ВЕРНУТЬСЯ

               (Памфлет) Бұл өзі – бір сұмдықты білген өлең!..Жанымда иттей ұлып жүрген өлең!..Қазағым, Көкбөрі едің, қой болдың-ау,Басыңа ит сарыса үндемеген!.. Ит пен құсты құтыртқан заманымыз,Қайда қалып барады адамыңыз?!.Жалпақ шешей болу ма еді амалымыз?..Түбі содан жетпесін ажалымыз!.. Түкпірін жүрегімнің қазайын да,Бір жайды жеткізейін ағайынға.Қалада жанымызды түршіктірген –Оқиға болып еді жаз айында... ...Бір қатын көше бойлап бүлкектеген –Иті бар жетегінде тірсектеген...Жан-жақтан қарап қапты ондаған көз:«Бұлардың құпиясын білсек!»- деген... Жай емес, әлгі жүріс – нән көрінді!..Содан да қарағанға – таң көрінді...Қапталдан көзін сатқан қайыршыға:Майлы сорпа, ақ бөлке нан көрінді!..«Көрерменнің» дені - әйел шаушылдаған,Өлмелі бір шал да жүр қалтылдаған...Балалар асфальт кесіп жүгіреді –Пысқырмай машинаға «пампылдаған!..» Жүзіп келе жатқандай шайқап қатын...Бадырақ көз, шот желке, қайқақ қатын!..Кертіп жеп, жүзіп ішкен бордақы ғой,Майбөксе, қотанаяқ, тайпақ қатын!.. Кердең қағып кете алмай - май басқаннан,Түрі бар ішіп-жемге шайлап қалған...Итіне бірдеңе деп «тіл» қатады,Келді екен бұл қалаға қай жақтардан?.. Сылқымның мойнында – алтын шынжыры бар,Белінде қолтелефон – дыңғылы бар!..Қара саннан келетін жырық қаптал –Үстінде алабажақ тұлдыры бар!.. Жетектегі ит жер иіскеп түртінеді –Шулаған жұртты көріп, іркіледі.Ит көрмеген секілді қатар тобыр –Бір-бірін баса-көктеп итінеді!..Қымбат-ау қарғы бауы алтындаған,Көрсеңші медальдарын жарқылдаған!..Оқпандай үңірейген ауызын-ай,Қос езу екі жақта салпылдаған!.. Қазан бас, берен шықшыт, сойдақ тісті,Сіңірлі аяқтары белі күшті...Жараның іздері бар денесінде –Бұл өзі көрген ит-ау талай «істі!..» Ортаға байлар ақша ұрған шығар...Қанқасап ит жұлыспақ қылған шығар!..Қарысып ана тістер өндіршекте –Талай иттің тынысы тынған шығар!.. Түрі бар пәтшағардың адам жейтін:«Саған да ауызымды салам» -дейтін.Мына жұрт сонда-дағы ентелейді,Ой жоқ. «Өзімізге шабар!»- дейтін... Ит шіркін қайдан ұқсын қызыққандыКөрмеген, сірә, мұндай «бұзықтарды»...От шашып көздерінен, арс-арс етіп,Тарбиып төрт аяғы тұрып қалды.Қатын да жер тебініп, сілкінеді,Алға тартса – жұлқиды иті кері!..Алас-қапас телефон шалмағанда –Бұдан жаман болуы мүмкін еді!.. Кенеттен айқай салды әлдекімдер:-Қайыршылар мырзаға жол беріңдер!..Сөйткенше, ит пен қатын «Джипке» мініп –Заматта ұзап кетті, көзкөрім жер!.. Ауызы әлгілердің ебедейлі:«Жол берің»»-деп ойпырмай, ежелейді.«Итті – «мырза» дегені – не дегені?..»Сұмдық сауал ойымды шегелейді!.. Оны айтқан ауыздардың «жазығы» жоқ!..Ел болдық-ау жолы бар – қазығы жоқ!..Өзіне-өзі күлмей ме қайтсін қазақ –Адамының ит құрлы қадірі жоқ!..Қайыршың – бұрыштарда қалшылдаған,Заманым, ұнамайды қалпың маған!..«Дәурені өр қазақтың-қайда қалдың?..»-Өлгенше осы сауал – шаншу маған!.. Үнім қайда ақжарма – аңқылдаған?!.Күнім қайда айдарым алтындаған!?.Алдымнан, бульдог-иттей арсылдаған,Заманым, қорқынышты даусың маған!.. Толтырып өлеңімді шаршы – бетке,Осылай нүкте қойдым памфлетке.Қазақтың жеткен жері осы боп тұр –Білмедім памфлет пе, портрет пе?!                                           2002 ж.