ВЕРНУТЬСЯ

І
тарау"Адамның бір қызығы бала деген!"

Жаңа жыл оқиғасы және аңшы туралы аңыз

Мен жарық дүниеге келместен бұрын айдай әлемге алақанын
жайып, көлденең көк аттының, шылауына оралып, селт еткен сақалдының сауабын
жинап, жан баласының жүзіне келуге қаймығып әжем мен атам күткен екен. Тірі
пендеге тіл тигізбей, құмырсқаны "қыбырлауық", қоңызды
"жыбырлауық" деп бипаздап, үміт ізінде әке-шешем жүрген. Сартаптанған
сағынышпен сарылып күткенде туған бала - мен едім. "Жарықтықтардың
тілектері қабыл болыпты, тарығып жеткен ұлдары қандай екен, көрімдігімізді атап,
көңілімізді білдіріп шығайық", - деген ауылдың ақсақалдары шілдеханаға
түгел жиылса керек. Кім келгенінде не шаруам бар, қабағым қаспақтанып, танауым
таңырайып жатқан болармын. Ақтөбенің басы мен алқалы отырыста әңгіме желісін
тартып отыратын елдегі Көбен қария мақамдап:

-"Тұлпар
аттың тұқымы көрімдей болып келеді, тұғыр аттың тұқымы өрімдей болып
келеді", - көзің  суалып, жүзің
қуарып көрген нәрестең томардың түбіріндей кескінсіз екен. О-оң... Қазір көзін
ашпаған күшік қой, өскесін жігіттің сұлтаны осы болар... Жалғыз емес,
жал-құйрығы шықсын, атын Аллаберген қоя сал, қалғанын жазудан көресің! - десе,
біздің атам да теріс жағына қарай құлапты.

-
Анада ақ ешкімді қора айналдыра "қубастап" қуып жүр едің, есі жоқ
мақұлық айтқан лағнатыңыздан егіз үш лақ тапты, бірақ сол сөз менің кеудеме
атқан оқтай дік етіп тиген, қайтейін... Ақсақал айтқан екенсің,
"бергеніңді" алдым да, алдына "Сақтабын" қосқым келеді. -
Сонда Сақтапберген. Атам айтқасын амал жоқ, әйтпегенде, алған, бергеннен басқа
атауды қара су қаптап кетті ме, әй, қайтерсің? Ал осы
"Сақтапбергеннен" ес біліп, етек жапқаннан бері зәбір шегіп, жапа
тартып келем.

-
Атың кім? - дейді қос қолын қалталарынан шығармай, не шуақ, не көлеңкеде саяқ
аттардай сипақтап тұрған біреулер. Үндемесең, жапырылған глобустың жарты
шарындай бетіңе шұқшиып, айбақ-сайбақ кескініңнен-ақ адресіңді бірден табады.

-
Ә-ә, бала, құлағың қалқиып, басың жалпиып әпербақан әкеңе тартыпсың ғой,
үлкендерді сыйлама деп сол үйретті ме?

Талқыға
түсіп, талқаным шықпай тұрғанда:

-
Сақтап, - деймін сыпайы ғана сырғақтап.

Қасыңдағы
қара сирақтың біреуі қасынып жіберіп, қалған жағын тақ еткізеді.

-
Сақтап емес, Сақтапберген.

-
Е-е, солай десейші. - Енді әлгілер ол жақ, бұл жағыма ши жүгірте сөйлейді. -
Сонда, қалай, кенже баласымысың, әлде әке-шешең кеш көрген бе? Тайпақ табақтай
сені де сақтап берген құдайға құлдық.

Жұмыстан
бос жүрген сыбай-салтаңдар айтқан әңгімелеріне ақы алатындай өзеуреп,
түрткілеген сөздің түп-төркінін таппақшы. Шегіншектеп барып, шеткерілеу кетсем
де құлағы құрғыр қағып алып естіртеді. Мақтау да, масқаралау да емес, ақырында
күлкінің ортасына күмп еткізетін жаның жаратпайтын бірдеңе.

-
Баяғыда біреудің аты Керкеткен екен. - Жалқаулардың біреуі орағытып әкеліп орта
жығатын тәсілге салады. - Сол байғұс күндердің күнінде: "Қой, бала-шаға
өсіп келе жатыр... Ата сақалымыз аузымызға шықты... Болмас... Көрге кетсем де,
Керкеткен болып кетпейін", - деп қой сойып ауыл-аймағын шақырып, молдаға
кітап аштырады. Атын Бірнәстедин етіп ел алдында бәтуаласқан. Тістерін щұқып,
үйлеріне қайтқандарға көлденеңнен кездескен көк аттылар:

-
А-ал, жол болсын, қайдан келесіңдер? - десе керек.

-
Уа-а, мына Керкеткен ағаңнан...

-
Жайшылық па?..

-
Атын өзгертті, жарықтық. "Өзім Керкеткен едім, балаларым Керкеткенов
болмасын, - дейді.

-
Е, енді кім деп атайсыңдар?

Әлгілер
әрі ойланып, бері ойланып естеріне түсіре алмапты. Дұрыстап тағы бір сұрап
алайық деп шыққан үйлеріне қайтып барса, Керкеткен де есімін ұмытып, дал болып
отыр екен. Байқа, бала...

Еріккен
жандарға ермек керек, жандары шығып кететіндей шиқылдап бір күлсін.

Бас-аяғы
осы болса тәуекел де, кез келген жерде аяғыңнан шалып, адымыңды аштырмайды.
Атам қойған атымның кесірінен жыл он екі айда жалғыз-ақ рет өтетін елкаға да
шалалау қатыстым. Ағайымыз: "Жаңа жылдық жиынға жұлым-жұлымдарың шықпай,
ақ көйлектеріңді киіп, әдеміленіп келіңдер" дегесін, әжем "дұшпан
көз" дейтін қатырма жағамды үстіме іліп, шалбарымды шоқ өтекке мыжғылатып,
табаны таздың басындай жалтыраған ақ жағал етігімді тазартып кластың есігінен
кіре бергенімде, "Қарасақау" атанған бір бала жүйке тамырыңа тиетін
жіп-жіңішке даусымен: "Сақтапбелген, кешеді батпақ белденге" салып,
құлағымды сарсытқан ескі әуенге басты-ай келіп. Өлеңдегідей күйім болса үндемес-ақ
едім, тап-таза киіміме қалай араша түспейін, жыным тырысып, жұдырығым түйіле
бастаған. Мектебімізге айқай салып кетпесе көңілі көншімейтін жуан шешесі ойыма
түсіп, жаймен ғана: "Қойсайшы", - дедім. Анау ішектей ыңылдатып қыл
қобызын тарта берді. Енді кешіксем қалған балалар да хорға қосылатындай
тамақтарын кенеп жатқасын "тәуекел" деп қойып кеткем. Көзімді
тіккенім - ұзынды-қысқалы сиырдың емшегіндей салбыраған жағалар. "Әп"
деп Қарасақаудың тамағына тіреп ұстағам. Оның да қисық саусақты кішкене қолдары
тышқанға құратын қақпандай шалт екен, көйлек сыртынан киген қара велветкамның
қалтасына шап етті. Қанша жұлқып тартсам да "сиыр емшектер" мықты
болып шықты, екі қолымды емізіп, елең қылмай тұр. Қайта менің төс қалтамның
жел-құз желілеген талай жылғы тамыры үзілгендей сытырлап қоя бермесі бар ма?

-
Жібер, қалтамды жырттың... - Киімі түскірге ішім удай ашиды.

-
Білінші өзің жібел, - Ол да біреу-міреу ажыратып жібере ме деген есек дәмемен
балаларға қарап қояды. - Тап бал ғой, ағайға айтам.

"Ағай"
дегесін алпыс екі тамырым "балқып", жүйкем босап, айбарақ жасап бір
нұқыдым да, жіберіп қалғам. Ит таластырғандай уақыттарын көңілді өткізіп тұрған
балалар шу ете қалды.

-
Анаң қара!..

-
Ананы қара!

Қарасам,
алақандай қалтам Қарасақаудың қақпан қолдарына киіз түндіктей қыстырылып
қалыпты. "Шынымен менікі ме?" деген оймен омырауымды шолсам, жіптері
ағып, орны "жылап" тұр.

-
Тап сенің, - жан-дәрменмен қайта ұмтылғанда, құланның қасуына, мылтықтың
басуындай вожатый апай кіріп келді. "Вожатый" дейміз-ау, қыраулы
қыста да мұрнының ұшы тершіп жүретін, өзімізден төрт-бес жас үлкендігі бар
Сүлейменқұлдың Әтей деген қызы. "Көршіміз ғой, маған не қылсын" деп,
мұнымен де бұрын қырғиқабақ едім, енді қылмыс үстінде ұсталып ызылдым да қалдым.

-
Жаңа жылдарың құтты болсын. - Тілі ап-ащы қыз Сүлейменқұлдан аумайтын көкшіл
көздер сүмелектеп тұрған екеумізді өңмеңдете қадаған. Қарасақаудың қолындағы
тәберіктей тәптіштеп жыртылған қара барқытқа көзі түсіп, мерт болған кімнің
мүшесі екенін біле қойды.

-
Бұл не, Түгелбаев?..

-
Селдебаевтың қалтасы. - Қарасақау кеселімді кесіп алғандай вожатыйға беріп
жатыр. - Өзі ғой білден төбелескен...

-
Бірінші, апай, өзі мазақтады.

-
Не деп?

"Апай
да қызық, Қарасақаудың сөзін қалтасына салып ала кететіндей".

-
"Сақтапбелген, кешеді батпақ белден" деп.

Алдыңғы
партада көптен жуынбағаннан бейнесі көмескі тартқан, жұртта қалған бәтеңкедей
аузы үнемі ашық жүретін Мырзалы деген бала бар еді. Кертік мұрыннан "ақ
боз ат, көк боз атын" қатар жарыстырып отырып, "Уақ" етіп күле
бергенде, өз "байлығына" шашалып қарадай әлекке түсті. Осы
абыройсыздығымен "Өндіріс" атты қасиетті есімге ие болған. Мырзалыға:
"Шашалсаң - өл" деп тұрмын. Парталарында тып-тыныш қана кино
көргендей қызықтап қалған басқалардың өмірі - қол жетпестей арман! "Елка,
Аяз Ата" дегендерің мұнан қызық болмаса керек, бағанағы даурығып жүргендер
естерінен айрылып, көздерін бізден алмайды.

...Апай
жазаның қай түрін берерін білмей қасымызда сипақтап біраз тұрды да, кең залдағы
қызықтан қалмаудың шарасын жасады. Екеумізді кластың екі бұрышына ұйықтаған үйректей
бір аяқтатып қойып, балаларды ертіп шығып кетті. Ешкімнің ойында жоқ
қарауылдыққа сұранған Мырзалы бізбен бірге. Қылт етсең: "Ойбай, апай, әне
қара, етігінің ұшы еденге тиіп дем алып тұр, оң аяғын сол жағына ауыстырып
қойды" деп тұра шабудан тайынбайды. Ақиретті көріп, азапқа түскен
Қарасақау қулыққа басып: "Өнділіс, балып елке көлсейші!" - деп
алдаусыратқан. Анау көнер емес, "Ә-ә, қулар-ай!" дегендей ыржия
күліп, басын шайқайды. Оң аяқтың бұлшық еттері түйіліп, беліміз бұралаңдай
бастаған. Солға қарай ауысып тұруға болмайтынын жақсы білеміз. Қарасақаудың
сиыр емшек жағалары бұрынғысынан да бір елі ұзара түскен тәрізді, қимылдап
кетсе, салп-салп етеді. "Опат" болған омырауымды басып, қисалақтап
мен тұрмын. Жылп етіп келетін бала қимылынан өзгешелеу сықырлап, тақтай есік
самарқау ашылды. "Енді не бәлеге қалдық?" деп, бойымды үрей билеген.
Қабақтарын қусыра түйіп жүрсе де, ешқашан езуі жиылмайтын еңгезердей Шотай.
Мырзалы иесіне еркелеген күшіктей орнынан секіріп тұрып мәз болып қалған.
Тиімді сәтті пайдаланып, аяғымызды еденге еппен басып, тартылған тамырымызды
созып, тіземізді жазып алдық. Күлімсіреп кірген Шотай ешкімге назар
салмастан,  қадамдаған күйінде Мырзалының
қасынан бір-ақ шықты. "Күзетті күшейткен екен" деп ойлағанымызша,
күліп тұрған Өндірістің желкесінен қысып ұстап, "апайға айтамға"
шамасын келтірместен есіктен әрі ытқытып жіберді. Сосын етігі қолпылдап
қасымызда қарап біраз тұрған. "Еһе-еһелеп" селкілдеп күлді де:
"Ағай келді, сендерге шықсын дедісін" сәлден соң айтты. Беліміз
талып, тамырымыз құрысқан біздер кирелеңдеп барып, қалың тобырға қосылдық.

Бар
қызығы өтіп, базары тарқайын деп жатыр екен. Мүше үлестіргендей подарка беретін
тартысты кезеңге ілініп, басымызбен қойып кеткенбіз. Байқастап қарасам, биылғы
Аяз атамыз да жер шарының әлемішті глобусындай айғыз бет Тауасар. Қыс келсе
Тауасарға арнап елка жасап, есі шығып жүргендерге таңым бар. Осыншама қошеметке
қалайша қолы жеткені белгісіз. Тауасар мектеп бітіре кетсе, Аяз аталықты өзім
атқарсам деген ой да жоқ емес. Жылда қалта арқалағанға үйренген Тауасар
оңайлықпен қолынан дорбасын бермес. Қазір трактордың иінді валындай келеңсіз
ұзын қолдарын қызыл қалтасына бойлата сұғып, балаларға базарлық таратып жүр.
Кәдімгі пряник пен кәмпит, жұрттың алақанынан алғасын жұтынып барамыз.

-
Маған... маған-н...

Бір
пряник, екі кәмпиттен аумай-төкпей үлестіріп келген Тауасар қалт етіп тұра
қалды да, мойнын созып әлдекімдерді іздей бастады. Орта шенде өрелері жетпей
өңмеңдеп жатқан екі інісінің алақанына уыстап тұрып салмасы бар ма. "Аяз
аталығын" қайтейік, тұс-тұстан шулап, кеттік.

-
Ағай, ағай, Аяз ата інілеріне таратып жатыр.

-
Әне, қараңыз, қалталарына сыймай, ауыздарына тыққан.

-
Әй, қой. Қоймайсыңдар ма? - Ашулы Аяз атаның жапсырған сақал-мұрттары жыбырлап
кетті. - Қазір далаға шығарсаңдар. Көрсетемін сендерге... Ауыз-мұрындарыңды
помидор қылмасам ба? - "Несі бар, помидор да жаман тамақ емес".

Адамгершілігіне
дақ түскен Аяз ата не айтып, не қоярын білмей абдырап тұрды да қалды. Кеңседен
шыққан мұғалім бәрімізді қайта тыныштандырды.

-
Жылына бір-ақ рет келетін Аяз аталарыңды құрметтеңдер, қане, тағы бір билеп, ән
салайық. Қолдастырып елканы айнала жүргізді. Арамыздан Айсұлу деген қыз шығып
"Боз бие" өлеңін айтып, бір ауыздан "Боз бие" деген ат және
бір кәмпит алған. Айсұлудан қалғысы келмеген Зейнеш:

Дарияның
бетінде аққан сең бар,

Алақандай
бетімде қара мең бар.

Менде
сендей біреудің жас баласы,

Көлеңкемнен
аулақ жүр, менде нең бар? - деген ұзынсонар айқайдан кейін атамызға дәмете
қараған. Тауасардың кәмпиттері таусылған болуы керек, қызыл қалтаны түбінен
ұстап сіліккенмен ештеңе түспеді. Дередей білекті омырау тұсына сүңгіте сұғып,
жамбас жағын біраз бүлкілдеткен сұқ саусақтың қармағы жылтыр кәмпит қапқан
екен. Көзі жылтылдап қимай қарап тұрды да "ас жемесең, тас же"
дегендей, Зейнештің алақанына тастай салды.

Біз
үшін елка онша қызық болған жоқ, жалғыз аяқтаған жарты сағат пен екі аяғыңды
тең басқан жарты сағатты қосқанда, басы-аяғы бір сабақтың шамасында сымпиып
шыға келдік. Кешке қарай жоғарғы кластың оқушылары жиналмақшы. Былтыр
жарқыраған терезелерді жағалап жүріп көргенмін, бір түрлі, балалар мен қыздар
белдерінен ұстап ырғалып билейді. Бәрі де бірдеңе жоғалтқандай төмен қараған,
сірә, ұялатын болулары керек. Ұялса да, қайта-қайта билейді...

Биыл
бұл қызықтан құр алақан қалдым. Әжем шартақ ілген қалтамды қайыра тігіп, су
болған ұлтарақтарымды пешке жайып, қыз-е-ек ертегі айтуға отырған. Бұл кісінің
ертегісі көз алдыңдағы заттарды көгілдір аспанға айналдырып, қанат байлап ұшып
жүретін кеңістікке оп-оңай алып барады. Құлағыңды салсаң, шайтан-перілердің
шатағына араласып, періштелерді қорғап, есуас диюлардың жалына жабысып,
әлдеқайда аға жөнелесің. Әтіс-қатысы жоқ әлдебіреулерге қастасып, жаның
жаратқандарына кәдімгідей іш тартасың. Ертегі таусылғанда есің кірмей,
қалғып-мүлгіп тұрғаның. Сабақ үйрету - бірыңғай ертек үйретуден тұрса деп
қиялдайсың.

