ВЕРНУТЬСЯ

 
   Стефан Цвейг

 

    Сенің түрің адам шошырлық, есесіне өзіндік бетің бар. 

 

    Ганьон ағай - жас Анри Бейлге

 

    Ришелье
көшелеріндегі тар мансардадағы ымырт кезі. Екі балауыз шам жазу үстеліне жарық
түсіріп тұр, түстен бері Стендаль романын жазуды жалғастыруда. Бір кезде
қаламын лақтырып тастай салды: бүгінге жетеді. Көшеге шығып, жақсылап түскі ас
ішіп, компанияда ананы-мынаны айтып, қыз-қырқынның ортасында отырып демалып
келу керек!

            Ол өзін өзі
тәртіпке келтіріп, сюртугын киіп, шашын түзеді; енді айнаның алдында аз-кем
кідірстесе болғаны! Ол өзіне өзі қарап тұр еді, сол сәтте езуі жиырыла қалды:
жоқ, ол өзіне ұнап тұрған жоқ! Бұл не деген дөрекі, жалпайған, бульдок
сияқтанған физиономия десеңші - доп-домалақ, қызара бөрткен, тоғышар бірдеңе! Мына
бір шеттен келген бетауыздың қақ ортасына қап-қалың етті мұрын етегі делдиіп,
еп-ерсі болып қалай қонжия қалған! Рас, көзі соншалықты жаман емес, кішіректеу
келген, әр нәрсеге құмарта қарайтын мазасыздықтың отымен нұрланып тұратын жалты
бар қара көз; бірақ ол тым қалың қастары мен ап-ауыр, төрт бұрышты маңдайдың
астына тереңірек кіріп орналасқан; осы көздері үшін оны полкта жүргенде «қытай»
деп мазақтайтын. Бұл бетте айта қаларлықтай тағы не бар? Стендаль өзіне-өзі
ызалана әлі қарап тұр. Ешнәрсе де жоқ, нәзіктікпен қиылып тұрған, жанды
сергітерліктей бұл бетте ештеңе де жоқ; беті қап-қалың, бедірейген, ап-ауыр әрі
жап-жалпақ, нағыз тоғышардың беті! Оның үстіне, өкінішке орай, мына қаба сақалы
бетауызын орай келген, домаланған басы - оның осы сықпытындағы ең тәуірі болып
есептеледі: мына иегінің тура астында тұрған тар жағасынан қып-қысқа мойыны
қылғынып зорға көрініп тұр, ал одан төмен қарайғыны - дұрысы көрмей-ақ қою
керек.өйткені ол өзінің шартиған қарынын, Анри Бейльдің салмағын зорға көтеріп
тұрған мына бір тәлтиген қып-қысқа аяқтарын жек көреді, мектепте жүргенде оны
«қаңғып жүрген мұнара» деп мазақтайтын.

Стендаль айнадан әлі де болса көңіл жұбатарлық бірнәрселер
іздеп тұр. Міне, мынау қолдары, бірақ қолдары негізі жаман емес, әйелдердің
қолы сияқты нәзік, икемді, егеліп, тегістелген тырнақтары бұл адамның ақыл-ойы
мен мейірбандылығы туралы айтып тұр; терісі де қыздардың қолының терісі сияқты
теп-тегіс, сезімтал, мұның өзі де иесінің ақсүйектігінен және сезімтал жан
екендігінен хабар береді. Бірақ ер адамның бойындағы мұндай еркекке көрік болып
жарытпайтын ұсақ-түйектерге кім көңіл аударады дейсің! Әйелдер тек бетауызың
мен дене бітіміңе қарайды, ал мұның бетауызы мен дене бітімінің жағдайы нағыз
қара тобыр халықтікіндей  - ол өзі мұны
елу жылдан бері біледі. Огюстон Филон оның бітім-болмысын көріп нағыз «тұсқағаз
жапсырушы» дейтін, ал Монселе оған «аптекарьдың бетәлпетіндегі дипломат» деген
атау берді; тіпті мұндай анықтауыштардың өзі бұған сүп-сүйкімді, достық ниетті
болып көрінеді, өйткені дәл қазір айнаға қарап тұрған Стендаль өзіне өзі
«итальяндық қасапшы» деген үкім шығарып тұр.

