ВЕРНУТЬСЯ

 
   Стефан Цвейг

 

   Мен не болдым? Мен осы не нәрсемін? 

   Мен бұл сұраққа жауап таба алмас едім.

 

   С т е н д а л ь. «Анри Брюлар»

 

   Мен
бетперде киіп алар едім, 

есімімді де қуана-қуана өзгертер едім.

 

Хаттан үзінді

 

    Дәл Стендаль
сияқты өтірік айтып, әлемді соншалықты шабытпен адастырғандар көп емес шығар;
сондай-ақ шындықты да толыққанды етіп, тереңнен қазып, барынша ақтара айтқандар
да одан көп емес.

            Оның
көзбояшылығы мен өтірігінде шек жоқ. Кітабын ашып үлгірмейсің, оның сыртқы
бетінде немесе алғы сөзінде алғашқы көзбояушылық бірден көзге ұрады, өйткені
кітаптың нағыз авторы Анри Бейль ешқандай жағдайда да өзінің шын атының кім
екендігін жәй ғана мойындап, айта салуға келіспейді.  

Ол біресе өз қолындағы билігімен өзіне дворяндық титул
береді, біресе қайдағы бір «Сезар Бомбе» болып шыға келеді, біресе өзінің А.Б.
деген аты-жөнінің алдынан құпия бір А.А. деген әріптерді қоя салады, ал ол
әріптердің арғы жағында жәй ғана «ancien auditeur», яғни, біздің тілімізге
аударғанда «отставкадағы аудитор» деген сөз жатқанын сайтан білмесе, адам біліп
бола ма; ол өзін тек бүркеншік аттың астында ғана, бөтеннің сұлбасына енгенде
ғана жақсы сезінеді. Ол кейде өзін зейнеткерлікке шыққан австриялық шенеунік
ретінде көрсетсе, бірде отставкадағы кавалер офицері деп көрсетеді; дегенмен
оған өзінің отандастарының бірде біреуі шешуін таба алмайтын Стендаль деген
жұмбақ есіммен жүргенді жақсы көреді (бұл - мәңгілік өмір карнавалымен аты
шығып, жұртты өзіне осынысымен тартатын кішкене ғана пруссиялық қалашықтың аты).
Егер де ол қандай да бір құжатқа не жазбаға оның жылын, айын, күнін қойса,
мұның жалған екендігіне сене береңіз; егер де «Парм тұрғындарының» алғы сөзінде
кітаптың 1830 жылы Парижден бір мың екі жүз миль жерде жазылған деген жазу тұрса,
демек, бұл қалжың, өйткені роман шын мәнісінде 1839 жылы Париждің қақ ортасында
жазылған. Қарама-қайшылықтар оның өзінің өмірінің жағдайына қатысты мәселелерде
де біріне бірі мінгесіп, «мен мұндалап» тұрады. Өмірбаяндық очерктерінің
бірінде ол Ваграме, Аспарне, Эйлау маңындағы ұрыс далаларында өзінің де болғандығын
салтанатпен баяндап шығады; мұның бәрі шылғи өтірік, өйткені өзі жазған
күнделікте дәл сол уақытта оның Парижде алаңсыз жүріп жатқаны туралы айтылған.

Ол тіпті өзінің Наполенмен аса маңызды мәселелер жөнінде
ұзақ әңгімелескендігі туралы бірнеше жерде жазады, өкінішке орай біз оның
келесі томында бұдан әлдеқайда сенімдірек дерекке жолығамыз: «Наполеон мен
сияқты ақымақтармен ешқашан да әңгімелескен емес» деп келтіреді ол. Сондықтан
да Стендальдың әрбір сөзіне аса сақтықпен қарауға тура келеді, әсіресе, оның
хаттарына, өйткені ол полициядан қорыққан болып   бұл хаттардың жазылған уақытын дұрыс
көрсетпейді және әр хатына әр түрлі бүркеншік ат қояды. Рим көшелерінде
қыдырстап жүріп, ол конверттің сыртындағы кері қайтару мекен-жайына «Орвието»
деп басқа жақты көрсетіп қояды;  хатты
Безансоннан жіберіп тұрған болып көрсетеді, ал шын мәнісінде ол бұл хатты
Гренобледен жіберіп тұрады; жіберген жылын, әсіресе, айын дұрыс көрсетпеу -
оның әдеті,  хаттың астына қойылған қол
да ойдан шығарылған. Оның өмірбаянын жазушылар осындай екі жүзге жуық
фантастикалық есімдерді тапты: Стендаль (шын мәнісінде Анри Бейль!) өзі жазған
хаттарға Коттинэ, Доминик, Дон Флегме, Гайяр, А.Л.Фебюрье, барон Дорман,
А.Л.Шампань дегене небір есімдерді көрсетіп, тіпті кейде басқа бір жазушылардың
аттарын жазып қоятыны да бар, мысалы, Ламартин немесе Жюль Жанэн деп.