-
Баяғыда Төрежан деген аңшы болыпты... - Әжем ұршық сабын шиырып тастап қызықты
хикаяларды баяндауға кіріскен. - Өзіміз күнде көріп жүрген ақ шаңдақты Шоңтөбе
- ол кезде сыңсыған орман, сірескен сексеуіл, бықыған құсқа тұнып тұрса керек.
Келе-келе бұл аймақта "үйрек ұшып, қаз қонған... - Бізге бұйырғаны осы
ғана. Бірін ұшырып, екіншісін түсіріп қоятын тұстары түсініксіз, дегенмен,
ештеңе қалмағаны қалай? "Неге?" деймін. "Өзім де білмеймін",
- дейді әжем әңгімесін әрі сабақтай.

-
Сол Төрежан қысы-жазы елден жырақтау барып, жата-жастана аң аулайды екен.
Ұлтаны қатты кең табандықтан баспаналық жертөле қазған... Үй сияқты...
Мезгіл-мезгіл керуеншілер өтетін құба жолдың бойына шығып, қолына түскен аң
терілерін азық-түлікке, шыт-бөздемелерге айырбас жасап, бір ауылды асыраған
көрінеді.

Күн
кешкіріп қалған уақыт, ақ пен қызылдың арасында ет қақтап отырған аңшының
есігін біреу қаққан екен дейді.

-
Кіре бер! - Ер жүрек аңшы орнынан қозғалмаған.

Еппен
ашылған есіктен қарақат көзді, сұңғақ бойлы, сұлу келіншек ізетпен иіліп сәлем
етіпті. Адам қарасынан аулақ жүріп, өгейсіп қалған батыр әдемі бикешке ықылас
көрсеткен. Ошақ аузынан орын беріп жөн сұраған көрінеді.

-
Көшіп келе жатқан елміз. - Күлімкөз әйел күдік алдырмай байыппен сөйлепті. -
Тоңып-жаурап келеміз. Тамызыққа салар от ала кетсем деп едім.

Аңшы
жеп отырған тамағынан ендете кесіп, әлгі келіншекке ұсыныпты. Қолын жасырып
тұрған әйел жеңінің ұшымен алса керек.

Әңгіменің
қызықты кезінде жастықтан басын көтерген атам да құлағын түріп, менімен қосыла
тыңдайды. "Ойпырмай, ә..."

От
алып шыққан бикешке көңілінде күдік қалған Төрежан да қулыққа көшеді. Есік
алдындағы отындық сексеуілді өзінің пошымына келтіріп киіндіреді де, аулақтан
аңдып жатқан деседі. Орман ішін қорқынышты қараңғылық басып, биік ағаштар
жайған жасыл жапырақтар арасынан жарты ай сығалаған шақта, түннен бөлінген бір
сүлде қарақшыға қарай жақындай түскен. Ай жарығымен аңшы жүзтаныс келіншекті
көріпті. Бұрынғы түрін өзгертіп, үсті-басын түк басқан әлдебір мақұлықтарға
ұқсап сақтана басып келеді екен. Оның күжірейген мойны мен кескінсіз
бейнесінен, қараңғылықты қақ жарған отты жанарынан аңшының тұла бойы тітіреп
қоя берген. Үрей билеген денесін әрең игеріп, демін ішіне тартып жатса керек.
Әлгі алып тұлғалы албасты аяғын сыбдырсыз басып, қарақшыға төніп барып:

Ахау,
ахау, ахалақ,

Менің
атым жезтырнақ, - деп бас салған.

-
Өй, атаңа нәлет. - Атам тырнақтың бір ұшы өзіне тигендей шоршып түсті. - Беті
жылтырағанмен, бар бәлесі артыңда екен де. - Қолына түссе жіберіп ұратындай
насыбай шақшасын іздеген. Бір-екі соққан соң жүрегім тоқтап қалатындай мен
отырмын.

-
Сексеуілдің өзегіне дейін ендеп кеткен болат пышақтай сояу тырнақтар қайтарып
суыруға келмеген. Әрі-бері тартқылап қалжыраған Жезтырнақ: "Екі аяқтыдан
айла аспас", - деп еңіреген екен.

Бәрін
бақылап жатқан аңшы қанжарын қынабынан суырып, Жезтырнақтың саусақтарын түбінен
шауып тастаған. Орманға қарай сүмеңдеп қашқан жауыз мақұлықтың хабарын аңшыдан
естіген ауыл ақсақалдары: "Бекер істепсің, жанын алғаның жақсы еді. Енді
ұя жасап, ұрпақ шашатын болды", - деп өкінген екен...

Көкірегімде
көптеген сауалдар туындайды. Көпке дейін көзім ілінбей әжем мен атама маза
бермеймін.

-
Осының бәрі рас па?

-
Қайдам, жұрт айтады ғой... Төрежанның осы ауылда шөбере-шөпшектері бар.

"Шөбере-шөпшек?.."

-
Қазір Жезтырнақтар бар ма, ата?

-
Білмеймін, балам, болуы да мүмкін. - Атам "мазамды алып, қоймадың
ғой" дегендей аунап түсіп, бетін пешке беріп жатты. - Ұйықта енді, бұған
бірдеңе десең, бәлеге қаласың.

Қалай
ұйықтаймын, қалған сұрақтарымды әжеме қоямын.

-
Жезтырнақтың қазіргі балаларын қалай білуге болады?

Әжем
де, атам да орындарында жатып селкілдей күлді. Маған қайтарар жауап таппай
жатқандарын біле қоямын.

"Орман
қайда, жертөле қайда, Жезтырнақты өлтірмегені несі?" Қалың ойдың қабатында
көшіп жүріп көзіміз ілініп кетеді.

...Шоңтөбенің
баурайы қайысқан қалың ағаш екен деймін. Кәдімгі "Әліппеде" әшекейлеп
салатын әсем бейнелер. Қармалап қай жерінен ұстағаным есімде емес, ойымда
қалғаны әлдебіреумен тартысып, алыса кеткем. Зер салып қарасам, қарсы алдымда
Қарасақаудың қып-қызыл мұрны, уысыма іліккені сиыр емшек жағалар. Ұмтылып,
ұрған болады. Маған маңайламай, көз алдымнан жарқылдап өтіп жатқан сояу
істіктей состиған тырнақтар... Ойпырмай, қалай білмей келгем, мынау барып
тұрған Жезтырнақтың ұрпағы ғой, тіпті туған баласы да шығар... Күндізгіден
күшейген бе, мысы басып барады. Қашуға талап жасағам, қозғала алмадым,
айқайлайын деп едім үнім шықпады... Ән салғандай мұрнымнан ыңқылдап қалсам
керек, әжем қолымен тербеп тұр. Таңмен таласа түрегелетін атам мені ажал алып
кетсе де жұмысы жоқ, қою шайды сораптап тартып отыр.

-
Ата, Жезтырнақтың баласын мен таптым, ол - Түгелбайдың Қарасақауы екен, -
дедім.

-
Қой-әй, әкесі естісе ұят-ты. Ол осы 
үйдің алты атадан туысатын ағайыны екенін білесің бе?

"Ағайынымыз..."
Біреу тас төбемнен қос қолдап ұрып кеткен сияқты, бақырайып отырмын.
"Қа-а-арасақау - біздің ағайынымыз".

ІІ тарау

Шотай

Әділетті жеңіс.

Жасасын бірінші класс!

Өткен жылы жағам жайлауда, парталардың арасымен зыр жүгіріп
жүргем,  әйтеуір, біреулермен ойнаған
болуым керек, бәрі бірдей есімде емес. Кластың шалқасынан ашылған есігінен ақ
жаулығын айқара тартқан, тап-тапал қара кемпірдің басы көрінеді. Бейтаныс
біреумен бірінші тілдесу жаным сүйетін іс болғасын қасына жетіп барсам, есіктің
арғы бетінде сәліңгірдей тағы бір жігіт тұр. "Жаңа мұғалім шығар" деп
тайсақтағам, кемпірдің өзі тілге келе кетті.

-
Әй, бала, мұғалімдерің қайда?

-
Кеңседе, қазір келеді.

-
Мына баланы кімге қалдырып кетем?

"Баласы
несі?" Өз құлағыма өзім сенбеймін. Әлде жігіттің де ізіне ерген баласы бар
ма? Қараймын, жоқ... Еңгезердей көрінген әлгі "бала" есік алдында
түйеше теңселеді. Тырнақтары сояудай екен. "Жезтырнақ па?" деген ой
миымның арасын қуалап өтіп, жүйке тамырыммен жүгіре жөнелді.

-
Әже, шынымен біздің класта оқи ма? - дедім қуанышымды жасыра алмай, - маған-ақ
қалдырыңыз.

-
Ие-е, балам, биыл бірінші рет осы... Ауылсабет айтқасын амал қанша? Түрткілей
көрмеңдер, қайта жолдас болып ойнаңдар, біреу тисе жақтасыңдар. Сен өзің кімнің
баласысың? - Біртіндеп маған жанаса түскен.

Қуаныштан
жүрегім қақ жарыла жаздады. "Не д-деген ғажап?! Әкемдей кісі бізбен бірге
отырып сабақ оқымақшы! Әріп үйренеді. Ән сабағында қалай өлең айтпақшы?
Үзіліске шыққаны бәрінен қызық шығар... Мұны бірден класқа атаман сайлау
керек", - деген шұғыл шешім жасап та үлгердім.

Қоңыраулатып
Қарасай ағай да жеткен. Мұндай шәкіртті өмірінде күтпеген болуы керек, бойы өзі
құралпы жігітпен иық тірестіріп, аузына сөз түспей біраз іркілді. Кемпір маған
айтқанындай, әлгі алпауытты ағайға тапсыра бастады. Жетектеп балабақшаға
әкелген тәрізді қайта-қайта: "Жарығыма пана боларсың, аңқаулау... Өзі
нәзіктеу, бұла өскен еді, ағасы, - деп көзінің жасын бір сығып, қол орамалын
"мұрныңды сүртерсің", - деп баласына берген. Сосын көзімен балалардың
басынан асыра шарлап: - Әлгі Сердебайдың ұлы қайда, оған да тапсырғанмын. -
Қарасай ағай көзінің қиығымен мені бір атты. "Құдай тас төбемнен ұрды,
бірінші жетіп барып нем бар еді?" Шүйкедей кемпір айналсоқтап жүріп әрең
шықты. Шығарында әлгі жігіттің күректей қолдарына орамалдың бұрышынан
саудыраған тиындарды құйып жіберген, анау оны тоқтатпастан шалбар қалтасына сау
еткізді. Үйреншікті үлкен кісілердің дағдысы, есімізден айрылып есеңгірегендей
отырмыз.

Ағай
саусақтарын сытырлатып, "ым-ым" - деп тұрып жігітке иегін бір қағып
ертіп кеткен, енді қарасақ жоғарғы класс оқушыларына арналған қайықтай партаны
көтере тартып келеді. Шетімізден ілгері жылжи ығысып артымыздан орын бердік.
Анадағы келетін "ініспектр" деген кісі секілді, тек киімдері көнелеу.

-
Туған жылың? - Ағай сабақ бастамастан бұрын сауалдар қойған. Жігіт тапжылмастан
отыра берді. - Түрегеліп жауап беру керек.

Үлкен
парта салдыр-гүлдір...

-
Білмеймін, апам айтады, тышқанның жазында Шалаудың қойына көмекші шопан едік.
Ақтабанның шұңқырында тудың деп.

Кластың
ішін күлкі кернеп кетті. Ағай да рақаттанып қалған. Осындай қызықтың болатынын
күні бұрын сезген жүрегім өзімде емес, аттай шабады. Басылып, байсалды кейіпке
түскен ағай саусақтарын бүгіп санап тұрды да: "Он беске шығасың, ә",
деген күйінде тысқа беттеді. Сірәсі "оқытуға бола ма, жоқ па?" деген
оймен кеңсеге тартпаса. Бір қауым уақыттан соң, мектеп мұғалімдерінің
тайлы-таяғы қалмай директор бастаған шағын топ класқа кіріп келді. Бейтаныс
балаларды саралай қарап, көзі үйреніспеген бөлменің бұрыш-бұрышын ұрлана
барлаған жігіт үйме-жүйме қалың топты көргенде орнынан атып тұрып:

-
Ассалаумағалейкүмдер, - деп үйіне қонақ келгендей алдарынан шықты.

Үйректің
балапандарындай қыт-қыттап мәз боп қалдық.

-
Ойбай, қарағым-ау, мынау Ақ теңізден келген Ломоносов қой. - Директор ағай
емініп тұрған екі қолды жымиып барып алды. - Атың кім?

-
Шотай.

-
Шотай, Шотай, Шотай... - Жабыла жаттап алдық.

Не
костюміне, не шалбарына жайғаспай тұрған директор ағайдан Шотайдың серейген
бойы әлдеқайда биік те, "Қылышқара" атанған еңбек пәні мұғалімінің
құлағын қағып тұр. Орнына қайта барудың қисынын келтіре алмай, қысыла, қипақтап
жүрген жігітке директор күлімсірей қарап:

-
Шотеке, аулыңа қашып кетіп жүрмейсің бе? - деді.

Жігіт
"тақ" еткізіп таңдайын қақты да, басын шайқады. "Қашпаймын"
дегені.

-
Оқимын, - деп айту керек. - Табан астында түзету жасалып жатыр.

-
Байқа! - Директор сұқ саусағын сұстана көтерген. - Қашсаң ауылсоветке айтып
штраф салдырамыз. Әкеңнің аты кім?

-
Айшуақ.

-
Значит, Айшуақов Шотай деген азамат сіз боласыз. - Блокнотқа бірдемелерді түрте
бастады. - Санау білесің бе, көрші, кәнекей...

Шотай
санамас бұрын күректей алақанын баттита жайып, бармақтан бастап бүкті де,
заулатып ала жөнелген. Екі қолы жұдырыққа айналған кезде болды ма дегендей
класс жетекшіге қарады. "Онан әріні ағайдың қабағынан көргесін, қолын
қайтадан жайып, "он бір, он екі"" деп зулатпасы бар ма?

-
Енді саусақтарыңды бүкпей санап көрші? - Мұны айтқан "Қылышқара".

Саусақсыз
санап, онға табаны тиісімен, он бірден бір бәленің басын көргендей қалшиып
қатты да қалды.

-
Жарайды, интернатқа жатасың. Документтеріңді класс жетекші дайын етер. Әзірге
жаңағы партаңа отыр, кейін онан да үлкендеуін қарастырармыз. Сосын... -
Директор Қарасай ағайға денесімен бұрылды. - Жалғыз қалмасын, қасына бала қос.

Ол
"бала" ауылға қашумен аты танымал бірінші класты бірнеше мәртебе
қайталап оқыған Сәлима деген қыз. Бас-аяғын қосқанда кластың артқы жағына жас
отау иелері қоныс тепкендей еді.

Сабақ
үстінде көзіміз мұғалімде, көңіліміз Шотай жақта. Неткен ғажайып күй! Құдайдың
сақтап бергені мен емес, осы кез Шотай ма дерсің. Ағайдың назарын ала бере жалт
бұрылғанымызда, ерте туған бұзаудай өңкиіп, көзімен сүзе қараған жігітке
тоқталмай өту мүмкін емес. Сабақ аяқталып, қоңырау соғылғанда, өзгеге  мойын бұрмастан тысқа қарай тартып кетті.
Өкшесін басып еріп жүрген біздерден құтылу үшін, адымдай жүгіріп, мектептің
бұрышын бір-ақ айналған. "Айдаумен аулына тартқан шығар" деп артынан
барғанда бір-ақ түсіндік. Жарға жанаса түсіп, қайыс белдігін босатып
тастапты...

Біразға
дейін ойымыз үйренгенмен, бойымыз үйренбей жүрдік. Класс жетекшіміздің өзі
кейде Шотайға ұстаз болып ақыл айтады, кейде құрдас адамдай қалжыңдағысы
келеді. Үш-төрт күннен соң-ақ:

-
Әліппені орталап қалдық, Шотеке, кешігіп жеткен өзіңнен көр. Ілгеріде біреу
қонағым аздан жесін деп бауырсақты майдалап кескен екен. Қарны ашқан адам оған
қараушы ма еді, бес-алтауын уыстап ауызға тоғыта берген көрінеді. Сонда үй
иесі:

-
Қонағым, аулыңда өлген кісіні біреуден көмуші ме еді? - деп сұрапты.

-
Ә-ә-ә, оны шейт болғандардың денесі біледі. Үлкен болса біреуден, кішілеу жан
кездессе, бес-алтауын қосып бір жерлейді, - деген екен. Сондай-ақ, саған да
күніне үш әріптен үйретеміз.

Қаншадан
үйретсе де қиналған Шотай жоқ. Үш алады, төрт алады, кейде беске де қолы жетіп
қалады. Мұндайда басын костюмінің омырауына тығып жіберіп, "Еһе!" деп
мекірене күледі. Класс іші желпініп басылады.

