ВЕРНУТЬСЯ

         Аякөз өңірінің шерлі шежіресі - рухани тоқырау тәрік
қылған қазақ тарихының бір көмбесі. Саясаттың шолақ атына біреу ер салып, енді
біреуі жайдақ мініп итіңдеп, ирек қамшылаған заманда «жаным - арымның садағасы»
- деп, «жаңа» тарихтан жырақ қалған бұл жұртта талай-талай жақсы-жайсаңның ізі
мен сөзі жатыр. Қаракерей Соқыр Абыздан бастап шешендігін Абай мойындаған
Бекбосын Домбайұлына дейінгі ұлы билері: Шыңқожа, «ту астында тулап өлген» Қазымбет,
«бала жырау» атанған Айдос пен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшысы
Балтабек сынды батырлары; бесіктегі баланың ер жеткенде кім боларын болжаған
адам сыншысы Толыбай мен 1912 жылы Көгілдір тауының басынан қос қанат байлап
(дельтаплан) ұшқан «Ғалия» медресесінің түлегі, білімділігін, табиғи зеректігін
ұлы Ахмет Байтұрсынов бағалаған математик-астроном Әбілғазы Иманбекұлының аралығындағы
ақылмандары, Ақтамберді, Түбек, Дулат, Құдабай, Әріптерді айтпағанның өзінде
бір Байғараның кіндігінен тарайтын он жеті ақыны; Қақаман, Шайлан (лақап аты
Шолақ) сияқты атақты қобызшы-бақсылардың жолын қуып, бертінге дейін өмір сүрген
Сүлеймендері ұмытылған бұл өлкенің қасіретін ұлттық ауқымда бағалау керек.

1991 жылы Аякөзге барған ҚазМУ-дің тіл-әдебиет
факультеті студенттерінің ғылыми экспедициясы 12 әдеби мұраның көзін тауып әкелді.
Қазір «Қазақ фольклоры мен әдебиетінің тарихы» ғылыми тобы профессор Тұрсынбек
Кәкішевтің жетекшілігімен осы өңірдің қоғамдық-әдеби тарихи мұрасын жүйелі түрде
зерттеуге ден қойды.

Есімі архив деректерінде қалып, өлең-жырлары ел жүрегінде
сақталып, көзі тірісінде тас қамаудан, көз жұмғаннан кейін рухани тоқыраудың
тіс қамауынан шыға алмаған ардақты ақындардың бірі - Тобағұл Мұсабайұлы.

Тобағұл 1871 жылы қаңтар айында, қазіргі Семей
облысы Таскескен ауданы «Овцевод» совхозының жерінде дүниеге келген. Әкесі Мұсабайды
Құлжабайдың тоғыз ұлының кенжесі болғандықтан ағайындары Кенже деп те атайды
екен. Мұсабай екі әйел алған. Бәйбішеден: Дүтбай, Нұрсапа, Нұрғали, Әбілхан;
кіші әйелі Әлиядан: Тобағұл, Бодағұл, Қалиақпар, Әділбек және үш қыз туған.

Арғы атам Қаракерей ұрандаймын,

Халқыма мұңымды айтпай тұра алмаймын.

Жатсамдағы түрмеде мүсәпір боп,

Сөзімді тура келген бұра алмаймын.

Боқ шоқып өңшең қарға шуылдаса,

Ойым кетіп қиырға шығандаймын.

Қаракерей, Матай мен Садыр бабам,

Қосылар кеп Төртуыл қабырғадан.

Шалқыған айдын көлдей Семіз Найман,

Ондай ел іздесем де табылмаған.

Бұл бір іс біздің елге ілінген соң,

Жан-жақтан дұшпан келіп қабындаған.

Дертке - дауа, ажалға - сабыр бер деп,

Сонда да дұшпанына жалынбаған.

-                    
дейтін Тобағұлдың сүйегі Найман, Найман ішіндені төрт Төлегетайдың
бірі - Қаракерей руынан. Қаракерейдің Ерторысынан Байсиық, Байторысынан Байыс
туады. Байсиық ұрпақтарының лақап аты Семіз Найман. Семіз Найман елінің жаз
жайлауы, қыс қыстауы бүгінгі әкімшілік атауымен айтқанда Семей облысының Аякөз,
Таскескен, Үржар; Талдықорған облысының Қабанбай, Алакөл, Бөрлітөбе аудандары және
Жезқазған облысындағы Саяқ темір жол станциясына дейінгі аймақты алып жатыр.
Тобағұл мен Семіз Найман елінің Меңлібай табына қарасты Тоққожа деген атаның
баласы.

Ақынның
балалық шағы, жастық дәурені жайындағы мәліметтер жоқтың қасы. Кезінде ешкім
елден сұрастырып, іздеу салмағандықтан біраз дерек білетін адамдардың өзімен
бірге кеткенге ұқсайды. Тобағұлдың төл туындыларына үңілер болсақ, жас кезінде
жоқшылық, тапшылық көрмей өскен тәрізді.

Қапысы
көп жалған-ай,

Құбыласың
сен қалай?

Құтылар
амал болмай тұр,

Кең дүние
тарылып,

Жеті
атамнан бері қарай,

Көрмеп
едім тарығып....

........................................................................................................................

Жасымда
ит жүгіртіп, мылтық аттым,

Жырымға
қарағам жоқ, Қырым бақтым.

Бұл күнде
қызық көрер түстім торға,

Фәрмәні
осылайша жалғыз хақтың.

Келмейді-ау
бірі тура, амал бар ма,

Аударған
статья неше уақтың (пәктің)?