Мұндай толып жатқан қалжың аралас өтірігінің себебі туралы
айтылып, кең тараған пікірлерге құлақ салсақ, австриялық полицейлерден
қорыққандығы ғана емес, оның табиғатынан жұртты ақымақ қылуға, таңқалдыруға,
алдауға, жасырынып жүруге деген құштарлығы да себеп болғандығын аңғарар едік.
Стендаль тіпті қандай да бір сыртқы себептерсіз де алдай салады. Ондағысы -
қалай да өзіне жұрттың көңілін аудару және өзінің «менін» жасыру; ол нағыз
жауынгерлердей - өтіріктің қылышын жарқылдатып, мистификациялау мен ойдан
шығарудың бұршағын жаудырып, басқаларды өзіне бір табан да жақындатпаудың барлық
амалын жасап бағады. Сөйте тұра ол тіпті өзінің жұртты әдейі  алдайтынын жасырмайды да, өзін алдап
соққаны  үшін ашуланған бір досының
хатының бір жақ шетіне «дұрыс» деп жазып қойыпты. Ол өзінің қызметтік
құжаттарына да еңбек өтілінің жылдарын өтірік көрсетіп, тіпті Бурбонға,
Наполеонға деп те жаза береді; жеке адамдарға болсын, баспаханаға болсын,
әйтеуір, не жазса да, оның өзі туралы жазғандарының бәрі біріне бірі
қарама-қайшы келіп, бытысып, шатысып жатыр. Стендальдың мұндай өтіріктерінің
бәрінен де асып кеткен жері, яғни, оның мистификациясының ең соңғысы, өзінің айтып
кеткені бойынша Монмартр бейітіндегі мәрмәр құлпытаста жазылған. Ол сөздерді
қазір де оқыған адам шатасып қалуы әбден мүмкін, нағыз француз, Анри Бейль
деген атпен шоқындырылған және түпкірдегі провинциалдық қалада туған (өзі бұл
үшін қатты өкінеді) оның жаны мәңгілік тыныштық тапқан жердегі құлпытасында
«Арриго Бейле, миландық» деген жазу тұр. Тіпті өлімнің алдында да ол
бетпердемен тұрғысы келді; сол үшін де романтикаға оранып алды.

            Соған
қарамастан, осы нағыз өтірікші сияқты, шындықты шындық күйінде мойындайтындар да
аз. Стендаль өтіріктің орайын келтіріп қалай ұтымды айтатын болса, шындықты да
дәл солай ретін тауып айта білетін. Ол басқа адамдар барынша бұлыңғырлатып
айтатын немесе сананың тура табалдырығында-ақ сыртқа шығармай, өздері басып
тастайтын ең құпия ойларын бұл оп-оңай айта салады; ол, әуелі таңғалдырып,
тіпті үрейдің өзін үркітіп, содан кейін сізді де жеңетін шыдамсыздықпен жұрттың
бәріне естірте нені болса да айтып салады; өзіне өзі ие де бола біліп, басқа
бір жағдайларда ұялып айтпайтын, тіпті күшпен айтқыза алмайтын шындықтарды
айтып салатын кезі болады. Өйткені Стендаль шындыққа келгенде, өтірік
айтқандағыдай, соншалықты батыл әрі қазымыр; ол өтірікте де, шындықта да
қоғамдық моральдың, ішкі цензураның қандай шегін де аттап, тіпті болмаса
табалдырығын сындырып өтіп кетеді.  

