ   аз   емес.  
Грек

мифологиясындағы Прометей, Антейлер
күні бүгінгі шейін үлгілі, тамаша шебер жасалынған образдардың бірі саналады.

Грек ертегісі
бойынша қатал тәңір Зевстің тыйым салуына қарамастан, Гефестің көрігінен адам
баласына от ұрлап беріп, оларды искусствоға, ғылымға, егін егу, мал қолдану,
малдың күштерін қалай пайдалану тағы басқа да адам тұрмыстарын жақсартудың
бірінші рет әр алуан жолдарын көрсеткен Прометейді қатал тәңір Зевс қатты
жазалап, жартасқа кеудесінен, қол-аяғынан шегелеп керіп қояды. Сонда да
Прометей Зевске бас имейді. Өзімен дос тәңірлері, өзіндей алыптар (титандар)
келіп, Зевстің айтқанын жасап, ауыр азабыңнан құтыл деп қаншама жалынса да,
Прометей өзінің адам баласына жақсылық жасауын ең ізгілік іс деп ұғады да,
бетінен қайтпайды. Жылдар, ғасырлар бойы жан түршігерлік азап көріп жатса да,
Зевстің түбіне жететін баласының кімнен туатынын біле тұрып, ол қанша сұраса да
айтпайды; сен ылғи жауыздық жасай бере алмайсың, тәңірлердің тәңірі болу өкімің
жойылады деп Прометей Зевске үрей туғызады. Прометейдің азабын ауырлату үшін
Зевс алып қарақұсқа күнбе күн оның бауырын жұлдырып жегізеді. Күндіз жеп кеткен
бауырдың орнына түнде бауыр қайта бітеді. Алып қарақұс Прометейге жан
түршігерлік ауыр азапты бір күн емес, жылдар, ғасырлар бойы көрсетеді. Бірақ
қанша қиналып, қанша ауыр азап көрсе де, Прометей шыдайды. Зевске құл болудан
гөрі, жан шошырлық азаптарын ол артық санайды.

Сөйтіп, грек
ертегісі адам баласының игілігі, алға басуы үшін күрескен, ол үшін қара
күштерден қатал соққы, ауыр азаптар шексе де, алған бетінен қайтпаған және бұл
іске солай болатұғынын біле тұрып, саналы түрде кіріскен Прометейдің тамаша
образын жасады. Прометей образы - мейірбандық, беріктік, жауыздыққа жаны
қастық, көпшілік үшін қандай қиыншылыққа болсын төзе білушіліктің тамаша үлгісі
болды.

Маркс: «Философиялық
каленьдарда Прометей - ауыр азаптар шегуші және ең мейірбанды әулие»1,
- деп бағалады. Прометейдің мәңгілік өлместей, ескірместей тәрбиелік мәні сол
адам баласының игілігі үшін ерлік күресінде.

Прометей
дүниежүзіндегі  ертегілер туғызған күрес
образдарының ішінде көпшілік үшін азап шеге білушіліктің, мейірбандықтың ең
жоғары шыңы, биігі десек, дәл ондай болмаса да, әр халықтың өз қиялы, өз
ертегілері жасаған, Прометейдің кейбір жақтарын қайталайтын образдар аз емес.

Зұлымдық, жауыздық
иелерімен, дәулер, мыстандар мен қаһармандардың ерлік күрестерін суреттейтін
қазақтың да сандаған ертегілері бар. Солардың ішінен, мысал үшін, «Ер
Төстікті»  алалық.

Ер Төстік қара күш
иесі емес, оның барлық қасиеті нар       

тәуекел жүректілігінде, қиыншылыққа төзімділігінде. Малды
қыстан аман сақтап қалу үшін табиғаттың дүлей, мылқау ______________

1К.Маркс
және Ф.Энгельс, «Искусство туралы», М., 1957, 298-бет.

күшімен күресіп, елінен, жұртынан
адасып кеткен ағаларын жалғыз іздеп шыққан жас Ер Төстік талай азапты шегіп,
оларды тапқаннан кейін де, сан алуан бөгеттерге кездеседі. Жердің үсті ғана
емес, астына да түсіп кетіп, бұрынғыдан әлдеқайда қиын жағдайларға ұшырайды.
Адам баласына тек қана жауыздық, зиян ойлайтын Бекторы, Темір, Шойынқұлақ,
мыстан, дәу тәрізді жаулармен белдескен тартыстарда Ер Төстік жеңіп шығады.

