ВЕРНУТЬСЯ

(Қашаған жүлдесі сарапқа салынған Республикалық айтыстан)Таяуда облысымыздың орталығы Ақтау қаласында өлең сөздің өрен жүйрігі Қашаған Күржіманұлының 150 жылдық мерейтойының дүркіреп өткендігін ел біледі. Солардың арасындағы бастысы, жұрт ықыласын ерекше аударғаны – ақындар айтысы болды. Жарысқа республиканың облыстарының, сондай-ақ, Өзбекстанның айтулы жүйріктері қатысып, ұлттық өнеріміздің мерейін көкке көтерді.Қалалық мәдениет үйінде  жиырма төрт ақын қатысқан өнер додасы үш күнге созылған еді...Бірінші күнЖүргізуші ортаға айтыскерлердің алғашқы жұбын шақырды. Олар соңғы жылдарда жақсы көріне бастаған қызылордалық ақын қыз Лена Әбдіхалықова мен керекулік (Павлодар) Бейсенбі Мұқажанов болып шықты. Сөзді Бейсенбі бастап, қос ақын да көрерменмен жылы амандасты. Олардың бастау өлеңінде 362 әулиелі Маңғыстау, осы өлкенің негізгі тұрғындары – жауынгерлігімен аты шыққан Адай халқы, аруақты Ер Бекет аты мадақталып, жырға қосылды. Мысалы Бейсенбі:-Алдымен әруағыңа басымды ием,Әйгілі Бекет – ата әулиеге!-десе.  Лена ақын:-Қазақтың бір аспанын тіреп тұрған-Бірлікшіл деп естуші ем адайларды! – деп толғанады. Біз мұны  - Қашаған ақынның туған жері мен еліне көрсеткен құрметі деп түсіндік!Айтыста: облысымыздың орталығына Ақтау атының қайта оралғаны, көршілес Гурьевтің – Атырау аталғаны, сондай-ақ қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың аты үлкен қуанышпен жырланды. Қазақта бұрынғы атаулары қайтарылмай жатқан ірілі-уақты мекендер әлі де көп. Соның бірі – заманында қазақ жерінде қырғын салған қанқұйлы атаман Ермак аты берілген Павлодар облысындағы қала. Айтыста Лена осы жайды айтып, өкініш білдірді. Соған орай Бейсенбінің:-Егер де сол Ермакты құртар болсам – шақырам Жаңаөзеннің жігіттерін! – дегені, Ленаның:-Ермакты құлатуға мен де барам,Жан едім, қыз  болсам да, сауыт киген! – деген сөздері – халықты марғау тірліктен арылуға, тастүйін бірлікке тағы да ұрандағандай естілді! Біз: «Алғашқы айтыс біршама тәуір өтті, қарсыласына қарағанда, Лена шалымдылау ма, қалай?» деп топшыладық.Келесі жұпта сахнаға шыққан маңғыстаулық жас ақын Жарас Көрпелиев пен ақмолалық (Целиноград) Шәймерден Қадауовтың қадамы алысқа бармады... Айтысты Жарас тәп-тәуір бастағандай еді. Өкінішке орай, алғашқы кезекті алған сәттен-ақ қонақ ақынның мойны босап, тілі күрметіле берді... Мас ақынның не айтып-не қойып жатқанын түсіну мүмкін емес еді!.. Қазылар алқасы «айтысты» ұзатпай тоқтатып – дұрыс жасады. Сөйтіп, Шәймерден қарсыласы Жарастың бағын байлағаны өз алдына, көрермен көпшілікті де жерге қаратты. Біздің көңілімізде: «Ондайы бар, ақын жігіт жер түбінен неге келді? Енді еліне не деп барады?» деген ащы сауал қалды.Сахнаға 65 жастағы қарт ақын Өтепберген Әбдіразақовтың (Ақтөбе) сөзінде нақтылық жетпейтіні, жалпылама әңгімеге бой ұратыны байқалып тұрды. Өзбекстанның Мырзашөл аймағынан келген айтыскердің сөздері оған қарағанда әлдеқайда уытты, жинақы көрінді. «Теңіздің дәмі – тамшысынан білінеді» дегендей, Бөрібайдың жауаптасулары көп жағдайда ілгері түсіп отырды. Бір мысал: қарт ақын оған: «Аралыңның жайын айтшы?» -деп сауал қойды. Сонда Бөрібай ақын:-Бар елге қайыршы боп мен отырмын –Алдыма Аралымды жайып қойып!.. деп әсерлі жауап қайтарды. Бұл кез-келген ақынның аузына түсе қоймайтын суретті сөз еді!..