Өзгелерден
оқшау жүретін Шотайға өштесіп алған - жоғарғы класс оқушылары. Қоңырау соғылса
үйме-жүйме боп біздің есіктің қыр көзіне келіп тұра-тұра қалғандары. Тысқа
шыққан Шотайды бәйге ат тамашалағандай қоршап алды. Біреуі мақтайды, екіншісі
кекетіп-мұқатады, ол жақ, бұл жағына қол жүгіртіп түртпектейді, аттаса - шалып
қалады. Бір күні ойыннан от шықты. Шашын кейін қайырып, мойнына үлкен
кісілердің галстугін қылғындыра байлап кекірейіп тұратын Базархан деген
жігіт-бала "сор айдап" Шотайға тиіспесі бар ма? Ханның нөкеріндей
қабаттасып артқы жақта тұрғанда, не болғанын да білмей қалдық. Базарханның
бақырған даусына мойнымызды созып қарасақ, Шотай әлгінің қолын бұрап жатыр.
"Аға, көке" деген сөзіне құлақ аспастан ілгері бір, кейін бір
еңкеңдетіп тұрды да, босаған қолымен орайлап тұрып жақтан тартып жібергенде,
зал жаңғырығып кетті. Әлгі байғұс галстук-малстугімен еденге желімделген
қағаздай қатты да қалды. "Ойнайсың қасқа атпен!" Бірінші кластың
баласы білдей жігітті ұрып жыққанға қораздай қоқиланып жүрміз. "Шаштарын
майлап серең-серең еткенмен күштері жоқ екен ғой. Бос кеуделерді біз де ұрамыз.
Кішкентай болсақ та тығыршықтаймыз, бұлшық еттеріміз толған күш. Енді тиісіп
көрсін..." Сабақ басталмастан Қарасай ағайдан сүйінші сұрадық.

-
Ағай, біз төбелестік!

Әрине,
ағай бас-басымызға сүйінші ұстатқан жоқ, қайта түсін суытып, қабағын
қатуландырып тұрды да:

-
Кімдермен? - деді.

-
Оныншы кластың оқушыларымен. Қырып салдық... - Қырып салғанда бір ғана бала
ғой. Онда да ұрған Шотай.

-
Қойыңдар, әй... Тарихқа жаңалық енгізген екенсіңдер...

-
Шын, ағай. Жасасын бірінші класс!

-
Жасасын!

Даурыққан
класты тоқтатып алып, біраздан кейін істің мән-жайына қанықты. Бізге ұрысқанмен
Шотайға ештеңе деген жоқ, қайта қасына келіп басынан сипады.

-
Байқау керек... Совет оқушысы былай жасамайды. Комсомол ағаларын құрметтеуге
тиіс. Төбелес деген ұят нәрсе...

Ағай
сипап кеткен орында "бірдеңе қалды ма?" дегендей ізінше өз қолымен
қайта жүргізіп өткен Шотай еңсесін төмен салып отыра берді.

ІІІ
тарау

Қорқынышты
әңгіме немесе шпион туралы алғашқы түсінік.

Қайдасың, қала?

Шпионмен бетпе-бет.

Мен
өзім "Ата-әжемнің баласымын" дегенмен көкем мен жеңешемнен туғанымды
жақсы білемін. Бала арқалаған кемпір көргеніммен, бөпе емізген әжені әлі
кездестіргем жоқ. "Балам, балам" дегендерінің бәрі өтірік, баласының
балалары. Үйге келгендер үлкенсіп: "Міне, жігіт. Әкеңнің аты кім
өзі?" - деп жорта сұрайды. "Сердебай" деп атамның атын айта
салам. "Дұре-ес... Аузынан түсіп қалғандайсың", - деп алдаусыратып
тұрғаны. Кімге ұқсайтынымды өзім де білемін. Жеңешеме (шешем ғой) тартқанмын.
Ол да бір болмай қалған жақсы адам. Анда-санда көкем мен жеңешем қай жақтағы
қаладан қалта-дорбаларын арқалап келгенде ешкімге білдіртпей қуанам да,
кейіннен зықым шығады. Әже-ем, қайдан білсін... "Бала жат бауыр болып
кетеді" деп төсегімді солардың қасына салады. "Аяғыңды жу, мұрныңды
сүрт, ақ шаңдақтан айғыздаған бетіңді қара" дей бергесін, төсектен сырғып
түсіп үйреншікті орынға тартып отырамын. Бұл жерде рақат, мұрныңның астына қара
тас қатып қалса да әжем етегімен қағып тастап, көрпеңді қымтап жатқыза қояды.
Бір жаман жері... Көкем мен жеңешем қаншама жыл Ақтаңда тұрғанмен, жасым онға келгенше
қаланың қарасына жуымаппын. Көп қабатты үйлер мен көгілдір көшелер жайлы Ана
тіліндегі суреттерден ғана білемін. Қасымдағылар қала жайлы әңгіме қылғанда,
башпайларыммен жер шұқып, жоқтан өзгені айтып сөз қашырам. Өйтпеске амалым жоқ.
Шотайдан басқасының тамсанып, майын тамызып айтатыны - балмұздақ. Маған сол сор
болды. Көкем: "Шөл қандырады",- деп қай жылы сарғыш түсті бірдеңе
ішіп отырған. Соның бір атауы шығар деген долбармен "дәмі жаман екен"
деп қойып қалғам. Бәрі бәле көргендей өре түрегелді.

-
Сен өзің жеп көрдің бе?

-
Жемек түгілі ішкенмен, бір түрлі, ашқылтым.

-
Ой, сенің ішкенің газбада ғой, - деп білгіштер жапырлап. - Қалаға жазда барып
па едің, қыста ма?

Екеуінде
де бармағаным өзіме аян, өтірікке басыңды тығып алғаннан кейін байқатпай жол
тауып шыққан дұрыс.

-
Жазда да, қыста да барғаным жоқ, күзде... Әжем екеуміз жүргенбіз. - Нанымдылау
болу үшін қасыңа адам қосақтап сөйлеген жөн. Бұларды біржолата жерге қаратқым
келіп, өтірік әулиенің киелі суынан әр жеріне араластырып: - Поезға да міндік,
- деп үдетіп жібергем.

Тұрғандар
жым-жырт болып, бастары сұлқ түсті. Әрлі-берлі адам таситын поезға да
мінбегесін кешірілмес күнә жасағандай жерге қарап мөлиіп қалған.

-
Е-е, сенің жеп жүргенің поездың балмұздағы екен ғой, - біреуі мұрнының астынан
міңгірлейді.

Әңгіме
бітті. Мойнымнан ауыр жүк түскендей үйге келе жатырмын. Қанша өтірікші
болғанмен қала көрмегесін, түбі ұятқа қалатынымды түсінемін.

Салып
ұрып сабақтан келсем, Шоңтөбенің ақсақал-қарасақалдары жиналып үйде отыр екен.
Кәдімгі әңгіме-дүкен. Есік алдындағы тәпелтек 
шоланда апам ет асып жатыр. Табалдырықтан аттамастан айтқаным:

-
Әже, қалаға барамын... Балалар мазақ қылып жүр.

-
Ой, әдірәм қалсын, соларға да мазақ керек пе? Олардың көріп жүргені соғыс жылы
сүт тасыған әжең күнде баратын Бестөбе шығар. Қолын арқаға қарай сілтеп
тастады. "Бестөбе солтүстікте екен ғой!" - Сенің көкең оның әкесіндей
шәріде тұрады. Осыдан сабағың бітсін, сосын көріп алайын.

Көңілімді
бірлеп келген кісілердің жанына мектеп киімдерімді шешпестен жантая кеткем.
Үйге кісі келсе, құдайым беріп қалатын әдетім. Сөз сөйлеп жұртты аузына
телмеңдетіп қойған - шалдар қатарына енді ғана қосылған көк мұрт Бейсен:

-
Осы шпион дейтін итіңнің жүрмейтін жері жоқ екен, біздің ауылда да болған...

Менің
құлағым елең етті. Әйтеуір, клубтан кино қарасақ, шпион көреміз. Соларға не
жетпейтінін қайдам, пистолеттерін қойындарына тығып, түрлері сұрланып,
ерсілі-қарсылы жүргендері. Аямауға келгенде кемпір-шал, бала-шаға демейді.
Кинодан көрмей тұрғанда, адам аяу дегенді білмейтін бір үйдің балалары шығар
деуші едім. Соған қарамастан ақ көңіл, елпілдіктері де бар. Осындай бір соры
арылмаған шпионды Гебальшиштің киносында біздердей бала құдыққа салып,
сабағанда, құмардан бір шыққанбыз. Аңқаулау біреуі кездесе кетсе деген қиялдан
да құр алақан емес едім, ізі мыннан шықты.

-
Е-е, білеміз, білеміз, - деді үйдегілер бас-басына шпион аулап сыралғы болған
жандардай. - Өздері қызық халық қой жарықтықтар. Айтқаныңа көніп, айдауыңа
жүреді де, жалт беріп жалпаңнан түсіреді.

-
Анада, - Бейсен қолымен күнбатысты нұсқады. - Мына Қоспешкі жақта қой бағып
жүрген кез, қоныс аударып қонғанбыз... Өрісте жүрсем, біреу жаяулап-жалпылап
маған қарай келе жатыр.

-
Әне, көрдің бе? Олар адамға қыдыр құсап жолығады. Содан...

-
Құралпы үлкендеу сияқты болып тұрғасын "Ассалаумағалейкүм" айтып
амандастым. Маған назарын да салмастан: "Сәлеміңді басыңа шайнап
жақ", - демесі бар ма!

-
Ас-стапыралла, тіліңе шоқ түскірдің көрмейсің бе?

-
Он екі өрме қара қамшымен өрім-өрімін шығармадың ба?..

-
Тұра-а тұрыңдар. - Бейсен әңгімесін әрлеп, насыбай шақшасын мәсісіне қағып
біраз отырды. - Әлгінің үсті ырым-жырым, жалаң аяқ, аяқ тақырларда жататын
айқұлақтар бар ғой, соны жіпке тізіп, мойнына тағып алған.

-
Сол айқұлақ әрі тамағы, әрі "ана жаққа" хабарлайтын радиосы дейді
ғой, рас шығар. Енді қызық...

-
Сонда қалай? - Есікке таяу оң жағыма жайғасқан Құмай деген қияңқы шал кимелей
кеткен. - Жүз саулыққа қанша қозыдан алғаныңды жеткізбесе, "о жаққа"
не тауып хабарлауы мүмкін.

-
Ақсақал, айтпа десең, қояйын көргенімді баяндап отырмын. Хабарласа хабарлайтын
шығар, жер беті қара қойдың етімен күнелтпей топырақ жеп жүр ме? Арасында
жүргесін малдың қадірін білмейміз, олар қалай біледі?! - Бейсен жаңағы әңгімені
ауырлап біраз сөйлеген. - Сонан үлкен ғой деп сәлем бергенім, бет-аузын
сақал-шаш басқан жігіт екен, мазақ қылғандай бетіме қарап күлгенін көрсең...

-
Атың кім? - дегем, "Әріпбай" деп бақалшақтарын құныға жалай бастады.
Жаңағы "тамағы" деп айтқан сөздің жаны бар, әйтпесе құс қиялап
ұшпайтын қу мекиенде қаталап өлер.

-
Қайдан келесің? - дедім көңіліме күдік ұялап.

-
Жоғарыдан, - деп ыржалаң-ыржалаң етеді. Қайда барасыңға "Төменге" деп
жауап берген.

-
О-ойпырмой, ә. - Менің атам да әңгімеге ыңғайлана бастаған. - Әй-й, Құмай,
"не хабарлайды" деп қалжыңға шаптырасың, "жоғары, төмен"
деген сөздердің астарында бәле жатыр ғой... Алжасып жұрттың алдын
кес-кестегеннен басқа не білеміз, мына жастар бәрін сезеді, заманның адамы ғой,
- деп Бейсенді қолпаштап жатыр. Бейсеннің де жас болып, жайқалып тұрғаны
шамалы, былтыр ғана қарауылдықтан пенсияға шыққан.

- Сонымен
Бейсеннің өзі неге сөйлеспеген. - Құмай күле сөйлеп әңгімешінің ізінен қалар
емес.

-
Сөйлескенде мен не айтам. - Бейсен үзілген әңгімесін әрі қарай сабақтады. -
Апам марқұм әлгіні аяп шыж-быжы шыққан, үлкен кісі қызық қой. Қостан зерен
кесені толтыра айран әкеп бергенбіз, ұрттады да кейін қайтарды. Тапа-тал түсте
көлеңкелеп отырып, айқұлағын жаласын келіп. Қойшы, екі-үш күн ауылда болғанда
көрмеген қызығымыз қалмады. Әлденелерді былдырлап адам түсінгісіз өлең айтады.
"Әйелің бар ма?" - дегенбіз. Апам: "Мына нақұрыс тас жалап аштан
өлетін болды", - деп бақалшақтарын ұйықтап жатқанда ұрлап алып, төсектің
арасына тығып тастаған. Оянысымен іздеп жүріп, тауып алды. Қасындағы ораулы
ақшамен жұмысы да жоқ.

-
Е-е, оған ақша зәру ме, жетеді ғой. Өзі қазақша сөйлейді, ә?..

-
Қазақша сөйлегенде қандай, шисти сөйлейді. Сонан, ауыл үстімен өткен сүт
машинаға мінгізіп: "Мына мүсәпірді ел қарасына жеткіз", - деп
жібергенбіз. Жолшыбай айқұлақтың біреуін құлағына тығып, біреуін аузына таяп
сөйлесіп отырғанын шопыр аңғарыпты да, тұп-тура милицияның конторынан
шығарыпты. Тексере келсе, анау айта беретіннің нағыз өзі болып шығыпты дейді.

Жұрт
бастарын шайқап, таң қалысып отыр.

-
Анада мен де бір қолайсыздау адамды көрдім... Екінші шал ыңылдап бабымен әңгіме
бастай бергенде, ауыз үйден:

-
Сақтапжан, қолға су құй, - деген әжемнің даусы естілді.

-
Қой, қысыр әңгімені доғарайық. - Бағанадан ауыздарын ашып, көздерін жұмып таң
қалған кісілер тамақ жеуге қоғамдаса бастаған. Амалсыздан тұрып барып,
шылапшын, шәугім іздестірдім. Ойымда шпиондар...

Тамақ
желініп, ас қайырылып, тұруға жиналысымен қасымнан көтерілген Құмай атаның
етегінен тарттым:

-
Ата, жаңағы шпиондарға не керек, іздеп жүргені не?

-
Е-ей, балам, олар бізге іздеген мүлкін айта ма, мал қарап жүрмеген шығар? - Шал
жіп баулы көзілдірігін қалтасына салып жатып қиқылдай күлді. - Ай, Бейсен, не
бәлені ойлап табасың. Айекеңнің ауышып кеткен ұлын шпион қылып, мына баланы
желіктіріп қойыпсың. Сақтап, сен алаң болмай сабағыңды оқы. - Енді маған
бұрылды. - Құдай есін алғасын елге құбыжық емес пе? Төрт жыл бұрын қыр жақтан
көшіп келген кемпір-шалдың үш ұлының біреуі сол... - Құмай шалдардың соңын ала
тысқа беттеген.

Атам
шәугімін алып, құптан намазына құламақшы... Кең бөлменің ортасында селт еткен
дыбысқа селк етіп елегізіп тұрмын. Үлкен кісілер де қызық, тамақ жегенше былай
деді, тамақ жеген соң ойынға айналдырып жөн-жөніне кетті. Дегенмен әңгімелері
тегін емес, бірдеңе бар. Әрі қорқынышты, әрі қуанышты. Қорқыныштысы - не
дегенмен шпион ғой, жезтырнақтың ұрпақтары осылар шығар... Қуаныштысы - біздің
ауылда да ондай жандардың барлығы, сәті түскенде сап еткізіп ұстап алуға
болады. Қалаға бара қалсам да қарап жүрмеспін, іздестірермін...

Екінші
кластың оқулықтары жұқарып, тоқсан аяқталуға таяп келе жатыр. Күткен 25 майға
да жеттік. Келесі класқа көшкенімізді есітіп тырағайлап шауып далаға шыққанбыз.
Қарасақау "күзгі сын" деген бәлеге ұшырады. Әуелі "бұл бір
жақсылық екен" деп қисақтап күліп отырған. Күз айында жалғыз өзі емтихан
тапсыратынын естігенде ақ тер, көк тері шықты. Қарасай ағай қатты ұрысқан.
Шотай бір жолаушының артына мінгесіп, "ауыл қайдасың?" - деп тартып
тұрған. Төртінші тоқсанда төбесін де көрсетпеген Шотайды Мырзалы май мейрамында
ат үстінде көрген екен, алдында бір отар қойы бар, ысқырып, рақаттане-еп жүр
дейді. Бұған сонадайдан қамшысының сабын көрсетіп күліпті. Мұрты бар деп отыр.
"Айкөл ойнайық, аттан түс" деген екен, "Қаналы ағам көрсе
өлтіреді" деп бұрылып жүре берген. Ағай: "Соңғы тоқсанда сабаққа
түгел қатыспағаны үшін Айшуақов  Шотай да
күзгі сынға қалады", - деп кесімін бірден айтты. Шотайға ендігі жетпегені
осы еді.