Ел
аузында «Тобағұл Лепсідегі кіші мал дәрігерін даярлайтын оқу бітірген», -
дейтін сөз бар. Бұл шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені, Қазақстанның Орталық
Мемлекеттік архивіндегі екі томдық сот ісінің қағаздарында Тобағұл тергеу құжаттарына
«Мұсабаевь» деп қол қойған. Көзі қарақты, сауатты адамның қолтаңбасы анық, жазған
қаріптерінің қалыбы көркем.

Тобағұл
еліне ең алдымен батырлығымен танылған. Оны тарих сахнасына алып шыққан 1906
жылдың 11-қаңтарында Жетісу гүбірнасы, Лепсі оязы, Арғанаты болысында болған
атышулы оқиға еді.

1902
жылы Арғанаты елінің болысы болып сайланған Мұхаметқали Бейсембин ата дәстүріне
лайық емес іс-әрекеттерімен қарамағындағы елді өзіне қарсы қояды.

Бәдеңді,
бет-пішіні көркем қыз-келіншек көрсе, нөкерімен барып сол ауылға жатып алатын
болыстың қылығы «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай, күн санап асқына
береді. Телеу Сегізбай қажының басқа жерге ұзатылғалы отырған қызы Дәмешті тоқалдыққа
аламын деп, өзі қалыңмал берудің орнына, Телеу елінен 20 түйе ұстатып, буулы тұрған
тең-тең жүктерді аштырып, тәуір деген қалы кілем, асыл бұйымдарды соған артады;
сақалды сары ат бастаған 18 жылқыны қосарға алады.

-                    
Қызымды қалыңсыз алып, үйімді тонап, малымды айдап бара
жатқаның аз болды ма? Тым болмаса, қажының сақалды сары атын тастап кет, -
деген бәйбішені өңменінен итеріп омақастырған болыстың сүйеніш-тірегі Аякөздің
(1860 жылдың алдында ұлы князь Сергейдің құрметіне Сергиополь атанған) қандыбалақ
казак-орыстары еді. Ашынған ана көйлегінің омырауын қақ айырып, емшегінің сүтін
көкке суғанда, қалың бір ел толқып, басылған екен. Болыс пен оның хатшысы
(песір) Дмитрий Лихановты ел жігіттері жайлауда ұстап алып өлтірмек болғанда, Қожамыр
деген кісінің бәйбішесі Қалампыр ере түсіп, сауға сұрайды. Қарт ананың
тілегінен аса алмаған жігітттер оларды амалсыз қоя береді. Осы оқиғадан соң,
болыс ел ішінде казак-орыс әскерінсіз жүруден қалады.

«Ұстастық
әуелінде араз болып,

Қыстастық
қыласың деп елді қырып», - деген Тобағұл өлеңінде үлкен шындық жатыр. Қарудың күшіне
сенген Мұхаметқали Бейсембиннің елге жасаған қиянаты шектен шығады. Әсіресе,
Алшынбай деген мал баққан шаруаның босағасын балтамен шапқаны бұрын-соңды ел
естімеген көп сұмдықтардың бірі болатын. Ел іші қайта толқиды. Бұл жөнінде Тобағұл
ақын былай дейді:

Білмесе
азған адам айғыры бас,

Болмай
ма ақ төсектің барлығы лас.

Сұмдықты
ел көрмеген өзі бастап,

Қорланды
келінменен қыз, қарындас.

Қылығы
шектен шығып, елден асты,

Әйтпесе
кім болыспен болады қас?

Ағайын
ақыл сала келгенінде,

«Ендеше,
өлтірейік» - дегенім рас.

Әр түрлі
алым-салықтың көбеюі, патша әкімдерінің озбырлық әрекеті қалың бұқара мен
болыстың арасындағы шиеленісті ушықтыра түседі. Көтеріліс басшылығына көпшілік
Тобағұлды ұйғарды. Қара қойды құрбандыққа шалып, қанына қол батырып анттасқандар
көтеріліс ұранын белгілейді. Ол ұран - «Аттан бауырым!» (куә Ақмыш Шолақовтың сөзі,
ф. 77 оп. 1, д. 316, л.
47. Қазақстан Орталық Мемлекеттік архив).

Арғанаты
елінің болысы Мұхаметқали Бейсембин, песір Дмитрий Лиханов, 2-ауылдың биі Қошымқан
Құтамбаев, Сергиополь (Аякөз) участкелік приставының полиция стражнигі Николай Маклаков,
урядник Павел Чернов, казак-орыс Михаил Калачев, болыстың шабарманы Қарымсақ
Орысбаевтар 1906 жылдың 7-қаңтарында Аякөзден шығып, Жүзағаш почта станциясына
беттейді. Бұл елді мекен Арғанаты болысының шаруалары алым-салық өткізетін жер
еді. Салтанатты топ 10-қаңтар күні, 4-ауылдың биі Оспан Жәутіковтің үйіне түседі.
Ертеңіне 11-қаңтар күні 4-ауылдың  старшыны Қасымбек Аламбаев қарсы жолығып, ауыл
адамдарының көбі салық төлеуден бас тартқандығын айтады. Олар - жалғыз атты
кедейлер Бекбай Қондыбаев (ф. 77, оп. 1, д. 317, 9 л.), Ләмәліп Күсенов (ф. 77,
оп. 1, д. 316, 10 л.).
Беркімбай Қалдыбайұлы (бұл да сонда) және т.б. болатын.