Маңғыстаулық жерлесіміз Қамбар Оразовтың өнерін әр жерде де көріп жүрміз. Ол – соңғы үш-төр жыл бедерінде айтыстың соңына шындап түсіп жүрген талапкер. Қамбар, сөз жоқ, арқалы ақын, суырып салмалық өнерден де құралақан емес! Алайда, оның айтыстарын көре жүріп: Бұл өнерпазда сөздің қауызын тастап, дәнін айырып аларлық білім, талғам, ақындық мәдениет пен ізденіс кемшін соғады-ау! – деп топшылаушы едік. Бұл айтыста да оның сол деңгейден көтеріле қоймағанын байқадық. Өкінішке орай, айтыста сонымен жұптас болған керекулік (Павлодар) Амангелді Асқаров – одан да төмен өнер көрсетті.Торғайлық Жадыра Құтжанова – талай-талай республикалық додаларға түсіп, солардың бірінде бас жүлдені иеленіп, ақбоз ат мінген, сөйтіп атағы жалпақ жұртқа кеңінен мәлім болған ақын. Содан да болар тойға жиналғандар Жадыраны зор қошаметпен қарсы алды. Оның қарсыласы – соңғы жылдарда көрініп жүрген алматылық талантты ақын Бек Оспанов екен. Айтыс: қайны мен жеңгенің арасындағы өткір әзіл-қалжыңға құрылып, қызыққұмар жұртты  қыран-топан күлкіге батырды!.. Әрине. Қашаған секілді, қай тақырыпқа салсаң да, шашасына шаң жұқтырмай, дөңгелетіп алып кете беретін дүлдүл айтыскер сирек тумақ. Сондықтан, көпшілік ақынның өзінің оң жамбасына келетін тақырыптарға бұра тартарын әбден түсінуге болады. Бұл айтыс: алматылық жүйріктің нағыз бейім тұсы - әзіл-қалжың екенін көрсетті. Бектің: «Бір бұтың менікі екенін білмейсің ба?» - деп артықтау кеткен жайы да болды. Соған орай: «Жоныңнан таспа тіліп алармын-у» деп Жадыра – «жеңге» наз білдірді... -Сыдыртып таспа тіліп алатындай,Менің жоным сиырдың терісі емес!..«Қайнысының»- «жеңгесіне» табан астында қайырған ұтқыр жауабы осы! Сөйтіп, Бек ақын – айтыстың өн бойында атқаты қарсыласына дес берген жоқ!..Жырсүйер қауым соңғы оншақты жыл бедерінде айтыс сахнасынан түспей келе жатқан жамбылдық ақын Серік Қалиевті жақсы біледі. Оның бұл жолғы қарсыласы – бертін жылдарда аты ауыздан-ауызға көшіп жүрген атақты жас жүйрік, додалы жарыстарда маңғыстпулық жерлестерінің мерейін көкке көтеріп жүрген айтулы Мэлс Қосымбев еді. Сахнаға Мэлс шыққанда – дабыстап қол соққан жұрттың көпшілігі орындарынан тұрып кетті!.. Бұл – халықтың талантты перзентіне деген сүйіспеншілігінің белгісі еді Ақындар «әп» дегеннен-ақ жеңіл-желпі әзіл-қалжыңға бой алдырмай, салмақты жырға ойысты. Бұл бағыт Мэлстің:      -Айтайық ақиқатты – ақынбыз ғой,      Қайтеміз әзіл айтып – бала болып,- деген бастау сөзінен-ақ көрінді.      -Ал, енді домбыраңды қолыңа алып,       Шығаршы құдығынан айды аспанға!..  Немесе:       -Сен енді желкеніңді кере бергін –        Мен тастай тұрайыншы зәкірімді...   Бұл өлең жолдарынан біз Серіктің, әлдебір ақындардай, жауыр болған сөздерге жармаспай, ойын бейнелі жеткізуге ден қоятын ақын екенін байқадық. Сайыстың бір тұсында Серік араққа бой алдырған қандастарымыз үшін – күйініп, өкініш айтты. Мэлстің бұған орай айтқан сөзі оддан да асып түсті:      -Халқыңнан  неге сонша түңілесің?..       Арақ емес, арманын айтпайсың ба?! – деген жолдардан ақынның: «мұндай дертке кінәлі, адамдар емес, олар өмір сүрген қоғам!» деген астарлы ишарасын, наразы көңілін  ұғуға болатын еді.            