...Менің
қалаға баратын сапарым күні бұрын айтылып, класқа әйгіленген. Жүрегім өзімде
жоқ. Қойнымдағы кітаптардың мұқабалары ескіріп, үгітіліп кететін құм кесектей
әрең жүргем. Мектептен ұзамай-ақ "Бітті енді" дегендей, желдің өтіне
шашып жібердім де, үйге қарай жүгіре жөнелдім. Ізімнен беру пысылдап ұшып
келеді, ілестірмеймін деп ышқына ұмтылғанмын. Әлгі "көлеңке" қалар
емес. Тұра қалсам, өкпесі өшіп алқынған Қарасақау.

-
Сені келесі жылы ағайға айтамын, кітапты лақтылдың, - деп ентігіп тұр.

-
Мен бұл жақта енді оқымаймын. - Қарасақаудың еткен еңбегі зая кеткендей, аузына
сөз түспей абдыраған. Әрі қызыға, әрі қызғана қарап тұрды да "Бәлібіл
айтаммен" келген ізімен кейін қайтты.

Түс
ауған кез. Әбу деген шопырдың ылғи төрт бұрышты қораптардан тұратын ағаш
машинасына мініп, әжем екеуміз "қала қайдасың?" деп, заулап келеміз.
Үстіме ақ көйлегімді киіп, түс бойына тазалық жұмыстарын жүргізіп, кекілімді
қайыра тарап бара жатқанымды балалардың біразы көрді. Қалаға қайта-қайта барып,
жалыққан адамның кейпін жасап, жан-жағыма қарамастан, қалғыған жанның кейпіне
келіп, көзімді жартылай жұмып отыра бердім. Басымды қатырған балмұздақтың балы
кеткенмен, оларға деген мұзы ерімеген сияқты.

ІҮ
тарау

 

Қалада қалай "қамауға"
түстім.

Поезға міндім, мінекей...

Темекі шеккен келіншек.

Қала
қашан болады деумен күн көзі ұясына жасырынып, қызыл іңір басталған. Жер
жиһанның бәрін бояуға малып алғандай алаулай өртеніп тұр. Тек осы төңірекке ме,
әлде ауыл кеші де құбылып, қырланатын ба еді, есіме түсіре алмадым. Алдымызда
көлбеп жатқан қия белеңнің етегінен ақ шатырлы ауыл қылаңдай бастаған. Жақыннан
аңғардық, араларын сары шағыр басып кеткен бас-аяғы жиырма шақты үй ғана.
Аузымның суын тамызып айтып жүрген қалам осы болды ма деп көңілім суып сала
берген.

-
Әже, қалаға келдік пе?

-
Қызке деген жер, енді шамалыдан соң барамыз.

-
Мына баланың асығуын-ай, - Ертелі рульмен үнсіз арпалысып келе жатқан Әбу
арқа-жарқа боп күледі. - Бірінші рет көруі-ау деймін.

Бетінде,
колхоздың тайға басатын таңбасындай айшық тыртығы бар екен, күлген кезде
құлағына қарай жылжиды. "Шпион емес пе?" - деп күдіктеніп қалдым.
Әріпбай құсап қауіпті әңгімелер айтпаса да, адамға да қараған кезде көзі аларып
кетеді. "Жан қалтасында жасырулы жатқан қаруы жоқ па" деп көзімнің
қиығын тастасам, салбыраған май шүберектер...

Түн
қараңғылығында қарсы алған қаланың келбеті шын мәнінде бөлек екен. Самаладай
самсаған жарық шамдар дәп бір күндізгідей жол көрсетіп тұр. Біздің төрт бұрышты
машинамыз ала-құла боялған арба тертесіндей ағашқа тұмсығын тіреп тоқтап қалды.
Дөңесте қыр арқалары жалтырап ұзыннан-ұзақ бірдеңе жатыр.

-
Міне, шойын жол. - Әжемнің айтқан алғашқы түсіндірмесі.

Осы
сәт маңдайы жарқыраған керемет қараңдап, алдымыздан өте бастаған. Мұның пойыз
екенін айтпай-ақ сезіп отырмын.

Мен
келген үй - әжемнің туған нағашысынікі, алдымыздан жүгіріп шығып құшақтай қарсы
алды. Амандық-саулық сұрасып отырып, түнделете шай іштік.

"Пәленбай"
қалада "түгенбай" оқудың түбін түсіріп, үш бірдей "баға жетпес
қағаз алған" деп нағашым мақтаған Гүлзина атты қызы мені үйірсектеп,
әңгіме сұрайды. "Бұл тегін болмады, кемі - мұғалім ғой", - деп
сызылып отырсам, тас қалап, кран айдайды дей ме? Тәуекелге бел буып, алдаушы
қалтамның аузын аштым да, маржандай өтірікті мөлтілдетейін. Бір кезде тоқсан
тоғыз балапаны өліп, біреуі қалған Шойынқұлақша әлсіреп барам. Шаршаппын.
Қарысып ұйықтап қалған екем, тұра келсем тал түс болыпты. Әжем нағашысымен
базар аралауға кеткен. Келгесін қала қайда қашар дейсің. Ақзейнемен шай ішіп
болып, аулада жүргем. Қарсы есіктен гүжілдеген дауыс шығады. Бірдеңе жөнінде  қызу дауласқан үлкендердің әңгімесін еркін
есітіп тұрмын.

-
Сенің іздегенің қашықта емес, - дейді қарлығыңқы нағыз шпион дауыс. - Табуға
болады. Алды-артыңды абайлап алып, асықпай батысты бетке ал да тарта бер...
Ұшырасқан жаннан жөн сұрай беріп керегі жоқ, әркім әр түрлі айтып басыңды
шырғалаңға салады. Онан да өз бетіңше "Сарының құмына" дейін жет, әрі
қарай тағы да көрерсің... Бақытың біледі. Мойның салбырап, еңсем түсе бермесін,
табылар...

-
Еңсем түсіп қайтсін, ренжимін де... Тіршілігімді жасап байқармын. - Екінші
дауыс сеніммен сөйлеп отырған, шошып түсті. - Ойбай, мынау немене, қан ба? Ит
жеген терідей не істедің? Құрысын бәрі, - деп баж ете қалған.

"Мәссаған...
Бұлар анық шпион болып шықты. Әжем болғанда ғой, енді не істемекпін?! Бірдеңе
іздеп жүр, оңбағандар, тыққан қару-жарақтары шығар, ара-арасында бірін-бірі
сойып жатқандары несі?.." Жүрегім дүрсілдеп, тынысым тарылып, аяғымның
ұшымен кейін шегіндім. Екі көзім "шпиондардың" бөлмесінде. Шегіншектеп
келе жатып табалдырыққа табаным тиер-тиместе артқы жағымнан бірдеңе күйдіріп
тұрғанын байқадым. "Қамауға түстім" деген ойдан қалтырап қоя бергем.
Біреу сықылықтап күледі. Жалт қарасам, ыссы самаурынды жалаң трусидің сыртынан
басып масайраған Ақзейне. Көзім аларып, түсім оңып кеткен болуы керек, күйіп
қалды ма деп шошып кетті.

-
Не болды?

-
Мында кел. - Оңашалап шақырып алып. - Мына үйде шпиондар отыр, - дедім.

-
Қайда, кәне?

-
Анау жатқан есікке құлағыңды салып тыңдашы.

-
Мынау үй ме? - Ақзейне күлкісін әрең тежеп тұр. - Нағашымның үйі ғой... Жаңа
бір кісі: "Жоқ қарап жүр едім, көрді ме екен? Шашымды да алдырып
қайтсам", - деп келген.

"Неге
сойып жатқанын" енді түсіндім. Басымды бәкімен сыпырған сайын
өліп-тірілетінім есімде. Самаурынын қоя салған Ақзейне есіктің дәке жапқышын
ашып жіберіп еді, еңгезердей екеудің біреуі "тірілей сойылғанның"
жалтыр басын мақтамен сүртуде, алаңы жоқ. Қастарында тайдың тұяғындай кеселер
мен қыпша бел самаурын. Ьізге назар да салмады. Баяғы көңілге күдік ұялатар әңгімелер.
Менің барлау жұмысымдағы алғашқы қадамның қандай сәтсіздікпен аяқталғанын біле
беріңіз.

Сол
күні кешке пойызға мінгенше, сонадай ыңылдап соңыма түскен әлгі қыздың мазақ
күлкісі мазамды алды. Пойыздың іші рақат екен. Қаптаған купелердің біреуіне
жүктерімізді қойып, әжем екеуміз "Сексен тиын" төлеп шай алдырып,
қауырсындай қатқан тәтті жедік. Ыссылап кеткесін есік алдына шыға қойып едім,
ақ қағаздай көз қарықтыратын, ұзын бойлы, шалбарлы әйел темекіні ышқына сорып,
түтінін терезеден сыздықтата сыртқа жіберіп тұр. Мені көріп тесірейе қалған...
Шоңтөбенің шағыл құмында, шағырмақ күннің астында күйген таба нандай
күңіренткен тайпақ бет, тапал қара баланы бірінші көрген болу керек, көк
моншақтай көздерін найзадай қадайды. Башпайларымды жыбырлатып тұрып жалаң аяқ
екенім есіме түсті. Жолға шығарда атам: "Күсін еземін", - деп шыт-шыт
қып жарып, қанын шығарған. Қаша жөнелудің қисынын таппай қипақтаған жай. Ойымды
түсіне қалған шалбарлы әйел темекіден босаған сұқ саусағын сумаңдатып өзіне шақырғандай
болды. Состиған пошымыма қарап шүлдірлеп қояды. Ара-арасында: "Ой, глазки,
глазки", - дейді. Әліпті таяқ деп қалған маған мұнысы: "Екі көзіңді
желкеңнен шығарайын ба?" - деп пікірімді сұраған тәрізді. Енді болмаса,
білегімнен шап беріп ұстап алатындай, дымымды шығармай, жымымды білдірмей әжем
отырған купеге қойып кеттім. Көңіліме қорқыныш әкелген бейтаныс тәте... қораның
ашық терезесінен басын шығарып қарайтын үйдегі ақ серкені елестетті. Аузында -
шылым! Әрине, ақ серке темекі шекпейді, осыннан кейін шексе де таң қалмас едім.

Ү
тарау

Жаңалыққа толы жаңа оқу
жылы.

Шотайдың шығармасы және
бейтаныс Берекеттің жоғалуы.

 

Қаланың
қарасына зор болып жүргенде жоқты-барды қосып ешкімді бет бақтырмайтын едім,
көзіммен көріп қайтқасын кім алдыма түссін, жер бетін тегіс шарлаған жиһанкездей
әңгімені соғып отырмын. Таныс суреттер кездескенде көзі жылтырап, ойына әлдене
түскендей сөз қыстырып қалғысы келгендер табылса: "Ой, мына тұрған
Бестөбені де қала деп жүрсіңдер ме, айтпай-ақ қой, - деп қолымды бір сілтеймін.
- Не ол, такси түгілі трамвайы да жоқ. Қала деп Ақтаңды айтсайшы".

Әлгі
байғұс Бестөбені көргеніне қарадай кінәлі болып, сүмірейе қалады. Сүмірейсе,
сүмірейсін. Жолымнан қалып оны аяйтын уақыт менде болған емес.

-
Мен барғанда қалада жүзім, алма, өрік дегендер төгіле төмен түскенде, төбеңе
тиіп жүргізбейді, тек жеп болып қана өте аласың. Сондықтан да ол жердің жандары
еңселерін төмен ұстап, еңкеңдеп басады. Былай қарағанда, бүкір адамдар
сияқты...

Үзіп
жегеніңе, қапқа толтырып алғаныңа тіпті де өкпелемейді, қайта "үйіміздің
қасын тазартып кетті көп жасағыр" деп отырғандары. Ол жерде қияр, помидор
дегендерің аяқ астында жатқаны сондай, құсқыңды келтіріп, жүрегіңді алады.
Бірақ, амалың қанша, білдірмеген болып жүре бересің... Жақсы дегендерін таңдап
жүріп, қой-ешкілерге салады, сиыр, жылқы... - дей беріп, таңдайым тақ етіп
тұрдым да қалдым. Мен барып келген Ақтаң қаладан гөрі мал фермасына ұқсап бара
жатқанын балалар да байқап қалған...

-
Сонда ол жақта мал да бар ма?..

-
Іһі.. Қызықсың. Болмай ше? - Маңдайға жазған өтіріктің тар соқпағына түсіп
тартып бердім. - Болғанда қандай! Кешкісін өңіреп-мөңіреп өрістен қайтқанда
адамдармен араласып кетеді. Малы қайсысы, машинасы қайсысы айыра алмай қаласың.

-
Газбада ше?

-
Өй, сендердікі қит етсе газбада екен, айтып отырмын ғой, ондайларды сиырлар
шелегімен ішеді.

-
Тап осының өтілік. - Қарасақау зымиян ішің емес, ішегіңдегіні оқиды.
"Білмесең отырсайшы, айтсын" деп балалар оны нұқып тастаған.

-
Өтіре-ек!.. Әуелі көріп ал. Біле білсең қаладағылар көктейл дегенді ішеді.

-
Ол не нәрсе? -  Отырғандар шулап қоя
берген.

-
Тағы да не бәле? - Бұл Қарасақау.

-
Ол - бәле, - дедім мен де қырсығып. - Саған газбада болса жетпей ме? Білсең
айтшы көктейлді қалай ішу керек?

-
Ауызбен. - Әлгі сұмырай сөзден тосылмады.

-
Ауызбен емес... Көктейл ішетіндердің қолдарында бір-бір қамыс түтіктері болады.
Олар оны төс қалталарынан тастамайды, өйтпесе шөлдеп өлуі мүмкін ғой. Оны
көктейл құюлы стаканға малады да, екінші жағын аузына кідіртпестен кеңірдегіне
апарып тығып қояды. Жұта бер сосын... Әрі тамақ, әрі сусын, шайың сияқты,
тәттілігін айтсаңшы!

Қоршағандар
күрсіне тамсанды.

Жаңа
келгендерге әңгімеден мойыны босамаған балалар бұрылып қараған да жоқ. Олар да
мені жағалай жайғасып жатыр. "Сақтап бәленше қалаға барып келіпті"
деген сөздерін құлағым шалған сайын сары майдай еріп, сайрап отырғам. Шашын
тақырлап алған, үстінде нілдеген ақ көйлегі бар, бойы былтырғысынан бір
қарыстай өскен Шотай кіріп келе жатыр. Айтып отырған "қырық
өтірігімнен" өзімнің көңілім қалыңқырап, құтылу жайын қарастырғанда
көзімнің оты жарқ ете қалды. Шабақтай андыздап барып құшақтай алыппыз. Шотай
оған ашуланған да, айрықша қуанған да жоқ, сыңар езуін тартып күледі...

Жапырлап
жатқан бізге қарап, кластың ішін жүгірте сүзіп, көзімен тінтіп өз партасын
тауып алды да, шалбарынан ұстағандарды сүйреткен күйінде тартып ала жөнелді.
Көптен көрмегесін сағынысып қалыппыз, оны-мұны сұрап жатырмыз.

-
Қой бақтың ба?

-
Атың қандай, жүйрік болды ма?

-
Мұртың шығыпты ғой. - Шынында, қара дақтанып мұрнының астына болмашы көлеңке
пайда болған.

-
Айтшы, не көрдің? Әңгіме айтшы... - Жабылып сөйлете алмай отырмыз.

-
Әңгіме? - Шотай "шын айтасыңдар ма?" дегендей бәріміздің бетімізге
қарады. Бір езулеп күледі өзі. - Қазір қызық айтамын. - Үйректің
балапандарындай шүпірлеп қалқан құлақтарымызды төсей қалдық. - Бізбен көрші қонған
Құрманғалидың үйінде дәу қара төбет бар.

Осы
төбеттен бір оқиға басталады-ау деген болуымыз керек, демімізді ішімізге
тарттық. Шотай нанға түйілгендей біраз тұрып қалған. Аузы ашылып, көзі құлайтын
тамның терезесіндей қисайып бара жатыр. Бірақ бәрі жаймашуақ аяқталды.

-
Ол өрістен қайтып келе жатсаң орнынан тұрады да, "оуф, ау-уф" етіп
үреді. Ха-ха-ха... Ха-ха-ха!

"Ой,
Шотай келеді деп жүргенде айтқан әңгімесі осы ғана ма?" Бәріміз де іштей
риза емеспіз. Дегенмен, күліп жатырмыз. Шотайдың класты басына көтере айқайлап
күлгенінің өзі бізге жетіп жығылады. Арғы жағы "Хт-хт-хт, ех-ех-ех!"

Бірақ
қарқылдаған жігіттің көзінен жас аққанша селкілдегені жанында тұрғандардың
біразын үркітіп тастады. Адамның қытығын келтіретіндей ішінен не табылғаны бір
Шотайдың өзіне ғана мәлім, әйтеуір, ебіл-дебіл. Осы сәт неге екені белгісіз,
есалаңдап отырған жігітті аяп кеттім. Шотайға бір өлшеуі жоқ жақсылып жасап
тастағым келеді, бірақ қолымнан келмейтінін сезем. Егер мен директор болсам,
қолына оныншы класты жақсы бітірді деген қағазды беріп-ақ жіберер ем. Жүрсін
атына мініп...

