ВЕРНУТЬСЯ

      Бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған.

     Төлеген А йбергенов

 

     Өлілердің өресінен жоғары,

    Өлеңімді жан түсінген жоқ әлі.

    Бақытжан Алдияр

 

      Шымқаланың елеусіздеу кафесінде отырмыз,

Ескі әйнекті төпелейді ақ жаңбырлы соқыр күз.

Талайлардың өр екпінін мысыменен басатын,

Ал жанымда ойға батқан, арманы асқақ жас ақын.

Мына кірбің жап-жас болып қабағында тұр қайдан,

Білем, білем алдында әлі қатал сынақ сұр майдан.

Жан-жағыңнан шырмап алған сайқалданған саясат,

Ақылды дос еріп кеткен ақындықты қоя caп.

Жарқ-жұрқ еткен жарнаманың құны саған көк тиын,

Көк тиындық жарнамаға бұл қоғамда жоқ тыйым.

Кешегі өткен Шәмші менен Төлегеннің соқпағы,

Дәл өзіңдей бір ұланды қаншама уақыт жоқтады.

Жиырма үшке де жете алмаған Саттарханов,

Саттарлар,

Өмірбай мен Танабай боп талай жерде тапталды ар.

Екі көкем Тоқаш пенен Тәкендерге табынған,

Қаныбек пен менің досым Мәукенұлын сағынған.

Бейбіт кезде Отан қорғап тобығынан қан кешкен,

Қаратаудың бір қызына ғашық болып танды естен.

Тіпті, тіпті кей сәттері Мәжнүн бола жаздаған,

Досы түгіл, жауларының кемшілігін қазбаған.

Жұлдызды аспан,

жауһар жырлы, айналайын саз ғалам,

Көкірегіңде намыс оты қаршадайдан маздаған.

Жүрегіңде Кенесары, Наурызбайдың жорығы,

Жеті үңгір,

Монтайтас пен Қалдақ баба қорығы.

Жақпар тастар арасында алқына аққан Ақпарақ,

Шарапхана, Ақкөйлекте бірге жүрген ақ тамақ.

Ғайыперен, қырықшілтен, Жаңабазар, Қарабау,

Атшабардың жазығында бір шабуға жарамау.

Азартеке ойпаң құзы, Қызылқия, Көкібел,

Сан ғасырлар күткен ұлым Ақпан батыр осы дер.

Кәпірзада жонында анау,

Итөлгеннің соқпағы,

Жібек жолмен кеш кеп канша Айнатасқа тоқтады.

Алтын төбе, сұлу Өгем, Тамшыбастау, Жарбастау,

Бекзаттөбе, Керегетас, Суықбастау, Көлбастау.

Қауымбай сай, Ақбурада берген сәтте таң қылаң,

Құндыз қайыр, көкемарал, киікоты аңқыған.

Дүниеге сен осындай топырақтан жаралдың,

Ақбастаудан тармақ-тармақ өлең болып таралдың.

Түсіңе енді алыстасаң Сансыз баб пен Отырар,

Рабат пен Күбіқұдық, Қақпақтағы шоқылар.

Текті туған сары баласы, сонау сырлы Тұрбаттың,

Бұлбұл ұшты-ау,

жанарымнан алаңсыз шақ,

қымбат күн,

Себебі мен өтіп кетіп, қайырылмаған жылдарға,

Көз жасымды сенің мұнды жырларыңмен құрғаттым.

Талай-талай қимасымды, сыйласымды ұрлаттым,

Дос деп сеніп, дұшпанымды басты шұлғып

тындаппын.

Кейінгі ұрпақ ішінен бір інілері табынар,

Қатар жүрген тентек біткен caп тыйылар, бағынар.

Кей кездері жалғыз атты Сыздық сұлтан секілді,

Бақытжанның Алатаудай асқақтығы тағы бар.

Асыл інім алысты ойлап аламаннан ат қайтқан,

Қайта тумас Жұмағам мен

Ғафекемді жатқа айтқан.

Жалғыз кетіп бара жатып ойлай-ойлай бірақ та,

Жауап таппай шырмап алған шырмауықтай сұраққа.

Көп қарадым орда бұзар отыз қалған ойпаңмен,

Қамал алар қырық қалған беткейдегі қыратқа.

Мең бар еді құлай сүйген асылымның бетінде,

Кездескен кеш алыс қалды Күреңбелдің шетінде.

Досым сатып, көп таныстар кеткен кезде жалтарып,

Тек сен ғана қорғап жаздың басылымның бетінде.

Қайырымсыз шулы қала... жалғызсырап қалар деп,

Сенің досың хабар алып тұрады ылғи Жанарбек.

Ақ шымылдық тәрізді аппақ сырылмаған Сырың бар,

Көлеңкеңдей қасыңнан бір қалмайтұғын мұңың бар.

Тебіренетін ұлы дала, жетеді ертең бір әнің,

Қазығұртын кимай жүрген көк бөрідей қыраным.

Достан безіп, оңашалау солай өмір сүрдім мен,

Талай даудың ортасында жалтақтамай тұрдым мен.

Мұңлық-Зарлық тәрізді-ай,

соқыр, мылқау қоғамға,

Мұң-зарымды жаспен жазған өткізе алмай жүрдім мен.

Рух үшін ұлы майдан... ғасырлармен жұлқысқан,

Баба түкті шашты Әзіз,

Арыстан баб,

Түркістан.

Ұлы Оңтүстік атамекен, топырағым, киелім,

Тұла бойда жалғыз тамшы қан қалғанша сүйемін.

Адамдарың мәңгі байлық, сарқылмайтын қазынаң,

Қуат алып ғұмыр кештім Бақытжанның сазынан.

Етек жауып, ес жиғанда айтқан жалғыз базынам,

Өңі жап-жас,

ал зейіні,

жүз жасаған қарт тұлға,

Поэзия зор сенімін қағілездеу артты ұлға.

Қара балаң не көрмеді,

айналайын Оңтүстік,

Оның тартқан тақсыретін сары балаңа тарттырма!

Ақын түгіл, адамдар бар аямайтын әкесін,

Шымқаланың қимай қарап тұрдым бір сәт кафесін.

...Еске салып поезд жүрді, шаруа жайын, бас қамын,

Ал перронда қолын бұлғап, қала берді жас дарын.