ЕКІНШІ КҮНБұл күні жиырма төрт ақынның он екісі өнер сынына түсті. Шымкент – қазақтың айтыс өнері жарқырап келе жатқан, өлкелердің бірі. Себебі, оның айтулы айтыскер Әселханы бар, қырғи тілді Мұхтары (Құралов) бар, былтыр Алматыда өткен республикалық айтыста біздің Мэлспен тең өнер жарыстырған жас Каримасы (Оралова) бар!.. Шымкенттіктер бұл сапар жарысқа кейіннен шыққан жастарын (екі ақын) жіберіпті. Соның бірі – балғын айтыскер Қалима Жетпісова көрінеді. Оның қарсыласы, «отыз алты жастамын» деп өзі айтқандай, талай сайысты көріп, ысылған өскемендік белгілі жүйрік Абаш Кәкенов еді!.. айтыстың басталуынан-ақ Қалиманың, жас болғанымен, осал еместігі көрінді. Домбырасын баппен толғап, нәзік те биік дауыспен шырқай жөнелді. Сосын, өзін – қызғалдаққа, қарсыласын – қыранға теңеп барып ат басын іріккендей болды. Домбырасын төкпектей тартып, құйындай ұйытқыған Абаш салғаннан-ақ қыз бен жігіттің сөз қағысын қолайлайтынын байқатып, көңіл шіркіннің қашан да жас боларын, қартаймайтынын жырға қосты... Сосын Қалиманың алдында өлеңмен көлденеңдеп:-Үйден шыққан жігіттің бәрі – бойдақ,Келеді көңіліңді таба бергім!.. – деп ойқастады. Сондағы Қалиманың:-Елімде – неше миллион бойдақтар бар...Не қылам, Абаш сені дәмі кеткен!..- деген жауабы – отқа тұз сепкендей еді!.. Қарсыласын қалай да кідіртпек болған Абаш ақын – Қалиманың шашының қысқалығын айтып, әдіс қылды...-Басымыз аман болса - өседі ғой,Алдымнан бір Төлеген табылғанша! – деп – Қалима қыз мұның да уәжін тауып кеткендей. Біз бұл айтыстан – ақындарымыздың қатары тағы бір жас талантпен толыққанын көріп, қуандық.Кезінде айтыскерлік талантымен жарқырап көрінген талдықорғандық жас ақын Жандарбек Бегімбетовтің өнерін жырқұмар қауым көп тамашалай алмағанын білеміз. Дарынды жас – қаскөй біреулердің қолынан қазалы болып, өнерін кеңге шаша алмай, ерте озған-ды!.. Қашаған тойына сол Талдықорғаннан келген жас жүйрік Оралхан Сабытаев пен өзбекстандық Нұрхан Түймеқұлова алдымен Жандарбек ақынның әруағын еске алысты. Содан соң олардың айтысы – қайны мен жеңге арасындағы қазақы әзіл-оспаққа ойысты. Қос ақынның сөз қағыстыруларында бір-бірімен сабақтастық, тұтастық байқалып, ұтымды оралымдар мол көрінді. Жарасымды өткен сайыста – Оралхан ақынның сөздері шымырлау шықты.     Атыраулық Салауат Исақаев пен маңғыстаулық Нұрлан Қосымбаев. Бұл жас талапкердің екеуі де іргелі тақырыптарды жырлауға талпыныс білдірді.    Нұрлан:  -Ел болдық бүгін, міне, егеменді –   Шашылған жеті мүшесін жинаған ел! –деп бейнелі сөйлесе,   Салауат:  -Алаштың ала туын желбіретіп,   Дариға-ай, күн туар ма отыратын!.. – деп азаматтың арманды сөзін айтты. Айтыс соңында бізге Салауат ініміздің мойны озықтау секілді көрінді. Көпшілік – олардың өнеріне ұзақ қол шапалақтап, алдағы жолдарына сәт-сапар тіледі.    Оралдық белгілі  айтыскер Дариға Мұштақова мен шымкенттік Әбдіхалық Әбдірайымұлы  өз сайыстарында сыпайылық шеңберінен шықпай, әсем өнер жарыстырды. Айтыстың  бастауында Әбдіхалық:    -Кітабыңмен танысып, жылап жаттым –     Бір перзентке зар болған қайран бабам!.. – деп Қашаған ақынның артында ұл баладан тікелей ұрпақ қалмағанына үлкен өкініш білдірді!..  Өз кезегінде:    -Тойына Қашекемнің қызмет қыл деп,Жіберген мені осында өскен елім, - деп даусы жібектей есілген Дариға ақынның ізет-ибасы да жарасымды естілді.