Бәрі
тына қалғанға қарасам, қағаз, кітаптарын қолтықтап Қарасай ағай класқа кіріпті,
бәрімізге бас изеп амандасуда. Бет-аузы енді ғана түзеліп, үнсіз қалған жігітке
әдеттегісіндей әзіл айтады:

-
Ой, Шотеке-ай, уақыт деген... Бұрнағы жылы әжеңе еріп келіп едің, қазір
сәліңгірдей жігіт болып қалыпсың. Басқа да тіршіліктеріңнен қалмауың керек
енді... Оқығың келе ме?

Шотай
"жоқ, бар" деп тырс етпеген. Басын төмен қарай тұқыртып ұстаған күйі
отыра берді.

- Сенің
жасың қазір он жетіде. Қой бағуыңа, әке-шешеңе жәрдемдесуіңе әбден болады...
Оқығың келмесе біз мектептен босатуға көмектесеміз. Сабаққа келмеуіңе де
болады, ертеңнен бастап... - Партаның үстіне бетін тақай отырған жігіт үнсіз.
Өзі сөйлеп, өзі қойған ағай, "мейлің" дегендей әңгіменің тақырыбын
басқа жаққа бұрып кеткен.

Бірінші
сентябрь - оқу күні болып есептелінгенмен, ә дегеннен "ал енді мынаны
бастап жіберейік" деп еш мұғалім де айтпайды. Алғашқы күні біріңе-бірің
қарап, мұғалімдермен амандасып, тақта сүртіп, парта көтеріп дегендей қиқы-жиқы
тірлікпен уақыт өтеді. Қарасай ағай да сол дәстүрдің қаймағын бұзбай ананы бір,
мынаны бір айтып тұрып:

-
Ертеңгі сабаққа жазда көргендеріңді бір бет қылып жазып келіңдер, биылғы жылдың
алғашқы бағасын дәптерлеріңе қоямын, - деген.

Ағайға
өтірік жазып өле алмай жүргенім жоқ, не болғанда шыныдай шындықты тізуге
кірістім.

...Ана
тілі сабағында шығармаларымызды жинап алған ағай ертеңіне қарап-қарап отырып,
"ең қысқа шығарма Түгелбаевтікі", - деді. Қарасақау қалай жазса,
Қарасай ағай бір әрпін де түзетпестен қаз қалпында оқып берді.

"Каноколда
Селдебаев дәптелделін, кітапталын көшеде лақтылды. Оны балалал көлді.
Мылзалының көкесі мас болып қала сыйылын тепті. Екі лет".

-
Екі лет болса, екі деп баға қоямыз. - Дәптерлерді судыратып отырып менікін
суырып алды. - Сердебаев не жазды екен? - Дауыстап оқи бастаған.

"...Қалада
машина деген иттей өріп жүр... - Отырғандар қиқылдап ішек-сілелері қатты да
қалды. Шот желкесі шоштаңдап Шотайға дейін күлген. Бір қой түгілі, бір түйе де
жоқ. Кешегі қолдан құрастырған жалған хикаялар алдымнан сопаң етіп шыға келді.
- Бірақ, ет, сүт - бәрі бар. Әжем бүйендей бір шыныдан айран ішіп: "Не
деген тәтті, осындай қатық ауылда болар ма еді"", - деген.
"Айран емес, бұл жерде қымыз бар, қазы-қарта да табылып қалады", -
деді көкем. Әжем: "Қалқам-ау, көк темір сойып жемесеңдер, бәрін қайдан
аласыңдар", - деп таң қалды.

"Мен студент
кезде қарны ашып қалар деп ауылдан 
қолдарыңа түскендеріңді беріп жіберіп тұрмаушы ма едіңдер... ауыл да
қартайған кемпір-шал тәрізді, ауыздарынан жұлып 
қалаға асырады".

Көкем мені "Парк" деген жерге ертіп барып,
балмұздақ алып берді, көктейл ішті, сосын айналып тұрған дөңгелекке міндік. Біз
биікке шыққанда  төмендегі адамдар құрт
секілді қыбырлап, машиналар қоңыздай жорғалады. Үйлері құмырсқаның илеуіндей,
біреуі кіріп, біреуі шығып жатыр. Дөңгелеп жатқан темір тордың бірдеңесі
үзіліп, үстеріне түсеміз бе деп қорықтым. "Көкем: "Өскесін ұшқыш
бол" деген, мен басымды шайқадым. Көктен қарағанда төмендегі адамдар
қуыршаққа айналып кетеді екен, онан да жер басып жүргенім жақсы. Ұшсақ бәріміз
бірге ұшайық, болмаса қалай?

...Айтпақшы,
қаланың балалары тап-таза болады. Күресіп ойнайық десең, "үстімді
бүлдіресің" деп тұра-тұра қашады. Тек пойызға мінетін жерде бір бала
"келе ғой" деп желкемнен жабыса кетті. Жұлқысып жатқанда оның атасы
келіп: "Қойыңдар, жұрт күліп отыр сендерге", - деген. Сөйтсем, ол да
бір совхоздың баласы екен. Маған тәп-тәтті 
сағыз берді. Мен оған аптақалам сыйладым. Екеуміз біраз уақыт бірге
болдық. Құшақтасып ойнадық. Атасы: "Әтеңенәлеттер, бірінің иісін бірі көш
жерден білетін ауылдың күшіктері ғой, бұлар", - деп күлді.

Менің
жаздағы көргенім осы ғана.

Ағай
оқып болып, басын шайқап біраз отырған... Қолындағы қызыл қалам бұрыш-бұрышына
барып қайтқаннан кейін "үш" деп үкімін бірден кесті.
"Үштің" дұрыс екенін дәптердің қызылшырайлы жүзінен айттырмай-ақ
сездім.

Шотай
шығармасын қара қаламмен жазыпты, ағай бәрімізге көрсетіп бұлай болмайды деп
ескертті. Сыртына баттитып тұрып "Шотайдың шығармасы" деп сүйкей
салған.

"Шотай,
Шотайдың әкесі Айшуақ, Айшуақтың әкесі Байшуақ". Онан әрман кім екенін
білмей біраз аңырған болуы керек, сөйлемін аяқтамастан айдап отырып көз көрген
Садық баздан бір-ақ шығыпты.

"Онда
мен қой бақтым. Үлкен ағам Қаналы қатынының айтқанымен жүреді. Сол өл десе
өледі, тіріл десе тіріледі. Әріпбай ағамды да ұрғызған сол қатыны. Апам осынан
оқуыңа барғасын Қарасай ағайыңа айтып штраф салғыз деген. Әріпбай менен он жасы
үлкен, бірақ әлі аяқтана алмай жүр. "Аяқтана алмағаны несі, еңбектеп
жүргені ме?" деп ойладым. Қоңыршаның қой бағатын қара қызын сұрап, әкем
барған екен: "Шығыңдар берекеті жоқ, әтәңенәлеттер", - деп қуып
жіберген. Бұрын біздің үйде Берекет деген кісі болыпты,соны Қаналы ағамның
қатынықуып шыққан көрінеді. Енді үйде күнде ұрыс, "қой" деп ақыл
айтып отыратын Берекет сол өкпелеп кеткеннен қайтып соққан жоқ. Өрісте қара
шалынса, келе жатқан Берекет ағам екен ғой деп шауып отырып алдынан шығамын,
басқа біреу... Мен оны көрсем де танымас едім.

"Сол
үйдің адамы болса ол қайда кеткені, іздесу керек" деп ойлаймын.

Әжем
айтады: "Бұл үйде енді қайтып Берекет болмайды, әуреге қалмаңдар... Ана
қатын Қаналының басын айналдырды, енді бізді дуалайды. Беті жаман ғой кәпірдің,
кісі өлтіруден тайынбас, сірә", - дейді.

"Ох,
шпионның нағыз өзі болды ғой, - деп ойладым. - Мұндай жауыз Берекетті
баяғыда-ақ өлтіріп тастаған шығар".

Әріпбай
ағам тайға бас білдіремін деп апанға омақаса құлады. Есін жиғасын үйге алып
келдік. "Қандай рақат, - деп өлең айтты. Қаналы ағамның қатыны:
"Ауыштарыңды жинап бағатын мен емес, - деп басқа шұңқырға көшіп, кішкене
қос тігіп отырды...

"Е-е,
енді есіме түсті... Осыдан бір жыл бұрын қойлы ауылды шарлап, Бейсенге шпион
боп көрінген Шотайдың ағасы Әріпбай екен ғой. Шотайдың, біздің Шотайдың ағасын
танымай, әжемше айтқанда, көк мұрт Бейсенді не қара басқан. Тамағым кебірсіп,
миым тас қайрақтай зырылдап ала жөнелген. Құлағымның түбі у да шу..."

Қарасай
ағай қабағын түйіп тұрып, әрі қарай ішінен оқып кеткен.

Сабақ
біткесін Шотайды үйге ертіп барғам. "Жолдас деп сәліңгірдей жігітпен
жүргесін "балам азамат қатарына қосылды деп қуанған әжем кешеден қалған
көжені ысытып алдымызға қойды. Шотай балыққа ау құрғандай бірыңғай еттерін
сүзіп жеді де, сылдыраған сорпасын ыдысымен ысырып тастады. Қасығымды ұстаған
күйі қарап отыра беріппін. Маған назар да салмастан, алақанын қағып-қағып,
шалбарының сыртына үйкеді де, үн-түнсіз үйден шығып кетті.

ҮІ
тарау

Қарасақау - бізге туысқан

Сырласу кеші

 

Арғы
атасы Жезтырнақ шығар деп жүрген Қарасақауым арамыздан қыл өтпейтін ағайынымыз
екен. Жер бетінде жалғыз қалсам да сонымен туысқым-ақ келмейді. Амалың қанша,
бәрі сол атамның кесірінен. "Пәленше - түгеншеден. түгеншеден тағы
бірдеңе", - деп таратып-таратып келіп, ағаштың бір бұтағын - мен,
екіншісін - Қарасақау қылады. Туысатын адамыңды таңдап алмағасын не шара, басқа
салғасын Қарасақаумен туысып бүлкілдеп жүріп жатқан жай бар. Біздің
табалдырыққа аяғын салмастан жылмаңдап: "Ұлуымыз біл, тату болуымыз
келек", - деп асты-үстіңе түседі дейсің. Анада "туған күнім" деп
шақырғанда менің де "туыстығым қысып" ерте барсам: "Неге елте
келдің, қалның аш па?" деп басыма бәле салған. "Тамақты көп
жейді", - деп Шотайды шақырмады. Тиын жинастырып, балалардың сыйлаған
кітаптарын көргенде бірдеңе өткізіп қойғандай бұлқан-талқаны шығып ашуланды.
"Неге белсебетке кашок сатып алмалдыңдал, не болмаса камл. Далада тұла
тұлыңдал, үйге кілгізуге бола ма екен, апамнан сұлап келейін", - деп бізді
иіріп қойған. Дастарқан үстінде де жағаласып болды. "Аздап жесеңделші,
апам кейиді ғой" деп.

Со-ол
Қарасақау: "Туысқаныңа қонып кел" деп апам жіберді деп кел-е-еп тұр.
Жаздыгүні есік алдында тігулі тұратын қараша үйге әжем қатарластырып төсек
салып берген. "Бәленің бетін көрмейін" деп жүзімді іргеге қарай
беріп, ұйқы шақырып жатқам, анау әй-шәй жоқ:

-
Өскесін кімді аласың? - деп солқ еткізді.

Тіл-аузым
байланып, талып қалған ештеңем байқалмады. Айыбы, Қарасақаудың аузынан шықты
демесең, жанға жайлы жып-жылы сөз.

-
Білмеймін, атам біледі... Өзің ше? - дедім.

-
Менікі қалада. - Қарасақаудың сенімді үніне қарағанда, бүгін ертең бітетін
шаруа тәрізді. Ылғи лөккебай мініп заулатып жүледі. Үйінде тамақ дегеннің неше
түлі бал. Соның менімен жасты қызына қайтсем де құда түсемін деп отыл. Иненің
көзінен өткендей екен.

-
Сенің қалай оқитыныңды біле ме?

-
Жо-о-оқ...

-
Иненің көзінен өтсе, тіпті жіңішке болды ғой.

-
Олай емес шығал, әшиін айтқан ғой... Өзін көлгенмін,  әдемі.

-
Әдемі болғанда қандай? Айта қойшы...

-
Аузы бал, - деді Қарасақау ыңғайсызданып. - Көзі бал, мұлны да... Мұлны да
әдемі... Былай... - Қараңғыда ауа қармап бірдеңе сызып көрсеткен болады. -
Міне, осылай... Сосын үстіне ақ палтук киіп жүле беледі.

Байқап
жатырмын, өтірікті қиыстыра алмай қиналып-ақ қалған. Әйтпесе добардай ауыз,
жұмылған көз менде де бар емес пе? Мұрын дейді ғой... Қақаған аязда ұшы тершіп
тұратын өзінің қызыл шоқалағынан асар бұл маңда ешкім жоқ. Әй, болмас та...
Қарасақаумысың деген. Оңтайыма өзі келіп түскен оңбағанды шабақтай бердім.

-
Кездестің бе өзің?..

-
Айтып тұлмын ғой, кездеспесем қайдан бәлін білемін. Аумаған мына кім... Біздің
кластағы... Сонан айнымайды... Тазалық...

-
Ақбөбек?

-
Иә, иә. Сол... Қатты ұқсайды.

"О,
түлкінің міршайы... Онан да Ақбөбек еді демей ме... Дұре-ес, әкесі осы ауылда
бастық, машинасы бар. Үйін көрген жоқпын, түрлі-түсті тамақтар бар шығар...
Ауыз, мұрнын, көз деп сандалып отырғандары шамаға соғады. Көбінесе ақ фартук
киетіні анық. Әдемі екені рас, бірақ "иненің көзінен қалай өтетінін"
қайдам?"

Әлі
де бірдеңелерді көңірсітіп сұрай түскім келіп дыбыс берсем, жаңа ғана ояу
Қарасақауым  ұйықтаған болып қорылға
басқан. Менен құтылудың оңай жолын тапқан екенсің. Әрі-бері сипалап қолыма
іліне кеткен түюлі шүберекті "Ойбай, жылан!" деп төсегіне тастай
салып ем, Қарасақау бақырған күйі орнынан атып кетті. Күлкіден ішегім түйіліп,
жастығымды умаждап жата қалдым.

ҮІІ
тарау

"Ала аяқтан"
қалай аман қалдым немесе Шотайдың адамгершілігі.

Үлкендер және мен.

"Генерал"
Шотайдың "сатқындығы".

Біздің
ауыл сыңсыған құм арасындағы Шоңтөбе деген жер. Бір жағы ұзыннан-ұзақ қалың сор
болып келеді де, екінші беті суырма ақ топырақтан пайда болған
қабақтар.Үлкендердің сөзіне сенер болсақ, бұл өлке бір кездері жер жаннаты
екен. Күншығыс жақ сыңсыған қалың жынысты орман-тоғай да, батысында көк толқын
теңіз жатқан. Қазір екеуінің де ізі қалмаған. Ай тақырлардың ортасында
кездесетін терең апанды "теңіз жұтқан құрдым" осы деп жүр. Шалдар
айтады: "Әне-ау, көк сағым оранып жатқан Шоңтөбе заманында теңізге
тұмсығын тығып дамылдаған мүйіс. Жағалауы жайпауыт болғасын Абат әулие кешкілік
ат суара келген екен.Осы жерде әулиемізді ат-матымен  жайын жұтқан көрінеді. Қайырлап қалған
жайынның хабарын естіген керуеншілер жүз түйемен Бестөбеден келіп, балықты
сойып қарағанда, алып асқазанда ас үстінде тікесінен тұрған әулиені көріп
көпшілік таң қалыпты. Өтірік айтса өздері кінәлі... Абаттың белгісі Шоңтөбенің
баурайында әлі де бар, қасына баруға қағып кетеді деп қорқамыз. Осыдан бірнеше
жыл бұрын Сауран деген кісі бауырындағы бұлақтан барып су ішсе, бір жақ езуі
қисайып құлағының астына тұра қалған. "Боз қасқа, боз қасқа" деп
ауылға қисалаңдап келген Сәкеңді ел сан-саққа жүгіртті. "Е-е, мұның
істемегені бар ма, талайды таяққа жыққан сотқар еді, бұл соның кері ғой".
"Кім біліпті, айдалада жайылып жатқан мал ұшты-күйлі жоқ боп
кетеді.Ұрыларға Сауранның да қатысы болса керек, ақтың ісі ақиретке кетсін
бе?" "Беті табақтай еді, кәпірдің жүрегі таза емес екен ғой. Жіберсін
бе, жарықтық". "Абат бұлақтан су ішпесе, шөлден өле ме екен" деп
біреулер жүр.

Әулие
қаққасын адам оңушы ма еді, емделем деп Бестөбеден асып, атын айтуға аузың
жуыспайтын қалаға кеткен. Жұрт "Ем қонушы ма еді" деп өздері ауырғандай
түңілген. Бір ай өтті ме, өтпеді ме, "ұрдажық Сауран, ұры Сауран, арамза
Сауран" аузы басы түзеліп, "нербіме салқын тиген екен"  деп кел-еп тұр. Енді ел болып: "Көз
жасын көрген екен байғұстың" деп теріс ағып жүре берді.