            Ең болмаса
мынау сеп-семіз, ап-ауыр дене еркектің дөрекі күшіне толы болса екен-ау! Кең
иықтыларға сенім артатын, сәнқойдан гөрі, кейде еркін жүретін казактың өзі
артық дейтін әйелдер де бар ғой. Бірақ, қалай екенін кім білсін, оның
қорбаңдаған мол денесі - тек, әйтеуір, құр денеге ұқсайтын алдамшы бірдеңе
екенін өзі жақсы біледі. Ал осы алып денеде аса сезімтал, сәл нәрсені ауырсынып
қалатын жүйкелердің шоғыры дірдек қағып, талпынып тұр; олар тіпті феноменальды
сезімталдықтың үлгісі десе болғандай, бұл туралы дәрігерлердің бәрі таңғалып
тұрып айтады. Енді, тағдырдың тәлкегі шығар, осындай жандүние осыншама мол дене
мен майға бөгіп тұр. Шамасы, бесікте жатқанда, түн ішінде келіп біреу оның
жандүниесін ауыстырып әкеткен шығар, енді, міне, сол сезімтал жандүние  өзінің дөрекі қабығының әрбір тітіркенісінен
дірр ете қалады, селк ете түседі. Көрші бөлмедегі терезе ашылды ма, бітті, суық
ауа оның жұп-жұқа денесін қарып өтеді; есік тарс етіп жабылды ма, оның нервтері
шошына қалады; жаман иіс шығып кетті ме, бітті, басы айналады; қасына әйел
келіп отырды ма, мұны сұмдық бір үрей билей жөнеледі: ол, әлде, қорқады, әлде,
өзін  жөнді ұстауды білмегендіктен сөзі
де дөрекі шығады, қимылы одан да сорақы болады. Адам түсініп болмайды. Осыншама
нәзік, сәл нәрсеге  жараланып қалатын
соншалықты жұқа сезімге қызмет ету үшін мұншама ет, мұнша май, мынадай қарын,
қорбаңдаған анадай тірек-сүйектердің керек 
болғаны ма?  Ап-ауыр, сүйкімсіз де
еп-ерсі осындай дененің нәп-нәзік, жұп-жұқа әрі күрделі жандүниеге не қажеті
бар десеңізші?

            Стендаль
айнадан теріс айналып кетті. Сыртқы түрің мынадай болып тұрғанда бәрібір алысқа
бармайсың, бұл оны жас кезінен бері біледі. Тіпті мұны салбыраған қарынын
жоғары қарай тартып тұратын корсет жасап, адамның күлкісін келтіретін мына
мыртық аяғын жасырып тұру үшін лион жібегінен келістіріп тұрып панталон тігіп беріп
әуреге түскен керемет тігінші де жасыра алмады; ақ түскен бакенбардына жастық
шақтың каштан түсін беретін шашқа арналған бояу да, жалтыр басын жасырып
тұратын өте сәнді етіп жасалған парик те, алтынмен жиектелген консулдық
вицмундир де, теп-тегіс етіп егеп, жылтыратып сүртіп қойған тырнақтары да
ештеңе бітіре алмады. Әрине, бұл аталған әдіс-тәсілсымақтар мен
әдіс-айласымақтардың оның дене бітіміндегі ерсіліктерді аздап жұмсартуға көмегі
тиді, семіздігі қатты көзге ұрып тұрған жоқ, қисық-мисық жерлері де аздап
тегістелгендей болды. Бірақ бульварда кездейсоқ ұшырасып қалатын бір де бір
әйел заты оның артынан бұрылып қарамасы анық, мадам Ренальдың Жюльенге немесе
мадам де Шастелленің Люсьен Левенге қарағаны сияқты, бір де бір әйелдің  оның көзіне құмарлана қарамайтыны белгілі.
Тіпті ол жап-жас лейтенант болып жүрген кезінде де оған ешкім қараған емес,
енді жандүниесін май басып, қаптаған әжім қақ маңдайын жыртып-айырып тұрған
қазіргі кезге не жорық. Әрине, бәрі де бітті! Мынадай түрмен әйел бақытына ие
болу қайда, ал одан басқа бақыт, сірә, жоқ!