Келесі бір сәтте Дариғаның жақында белгілі оқиға өткен Оралдан келгеніне тіреп Әбдіхалық:-Орыс – қазақ жеріне таласты ғой!..Ол иттерге не болды, басылды ма?..- деп сұрақ тастады.Көпшілік Дариғаның:-Ақыры, байтал түгіл, бас қайғы боп,Қашты ғой, бет-бетіне бытырасып!.. – деген жауабын ризалы күлкімен қарсы алды. Сондай-ақ  осы айтыста қазақ ұлтын тастүйін бірлікке шақырған жалынды жырлар толғанып, осы бағытта табанды  қызмет қылып келе жатқан «Парасат» қоғамының төрағасы Сайын Шапағатов ағамыздың атына жылы сөздер айтылды.Келесі кезекте өзбекстандық Отарбав Шалқар мен көкшетаулық Есекеев Жұмабай бақ сынасты. Жұмабай ағамыздың домбырамен өлең айтысынан арқа өнерпаздарының мәнер-машығы байқалып-ақ тұрды. Алайда оның ақындық өнері ойымыздан шыққан жоқ. Жұмекеңнің сөзінде, айтыстық сипаттан гөрі, арнау өлеңге тән белгілер басым болып, алтын уақыт көбірек шығындалды!.. Осы бір сөз сайысында Шалқар ақынның талант мүмкіндігі толық көрінбей қалды!.. Өкінішті!..Біздің білуімізше, қазақтың айтыс өнеріне соңғы бір-екі жыл бедерінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен келген бір мықты ақын бар. Ол –маңғыстаулық Сабыр Адаев. Оның қарсыласы - алматылық белгілі жүйрік, Сүйінбайдың немересі Ермек Жұматаев болатын. Біссімілләдан-ақ мұның алдындағы талай айтыстарда талай ақын айтқан сөздерді қайталаған Ермек:-Ассалаумағалейкүм, Адайларым,Қазақтың тіреп тұрған бір бұрышын, - деп - әдеттегі айдау жолға түсіп қоя берді... Сабыр жаңағыдай сан мәрте қайталанған мақтау сөзге қолп етіп, қуанған шырай білдірмеді. Қарсылас ақыны да, көрермені де күтпеген – оқыс бұрылыс жасады. Оның айқын мысалы:     -Күндіз-түні Адайды ойлап жүрген жандай –      Шыға сап сахнаға «Адайладың!..»      Үйшікке жолың түсіп бара қалсаң –      «Қазақтың пайғамбары – беріш! – дерсің...       Ақынның жүргендігі жараспайды –       Тарысы піскен жерге тауық болып!..    -«Көзінше мақтағанша, көтеріп ап –      Отқа сал!..» дегенді, ақын, білемісің?..- деген уытты өлең жолдары. Сосын Сабыр:     -Ал, енді Адайды айтшы, рұқсат бердім,      Сен өзің Адай жайлы не білесің?.. деп салмақты сұрақ қойды. Бұған орай білері жоқ Ермек нақты сұрақтан жалтарып, «қойдың шарын – қоянның шарына» қосып кетті!.. Егер, бұрынғы ақындардай сөзге тоқтайтын мәдениеті болғанда Ермектің ат тізгінін тартар тұсы осы еді!..   Сабырдың:     -Ақыным, ойың шолақ, сөзің шолақ –      Сиырдың ит талаған құйрығындай!.. деген сөзінен соң да тоқтамай шаба берді!.. Сабырдың ойлы өлеңіне бойламаған біраз жұрт – Ермектің ұйқастары тастай, тілі күлдіргі, бірақ арғы түбінде парық-пайымы мен ұстамы аз арзан сөзіне қосыла шауып, қол шапалақтап отырды...   Бұл түсінген адамға Сабыр ақынның талант тегеуіріні айқын көрінген айтыс еді!..              Үшінші күн   Қазылар алқасының шешімімен қорытынды айтысқа он ақын шықты. Бұл күннің алғашқы жұбы Серік Қалиев пен Абаш Кәкенов болды. Жүлдеден дәмелі қос жүйріктің қайсысы да аянып қалған жоқ. Қашан да тауып сөйлеуге, ойлы сөз айтуға бой ұратын Серіктің:      -Құйқасын жырдың беремесек –       Ұйқасыңды не қыласың! – дегені – көңілімізге орнап қалыпты!..  «Домаланған» бойын айтып, өзіне мін таққысы келген қарсыласына Абаштың:       -Аласа деп сен мені кінәлама...        Әкемнің осы болды жасағаны!..