Өмірде жасқаншақтау, әйелдердің алдында ұялшақ, өзінің
қырсық мінезімен әдейі жасап қойған блиндаждарына батып-шығып жүретін ол қолына
қалам алысымен, жігерленіп шыға келеді: ешқандай кері тартушылқ енді оған
кедергі жасай алмайды, керісінше, өзі өзін қандай да бір қысымшылықта ұстап
отырғанын өзі сезіп қалды ма, бітті, соны аңдып отырып ұстап алады да, оларды
тірнектеп тұрып анатомияландыру үшін бүкіл ішкі кедергінің бәрін қопарып сыртқа
алып шығады. Өмірде өзінің мысын басып тұрған нәрсемен ол психолог ретінде өте
жақсы күреседі. Бұл жолда ол 1820 жылдың өзінде-ақ интуитивті түрде, ғұламаға
тән сәттілікпен жандүние механикасының серппелері мен тұтқыштарының құпияларын
біліп алды, ал психоанализ ғылымы болса мұны жүз жылдан астам уақыт өткен соң
ғана құрамдас элементтерге бөліп, күрделі әрі өте нәзік тәсілдер арқылы  қайта құрастыруға үйренді; оның туа біткен
әрі жаттығумен шыңдалған психологиялық тәжірбиесі шыдамдылықпен жылжып келе
жатқан ғылымнан алға қарай тұтас жүз жылдыққа бір-ақ секіріп, озып кетті. Сонда
Стендальда өзін өзі бақылаудан басқа зертхана да болған жоқ; алға,
белгісіздікке қарай ұмтылып келе жатып ол тұрақты теорияларға арқа сүйеген жоқ;
оның бар құралы - бәрін де жіті көретін, бәріне де өткірлене ұшталған
қызығушылықпен қарайтын қасиеті, жаңғыз ғана кәсіби ісі - шындыққа жету үшін
өжет, ештеңеден қысылмай шешімге келе алуы.

Ол өзінің сезімдерін үнемі бақылауда ұстайды және олар
жөнінде еркін де ашық айтады, еркінірек болған сайын, тілі де көркем шығады,
интимді болған сайын, құштар да ете біледі. Ол өзінің ең бір оңбаған, ең құпия
сезімдерін ерекше ынтамен зерттейді: мысалы, ол өз әкесін қалай жек
көретіндігін жиі қайталап, тіпті ерекше шабытпен мақтаныш ететінін, әкесінің
қайтыс болғаны туралы хабарды естіп, оның өліміне қайғырмақ болып, қанша әлектенсе
де, одан ештеңе шықпағанын әңгімелегенін айтсақ та жеткілікті. Өзінің
сескуалдық жағдайының мәселесіне қайғыратындығын, әйелдерде жолы болмай,
атаққұмарлығы бір жағынан мазалайтындығын - осының бәрін ол картаның бас
штабында сызылғандай өте дәлдікпен және іскерлікпен оқырманға жеткізіп береді.
Ең интимді және айтуға ыңғайсыз жәйттер туралы бұған дейін бірде бір адам ауыз
ашпағаны өз алдына, оны баспаға беріп те көрмеген  деректер жөнінде Стендаль клиникалық есептің
дәлдігіндей дәлдікпен баяндайды. Оның ерлігінің де мәні осында: оның
интеллектісінің мөлдір, тәкәппар әрі суық кристаллдарында адам жанының аса
құнды шындықтары келешек ұрпақ үшін  мұзда
сақталғандай сақтаулы тұр. Өтірікшілердің ішіндегі өзіндік ерекшелігі бар бұл
өтірікші болмағанда біз өз сезімдеріміздің әлемі туралы және оның іште жасырын
жатқан астарлары туралы өте аз білген болар едік.

            Оның
қарама-қайшылықтарының мәні былайша түсіндіріледі: ол өнердегі шындықты тануды
жетілдіру үшін алдау шеберлігіне, өтірік айту техникасына қол жеткізеді. Өзінің
айтуы бойынша, от басындағы іш пыстырар тірлікте бала кезінен бастап-ақ өтірік
айтуға мәжбүр болғандығы - оның психологиялық сезіміне ең жағымды әсер еткен
жағдайлардың бірі. Өз аузынан өтіріктің қалай шығып кеткенін және оның жүректен
ауызға жететін қас-қағым сәт ішінде сан бояуға боялып, сол бойда сезімге де айналып
үлгіретінін сан рет байқағанын да жазады, оны қармақ тәрізді тап басып ұстай
алатын осындай адам «өтірік айтпас үшін қандай қауіпсіздік шараларын қолдану
керектігін» де біледі (адал да жағымды ойлармен ғана жүретін, бірақ надан
адамдардан әлдеқайда артық біледі).