Ертегінің негізгі
идеясы - мылқау табиғаттың өлі сырын ашып, мәлімсіз, жасырын күштерін өздеріне
бағындырсақ деген халықтың оптимистік тілек, мүддесін қамтушылық болғандықтан,
оның жауыз иелері - пері, жын, мыстандар қаншама күшті болса да, ақыры оларды
Ер Төстікке жеңгізеді. Оның күші жетпейтін жағдайларда әртүрлі өнер иелері,
қиял арқылы жасалған адамдарды көмекке әкеледі: жел жетпес жүйрік, жеті қабат
жер астындағыны еститін саққұлақ, қиядағыны көзі шалатын көреген, екі қолына екі
тауды көтеріп, бір-біріне соғыстырып ойнайтын алып, тағы басқалар Ер Төстікке
жер астында кездесіп, оның қиындықты, бөгеттерді жеңіп шығуына көмектеседі.

Қандай ауыр
жағдайда, қандай қиыншылықта өмір сүрсе де, халық - оптимист. Табиғаттың мылқау
күштерін жеңіп, оны өздеріне бағындыруда жақсылықты алдан күтіп, болашақта
осылай болуы керек деп қиял етеді де және оған өздері нық сенеді.

Міне, мұның
тәрбиелік мәні - қиындық, бөгеттерді жеңіп шығудағы халықтың оптимистік сенімін
көрсетуінде.

Ауыз әдебиетінің кешірек
туған түрлерінде шығарманың оқиғасы да, қаһармандардың күрестері де анағұрлым
тұжырымды, шындыққа жақындай түседі. Қазақтың не басқа елдердің эпостық
жырларын алсақ, оларда өз елі, өз отанын басқалардың шабуылынан қорғау күресі
негізгі мәселе болып суреттеледі.

Ел қорғау санасы
ерте оянып,  өзінің азаматтық міндеті
халқына жұмсалуын жастай сезінген батыр ұл бүкіл өмірін жорықта өткізеді.
Эпостық жырларда олар қиыншылық көрсе де, төзімді, өз отаны үшін өлімге де,
жеңуге де әзір, халықтың адал ұлдары болып суреттеледі.

Жазба әдебиеттердің
нұсқаларында тәрбиелік мәні зор, тамаша, шебер жасалған ұнамды образдардың
талай үлгілерін табуға болады. Олардың көбі өмір құбылысының әр алуан жағына
үңіле қарап, қандай мәселе болсын терең толғап, 
кеңінен шешуге тырысады. Абайдың «Ескендір» поэмасын алсақ, Аристотель
мен Ескендір (Александр Македонский) патшаны бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы
әділдік пен жауыздықты шендестіріп, қанқұмарлық, ашкөздікті әділдікке
жеңдіреді. Ақыл иесі дана, адамгершілікті, тыныштық-бейбітшілікті қолдайтын
Аристотель образын көріп біз сүйінсек, адам өлімін түкке санамайтын шапқыншы
бейнесіндегі Ескендірден жерінеміз.

Көркем образдардың
қоғамдық, тәрбиелік мәнін сөз еткенде, әңгіме тек ұнамды образдар туралы
ғана  деп түсіну жеткіліксіз. Әрине,
қаһарман ерлік, тамаша әділдік, адал сүйіс, патриоттық, ақылды, айлакерліктерді
бейнелейтін және олардың барлығы адам баласы көпшілігінің игілігі үшін
істелетін, ұнамды образдардың іс-амал, мінез-құлықтарын көріп, біз де сондай
болғымыз келеді. Адал ниет, идеясына берік, жаны сұлу кейіпкерлер әрдайым
ой-сезімімізге жақсы әсерлерін тигізіп, өмірімізге жетекші тәрізденеді.

Бірақ өмірдегі жаман
мінез-құлықтарды қамтитын ұнамсыз образдың - типтің үлкен мәні бар. Жалқаулық,
еріншектік, бойкүйездікті бейнелейтін Обломов образы, мақтаншақтың ең жоғары
түрін аңғартатын Плюшкин, жұмыртқадан жүн қырыққан ұсақтық, пайдакүнемдік,
ездікті бейнелейтін Чичиков; күні өткенін сезбейтін көркөздік, даңғой, құр
кеуделіктің образы Дон-Кихоттардың іс-әрекеттері тәрізді жаман мінездерден біз
қашамыз. Ешбір есі дұрыс адам не Обломов, не Плюшкин, не Дон-Кихот болғысы
келмейді.

Жақсы мінез, жақсы
іс-амалдардан үлгі алудың мәні зор десек, жаман мінез, жаман іс-әрекеттен
оқушыларын безіндірудің де өзінше мәні болатындығы сөзсіз.