- деп ұтқыр жауап қайырғаны әлі есімде. Біз олардың, негізінен тең айтысына куә болдық... Дегенмен, Абаш ақынның сөздері – пысығырақ шыққандай!..   Салауат Исақаев пен Лена Әбдіхалықованың сөз қағысында атыраулық жастың аздаған басымдығы байқалып, айтыстан айтысқа өсіп келе жатқан талант оты көрінді. Біз оны, жастығына қарамастан жауап қайыруға төселіп қалған ақын деп шамаладық.   Бек Оспанов пен Мэлс Қосымбаевтың айтысы да тартысты болды. Дегенмен, түйдек-түйдек төгілген Мэлс сөздері – салмақтырақ шықты!..   Оразымбетов Бөрібай мен Жұматаев Ермектің деңгейлес ақындар екендігі көрінді. Бірақ, алматылық ақын – көрермендер назарын көбірек аударды.  Жадыра Құтжанова мен Сабыр Адаев. Бұлар – Қашаған жүлдесіне шыққан ең соңғы айтыскерлер болатын. Өкінішке орай, бұлардың айтысында – жұртты таңдандырарлықтай тартыс тумады. Айбынды қарсыласынан қаймыққан Жадыра қарындасымыз – шиеленіске бармай, сөзді  жұмсартып, бітім қазығын айналсоқтай берді!..Сабыр да осындай мүжәлсіз халге түскен қонақ қызға тиісе кетудің есебін таппай – жіпсіз байланған сыңайлы!..     Төрешілер алқасы ұзақ кеңескеннен кейін – айтыс қорытындысын хабарлады. Бас жүлдеге қос ақын: Ермек Жұматаев (Алматы) мен Сабыр Адаев (Маңғыстау) ие болыпты. Жүлделері – кілем жапқан бір-бір ақбозат. Екінші орында: Жадыра Құтжанова (Торғай) мен Бөрібай Оразымбетов (Өзбекстан). Үшінші жүлде иелері: Бек Оспанов (Алматы), Мэлс Қосымбаев (Маңғыстау) және Абаш Кәкенов (Өскемен) болды. Бұл ақындарға да бағалы жүлделер тапсырылды. Қалған ақындардың өнері ынталандыру және көтермелеу сыйлықтарымен аталып өтілді. Осы сәтте, өзіміз де солай болатын шығар деп шамалағандай, сахна мен залда әжептәуір дау-дамай туды!. Сыйлықтау үстінде – жүлделі орыннан дәмелі талай ақын өкпелеп, реніш білдіді!   Айтыста сөз тантитын адамға – Сабыр Адаевтың даралығы айдан-анық көрініп тұрды!.. Солай бола тұра Сабырға алматылық ақын Ермек Жұматаев қабаттастырылып, оған да бас жүлде ұсынылды. Бұл – қазылық еткен мырзалардың – «қонақ сыйлағаны», «жерлестеріне тартты» деген қаңқу әңімеден қашқаны, сөйтіп, өздерінше ақылды саясат ұстанғаны секілді! Егер, бізге «билік» тигенде – ақындардың жүлделі орындарын былайша белгілеген болар едік: Бас жүлде (біреу - Сабыр Адаев. Бірінші орын (екеу): Ермек Жұматаев пен Мэлс Қосымбаев. Екінші орын төртеу: Бөрібай Оразымбетов, Абаш Кәкенов, Бек Оспанов, Серік Қалиев. Үшінші орын (бесеу): Салауат Исахаев, Әбдіхалық Әбдірайымұлы, Дариға Мұштақова, Оралхан Сыпатаев және Қалима Жетпісова.   Өнердің өлшемі – біреу!.. Оның аты - әділдік!.. Ақын өнерін бағалағанда: айтыскердің қайдан келгені де, жас-кәрілігі де, еркек-әйелдігі де бұрынғы атақ-даңқы өлшем болмауға тиіс!.. Ақын нақты айтысқа қандай деңгейде өнер көрсетті – соған дайын бағасын алсын!..   Уақытында әділ бағаланбаған таланттың – қайғысы бөлек!..Талай ақынның, талай дарынның түбіне жеткен - осы теңгермешілдік!..   Біз Қашаған жүлдесі сарапқа салынған республикалық айтыстан екіұдай сезімде шықтық. Оның бірі – қазақтың айтыс өнеріне талантты жастардың жаңа толқыны келгеніне қуанған үміт сезімі де, екіншісі – дарындарды бағалауда, бұрын да кездескен, әлі де орын алып отырған солақайлыққа ренжіген күдік сезімі!.. Лайым, жақсылығымыз жақын болғай, өнер сүйген қауым!..                      («Түлеген түбек» газеті. 19.10.1991 ж.)