ВЕРНУТЬСЯ

      Сәбидей пәк болып қалсын ар

Өтсе де қанша ғасырлар.

Шардара, ертең аршылар,

Қойнында жатқан асылдар.

Қыраттың гүлін терсеңіз,

Сыйлаған суын көк теңіз.

Оңтүстік жаққа келсеңіз,

Теңізге соқпай кетпеңіз.

Керуендер өткен кешегі,

Ашпайсың сырды құмды бел.

Дертіңе дауа деседі,

Теңізден соққан түнгі жел.

Шардара, мен бір шағалаң,

Қимайтын мәңгі жағаңды.

Арнайды бүгін саған ән,

Білетін ұлын, бағаңды.

Ақ мақтаң менен күрішің -

Сарқылмас мәңгі байлығым.

Бабамның алтын сырысың,

Асырған бүгін айбынын.

Жағада жатқан қалаға

Созады толқын қолдарын,

Бастайды қиыр далаға

Қаладан шыққан жолдарың.

Санамды бүгін мазалап, қалқам, сан сұрақ,

Жете алмай келем астымдағы атты қамшылап.

Жырыма қосам барам да ертең даламды,

Ақ қыраулардан аршып ап.

Қинай бер мейлі, қиындықтардан жасқанбай,

Орамал болам қара көздерге жас тамған.

Кеудеме келіп тығылды, міне, найзағай,

Тайғанай құлап аспаннан.

Тәңірім, сақта жасықтар менен пасықтан,

Үлкен істерге ұл едім ерте асыққан.

Асау жүрегім тепкілеп жатыр кеудемді,

Бойымда ыстық тасып қан.

Қап-қара жерге ақ мамықтайын жауып қар,

Көрінбей қалды ағаштар менен арықтар.

Босқа жібермей әрбір күндерді, ақыным,

Орамды ойын алып қал.

Қара өлендей қасиетті тектіммен,

Қара көзден ыстық жасты төктім мен.

Мына жолды бұралаң да шырғалаң,

Қара шалдың есімімен өттім мен.

Қара өлең бе,

елден қуды,

шаршатты,

Қанша бұлақ қапталдасты,

қарсы ақты.

Қайда жүрсем көңілімнен кетпеді,

Анашым бар Қарашық пен Қарсақты*.

Арман жолы адастырған жоқ әлі,

Жүрегімде дауылы мен бораны.

Түркістаннан басталған бұл соқпағым,

Түркістанға түбі айналып соғады.

Бала кезден жырсыз таңым атпаған,

Атақ күттім...

несіне оған ақталам.

Қара өлеңге адал болдым өмірде,

Талай жайсаң мықтысың деп мақтаған.

Өрттей өлең...

сақталмаған,

жыртылған...

Сыпсындатқан өсектерін сыртымнан.

Атақ деген неге керек,

тек қана,

Ұят екен үміт күткен жұртыңнан.

Ешқашанда саған ісі түспеген,

Бәрін алар ақшаменен,

күшпенен.

Пенделермен сүймейтұғын өз ұлтын,

Ақ үйде мен қызмет те істегем.

Жанымды жеп,

неткен қайғы,

неткен мұң,

Жылуымен бойдағы ескі шекпеннің.

Қарындасқа түсіре алмай көлеңке,

Үкіметтің Ақ үйінен кеткенмін.

Оны қойшы...

оқыр біреу ойлана,

Жатар сосын алпыс-жетпіс тойлана.

Heгe бізді қырына алып,

бұл құдай,

Қырықта да «бала» қылып қойды, Аға.

Сәуле сезіп ертең түсер жарықтан,

Нарығында елмен бірге тарыққам.

Қыр басында қарығым тұр қобалжып,

Бір жылы сөз күтеді-ау ол халықтан.