Дүтбай,
Бодағұл Мұсабай балалары, Әубәкір-Тапқыұлы, Текебай Күзембайұлы, Ерденбек
Беспайұлы, Жақсыбай Сеңкібайұлы және Дәуітбай Егізұлдары да солардың қатарына
барып қосылады. Ашуланған болыс ауыл сыртындағы қамыста жайылып жүрген үш-төрт
түйені Жүзағашқа қарай айдатқызады (ф. 77, оп. 1, д. 317, 162 л.).

«Аттан,
бауырым, аттан!» деп атқа қонған отыз-қырық адамның басшысы Беркімбай Қалдыбайұлына
Мұхаметқали болыс оқ атқан (ф. 77, оп. 1, д. 317, 163 л.).

Астындағы
атына оқ тиген Беркімбайға қарайлап, қуғыншылар іркіліп қалады. Бірақ, бұл сәтте
«Аттан, бауырым!» - деген ұран Жүзағаш аспанын жаңғыртып, мылтық, найза,
айбалтамен қаруланған екі жүзден астам адам әр ауылдан аңдыздай шапқан.

Болыс
пен оның нөкерлері жан сауғалап, бай көпес Афанасий Кубышкиннің үйін паналайды.
Тобағұл мен Бәзбен Алашбайұлы бастаған қалың қол Жүзағаш почта станциясына
басып кіріп, Кубышкиннің үйін қоршауға алады. Тапаншалары (револьвері) бар
Беркімбай Қалдыбайұлы мен Бопина Қазанғап ұлдары (Лепсі уазінің мировой судьясы
Тоничевке берген Н.Маклаковтың түсініктемесі. ф. 77, оп. 1, д. 317, 152-154 л.), мылтықты Садық
Данияров (куә Ақатай Кемелов бұл да сонда) бастаған көтерілісшілер алғаш дуалға
иықтарын төсеп, ырғай бастады.

Үлкен
көк қақпаны сындырып, ішке лап қойған жігіттерге казак-орыстар оқ атып үлгермейді.
Арыстандай ақырған Бәзбен Маклаковтың қаруынан шап беріп, темірдей жұдырығымен
бетке соғады. Есеңгіреп қалған полиция стражнигі мен урядник Черновты көпшілік
далаға сүйрей жөнеледі. Сырқаты бар, момын казак-орыс Калачевты Тобағұл ешкімге
жәбірлетпейді. (Казак М.Калачев кейін сот процесінде «ауырып жатырмын», - деп
куә болудан бас тартқан).

Тобағұл,
Бәзбен, Қазанғаптар Мұхаметқали болысты сыртқа алып шыққанда, Жүзағашқа жақын
жердегі қыстауынан шауып келген 5-ауылдың қазағы Ақмәш Шолақов: «Сауға! Сауға!»
- деп, Қошымқан би мен болыс екеуінің үстіне құлайды. Қызба мінезді, қарулы
Бопина:

-                    
Әй, Ақмыш! Ара түсер жеріңді неге білмейсің? - деп қамшымен
маңдайынан тартып жібергенде, Ақмыш талып қалады (ф. 77, оп. 1, д. 316, 4 л.).

Мұхаметқали
буыны дірілдеп:

-                    
Әй, ағайын, бір Меңлібайдың баласы емеспіз бе?! Менің
жаным кетсе, сендердің сәнін кетер! Кешіңдер, күнәмді! - деп ышқына айғайлағанда,
Тобағұл болыстың мойынына қыл арқан салады. Осы кезде Бопина қолын созып:

-                    
Әкел бері, мен тартайын! - дейді (д. 317, 164-168 л.). Беркімбай тапаншамен
атып, болысты оң иығынан жаралайды. (Қалдыбайұлы: «Мен аттым» деген, д.317,
164-168 л.).
Арғанаты болысы Мұхаметқали Бейсембинді өлтірген көтерісшілер: - «Ойбай, песір қайда?»
- десіп, Кубышкиннің үйіне қайта оралғанда, Лихановты іздеп таба алмайды
(сонда, 164-168 л.).

Ал,
енді ашынған елдің қаза тапқан болыс Мұхаметқали Бейсембин кім?

Бұның
да сүйегі Қаракерей - Семіз Найман елінің Меңлібай табынан. Жас кезінен-ақ
саудамен айналысып, еті тірі, пысық жігіт атанған. Орысша сауаты бар. Қытай
Халық Республикасында жарық көрген шежірелер жинағында (Орта жүз - Найман
шежіресі) Сүлеймен Бекбердіұлы өз аталасы Мұхаметқали Бейсембин туралы былай
деген екен:

Мәнісін
болған істің түгел айтам,

Айтпасақ
білмегендер білсін қайдан.

Болыс
боп Мұхаметқали жас кезінде,

Адамы
озып шыққан кішкентайдан.

Сол
кезде бақыт қонып тасып еді,

Өлшеулі
алла берген нәсіп еді.

Сиязда
жиырма болыс бас қосқанда,

Ықпалы
өз елінен асып еді.

Таласып
оязбенен ережеге,

Заң
тауып, сөз жаңалап қосып еді.

Бұзған
соң жиырма болыс ережесін,

Сескеніп,
теңдес адам шошып еді.

Нашарға
көршілерден ақы беріп,

Жүрегін
жуандардың басып еді.

Осындай
жұрттан асқан кемеңгерді,

Жау шығып
жақынынан тосып еді.

Сырт
елге өз жақыны басшы болып,

Көп
итті бір бөріге қосып еді.

Заң қуып
басын сотқа кіргізе алмай,

Қамалып
қалың халық сасып еді.

Өз елі
қастық қылған қағаз берді,

Түсірді
сөйтіп торға кемеңгерді.

