ВЕРНУТЬСЯ

         ...Біздің Жәнібекте өткен ғасырдың аяғына дейін Ш. А. деген
орыс кемпір өмір сүрді. Жәнібектің байырғы тұрғыны, ата-бабалары сонау Х!Х
ғасырдың аяғында Еділдің арғы бетінен осында қоныс аударса керек. Өзі өмір бойы
«Октябрь»  атты кинотеатрда билет жыртушы
болып еңбек етті. Қарты баяғыда қайтыс болып, балаларымен бірге тұрды.

Өткен ғасырдың аяғындағы дүрбелең кезінде В атты ұлының
үйіндегі неміс келіні үйелмелі-сүйелмелі төрт қызымен бірге Германияға қоныс
аударған болатын. Ұлы да отбасынан қалмай, бірге аттанды. Әрине, баласының
келіннің соңынан еріп, жат жерге қоныс аударғанын марқұм «Ш. апай» (бала
шағымыздан оны құрметпен солай атаған едік) мүлдем ұнатқан жоқ 

Арада санаулы жылдар өткен соң, мен ол кейуанамен көшеде
кездейсоқ ұшырасып қалдым. Таза қазақ тілінде (марқұм қазақша да сөйлесе
беретін) қауқылдасып жатырмыз. Ойымда ештеңе жоқ, кенеттен сұрап қалған едім:-В.
аман ба? Хабарласып тұрасыз ба?- деп. Апайымыздың өңі бұзылып:-Менде ондай бала
жоқ,-деді жұлып алғандай. -Не болып қалды?-дедім әлдебір жаманаттан күдіктеніп.
-Жоқ, ондайдан аманбыз. Менің ұлымның аты-В, тегі-Ш-в еді...-деді баяу үнмен
ол.

-Түсінбедім, Ш. апай...-

-Түсінбейтін түгі де жоқ. Неміс еліне барған соң,  ата-тегін өзгертіп, Вальтер Шульц болып алды
ғой. Сол елдің заңы бойынша, неміске сіңгісі келсе, аталған ұлттың аты-жөнін де
алуы керек. Немерелеріме өкпем жоқ, қаны да, жаны да жартылай неміс қой. Осы Жәнібекте
туып-өскен, заты да, аты да орыс ұлыма өкпелеуім орынды ма ? Әрине, орынды.-

Әрі қарай әңгімені созуға оның да зауқы соқпады, мен де ынта
білдіре қоймадым. Ілтипатпен қоштасып, жөнімізге кете бардық. Мені күні бүгінге
дейін таңдандыратыны сол- қазақ жерінің бір қиыр пұшпағында өмір бойы күн
кешкен орыс кемпірінің ұлттық намысы мен туған халқына деген бүйрегінің бұрып
тұруы.

Осы әңгімеден кейін бір-екі жыл өткен соң, Ш. тәтей де көз
жұмды. Жаназасына неміс еліндегі ұлы да отбасымен бірге келді. Сонан кейінгі
олардың тағдыры маған бейм әлім...