ВЕРНУТЬСЯ

       Жанып жатыр Отырар отқа оранып:

«Ояныңдар,
адамдар, аттаналық»,-

Дегендейін қарлығаш шырылдады,

Қос қанатын қаға алмай шоққа қарып.

Қара дауыл азынай жан ұшырды,

Топыраққа талайдың қаны сіңді.

Қас қағым сәт күл болып бықсып жатты,

Құшағына ап Отырар арыс ұлды.

Көре алмады ешкім де ұшқан құсты,

Серпе алмады еңседен басқан мысты.

Жалыққандай Отырар жер бетінен,

Түтін болып бір күнде аспанға ұшты.

Сексеуілдер сыңсиды боз далада,

Бассыз дене... Қарашы қозғала ма?!

Жанып кетті ғұлама кария да,

Жанып кетті сымбатты бозбала да.

Атпайтұғын мұндайда таң да ұзақ бір,

Тапталмады тұяққа жалғыз ақ гүл.

Зұлымдығын дұшпанның бетіне айтқан,

Дар ағашта жас ақын салбырап тұр.

Жусандайын өртенді серілері,

Қорғау үшін туған жер сені, мені.

Аман қалған, дариға-ай, сол апаттан,

Мұңын шағып домбыра еңіреді.

Атан түйе орнынан тұра алмапты,

Дел-сал болып Жер-ана сұлап жатты.

Ағарандап атқан таң туған жердің,

Көкірегіне әлсіз бір шырақ жақты.

Тұра алмады Қаратау жүресінен,

Жалпақ әлем жараға тілесін ем,

Деуші еді-ау қос ғашық келіп-кеткен

Шындарыңа солмайтын гүл өсірем.

Қанқұмарлар дүниені улады,

Уақыт-емші жараны таңуда әні.

Құмға айналған кешегі гүлзар қала

Жүрегінде ақынның жануда әлі.

1977 ж.