«Асқан
қайрат жанға қас» дегендейін,

Таптырды
сөйтіп жазым қайран ерді.

Бұл оқиға
туралы «Тобағұл батыр» атты дастан жазған белгілі халық ақыны Есенсары Құнанбайұлы
(1885-1961. Аталмыш қолжазба Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы
тұр). Мұхаметқали Бейсембинді төмендегідей суреттейді:

Бейсембі
баласы асты Мейірманнан,

Артылды
бұлар тұрған талай жаннан.

Байлықты
місе көрмей, мансап іздеп,

Шашты
ақша, алтын, күміс мың менен сан.

Қарауыз
Есімбекпен көп таласып,

Бейсембин
болыс болды жеңіп содан.

Масадай
қанын сорды елдің торлап,

Халық
жоқ жыламаған жас сорғалап.

Телеуде
Сегізбайдың жалғыз қызын

Және
алды тоқалдыққа күшпен зорлап.

Кездесті
он үш жаста атпас таңға,

Басына
Дәмеш қыздың бұлыт орнап.

Сұм
болыс, рақымы жоқ, ойран салған,

Бәрі
анық осы сөздің, емес жалған.

Ерте-кеш
құлағынан қиқу кетпей,

Бір бұлыт
ел басына мұнарланған.

Жазған
жырлары баспа бетін көрмей, дүниеден кеткен Аякөз өңірінің және бір арманды ақыны
Тәукебай Исабекұлының «Зар толғауында» мынадай жолдар бар:

Тобағұл
заманында болған адам,

Дабысы
жер-жиһанды жарған адам.

Бөрідей
елге шауып Мұхаметқали,

Кісісі
қалмап еді қорламаған.

Қасына
ертіп жүріп казак-орыс,

Әйел
жоқ масқаралап, зорламаған.

Болыстың
елге салмақ болды ылаңы,

Жиылып,
Тобағұлға бәрі барды.

Тобағұл
ақын еді әрі батыр,

Басқадан
асып туған аруағы.

Бейсембин
мен әскерін казак-орыс

Талтүсте
Жүзағашта шауып алды.

Бұл
арада ескеретін бір жайт - Есенсары Құнанбайұлы мен Тәукебай Исабекұлы Семіз Найман
елінің Жанғұлы табынан, екеуі де Тобағұл мен Мұхаметқали болысқа тікелей жақындығы
жоқ, ара ағайын.

1906
жылдың 6-көкегінде Жетісу облысының соғыс губернаторы Верный округтік сотының
бас прокурорына телеграмма жолдайды. «Қылмыстың ерекше маңыздылығына орай, Арғанаты
болысындағы қалыптан тыс жағдайларға байланысты басталған тергеу ісінің баяу жүруіне,
Жоғары мәртебелім, ерекше назар аударуыңызды сұраймын». (ф 77, оп. 1, д. 317, 38 л.).

Лепсі
түрмесіне қамалған отыз адамның бесеуі - Тобағұл Мұсабайұлы (35 жаста), Бәзбен
Алашбайұлы (45 жаста), Беркімбай Қалдыбайұлы (32 жаста), Бопина Қазанғапұлы (41
жаста), Қазанғап Сыбанұлы (67 жаста) Верный Округтік сотының 1908 жылғы 26-қаңтар
күнгі үкімі бойынша 10 жылға каторгалық жұмысқа кесіледі.

Жасының
ұлғайғандығына байланысты Қазанғап Сыбанұлы кесімді мерзімді Лепсі түрмесінде өтеуге
қалдырылады.

Сол күндердің
куәгері болған Темір Боқбасарұлы 1982 жылы мақала авторына мынадай естелік айтқан-ды
(«Жалын» журналы, 1984 жыл, №3-саны):

-                    
Ес білген кезіміз. Бірақ жатақ үй Жүзағаш бекетін сағалап
отырғанбыз. Бір күні Арғанаты өңірі дүрлікті де қалды. Қарауыз елінің Батырхан
деген еті тірі пысық жігіті Шұбарағаш - Ойжайлау (Лепсі уезінің орталығы) мен
Аякөз арасында стражник болып жүріп тұратын. Мына «Таңсық» совхозындағы
Фазылжан Нұралыұлының ағалары. Сол айтып кетіпті: «Тобағұлдарды Сібірге айдап
барады», - деп. Ертеңіне қарақұрым ел Арғанаты, Ақтоғай, Жүзағаш бекеттерін
басып қалды. Аттылы-жаяулы бар, ығы-жығы халық.

Айдын
көл ағайыным жатқан шалқып,

Төртуыл,
Қаракерей, Садыр Матай,

Тереңнен
тұнушы едің түптеп тартып.

Баласы
Төлегетай бұрып мойын,

Босатпай
тұрып алды жолдың бойын.

Құдірет
кісенімнің құлпын бұзып,

Қазақтың
қашан көрем жиын-тойын, -

деп
Тобағұл атаң жырлайтын сәт осы ғой.

Аяқтарындағы
кісеннің ұшы белдеріне байланған төрт адам сақал-мұрттары өсіп, жүдеп кетіпті.
Он екі айдаулы дәм-тұзын ұсынып, жылап көріскен халықты оларға жолатпады. Күллі
Арғанаты күңіренген сол күнді қалай ұмытайын, қарақтарым. Бәзбеннің тоғыз жасар
ер баласы «әкелеп», соңынан қалмай қойды. Ел болып егілсін... Қарулы жендеттер қылыштың
қынымен «тез жүр!» - деп Бәзбенді бас-көзге ұра бастады. «Әй, қарағым, қала ғой,
әкеңді ая», - деген үлкен жағы Сұлтанбекті ұстап қалды».