            Демек,
бір-ақ нәрсе қалды: ақылды болу керек, ептілік керек, тартымды да ұшқыр
ойлылық, көңілділік керек, мұның бәрі оның мына адам көргісіз дене бітімінен
жұрттың көңілін алып қашады, тосын да өткір, көркем  сөздермен жарқылдап жүру керек: «әйелді
айналдыра біл, сонда ғана ол сіздікі болады», «ақыл-ойдың ойнақшыған ептілігі
сұлулықтың орынын толтыра алады». Түріңнің мынадай сықпытынан, сірә, үміт жоқ,
демек, әйелдерге ақыл-ойыңмен ықпал етіп көр; олардың эстетикалық
сезім-талғамдарына әсер ете алмайды екенсің, ендеше олардың әр нәрсеге қызыға
қарайтын әдеттерінің өте нәзік тамыр-тармақтарын еріте-балқыта сөйле.

Сентиментальды, яғни, жандүниесі нәзік әйелдермен
меланхолиялық жағдайда сөйлес, ал жеңілтек әйелдермен олардың сол мінездеріне
сай іс-қимыл жаса, ал кейде, керісінше, ұшқыр ой, өткір тілмен көзге түс.
«Әйелді айналдыра біл, сонда ол сіздікі, тек қана сіздікі болады». Оның мінезі
мен талғамындағы әрбір осал тұстарын тап басып, іші пысып отырған әрбір сәтін
қалт жібермей пайдаланып қал, өзің салқынқандылау болып отырған кезде, оттай
жанып тұрғандай мінез көрсет, ал оттай жанып тұрған шағыңда салқынқандылау болу
керек болса, дәл солай жаса, сан құбылып, таңқалдырып, епті қимылдарыңмен
бастарын айналдырып ес жиғызба, әйтеуір, өзіңнің басқаларға мүлдем
ұқсамайтындығыңмен көзге ұрып тұр. Ал ең бастысы - ешбір мүмкіндікті бос
жіберіп алмау керек, дұрыс болмай қалады-ау деп жалтақтамай, батыл қимылда,
мұндай жағдайларда әйелдер кейде ол еркектің түрімен шаруасы да болмайды, оның
түрінің албастыға ұқсап тұрғандығын да ұмытып кетіп, елти береді, елти береді,
есіңізде ме, Титания деген әйелдің жаздың жандүниені балқытар керемет бір
түнінде есектің басын өліп-өшіп сүйгені туралы бәріміз де оқып едік қой.

            Міне,
осындай ойдың жетегінде тұрғаен Стендаль басына сәнді қалпағын киіп, қолына
сары қолғабын ұстап, айнаның алдына келді де өңіне мысқыл аралас, салқын күлкі жүгіртіп
көрді. Иә, ол бүгін Т. ханымның алдында дәл осындай сипатта - күлегештеу,
ұятсыздау, батыл да еркін, тіпті, мұз сияқты салқын болуы керек; қызықтырып,
көз байлап, таңқалдыруы қажет; адамның жынын келтіретін мынау физиономиясын
сөзбен көмкеріп тастау керек, сөзіңді бетперде қылып ал. Бірақ оларды әп
дегенннен таңқалдыру керек, алғашқы минуттарда-ақ өзіңе жұрттың назарын аудар;
ішкі әлсіздігіңді жүгенсіз тентектік пен ожар мінездің костюмінің астына жасыра
білудің ең дұрыс жолы - осы.

            Баспалдақпен
түсіп келе жатқан Стендаль сөйлейтін сөзінің ықпалды болуын да жоспарлап
келеді: ол атқосшыға өзінің келгендігі туралы коммерсант Сезар Бомбенің
келгендігін хабарлағандай хабарлауын бұйырады, ол салонға содан кейін барып
кіреді; ол зор дауыспен әдейі сөйлей кіріп, жүн сататын саудагердей ауыздыға
сөз бермей, жалынды сөздерімен жарқылдап, өзінің кәсіпорыны туралы айтып, жұрт
бұған қызыға қарап қалғанша және әйелдер оның түр-түсін танып болғанша ешкімге
дес бермеуі керек. Сосынғы кезек жұрттың бәрін еліктіріп әкететін өткір де
тұзды анекдоттардың отшашуына жалғасуы тиіс және бір ескеретін жағдай - өзінің
сыртқы түріндегі ерсіліктерді байқатпас үшін бұл жарық әлсіздеу түсіп тұрған
жерге барып тұруы керек, сосын екі-үш стақан шарап болса, қатып кетеді. Мүмкін
осындай жағдайлардан кейін, кім біледі, түн ортасы жақындағанда әйелдер жағы мұның
сүйкімді адам екендігіне назар аудар бастайтын шығар.