Шоңтөбенің
басынан ауылға қарай құлама жол түседі. Жаздыгүні сол арадан велосипедпен
бұрқырата етекке түсеміз де, ауыл шетіндегі жер астынан пайда болған қара
лайсаң көлшікке көк бақалардай қойып-қойып кетеміз.

Бүгін
де танауымыз желпілдеп кеңірдегімізден келгенше бойлап, салқын суда шалпылдап
бір топ бала жүргенбіз. Қарап тұрсам, бізден үш-төрт жастай үлкендігі бар
Сүйінбайдың баласы жағалауда жаймен шешініп жатыр. Былтыр осылар көшіп келгенде
бүкіл ауыл: "Жеті жұртты тауысып жеткен екен ала аяқ, қартайғасын туған
жер керек та", - деп бәрі хормен айтқан. Шөлге өскен сексеуілдей
қисайғанда, дүзгеннің түбіріндей тобан аяқтың иелерін де көргеніммен,оның
ішіндегі ала аяғын кездестірмеп едім. Осындай бір жаңа сортты адам жаныма
келген соң:

-
Ей, ала аяқтың баласы... Ха-ха-ха!.. Суға түс, - дедім шалшығымда аунап жөніме
жатпай. - Рақа-ат...

-
Не дейсің. - Әлгі ежірейіп шыға келген. - Қайтала, кәне, жаның барында!..

Әкесінің
аяғының алалығына ұялатын болу керек деп ұйғардым да, тәуекел деп тағы бір қайырып
тастағам. Айтуым мұң екен, үстіндегі киімін шешпестен суға қойып кетіп, күнге
күйіп қара қайыстай шытынап тұрған желкеме жабыса қалды. "Тағы неге
ұшырадым?" дегенше  болған жоқ,
басымды суға батырып жіберген. Тырнақтарының  ұшы терімді 
тесіп бара жатқасын "Жезтырнақ" деген ой түсіп, ойбайды сала
бергем, борсыған көлдің сасыған суы кеңірдегімді кесіп отырып, қарнымнан бір-ақ
шықты. Басымды бір көтергенде, "өлдім" дей беріп, су түбіне қайта
кеттім. Лай суды қылқылдатып жатырмын. Менің басымды батырып қойып, әлгі
"Жезтырнақ" су бетінде күңгірлеп сөйлейді. "Жаным
шығады-ау" деп ойлағанымша, жасыл дүниенің жарқ етпесі бар ма? Көзім
қарауытып, ішкенімнің бәрін тұрған орныма қайта құстым. Ала аяқтың ұлын біреу
қолын қайыра бұрап бақыртып жатыр екен, қарасам - Шотайым!.. Ыржалақтап күліп, рақатқа
батқан. Анау біресе еңкейіп, біресе шалқайып, "ойбайдың" көкесін
салуда. Мендей санасызға не дауа бар, сақылдап бір күлейін.

-
Суға неге батырасың? - Қоянсүйектей қолдарды уысына қыса түскен Шотай бақырған
сайын бұрайды.

-
Өзі ала аяқ деді.

-
Кәне, аяғыңды көрсетші, көтер ей...

-
Ойбай, міне! - Тот басқан темірдей сидиған сирақ су астынан сопаң етіп шыға
келді. Шотай тағасын тазалаған аттай асықпай тұрып, оны балшықтан аршыды:

-
Міне, көр!

Жапырлап
біз де қарағанбыз. Жаз бойы тартпа баулы шапата киген болуы керек, күйген
тұстары қарғатұяқтанған да, қалған жағы 
ақ таңдақ. Сырттан қараған жанға айғызданып көрінеді. "Ойпырмай,
мынау нағыз ала аяқ қой". Мен ғана емес басқалардың да көздері жеткен
секілді.

Бір
ажалдан қалғаныма шүкірлік қылып "үй қайдасың?" деп жортақтай
жөнелгем. "Қой енді ала аяқтан аулақ жүрмесе жазым қылудан тайынбайды
екен, білгенім жақсы болды" деген қорытынды жасадым. Жазатайым көзім
аяғыма түсіп кеткен, тесірейдім де қалдым. Сөйтсем, өзімнің екі аяғым да
ноқталы тайдай үзеңгі қағыстырып келеді. Кәдімгі ақ ешкінің қылшығынан ескен
ноқтаны қара тайға кигізе салған дерсің. Сонда мен де ала аяқпын ба, әлде
шапата кигеннен қалған із бе? Жо-жоқ, мұнда бір мен білмейтін сыр бар, үлкен
кісілерден сұрау керек. Бірақ сол үлкендердің өзі түсініксіз...

Мектеп
есігін ашпай тұрғанда "Сердекеңе жалғыз баланы да құдекең жынды қылып
берген" деп жарыместің қасына қосып қоюшы еді-ау. Қарап отырсам, мені
осындай жаманатқа душар еткен сөзге қонақ бермейтін қасымдағы Қарасақау малдың
түр-түсі, алты атаға айыру, күннің қысқарып, түннің ұзарған мерзімдеріне дейін
түгел біледі. Өсек айтудан да үлкендерге - қолқанат. Бұл жайлардан бейхабарлау,
кенжелеп келістіре алмай жүрген мен. ...Сол үлкендердің Қарасақауға жағаларын
ұстап, қайран қалады. "Қазір - мынау, ертең өскесін қара жерге от қоятын
шығар. Дүйім елге бастық болатын дөкейдің өзі болғалы тұр". Көз тиіп
кететіндей, тілдеріміз тасқа деп назарларын төмен ұстап, "тіпәлап"
түкіреді. Мәселе маған тіреле қалса, табағына ортақтасып жүрген сияқтымын,
"Ұл ғой, бар болсынға" жығып бастарын алып қашатын. Қарасақаудың кім
екені мектеп  табалдырығын аттаған күннен
ашылды. "Сабақ айт", - десе, көзі аларып, тілі байланып, тұралап
қалатын. Көпке дейін әріп танымай атағы шығып, абыройынан айрыла бастаған.
Сонда да болса сұмдығынан қалып көрген емес... Бір жолы аңқылдап, мыңқылдап
"Әліппедегі" әріптердің басын біріктіре алмай әлекке түсіп тұрды да,
ағайдың жүзі терезе жаққа ауғанда: "Ботаның құлағына екі бала мініп
отыр", - деп соқтырып барады. Кітапта бота туралы ештеңе жоқ, "Шара,
санадан" шыға алмай жүрген кез... Ой, қу-ай! Орнымнан ұшып түрегеліп
оңбағанды "екі бала бір ботасымен" ағайға ұстап бердім...

Төрт
тоқсанды "бес" деген бағалармен бітіріп, кластан класқа мақтау
грамоталарымен көшіп жүргенімде, Қарасақаудың кеудесі кептеліп, келер класқа
әрең өтетін. Енді үлкендер жағы сыпырылып мен жағына шықты. "Ананы қой,
тықылдаған құр пысық, сайраған тілінен басқа түгі жоқ... Мына баланы көрмейсің
бе? Басы қазандай ғой, шіркін, қарапайым қауақтардан үш есе үлкен. Соншама
дүние бос болушы ма еді, жатыр ғой". Е-е, жақсы, мақтау сөз майдай жақпас
па, марқайып қалам. Үлкендер ғой... Бірақ осы үлкен кісілердің түсініксіз
жақтары көп-ақ. Болмашы сөздерге қиқылдап күледі, ал шын күлетін жерде түксиіп
түк болмағандай үнсіз қалатынын қайтерсің. Біреуге жөн сілтегенде: "Анау
жолға түссең, тұп-тура аулыңа алып барады", - деп дәп бір есі бар
мақұлыққа мінгізіп жібергендей сөйлейтіндері-ай. Машинамен, атпен, аяғыңмен
тіршілік жасамасаң, адам арқалап, аулына тасып жүрген рақымды  жол көрген емеспін. Анада Алқабел Шамша:
"Көрші-ау, тас шаптырсаң да шөп жинауға бара алмаймын деп басқармаға айтып
келіп тұрмын", - деп сүйінші сұрап кетті.

-
Ата, тас шапқан қандай жұмыс? - дедім.

-
Ондай жұмыс жоқ, ашуланып айтқан ғой.

Жоқ
дейді, жоқты неге айтады?.. Біз сөйдесек "қой, басты қатырма" дер
еді. Алқабел Шамша шынымен сұранып тұрса, неге тас шаптыра салмайды.

-
Ата, тас шауып көрген жоқпысың?

-
Жоқ, ойбай! - Атамның өзі ашулана бастаған. - Адамның қыр соңынан қалмайды
екенсің... Ондай жұмыс жоқ деп отырсам...

Мен
өкпелеп бұртидым да қалдым.

Тіпті
үлкендердің мұнан да басқа міні көп. Менің ойымша, осы ауылдағы ең жақсы адам -
Мырзахмет. Өзі дүкенші, бізбен қоралас, көрші тұрады. Қашан көрсең де
"Қалай, батыр?" деп күлімсіреп қарайды. Біз де айтқанын екі
етпейміз... Бір шаруасы түссе, шарбақтан мойнын созып: "Сақтап - жақсы
бала, - деп күледі. - Бүгін солдаттарыңды ертіп келе ғой, сендерді пешенейге
тойдырып жіберейін", - деп тұрғаны. Қуанышты хабарды ала сала мектепке
ұшамын. Сабақ біткесін ағылып-төгіліп сол үйден бір-ақ шығамыз...

Үшінші
кластың жылы күзінде тағы бір жиналғанбыз. Мырзахмет бурасанданған галифе
шалбарын киіп, бәрімізге түйіле қарап тұрды. Әттең, басына айқара қызыл жолақ
жүргізген папаха киіп, белін қайыс белбеумен қынай буса, қалың қолды қабылдаған
маршал болар еді. Түгел жиналғасын бой-бойымызбен сапқа тізіп қойған.

-
Солдаттар, - деді. - Сендер әскери бұйрықты тістен шығармай құпия ұстайтынын
білесіңдер ме?

-
Білеміз, - дейміз бір ауыздан.

-
Жарайды. - Өзі кинодағы қолбасшылар сияқты қолын артына ұстап әрлі-берлі жүрді.
Төмен қарап жымиятын сияқты ма? Ендеше, қауіп бұлты төніп тұр. Қайдағы бұлт
екенін құдай білсін. - Сақ болуымыз қажет, жауынгер Айшуақов, бір қадам алға!

Шотай
біреу емес, мардымсыздау екі қадам жасайды.

-
Сен енді генералым боласың, құттықтаймын!

Шотай
ұялғаннан басын қасып, төмен тұқыртады. "Генералдың" үстінде күн жеп
ақ жемі шыққан трике костюм-шалбар, қос тізеліктен жамалған. Аяғында ескі етік.
Генералдықты кім жек көре қойсын, сырттай дәметіп, іштей қызғана бастағанбыз.
Бірақ генералдың мойнында қыруар қызметтің барын білмейді екенбіз, көргесін
өкінбедік.

Осы
кезде шылапшын төгуге үйден қызыл бет әйелі шықты.

-
Мырзеке-ау, мынауың не, естіген елден ұят-ты. - Бас қолбасшы "үндеме"
дегендей екі көзін бірден алартқан.

-
Тапсырма мынандай, жолдастар... Біздің орталық дүкеніміз үлкен шығынға ұшырап
отыр. Оның басты себебі,  арақ ішкендер
босаған бөтелкелерді қайта тапсырмайды. Сендерге жауынгерлік тапсырма: қазір
соны бір де бір жанға сездірместен, осында жинап алып келесіңдер. Сосын тиесілі
"сухой пайкілеріңді" алыңдар. Жолдарың болсын, жауынгерлер, аман-сау
оралыңдар. - Шотайдан басқамыз есіктен таласа шықтық.

Ауыл
аралап бөтелке жинауды бастағанбыз. Жігіттер қосылып арақ ішетін қуыс-қолтық
қоралары барлар бәрінен бақытты, бір жерден қабын толтырып "штабқа"
қайтқан. Әншейінде жұмысқа қыры жоқ Қарасақау қайыс белбеуін буынып, ақ тер көк
тері шығып жүгіріп жүр.

Арқаланып
жетсем, буы бұрқыраған Мырзалы пайкісін жеуге де шамасы келмей, үй көлеңкесінде
аузынан дем алып отыр. Қора ішіне енгенде аңғарғаным: қол арба, қол арбада майы
шыққан қара көмір, қасында жанары жылтылдаған "генерал" Шотай.
Көзінің айналасы қарайып, мұрнының іші үңірейіп, мұртының орны жағалданып,
түрін адам танығысыз... Қолында бір кесе айран, қарбытып нан жеуде.

Қансорпасы
шығып Қарасақау да жетті. Үсті-басы шықырлаған шыны, әрең жүріп келеді.

-
Міне, молодец, сен енді пехотада служит етесің. Қанша граната алып келдің? Он
бес пе? Мә, ендеше. - Екі пешеней! Тиесілі ақысын алып тірсегі тірсегіне соққан
Қарасақау ине жұтқан тазыдай бұраң-бұраң етеді. Пешенейдің шетінен бір тістеп,
бізге қарап "тәтті, ә" дейді.

-
Ал, енді, жолдас генерал, - Мырзахмет тыныстап отырған Шотайға қайтадан
шүйілген. - Жарты машинадай көмірің қалды. Соны қағып тастауыңызды бұйырамын.

Шотай
қолындағы кесесін қойып, алақанын шапаттай қағынып біраз тұрды да, арбаға қарай
емес, шығар ауызға жанталаса жүгірді. Ағаш тақтайлы есікті жұлқа ашып, тысқа
зып берген. "Тоқта", - деген қолбасшының әмірлі бұйрығына бұрылып та
қарамастан үстінің шаңы бұрқырап көшемен безіп барады. Әуелі қуа түскенмен,
жұрт көзінен тайсақтап ішке қайта кірген Мырзахмет күйінген болып тұр.

-
Қашса, құрысын, "сатқын". - Бізге тіктеле сөйледі. - Паульс те
осындай оңбаған ит еді. Мен оны генерал қойып жүрмін-ау, - деп шынымен
бірдеңесі шыққандай ашулана сөйледі. - Сау қалған солдаттар сапқа тұрыңдар!..

Шаршағанымыз
болмаса оқ тиген ешқайсысымыз жоқ, қиралаңдап келіп қатар түзеп жатырмыз.

-
Ал, енді, - дей бергенде, ішке әжем кіріп келді. Мырзахмет бізге бермекші
күрегін әлдеқайда секірте лақтырып жіберген.

-
Сәлем бердік...

Әжем
ернінің ұшымен дыбыссыз ғана амандасты. Күннің ыссысында пора-пора терлеген
менің бетіме көз салып біраз кідірді.

-
Мықтаса, жүз шыны жинаған шығарсың, қарағым. - Әжем шаң болған кепкамды қолына
алып, қағып тұрып сөйледі. - Он сом ақша! Осы баланың денсаулығы үшін құдай
алдында қайырусыз-ақ берейін. Ондық күніміз бар. Енді балама жолаушы болсаң,
көресің...

-
Апа, олар өздері... - деп бас қолбасшы сымдай тартылған. Әжем әңгімесін
тыңдамастан бәрімізге "жүріңдер" деді. "Бір-бір пешенейіміз
қалды-ау" дегендей, қарайлап барып әрең шықтық. Үйге келгесін бәрін
атамның алдына жайып салған.

-
Ойпырмай, "бала мінезімен туады" деген рас екен... Осы Мырзахмет
кішкентай кезінде қара бақырларды құммен ысқылап, жылтыратып қоятын, өскендегі
тірлігі де сол тиынның төңірегінде.

Жылтыратса,
жылтыратқан шығар, сол да айып па? Бәрібір Мырзахмет өзінің жайдары жақсы
қалпынан ажыраған емес, бізді көрсе күлімсіреп, жәшігін, тағы басқаларын
тасытып алып жүр. Біз де жек көрмейміз. Ақысына кәмпит аламыз. Бірақ сол
Мырзахметті ауыл адамдары "қара ниет" деп жатады. Түсінбейсің...
Керісінше Қосан деген қоймашыны "азамат" деп аяғын жерге тигізбейді.
Қосанды да көргенбіз, қасына бара қалсақ, қойманы өртейсіңдер деп қыр асыра қуады.
Оның көңілі қалай ақ, Мырзахметтікі қалай қара? Әлде, адамның ішіне дейін
түр-түсін айырып білетін біреу бар ма? Әй, білмеймін, осы үлкендер бізден асқан
білгіш жоқ деп айта береді-ау деймін. Болмаса Қарасақауды мақтар ма? Шотайдың
ағасын "шпион" деп жүргендер де үлкендер емес пе? Олардың қаншалықты
ақылды екенін қайдам, әйтеуір, менің білетінімді білмейді. Оған бәс тігуге
бармын.  Біреудің жүрегі ақ, біреудің
жүрегі қара деп жоқты неге шығарып жүр. Адамның жүрегі мен көңілі түрлі-түсті
бояу ма? Меніңше, жүректе жалғыз ғана түс... Ол қандай? Оны көргендер түгел
біледі.

 ҮІІІ

Самат - соғыс өнерінің
шебері.

Шотаймен қақтығыс.

Біз көшетін  болдық.