Тобағұл
Мұсабайұлының ел ішіне өте кең тараған туындылары - Саратов түрмесінде,
кейінірек Иркутск губерниясы, Благовещенск уезінде каторгада жүріп жазған өлең-хаттары.

-                    
Тобағұл әкеміздің Сібірден жолдаған өлең-хаттарын бүкіл
ел болып асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей көшіріп алатын. «Отыз бес деген
жасымда», «Шұбарағаш - Ойжайлау», «Бәзбен ер», «Қоштасу», «Сағындым Сарыарқаны»,
т.б. жырларын бала кезімізде үлкендер жағы бізге айтқызып, өздері жылап
отыратын еді, - деп есіне алатын қарт жырау Кәрім Сеңкібайұлы («Жалын» журналы,
1984 жыл, №3).

Лепсінің
бес жыл жаттым қаласында,

Түсем
деп ерлікпен ел арасына.

Мойынмен
көтерейін, қолмен істеп,

Біреудің
ілінгем жоқ жаласына.

Болған
жоқ көтерілісі жалғыз бізден,

Дүниенің
түгел жеткен саласына.

Іштегі
жалынымды шығарайын,

Туысқан
Қаракерей баласына.

Сайрашы
қызыл тілім біразырақ,

Қырықтың
отызбенен арасында.

Ер тұрғай
малға сатқан қыз да жылар,

Халқыңа
араздаспай қаласың ба?

Түрмеде
күнәлі деп ұстаған соң,

Нәріңе
жақсы, жаман қарасын ба?

Аяққа
кісен салып шегеледі,

Айтуға
қош, ағайын бөгеледі.

Жақсыға
қайда жүрсе бір орын бар,

Уайым
ер жігітке немене еді?

Таң
атып, есе-теңдік тисе бізге,

Кемдік
жоқ, әлі-ақ бір күн теңеледі.

Әлде
де келешектен үмітім бар,

Рақат
жоқ михнат көрмей деген еді.

Арманда
кетті аяғым тайып енді,

Білмеген
бетке баспа ғайыбыңды.

Үй
іші, қатын-бала қалды жұртта,

Сұраймын
ақырын, бер деп қайырыңды.

Сол маған
әрбір жерде әдет болып,

Дұшпаннан
ойламадым тайынуды.

Дос та
бар, ел ішінде дұшпан да бар,

Азырақ
білгізейін байыбымды.

Түрмеде
жатқанменен жасығам жоқ,

Таң
аса ұзартамын айылымды.

Сібірге
кісі өлтіріп айдалды деп,

Найманға
біздің дабыс жайылулы.

Саратов
түрмесінде 1913 жылы 22-мамырда Беркімбай Қалдыбайұлы, 1914 жылы 1-шілдеде Бәзбен
Алашбайұлы қайтыс болды. Үзеңгілес серіктерінің қазасын алыстағы елге хат арқылы
естірткен Тобағұлдың көлемді туындысының толық нұсқасы өкінішке орай, қолымызға
түспеді. Ақынның қызы Бәтен ападан Тобағұл өлеңдерінің қолжазбасын сұрап алған
Аякөздік заң қызметкері Жанділдә Нәшірбекұлы марқұм кейінірек осы бір құнды мұрадан
айырылып қалған сияқты. «Бәзбен ер» атты шағын қиссаның жұрнағы төмендегідей:

.........................................................................

Өтпеген
кімнен көшіп дүние керуен,

Сөйлейін
енді жұртым Бәзбен ерден.

Ырыстан*
сентралдың* серкесі еді,

Қайратын
Қаракерей көзбен көрген.

Қу
бауыр баладан да ыстық екен,

Бәзекем
құса болды қайғы-шерден

________________________________________

* арестант
        дегені

* централка,
    орталық түрме мағынасында

.......................................................................

Болғанда екінші күн тұра алмадым,

Пылысқа* көппен бірге
шыға алмады.

«Беркімбай, қайдасың?» - деп күңіренгенде,

Үстіне батып ешкім кіре алмады.

Қан құсып қамарада*
жатсадағы,

Кісенін аяқ-қолдан бір алмады.

Айғайы арыстанның ұран болды,

Білмекке елдің бәрі құмар болды.

Ұлықтың өзі келіп екі арада,

_________________________

* Плац    дегені

* камера,

Пыласқа
енді ешкімді шығармады.

Болғанда
үшінші күн мені алдырды,

Бәзекем
үш талпынып тұра алмады.

«Тобағұл,
қош аман бол, жан жолдасым,

Қор
болды-ау абақтыда ғазиз басым.

Тоғыз
ай көтергенде байғұс анам,

Білді
ме елден топырақ бұйырмасын.

Еділден
ат жалдатып өте алмадым,

Аман-сау
ағайынға жете алмадым.

Кеше гөр,
тоқсан беске келген атам,

Мен қиып
Беркімбайды кете алмадым.

...............................................................................

Бізден
сәлем айтыңыз

Майжақып
пен Салыққа.

Үлкен-кіші,
кәрі-жас,

Ағайын,
туған, қарындас,

Қалдырмай
айт халыққа.

Алатын
ажал кездесті-ау,

Шығармас
енді жарыққа!

Бәзбен
Алашбайұлы мен Беркімбай Қалдыбайұлы бір әке-шешеден туған ағайынды кісілер.
Алашбайдың балалары: Салық, Бәзбен, Беркімбай, Майжақып. Қалдыбайдың өз
кіндігінен бала болмай, ағасы Алашбайдың ұлы Беркімбайды бауырына салып алған.

