ВЕРНУТЬСЯ

          Әр экономикалық іс-әрекет 
оған жұмсалған шығынды толық өтеп және 
қосымша пайда келтіргенде ғана өзін-өзі ақтамақ. Тың және тыңайған
жерлерді игеру барлық жердегідей, Қазақстанда да шығынды жүйемен (затратная
система) жүргізілді. Біріншіден, сыртт ан шектен тыс көп  жұмыс қолы (механизатордан бастап, аспазға дейін)  әкелінді. Жергілікті қазақтарды ешкім көзіне
де ілген жоқ. Екіншіден, жану-жағармайы өлшеусіз жұмсалды. Себебі қырман мен
егін, егіс даласының арасы тым қашық болды. Алыстан кісі әкелу, жану-жағармайын
ысырыптау және көлік  шығыны жинақтала
келіп, өндірілген әр келі бидайдың өзіндік құнын өсіріп жіберді.

Жалпы тың және тыңайған жерлерді игеру қажет емес дегіміз
келмейді. Бірақ онда  өндірістің
экстенсивті (қаржы жұмсап,  көлемді
ұлғайта беру)  емес, интенсивті ( қаржыны
аз жұмсап, сапа мен тиімділікті көздеу) жағына басымдылық берілуі керек еді.
Алайда бас ты «тыңгер», ақыл-парасаттан атымен жұрдай Н. Хрущев ол жағын
ескерген жоқ. Керісінше, істегі байыптылық пен ғылыми сараптауға шақырған
академик Лысенко, атақты агроном Мальцев және басқаларының орынды
ақыл-кеңестеріне құлақ түрместен, бір сәтсіздіктен екінші сәтсіздікке ұрынып
отырды. Өйткені оның экономикадан гөрі қандай саяси мақсаттарға ұмтылғанына
кейін тоқталармыз.

Құла даланы ешқандай ғылыми негіз бен есептеулерге
сүйенбестен, шексіз жырту Қазақстандағы мал шаруашылығын да тұралатып тастады.
Құнарсыздануға ұшырап, айналымнан шығарылып тасталған миллиондаған гектар алқап
жайылым мен шабындыққа да пайдасыз болып қалды. Өзіндік құны өте арзан өнім
беретін қазақтың жабы жылқысы, Еділбай қойы және түйесі бірте-бірте
ығыстырылып, шошқа мен сиыр басты  орынға
шықты. Тіпті Хрущев жылқы мен шошқа етін араластырып, «Достық» атты шұжық
шығаруды ұсынған көрінеді. Сірә, сол шұжық (колбаса) кейін дүкен сөрелерінде
орын алса керек...