Өзімше
жасайтын басбұзарлығым да жоқ, басқаға азар беру де маған жат нәрсе. Бірақ
жүріп қалған аяқ, жыбырлап тұрған қол, табиғат қосқан мінезім бар енді.
Тып-тыныш дамылдап отыру деген мен үшін түсініксіз ұғым. Жұрт: "Күн бүгін
жексенбі, демаламыз" дегенде, басқа уақытта аузы-мұрнын тығындап демсіз
жүргендей құлағыма тосаңдау естіледі. Егер жалғыз ғана жан "Дем-а-а-л-ы-п"
жатса, күлуге де болар еді, бірақ... Көршілердің мен құралпас балалары жоқтың
қасы. Сондықтан, ауылдың арғы басында Самат деген шатақ бала "әскер жинап
жатыр" деген хабарды естісімен салып ұрып жетіп бардым да мүше бола
кеттім. Әрине, мүшелігің үшін айлық алмайсың, киім кимейсің, тамақ ішпейсің,
бір жақсысы жатып "дем алмайсың". Қызықтың қақ ортасын кешіп рақатқа
батасың. Өзіміз сайлаған атаманның орынды-орынсыз бұйрықтарын орындасаң бітті.
Атаман - сабақтан салуы болмай жүрген ұзын бойлы, тырна мойын, сопақ бас, дере сирақтың
өзі. Көзінен таса кезде "фриц" деп атаймыз... Қарапайым заттан
қарудың неше түрін ойлап табады... Айналдырған бес баланы түгендегенде үш
қайтара санайды. Қазанның қақпағынан қалқан жасап, мыс түтікшеден мылтық
соғады. Қайдан алса да, милицияның қызыл жиекті кепкасын қолына түсіріп,
бөшкенің ағашынан үстіне сауыт байлап, мұздай құрсанып тұрған біреу. Бізді
бастап майда-шүйде балаларға тиіседі, шамалап үлкендерге айбат шегеді, кейде
тіпті қолдан жасаған қалайы қылышымен өзімізді ойран-ботқа қылып "қырып"
тастайды. Бар айтатыны: "Менің майданда он жолдасым қаза тапты". Бұл
ұран ба, әлде күйініш пе, біз түгілі өзі де түсінбейді. Кинодан құлағымыз шалып
қалатын сөздердің біз үшін де ешқандай ерсілігі жоқ.

Сол
Самат бір күні күлден бомба жасау тәсілін тапқан. Қарапайым ақ қағазға
күлдіктен толтырып аласың да, "жаудың" төбесінен тарс еткізесің. Ақ
шаңдақ аспанға көтерілгенде, киноның бомбасынан бір де кейін емес.

"Әскери
қызметімді" өтеп, үйге келе жатсам, интернаттың биік қабағынан басы
салбырап еңкеңдей ұшқан - Шотайым! 
Қолымда жарылмаған дайын "бомба". "Жаңа қарудың"
қуатымен жазған Шотайды жақсылап таныстыру қуатымен алға қойғам. Артқы жағынан
аңдып бардым да, "бомба" деп айқайлап, бастан періп қалғам. Оным
бойымның қысқалығынан желкесінен тимесі бар ма?

-
Ойбай!.. - Шотайдың бақ еткен даусын ғана естідім. Ақ шаңдақтың арасынан
сығалап қарасам, "жаралы жігіт" аяғын түйеше сермеп, келген ізімен
кейін қарай тұра зытқан. Бомба күлінің ішінде "шоқ қалды ма?" деген
күдік туды.

-
Тоқта, Шотай! - Өкшелеп жүгіріп келемін. "Байқамай қалдым" деп
түсіндірмекшімін. Өрді-жарды білмей өңмеңдей қашқан Шотайға әлдеқандай ой түсті
ме, бұрылып алып маған қарай салды. Қашып бара жатып аңғарғаным, көзі қанталап,
қорыққаннан ба, күлден бе, түсі, өңі бозарып кетіпті. Құлдыраған күйімде
құлындай ұшып, үйден бір-ақ шықтым. Сәлден кейін біздің үйдің ауласына Шотайдың
"ауыр артиллериясынан" атқылау басталған. Интернаттың биік бағынан
топырлап түскен оқтардың дені: сия сауыт, автоқалам, пенал және сыртында
"Зина" деген жазуы бар бояу қап. Ашуланған Шотай бөлмедегі бар
мүлікті "оққа" пайдаланып, мені "шала байытып" кетті.

Түйедей
момын досымның ақ көңіліне дақ салғанымды сездім. Класс ішінде Шотайдың кектене
қараған көздерінен тайсақтаймын. Қай жерде де оңашалау қалу қауіпті, әр уақыт
балалардың қалың тобырынан  қалмай жүрем.
Мектепте-ақ сазайымды берер еді. Қарасай ағайдан қаймығады. Күні бұрын
мұғалімге шағым жасауыма қисын жоқ. Ақыры кездестім. Қасымызда жан баласы жоқ.
Үйден демалыс күні ертерек шығып, есік алдында ешкім бола қоймағасын ерігіп
келе жатсам, қайырылыста қақшиып Шотай тұр. Зып беріп бұрыла қашуға жер тар,
әрі кегін ұмытқан болар деген үміт те бар еді. Шотай менің қасыма жетіп келіп
желкемнен бір перді. Қатты қолдардың қайратына төтеп беретін менде не қауқар
болсын, топыраққа аунап түскем. Жалынудан пайда жоқ екенін білемін, тіл қатып
тіленіп, рақым сұрағаным жоқ. Қысы-жазы аяғынан бір түспейтін керзі етегімен
келістіре тұрып, тиесілі жерден бір тепті... Онша ауырмаған да сияқты, бірақ
"таяқ жеді" деген намыс өн бойымды өртеп ала жөнелген... "Қалай
да қайтарамын мұныңды!" "Шаруасын тындырып", көңілін бірлеген
Шотай маған бұрылып та қарамастан жөніне кетті.

Айдап
отырып "атаманға" келгем. Отрядтың белсенді бір мүшесіне қол
жұмсағаны үшін кек алуға бекіндік.

...Біз
түсетін сасық судың ортасына жан бойламайды, арғы бетіне ағаш-бөренелермен ғана
жүзіп өтуің мүмкін. Асты ұйық бұл көлге жүзу білетін кісіңнің өзі батып кетіп,
о дүниеден бір-ақ шыққан деседі. Жұрт қанша қақсап айтқанмен тыңдаймыз ба,
көзден таса қалсақ, айдап отырып сол араға барамыз. Шомыламыз, малтып
үйренеміз, қашақ ойнаймыз... Самат бастаған шағын "қол" су жағасына
келсек, жиектегі бөренені көлге сүйреп әлектенген Шотай жүр. Самат Шотайдың
қасына жетіп барып, кеспелтек ұзын ағашты суға түсіруге көмектескен. Шотайды
алдап-сулап бөрененің суға енген басына отырғызды да, өзі артқы шетіне
жайғасты. Қос қолдап ескен екі баланың әрекетінен ұзын ағаш екпіндей жылжып
көлдің терең ортасына қарай ендей бастаған кезде секіріп түскен  Самат жүзу білетіндігімен жағаға жетті.
Тереңге кетіп қалғанын кеш аңғарған аңқау 
жігіт орнынан секіріп тұрып, бар даусымен бақырып жылады дерсің.

-
Өлдім, өлдім, өлдім!..

Жиекте
шағаладай шулаған балалар үрейленіп Саматтың қасына жиналдық.

-
Өлсін!.. "Атаманның" әскеріне қол жұмсағанды көрсетейін. "Менің
майданда он жолдасым қаза тапқан!" У-рр-а!

Бөрене
орталыққа қарай ойыса жүзіп барады. Шотай ағаш үстінде еңкілдеген күйі жиекке
айқайлады.

-
Ей-й, Самат аға, судан шығарып алсаң ақша беремін...

Жиекте
- қыран-топан күлкі. Үп-үлкен жігіттің өзінен кіші баланы ағалап жатқаны
қызық-ақ.

-
Шын ба? - Самат жылап тұрған Шотайдың жауабын да күтпестен, жиектегі шалбарын
алдырып, қалтасын қарады. Умаждалған екі сом. Қалтасына масаттана салған атаман
ақысын   ақтау үшін қолын көлегейлеп команда берді.

- Секір
суға!..

-
Ойбай, өлем ғой. - Арғы бетке жүзіп шығу жанталасқан Шотайдың да,
"атаманның" да есіне келмепті.

-
Секірмейді екенсің, балалар, мында келіңдер... Рогаткаларыңды алыңдар да
атыңдар ананы. - Өзі қолындағы аша таяғына тас салып тұрып, көздеместен тартып
қалған еді, мүлт кетпестен Шотайдың денесіне сарт ете қалды. Мен көзімді жұма
қойдым. Бақырып жіберген ащы дауыс құлағымды жарып кеткен шығар...

Көзімді
ашсам, Шотай қыл кеңірдегінен келіп тұр екен, батып кетпепті. Аман қалатынына
көзі жеткен жігіт кексіз ыржалаңдап, бізге қарай беттеген. Жиектегі балалар да
қуанышты. Жағалауға шығып киініп алған Шотайдың ешкіммен жұмысы болмай,
бөлектеніп жүре берді. Езуін жия алмай, көңілді барады.

Бойым
жеңілдеп үйге келсем, қашан келгені белгісіз, атаммен әңгімелесіп әкем отыр.
Үлкендердің көзінше оны құшақтаған жоқпын, қол беріп амандастым.

-
Бөпелі болыпсың, жеңешең ұл туыпты, енді ізіңе ерген інің бар. - Қуанған әжем
орнынан көтеріліп басылады. Мен бұған бәлендей мән бере қоймадым.
"Дегенмен, түрі қандай екен, өзі?" деген ой басына ұялап қалды.

Әңгіме
көшу туралы екенін тұспалдап тұрмын. Бұған дейін атамның далаға шығуы
қиындағасын, әжем: "Енді елде қалып, сән түзеп, салтанат құрмай-ақ қояйық,
баланың қолына. Шақыртамын, келіп көшіріп кетсін", - деп жүретін. Бүгінгі
әкемнің келу мақсаты - айдан анық. Бала да болсам қабақтарында аздап
келіспеушіліктің барлығын байқаймын. Әдеттегідей, үлкендердің әңгімесі біз үшін
түсініксіздеу. Естімеген сөздер айтылып, ойланбаған нәрселер қозғалып жатыр
екен. Бар ынта-зейінімді сала құлағымды түргем.

-
Менікі ауру ма, әлде кәрілік пе, білмеймін. Өлем деп қорқып отырған да жоқпын,
сүйегім қай жерде қалады деген ой ғой. Қалаңның жайы белгілі, балам, мына
кемпірдің "хабар бердім" деп жүргеніне бір ай болған шығар, келгенің,
міне... Ертең көз жұма кетсем, бір күннің ішінде осы араға әкеліп көме алармын
деп пе едің?.. - Кесесін әжеме қарай шиырып тастады, бұл атамның әлденеге
ренжулі кезінде жасайтын әдеті.

-
Хатты алғаным жақында, қолыма тисе, сол күні-ақ жетпес пе едім. - Әкемнің де
көңіл-күйі онша емес-ау, даусы солғын. - Қаланың үйі дегенмен балаңның да үйі
сол ғой, әке. Қам жемеңіз... Ондай атты күн болса, туған топырағыңа әкелемін...

-
Қойшы, айналайын, өлуден басқа тіршілік қалған жоқ па? - Әжем шошып кетті.
Сосын атама сұстанып қарап. - Отағасы, қайдағы-жайдағыны айтпа. Өлмеймін деп
отырсың ба, көмілмеймін деп отырсың ба, енді қалған жасыңда не болғың келеді,
айтшы өзі... Екеуіне де жетесің. Кәрілігіңді бәлдемей, дұрыс қартай! Қай жақтың
адамы деп қабылдамаған құдай мықтағанда үйге қайырып жіберсін. Қалаған жағыңа
өзің келіп жатарсың. О несі, шаршап кеткен баланың шаужайынан жармасып...

-
Тоқтай тұр... - Атам қиқылдап жөтеліп, әжемнің сөзін бөліп жіберген. Ыстық
шайдан үрлеп отырып ұрттап еді, кеудесінің сырылы аздап басылған тәрізді.
Маңдайынан жіпсіген тердің жылтылдап шыға бастағаны аңғарылады. - Мұнан
түрегеліп келетініме тәңірім куә... Жаз шыға көрерміз қалғанын. Көшпесе
болмайтын шығар, ә?.. Өзің келсең дегенім ғой. Бұл жердегі жан да тағынан түсіп
қалмайды.

Әкем
төмен қараған күйі жай ғана басын шайқады. "Болмайды-ау" дегені.

-
Әке, туған жер қолына ұстайтын баласын о бастан өзіне икемдеп туады ма
деймін... Шоңтөбе қанша халықтың қара орманы екенін түсінем, бірақ он ойлағанда
осы арадан өзіме орын таппадым. - "Қара орман" атауы ертегілерден
естіген  осы аймақтың бұрынғы кейпін көз
алдыма елестетті. Әкем де соны айтып отыр-ау деп шамалағам. - "Оқы"
деп ойға-қырға жұмсамасаң, қой бағып қолыңда 
отырар едім де. "Өнер үйрен" дедіңіз, сол өнер өзіңізден де
айырып алған жоқ па? - "Өнер-білім бар жұрттар" жаттауы көмекейіме
кептеліп тұр. Әкем тізесін айқара құшақтаған қалпында көзін бұрыштан алмай
қатып қалған. - Ауыл кең ғой. Сол кеңістік жаман балаңа тапшылық етті. Бұған
кінәләмін бе?..

-
Шоңтөбеде жүрсең өнерің көрінбей ме? - Атам ренішсіз, тіпті баласына жаны
ашығандай елжіреп отырып шын көңілімен сұраған.

-
Қиын ғой, әке, қиын... Тәуекел де. "Кел" деп туралап айтсаңыз, амалым
қанша? Енді бір бес-он жылда барсыз ба, жоқсыз ба? Көшіп-ақ келемін. Қайтып
бауыр басқан қалаға бара алмай қалсам да өкпем жоқ тағдырыма. Өз жолын әркім де
қуады. Өмірді мен сізден алып едім, азар болса қайтарып қолыңызға берген
болармын... Не десеңіз де айтқаныңыз орындалады...

"Әкем
атамнан бір кездері өмір алған, соны әлі күнге қайтарып бермеген көрінеді. Енді
өзіңізге беремін" дейді. Айтпақшы "өмір" деген немене өзі?
Қолымда тұрса қақ бөліп әжем мен атама үлестірер ем. Анада "Бүкіл өмірімді
сен-ақ құртып біттің" деп қисалақтаған әкесі Мырзалыны алдына салып қуып
жүр екен, ізінен шешесі жеткен. Келе күйеуінің қолындағы таяқты жұлып алып,
табанына салып езгілеп тұрып: "Осы да өмір ме?" - деп жылаған. Сонан
бері "өмір" дегенің қара таяқтың екінші бір атауы шығарға жорығам.
Өмірдің таяқ емес екендігін түсінгендеймін. Сонда не болғаны?.."

Атамның
көзінен жас тамшылары домалап шалқалап жатқан күйінде құлағына қарай құлап
барады. Әжем шай құйған қолдарын жаулығына жүгіртіп, мұрнын тартып пысылдап
отыр. Менің де жан дүнием алай-түлей арпалысқа түскендей... Бәрінің жүздеріне
бажайлап қараймын, "жас шыққанмен жандары мұңаймасын" деп тіледім-ау
деймін, анығы есімде қалмаған. Атам қаруы қайтқан тарамыс қолдарымен бас
жағынан орамалын алып бетін сүртті.

-
Түсінсең болды да,  балам. Бағың ашылсын,
алла сыйласын, үлкенді құрметтесең... Біздікі қимастық қой, көшсек көрерміз жаз
шыға...

Әкем
орнынан тұрып барды да, атамның тер тұнып қалған қабат-қабат қыртыс маңдайынан
сүйді.

-
Әке!

ІХ
тарау

Қара кемпірдің қазасы.

Қош бол, Шотай.

Төртінші
класс. Қарбыз-қауынның қызығына түсіп сырғанап өткен сыпайы күзді сезбей де
қалыппын. Қара жерге қатқан қақ шілдей салмағыңа белі қайысып, табаның тисе
шыныша сытырлайтын кез. Құйын көтерген қоныс қауылдырықтарындай ұлпа қар көк
төсінен қалқи ұшып келеді. Шулы дүниеден шаршамаған Шоңтөбе аңдатпай басып, ақ
мамық ұясына кіріп те үлгеріпті. Жауған қар емес, жаңалық сияқты. Неге
қуанғаным белгісіз, айналама уыстап қар шашамын. Әдемі бір әлемді кеудесіне
қондырып, алыстан ағараңдап көрінген құм жоталар! Мектеп алдында ерсілі-қарсылы
ойнап, шаттық шапағатына бөленген жарқын жүзді балалар. Бірге ғана емес. жүзге
қуаныш сыйлаған қылаң жүз қысты сағынып қалыпты.

...Кімнен
хабар күтетініміз белгісіз - үзілістегі он минут почтаның алдында өтеді. Әлі
қатып үлгермеген ақ мамық қарды аяғымызбен ұшқындатып, маңдайшасына
"Байланыс бөлімі" деп жазған кішкентай үйді бетке ала жүгірдік. Ауыл
балаларының у-шуынан мезі болған почта қызметкерлері бізді көргеннен есіктерін
жауып, ішке маңайлатпайды. Бір жақсысы, ол үшін ренжімейміз, есігінің алды
жетіп жатыр.