Бес
томдық «Қазақ ССР тарихында» («Ғылым» баспасы, 1982 жыл) Жетісу облысының дүр
сілкіндірген Арғанаты болысындағы көтеріліс туралы қысқаша мәлімет берілген.

«Сонымен
бір мезгілде еңбекші қазақтардың байларға және жергілікті патша әкімшілігіне қарсы
қимылдары басталды. Мысалы, Жетісу облысының Лепсі уезіндегі Арғанаты болысында
1905 жылдың басында №4 ауыл тұрғындарынан салықты мерзімінде төлемегені үшін
бірнеше түйені тартып алған болыстың қиянатына қарсы 40-50 адам топтасып,
болыстың өзін және оның жанындағы нөкерлері мен байларды сойылға жықты.
Наразылар саны тез көбейіп, 200 адамға жеткен, сөйтіп болысты айдалаға апарып өлтірген»
(3-том. 388 бет). Осыдан он жыл уақыт бұрын біз осы кітапты парақтап отырып,
бір нәрсеге қайран қалғанбыз. Осы оқиғаға белсене араласқан адамдардың аты-жөндерінің
аталмауы кімді болса да таңыртқатқандай еді. Сөйтсек, оның себебі тым тереңде
жатыр екен...

Жоғарыдағы
айтылған Тәукебай ақынның «Зар толғауындағы»:

Ел үшін
Сібір ауып, запа шекті,

Он
жылы қайран ердің қапаста өтті.

Сүйретіп
темір кісен, бәйіт жазып,

Жайылып
атақ-даңқы алаш кетті.

Айдаудан
арып-ашып, аңсап келген,

Сол
елі Тобағұлға не көрсетті?! -

деген шумақ, ақын тағдырындағы бір
түйткілден хабар береді. Сібірден оралған Тобағұл Мұсабайұлын көзімен көрген
Семей облысы, Таскескен ауданы, «Қарақол» совхозында тұратын 87 жастағы айтулы
шежіреші Байдрахман Әбжан-Ысқақұлы былай дейді:

«1917
жылы егін салып жатқанда Тобекең елге оралады. Тайға мініп алдынан шықтық. Жүз қаралы
адам қаумалап келеді екен. Қазіргі «Қызыл жұлдыз» ауылының аяғында Жайықбай (Тоққожа
руының бір атасы) тоғаны бар еді. Әкесі Мұсабайдың зираты сонда болатын. Тобекең
аттан түсіп, зираттың басына жер бауырлап біраз жатты.

1922-24
жылдары халық соты болды. Көмекшілігіне Байкенже Маусымбайұлы деген ер жігіт
сайланды. Аңсап күткен арысы келген соң ағайын-туыс барын аясын ба, алдына мал
салып, үйіне ақ үзік жапты. 1928 жылы Жүзағаш бекетінде біздің елден Тобағұл,
Кенесары, Садық және менің әкем Әбжан кәмпескеге жатты. Сонда ел Иманқұлов
деген сотқа: «Тобағұл Мұсабайұлы патшаның болысын өлтірген батыр. Біреу түйе,
біреу бие берді. Әйтпесе, кісі қанап, жалшы ұстаған адам емес. Жазығы не?» -
деп еді, ол тыңдаған жоқ, қолын бір-ақ сілтеді. Екі жыл ішкері жақта жүріп қайтқан
Тобекеңді 1931 жылы тағы соттады. Сонда жарықтығым: «Құдай менің ғұмырымды түрмеге
жазған екен», - деп налыпты. «Кеңес үкіметін өлеңге қосып, мақтасаңшы, мүмкін
кешірер», - деп жаны ашыған жақындарына жақтырмай қарады-ау, сабазың. Тіпті тіс
жармай өтті. 1933 жылы 4-5 ай Қытай жақта да болды. 1934 жылы «Шолпан»
колхозында еңбек етті. 1937 жылы тамыз айында Тасарықта қайтыс болды. Қойған күннің
ертеңінде НКВД келді. Зират соттағаны аздай, «Тобағұлға зират қалағандарға бір
шелек айран апардың», - деп, ақыры күйеу баласы Шәпішті 10 жылға кесті ғой».

Аякөз өңірінің
шерлі шежіресін парақтаған адам, бұл өлкенің қайғы-қасіретін танып-білу үшін ұмыт
болған жақсы-жайсаңдарының өмірбаян деректерімен танысып, ел аузындағы өлең-жыр,
жоқтауларды естісе де жеткілікті.

«Патша
тақтан құлады! Свобода, теңдік!» - деп ұрандаған Үржардың қарашекпендері
(переселенецтер) Ақбай ауылын шауып, адамын атып өлтіріп, үйір-үйір қара-ала
жылқысын талады. Аякөз аймағына революция осылай келген! Азамат соғысының
аласапыранында екіжақты қырғынға ұшыраған ел не көрмеді дейсіз!.. «Әйгілі» қызыл
партизандар отрядының командирлері ағайынды Мамонтовтар Бейсеке деген қарияны
кемпірімен, сегіз бала-немересінің барлығымен бірге бір-бірінің артына қабат тұрғызып,
бір оқпен неше қазақ өлтіруге болады деп «тәжірибе» жасаған.

1921
жылы жазда Лепсі қаласында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, белгілі
шежіреші, этнограф Балтабек Байсұлтанұлы «үштіктің» үкімімен атылды. 1931 жылы
Тобағұлға көмекші болған Байкенже Маусымбайұлы мен Шерубай Солтанайұлы бастаған
тоғыз адам оққа ұшты. Іле-шала аштық келді. Ел қырылды. Аштан өлген қазақтың
кебіні - дала болды. Бірақ, қазақ өлеңі өлген жоқ. Семіз Найман - Жаңбыршы
еліне келін боп түскен Төлеңгіт қызы Шәрипа ананың зары қалды.