Бұл өткір де білгір ойдың адамы өзіне өзі сансыз тәжірибелер
жасау арқылы мынаны білген: оянған кез келген жалаңаш сезім өзінің бақылауда
екендігін байқап қалады да, кәдімгідей ұялып қалып, үстіне киім киіп ала қоюға
асығады, демек, мысалы, балықшы қармағына ілінген жемтікке қалай ұмтылатын
болса, әлгі сезімді бақылап отырған бақылаушы да дәл сондай жылдамдықпен сана
ағымының тасқынынан киімі де, жамылғысы да жоқ, өзін бақылап отырған біреудің
бар екендігін де білмей, сананың жағалауына қарай аңдаусыз аяқ баса берген
шағында оны шап беріп ұстап алу керек. Өзіңдегі мұндай сәттерді бұлайша бақылауға
алудың маңызы зор және бақылауға алып, аңдып отырған өз сезімдеріңді санадан
тыс аумаққа келіп жасырынып үлгірмей тұрып немесе көз алдаудың қорғаныш бояуына
боялмай тұрып қарындаштың өткір ұшына іліп алу қажет, міне, мұндай қас-қағым
сәттердің өте сирек болатындығын және мұндай сәттердің сол сезім-олжалардан да
құнды екендігін өзінің терең ақыл-ойы арқылы жақсы білетін ол - шындықтың
тәжірибелі аңшысы, соған ерекше құштар мұндай аңшының өзіндік рахаттануының да
мәні осында еді. Бір таңқаларлығы шындыққа, өтірік айтудың чемпионы Стендаль
сияқты, өмір бойы құрметпен қарағандар өте аз; ол адамдар шұбырып жатқан кең
көшеде күннің шуағына шуақтап жатып, кез келген дөрекі қолдың маңдайынан
сипағанына бола, шындықтың оған еріп жүре бермейтінін, әрине, білді.

Шындық дегеніміздің - жарықтан қорқып қараңғы үңгірлерде
өмір сүретін, тасырлаған аяқтың дыбысынан шошып, шоршып кететін, ұстап алсаң,
қолыңнан жылп етіп шығып кететін кесіртке тәрізді екендігін жүректердің
толқынында жүзіп жүретін айлакер Одиссей білді; сондықтан да мұндай шындыққа
жақындау үшін басқан ізің білінбей, қолыңның жеңіл де нәзік болып, көзіңнің
қараңғыда да көре алатын өткір болғаны керек. Бірақ ең бастысы ақыл-оймен
шыныққан, жүрекке қанат бітірген құштарлық керек; білуге деген, тың тыңдауға,
із кесуге деген ынта керек; оның өзі айтқандай, жандүние қараңғылығының
тіреулерінің астымен, жүйке торларының қиыр-шиырының ішімен жүріп отырып, «ең
ұсақ бөлшектерге дейін еніп кете алатын батылдық керек»; сол жерлерден ғана
танымның кішкене ғана афоризмдерін таба аласың, олар аз, бірақ нағыз шындық
солар, мәңгі қол жеткізе алмайтын Шындықтың сынықтары мен ұшқындары - солар,
дөрекі адамдар олардың жүйелерін мавзолейлерде қатырып, теорияларын сирек
желілермен ұстап алуға болады дейтін шындық - осы. Ал көз алдаушы Стендаль
шындықты оларға қарағанда әлдеқайда жоғары бағалайды; ол шындық дегеннің бір
сәттік қана екендігін, сирек кездесетіндігін, оны үй жануары сияқты қораға
кіргізіп ала алмайтындығыңды, нан сияқты сата да алмайтындығыңды, шындықты
танитын танымның тек танушыға ғана берілетіндігін жақсы біледі.

            Осылайша,
Шындықтың барлық құндылығының бағасына жеткен Стендаль ешқашан да өз шындығын
біреуге таңған емес, оны жарнамалаған да жоқ; ол үшін ең бастысы, өзінің
алдында өзі ашық болуы керек, өзіне қатысты мәселеде ғана ашық айтуы керек.
Оның басқаларға қатысты жүгенсіз өтірігінің мәні де осында; өзіне өзі сенімді
бұл эгоист, өзінің кішкене ғана қажеттіліктеріне дейін аңдып, өзін өзі
шабыттана бақылайтын бұл бақылаушы басқа біреуге бір нәрсені сеніп көрген емес,
әсіресе, өзі туралы басқаның айтқанына сенбейді, өзін айналдырып қарап,
қызықтағысы келгендердің қолына түспес үшін және өзінің көңіл тереңіне қарай
өзі ғана өте алатын өзіндік терең өтпелі жолдарын алаңсыз қазу үшін әлгі
қызықтаушыларды өз ызақорлығының инедей өткір ұшымен піскілеп, маңына
жолатпайды.

Басқаларды адастыру - оның ермегі осы болатын; өзіне өзі
адал болу - оның шын ниеті де, құштарлығы да осы еді. Бірақ өтірік ұзақ өмір
сүре алушы ма еді, уақыт оның түбіне жетеді, ал адам таныған және адамның санасына
жеткен шындық ғасырдан ғасыр аттап кете береді. Кім де кім өмірінде бір рет
өзіне өзі адал болып, өз шындығын өзі мойындаса, ол адам қашан да адалдықтан
енді айнымастай болады. Өз құпиясының жұмбағын өзі шешкен адам - басқаның да
құпиясын еше алатын адам.