Бүгінде
"үйреншікті орнымызда" аспан мен жердің арасындағы ғажайып құбылысты
бақылап тұрғанбыз. Сары жүн тауық шөжелері ортасында үйректің ұзын мойын
балапанындай  Шотай да бар. Маңымызға ананы,
мынаны бір әңгімелеген үш шал таяу келген. Ауыл адамдарының дауыстап сөйлейтін
дағдысымен Әбілшай деген біреуі:

- Қиын
болған екен Айшуаққа... Дәрет суыңды жылытып, дәміңді дайындайтын жаман кемпір
кеткесін күй тайды де. Жетімдік кәріге келмесін-дағы...

-
Топырағы торқа болғыр десейші, жақсы жан еді... Қашан дүние салған? Балалары
баршылық шығар? Іншалла! - Үш шал күні бұрын келіскендей қолдарын жайып,
беттерін сипай салған.

-
Ей, ақсақал-ай, бала бәрімізде де бар ғой, шүкірлік. Көпсінбейміз... Бір
әкеміз: "Балам жоқ, тұқымым ғана бар" деген екен. Есептен есеміз
кетіп жатқан жоқ, ол да тұқымсыз емес, тірі болсын деңіз. Қаналысы - қара
көкіректеу, өзімнен басқа ел су ішпесін деп жұртындағы құдығын көміп жүреді
екен. Әріпбай дегені ақыл-есінен кемдік көріп, адам қатарына қосыла алмай жүр.
Осында бір ұлы бар естимін... Хабар тимеген шығар, шешесінің өлгенін естіді ме
екен?

Үнсіз
тыңдап отырған Шотай балалардың арасынан ытып шығып, көсіле сөйлеп кеткен
Әбілшайдың жағасынан ал кетті. Күтпеген жайға кездескен шал омыраулап жатқан
жігітке есінен танғандай ежірейе қарап қалған. Бір кезде:

-
Мынаның есі дұрыс па? Кім өзі, ұстаңдар... - деп даурыға айқайлаған. Әбілшайдың
құлақ-шекесінен жұдырық сарт ете қалды. Шал түбірімен қопарыла құлайтын ағаштай
шайқалақтап кеткен. Екінші қолы қауқарсыздау барып шалдың иығына тиді. Шамалы
сілкілеп, Шотай жылап жіберген:

-
Ап-аа-а!..

Аңырып
қалған адамдар арашалаумен де жұмысы болмаған. Айшуақтың баласы екенін білгенде
барып қимылдай бастады. Әбілшайдың жағасын Шотайдың тістесіп қалған
саусақтарынан ажыратпақ үшін жұлқылаған кезде шал байғұстың басы қалтқыдай
қалтылдай жөнелді.

-
Айналайын қарағым, қата естіген шығармын... Жаңа біреу айтып еді, кім екенін де
білмеймін. Лаһим, өтірік болсын... Қоя ғой... Қоя ғой... - Әбілшай арқасынан қақпақшы
еді.Тамағының астынан дертедей тіреген  ұзын қолдардан өресі жетпей кейін қайтты.
Шотай шалдың жағасын жіберер емес, бұрынғыдай қарулап ұрған да жоқ, итерісіп
қана жүр. Әбілшайды босатса шешесінен айрылып қалатын тәрізді.

-
Ап-а-а! Ап-а-а! - Кәдімгі боздаған бота дерсің...

"Атаң
қайтыс болыпты" деп біреу құлағыма сыбырлап кеткендей, көзімнен жасып
ыршып түсті. Қос жұдырығым тастай қатып қалған, айтқан жанның жағын қаусататын
секілдімін.  Ересектеу кісілер көмекке
келіп, Әбілшайды әрең дегенде құрсаудан құтқарды. Қос алақанмен бетін басқан
Шотай "апалаған" күйінде бүк түсіп, аппақ қардың үстіне отыра кеткен.
Мұндай қайғының кім үшін де оңай шаруа еместігін қайсысымыз да сезіп тұрмыз. Ақ
жаулығын айқара ораған кішкентай ғана қара кемпірдің дұл дүниедегі ең қадірлі
жан екендігін Шотайдың өксігінен білдім. Қысы-жазы үстінен түспейтін көнетоз
костюммен дірілдеп, тісі-тісіне тимейді. "Атамнан сұрап ақша әкеліп берсем
бе?" деп тұрып, ойынмен оқуға қабат киетін күпәйкімді апарып арқасына
жаптым.

Почта
бастығы, ағаш аяғын шықылдатып басатын ақсақ Ербай тысқа шығып, қар үстінде
жылап отырған Шотайға көңіл айтты:

-
Шешеңнің артының жақсылығын берсін, қалған жасын өздеріңе берсін. Тұр орныңнан,
сүрт жасыңды, қазір қалаға жүретін почта-машинадан қалма.

Ербай
шофермен келісіп машинаны "Садық баздың" жолымен жіберетін болыпты.
Кабине іші балалы әйелден босамай, кенеппен тыстаған "Газиктің"
сыртқы қорапшасына отырғызбақшы екен. Шотай орнынан сүйретіле көтеріліп,
арқасындағы күпәйкеге мөлие қарап маған:

-
Киіп алайын ба? - деді.

-
Ки, ки... үйде біреуі бар. - Сыймай жатқан жеңін тартқылап көмектесіп жүрмін.
Менің кең деп жүрген киіміме бүкірейіп барып әрең енді. Буыны босап, машинаның
артқы жағына әрең көтерілген. Үюлі жатқан қағаз қаптардың біріне селсоқтау
барып сылқ түсті. Біз қарар ма екен деп біраз тұрып ек, төмен салған басын
көтерген де жоқ. От алған "Газик" орнынан жылжып кеткенде,
құлақшынының қос бауы күшіктің 
құлағындай шайқалақтаған Шотайдың мұң торлаған жүзін соңғы рет көріп
қалдық. Содан қайтып арамызға оралмады...

Х
тарау

Көңіл қимас көршілер.

Жол үстіндегі ой. Ақ кемпір
мен атам.

Көз ұшында көрінген
Шоңтөбем-ай!

Жылыстап
жыл өтіп, жаз келген. Ақ шаңдаққа аунап тұрғандай сатпақ машинаға таңырқап
қарап тұрсам, кабина есігінен әкем шықты. Көшетін көлігіміз осы екен. Күн өткен
сайын жүруі қиындаған атам жиі төсек тартып жатып қалатын. Бірнеше ай бұрын
жүктерін буып-түйген әжем бір жаярларын қалдырып, жол тосып отырған. Шынымен
кетуге қарағанымды сезген класс оқушылары қимастықпен қарайды. Кішкентай
ықыластарын қалай білдірерін білмей дал болған жайлары бар.
"Ескерткіш" деп қаламсап, сурет сыйлап жүрген. "Қалаға кетер кезде
ұрып кетпесем бе?" деген Қарасақау да сырласқысы келіп сызылып қалыпты.
"Хат жазатын болсаң адресімді ал", - дейді құдды бір Мәскеуде
тұратындай. Баяғыдан бері көрсеткен "зәбір-жапасы" көкірегімді ыстай
тұтқан мен таңдайымды тық еткізіп басымды шайқадым.

-
Ендеше, мектебіңе хат жазамын. Айтамын бәрін...

Артымнан
қуып жүретін айыбым бар жан секілдімін, "о, сұмырай!" Қашаннан
төбелесіміздің көрнекті көрермені Мырзалының мұрын асты жылтырап, көзі ойнап
тағы бір сойқан күтіп тұр. Қарасақауға жанасып барсам да, иығыммен қағып жөніме
кеттім.

Қандай
қой сойғаны есімде қалмапты, әйтеуір, көрші-қолаңдар, ағайын-тумалар түгел
келген сияқты. Бас-бастарына бір-бір көйлектен әкелген екен, әжем: "Мұндайдың
қайыруы болады", - деп бірінікін біріне алмастырып салып, таратып жатыр.
Ақ кемпір атап кеткен үлкен қария атама келіп:

-
Көш көлікті болсын, Сердеке! Базардан қайтқан шағымыз, бір келгеніңде бармыз
ба, жоқпыз ба? Жоқ бола кетсек, осы Шоңтөбенің шағыл топырағын кешіп,
жақсы-жаманды бір көрген күнімізге, біреуден ілгері, біреуден кейін кешкен
өмірімізге риза боласың...

Әңгіменің
жалпы бағдарын білгенмен сөздеріне шала түсініп отырмын. Атам қыңқ деп сыр
берген жоқ, мұратына қолы жеткен жандай мәсісін сипап күлімсірей тыңдаған.

-
Ризамын...

-
Ризалық жақсы. Құлын даусым бірге естілген құрдасым едің, о баста маған қарамай
түймедей кемпірге көңілің ауып, көнің бірге ағарды ма? - Қолын әжемнің иығына
салып сөйледі. - Саған елден жырыла қашпай, туған топырағына тамыр жаятын ұл
тауып берер едім де...

-
Әлі де кеш емес... - Жұрт шуылдап күліп жатыр. - Осындай шалдар ғой аптобосқа
мініп, қала қоймай кемпір іздеп жүр.

-
Қойыңдаршы, әрі. - Ақ кемпір көпшілікке қолын сілтеп тастады. Сақалы мен мұрты
қалған аруақты үйіме не деп алып барамын. Дәрілігі Сақтабы мен жаман кемпіріне
шығар. Бұ дүниенің шаруасы бітті, о дүниеде бірдеңенің реті келмесе. Өле кетсең
Шоңтөбенің баурайында кездесерміз. Балаң қайда еді, оған да айтарым, осында
әкеліп көмсін.

Босаға
жақта терлеп-тепшіген әкемнің назары салыңқы. Атам күлген болып:

-
Ештен кеш жақсы, Ақ кемпір... Сол кезде он жағыңнан орын берсең жер астымен
жетермін-ау.

-
Әдірам қал... Жердің бетімен келуге Шоңтөбеден ұяласың ба? Коммунист атанып,
осы жердің колхозын құрдың. Ақ тер, көк терің шығып, ойдой, шауып жүруші едің.
Қысылмай-ақ келе бер. Шоңтөбе бір баласына кет әрі демес, ондық еңбегің бар
шығар... Ал енді...

Атам
мен Ақ кемпір құшақтасып қоштасты.

Қимас
көршілер мен ауылдастарға жағалай қол беріп, қимай жүрген әжемнің жаулығының
ұшы дымқылданып, жүзін жасыра береді. Бәріне бір ғана өзі кінәлідей сезінген
әкемнің қабағы түсіңкі, жан-жағына жабырқаулы 
көз тастайды. Ертеңіне, таңалагеуімнен, жүкті тиеп тастап, шығарып
салушылармен қоштасып жолға аттандық. Жазғы демалысқа жетіп, оқудан мойындары
босаған балалар мен кеткенше қасымнан қалмады. Қолдарында итергішті
дөңгелектер. Бәрімен үнсіз қоштасып жатып не айтарымды білмеппін, тек қана:

-
Қарасақау қайда? - дегенім есімде қалған.

-
Анау арада тығылып тұр. - Мырзалы біздің үйдің бұрышын көрсетті. - Сен көшерде
ұрып кетемін деген екенсің, қашып жүр.

-
Әй, Қарасақау, шыға ғой, тимеймін. - Ештеңе көрмесем де сілтеген жағына
айқайлағам. - Келе бер, ойнап айтқам.

Ләппайға
зар болып тұрған Қарасақау жүгірген күйі жаныма келіп, бет-бетіне қисайған,
сидаң саусақтарының басын біріктіріп беріп жатыр. - Қош бол!

Біздің
машина ыңыранып барып Шоңтөбенің баурайын басып өтетін жолдың қырқасынан асып
түсе берген. Әлі шоғыры жазылмай артымда тұрған балаларға мойнымды созып
қарадым. Сонан кейін... Бәрін де жанарымның астынан жасыл сағым көріп, бұлдырап
ала жөнелген еді. Балалар да... Ауыл да... Шоңтөбе де... Шотай да...

                                ХІ тарау

Жол үстіндегі ой немесе
түнгі әңгіме.

Шоңтөбе, Шотай,
балдәурен...

Кеңқолқада
демін басып шыққан көлігіміз, Қызыкенің құмына тұмсық тіреместен буы бұрқылдап,
жүрісі жайсыз тартқан. Шопырымыз не ішіп алған, не ұйқышыл жан болса керек,
жылаған баладай екі көзі қанталап тұр.

-
Құрсын, мына бәле жатсын, - деді атам әкеме құлаққағыс жасап. - Қай жақта жүріп
қылғытып алған, пәтшағар...

Біздің
ауылдың табиғатын жете білетін жан төсек іздеп әуре болмайды. Ыстықта, күн
сәулесіне шомылып, жібектей есілген торқа топырақ қыр арқаңа құс мамықтай
жайлы, шым-шымдап   жылу теуіп жатады.
Жазғы түннің астында жамылғы қажет етпестен жайыла түсіп ұйқыға кетесің.
Оянысымен үстіңді қақпай-ақ тап-таза күйіңде тартып кете бер. Тек қорқынышты
бір жай: жылан, қарақұрт дегендер кездесіп қалады. Ұйықтар алдында сақтық
есебінде леген даңғырлатып, айналамызды дөңгелете  сызамыз. Осындай рәсімдерін жасағаннан кейін
өз басым үйде жатқандай алаңсыз тынығамын.

Бүгін
кірпігім ілінбей, көзім кіреукеленген күйінде жұлдызды аспанды сығалай қарап,
біраз жаттым. "Мен көрген көктің жүзін балалар да көріп жатыр-ау... Бірақ
күнге де, айға да Шоңтөбеден қарағанға не жетсін! Жұлдыздардың арасымен жылыстап
балалардың бет-бейнелері өтіп барады... Мырзалы, Қарасақау, Шотай... Шотай
есіме түскенде ішім жидіп сала бергендей. Сәліңгірдей жігіттің желкесінен құм
құйғаным - қай басынғандық. Кішкене 
кегін өзінше қайырған еді, сол үшін су түбінде шейіт бола жаздады.
Әділетсіздік деген осы екен-ау! Шотай да, Самат та кінәлі емес, бәріне өзім...
Ұрса, сотанақ баланың көзі бұрын көрмей жүрген жоқ. Бар істегені, менің кегімді
қайырғаны... Қандай бала болғанмын, а?! Кішкене кеудемнің қуысында айта беретін
ақ жүрек болса, сол күні оған дақ түсті. Түсі қара болмаса игі еді. Енді қайтып
кейін қалған көңілді ортаға оралсам, ақталармын-ау!

Өзегім
өртеніп, іші бауырым елжіреп, топырақты қос қолмен аяусыз шеңгелдеп алдым.
"Ертең бұл топырақ та жоқ. Саз балшық пен көк тас бар". Қасымдағы
атам аяғыма қарай ысырылып кеткен мол шапанын кеудеме тартып жапты да, өзімді
қаусыра құшақтап алды.

-
Сақтап... - Ояу екенімді біледі. - А, Сақтап...

Осы
сәт кең аспанның төсінен дәл ауылдағыдай жарқырап жұлдыз пайда болды да, ауа
шарындай айналасына жайыла бастаған. Жаңа ғана жанарыңды ұялтатын жұлдыздар мен
айнадай ашық ай жүзі  айранданып,
көңілсіз көмескіленді. Мұны біз "ракета" деуші едік. Атам мені өзіне
тарта түсті.

-
Қорқып жатырмысың?

Менің
ойым көк жүзінің көлеңкелі жарығы туралы емес, көз көрмес көкжиекте көлбеңдеп
қалған Шоңтөбеде қарсы алдымнан тоқсан тарау жол қашқандай... Атамның көңіл
ауларлық сауалын жауапсыз қалдырып, мазалаған сұрағымды өзіне қойдым.

-
Ата, әлі де ауылға қайтып баруға бола ма?

-
Болады, күнсаям, сәл кейінірек...

-
Ендеше, Ақ кемпір не деп жүр?..

-
Барамыз, құлыным. - Атамның сырылдаған көкірегінен "Уһ" деген дыбыс
еріксіз шыққан. - Сен барасың.

-
Сен ше?

-
Бір хақтың өзі білер... Барармын, не туғанда топырағым шошыған жерде қалармын.

Қорқынышты
естілген "хақ, топырағым шошыған" деген сөздерді қайталап сұрауға
бата алмадым. Атамның көңілі көз алдымда ақ айрандаған аспандай мұң пердесімен
кіреукелі екенін сездім. Қолым жетсе, осы бір ақ көлеңкені алысқа қуып тастағым
келеді.

-
Ертең оқу бітіріп, өскен кезімде ауылға қайтып келемін.

-
Кісілік жүрегіңнен айналайын. Көңілімнің жайлауынан ел көшкенде қасымда қалған,
қарғатайым. Ж-а-а-ат енді...

Бірімен
бірі құйрықтасқан екі жұлдыз сейіле бастаған ақшыл аспанның бетін ұялта
осқылап, етекке қарай ағып шығар... Жыпырлаған жұлдыздардың жымын білдірмей,
бауырына басып аймалар Шоңтөбеден асқан қандай қасиетті жер болуы мүмкін!
Қандай жер болуы мүмкін!..