Аңырай,
аңырайын,

Сауулы
қойдай маңырайын.

Мен
бейбақтай жылар еді,

Баласы
өлсе қу құдайдың.

Серек
таудың қарағаны,

Көзге
тиіп қан ағады.

Қар
жаумай-ақ Қарашоқы,

Қу сүйектен
ағарады.

Ах!
Елтай елдің ағасы деп,

Кәлешөкін
панасы деп.

Сенген
елдің өзі түгіл,

Қара
белгі моласы жоқ.

Зарлайын,
зарланайын,

Зарлай
өлген мен болайын.

Сұм
Шіпісін,* Зүбәйірді*

Қалай
енді қарғамайын.

Нанның
қалып обалына,

Жем
дорба ілді жарауына.

Қу
тезектен терген дәнім,

Ас
болмады қарағыма!

Ах!
Елімнің кетіп кетеуі-ай,

Келді
жұрттың жетеуі-ай.

Қытайға
қашқан қазақты,

Қуалап
қырды келеу-ай!

Тобағұл
ақынның жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы «үнсіздігін» түсінуге болатын сияқты. Көзін
көрген қариялар: «Домбырасын қолына алып, қай-қайдағы зарлы әуенді күңірентіп
отырушы еді. Бейтаныс адам келсе, доғара қоятын. Заман солай еді ғой», - дейді.

Аякөз
аймағындағы жазалау шараларының ерекше қаһарлы болғандығына басты себеп - «Торы
ала атты Алаш полк» осы өлкеде құрылған-ды. Полк құрамындағы Семіз-Найман
эскадронының сарбаздары Жетісу майданындағы ұрыс қимылдарына тікелей араласып,
олар туралы «Сарыарқа» газетінде хабарлар жарияланған. Шәрипа ананың жоқтауында
айтылатыын «Сұм Шіпсін» - елді қанқақсатқан қазағуар орыс чекисі Сергей
Шипицын. Зүбәйір - оның көмекшісі. «Шіпісін» десе, жылаған бала уанады екен ол
кезде. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де жиырма бес жыл бойы ел ішінен «жау»
іздеген науқанның жендеттері мен құрбандары туралы аңыздар бір ғажабы, ел есінде
өлең-жыр үлгісінде сақталған...

Аякөз,
Үржар, Мақаншы аудандары 1938 жылға дейін Алматы облысының құрамында болып
келген еді. Тағдыр 1936 жылы Тобағұлды Ораз Қиқымұлы Жандоспен кездестіріпті. Бұл
кездесу жөнінде Тасарық ауылының қариясы Мұқан Байбатырұлы марқұм айтады: «Үржар
ауданын аралаған сапарында Ораз Тобағұл туралы естіп, Тасарыққа келді. Тобекең ұлы
Қанағат екеуі бақта көшет отырғызып жатқан еді. Әкім атаулыдан запы болып қалған
ақын бастапқыда бой тарта сөйлесті. Жандосов сүйкімді, иманжүзді жігіт көрінеді.

-                    
Ақсақал, біреу сізді батыр дейді, екіншілері ақын дейді.
Тіпті сыртыңыздан жау дейтіндер де бар екен. Өзіңіз айтыңызшы, кім боласыз? -
деп күле сөйледі. Сол кезде Тобекең бойын тіктеп, қолындағы күрегін Қанағатқа
беріп жатып:

Ақын
деп, батыр деп те ел айтады,

Біреуі
артық, біреуі кем айтады.

Қай
ауызды қақпақ боп жапқандаймын,

Өзің сұрап
білсеңші, неге айтады?

Қарағым,
мен қартайған шал кісімін,

Алжасқан
ақылынан дал кісімін.

Сүтін
сауып, ішерге ешкісі жоқ,

Ішінде
колхозшының жарлысымын.

деп өлеңдетіп
қоя берді.

Осыдан
кейін екі азаматтың әңгімесі жарасты. Ораз Тобекеңді Алматыға келіп қайтыңыз
деп шақырды. Сонда Тобекең елдің көзінше Ораздың қолын қысып отырып:

Оразжан,
мен қартайған кәрі бүркіт,

Қанаты
жер сыпырған, әлі бітіп.

Алпыс
бес ас өткізбей тамағымнан,

Отырмын
биылғы жаз амал күтіп.

Қаны
бар, қайраты бар қарағым-ай,

Қайтейін,
кез болмадың заманында-ай.

Артымда
ағалаған ерғара көп,

Бірақта
бір сендей бола алдыма-ай!

Үзеңгі
жолдасыңды ерден сайла,

Өкініп
жүрмес үшін Тобағұлдай, - деп, көңілі босап қоштасты».

1937-38
жылдары Аякөздің әпербақан әкімдері Қазақстандағы басқа әріптестерінен асып түсті.
Өйткені, қайтыс болған адамның зиратын соттау солардың ғана қолынан келеді!..

Алаштың
ардагері Балтабек Байсұлтанұлын сотсыз, тергеусіз атқан күннен басталған нақақ құрбандардың
тізімінің соңында ХХ ғасырдың бас кезіндегі дүбірлі оқиғалардың көзі тірі куәгері
Бейсенбай Жұмабайұлы тұр. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Сталинді боқтады», -
деген «айыппен» жетпістегі қарияны жер аударып, оған туған жерінен топырақ бұйыртпады...

Кез-келген
кітаптың тұтас бір бөлімі не тарауы жыртылып жұлынса, мазмұнын толық
танып-білдік деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Қазақ халқының тарихын қайта жазу үшін,
бұл игілікті істің біссімілләсін қазақ әдебиетінің тарихын табиғи қалпына
келтіруден бастау керек.

Тобағұл
Мұсабайұлының «Сібірден жазылған өлең-хаттары» (әзірге қолымызда бары мың
жолдай...) - ХХ ғасырды бас кезіндегі қазақ поэзиясының күрескерлік сипатын
танытатындай құбылыс. Қазақ сахарасына қолжазба күйінде тараған бұл туындылардың
көркемдік қуатын айтпағанның өзінде тарихи құндылығы қандай десеңізші!..

Елуінші
жылдары қалың оқырманын елең еткізген Мұса Жәлелдің «Моабит дәптерінің» бақытты
тағдырымен «Сібірден жазылған өлең-хаттар» бақ таластырып қайтсін, бірақ, Тобағұл
өлеңдері тақырып сонылығымен де қымбат.

Белгілі
бір дәуір немесе кезеңдегі әдеби мұра туралы сөз бола қалған жағдайда, «қарға тамырлы
қазақ» деген тәмсіл еріксіз тіл ұшына оралады. Кез келген ақын рухани жағынан
тамырлас, өзіндік таным-талғамы қалыптасқан қоғамдық ортаның өкілі. Танымал бір
ақынның маңайынан сырт ағайын көп біле бермейтін бірнеше ақынның табылуы қазақ үшін
таңсық емес. Біз бұл арада «танымал» деген баламаны шартты түрде алып отырмыз.
Ақындық өнерді ат бәйгесіне теңейтін ұшқырлау пікірді негізінен көтермекші
саясатшылар қалыптастырғанын ұмытпайық. «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай»
дегендей, билік басындағылардың оң тізесінен орын алуға өнер адамдарын
таластырып қою - әдебиет пен мәдениет үшін ең қатерлі саясат.

Халық
мұрасын жинақтау мақсатында құрылған ғылыми-зерттеу топтарының кейбір өкілдерінің
ел аралаған сапарында «саяси талаптарға сәйкес емес», - деген желеумен талай
асылды елемей кеткендері де шындық. «Асанқайғы айттымен орысқа тіл тигізеді
екен», - деп, зағип ақын Құдабай (ХІХ ғасыр) өлеңдері; «тұқым-жұрағаты Совет өкіметіне
қарсы» Айдос Бәйімбетұлы (ХVІІІ ғасыр) толғаулары осының кебіне ұшыраған-ды.

Тіпті,
арқалы ақын Әсет Найманбайұлының шығармаларына деген «салқын» көзқарастың төркіні,
Әсет ақынның «Торы-ала атты Алаш полкіне» сарбаз жинаған комиссияның мүшесі болғандығынан
шықпап па еді?

Тобағұлдың
соңынан ала шыққан Аякөз ақындары Адық, Бадығұл, Тәшелердің өлеңдерін халық әлі
ұмытқан жоқ. Құйма құлақ шежіреші Байдрахман ақсақалдан Тәшенің Алашорда қайраткерлері
туралы толғауын жазып алғанымызда бұрын-соңды өзіміз естімеген ақынның алымдылығына
таң қалдық. Егер Тәше жырлаған «Үш жүздің орыс еліне қарауы» деген қиссаны толық
білетін адамдар табылса, сүйіншісі дайын.

Қағазды
қалам менен қолға аламын,

Шежіре
тауарихқа көз саламын.

Алдыңа
артыңа айтпай ой түспес деп,

Хал-жайын
өткен күннің аңғарамын.

Руым Қаракерей
- Семіз Найман,

Келетін
арғы түбі әлдеқайдан.

Ішінде
Жиен деген аз ауылмыз,

Нәсілім
- Арқа Төбет-Алыбайдан,

Атым Тәше,
пәмилем Тыныштықов.

Атағын
халық біліп жұртқа жайған.

Болдым
деп бұрын сондай мүмкін емес,

Уақытында
саны азайып, бақыт тайған.

Еліме
Кеңес емес, егес келді,

Не
болар бұдан былай, ол құдайдан... -

дейтін
Тәшенің ең соңғы туындысы «Қашып өлме, жатып өл» көрінеді.

Тобағұл
Мұсабайұлының мұрасын кейінгі ұрпағына жеткізуші Тәукебайдың «Зар толғауы» - ұмытылған
емес, солақай тізеге салуымен «ұмыттырылған» ақындардың өксіген рухымен үндесіп
жатыр.

Тәукебай,
озған екен сенің көшің,

Жүресің
бұл пәниде енді несін?!

Ормандай
елің бүгін орыс болды,

Ішінде
ала қарға көрінесің...

Тыңдамас
тас құлақтан шегінесің.

Ыржаңдап
ұл мен қызы арақ ішкен,

Баласы
ақырзаман не білесің?

Шіркін-ай,
алып қалар ұл тумады-ау,

Кешегі
ата-баба шежіресін...

Қазақстан
егеменді ел болғаннан кейін, құдайға шүкір, тұтасқан сең бұзылып, адасқан сөз түзеле
бастады. Енді Аякөз елі: «Тобағұл ақын рухани тоқыраудың түрмесінен қашан шығар
екен?» - деп елеңдеп отыр. Өйткені, ол жалғыз емес қой...

 

Ғабиден Құлахмет,

                                                  
Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі

                                                                                                                             1992
жыл