ВЕРНУТЬСЯ

 
   Стефан Цвейг

 

    «Мені 1900-ші жылдары ғана түсінетін болады» 

    Стендаль

 

    Стендаль тұтас бір ғасырдың - он тоғызыншы ғасырдың үстінен
ұшып өтті; ол он сегізінші ғасырда старт алған еді,  Дидро мен Вольтердің дөрекі материализмінен
серпін алды да, біздің дәуіріміздің ең қалың ортасына келіп қонды, бұл кезде
психофизика мен психология дүниеге келіп, алғаш рет ғылым саласы бола бастаған
еді. Ницще айтқандай, «оны қуып жету үшін, оны қызықтырған жұмбақтардың жауабын
табу үшін екі ұрпақ керек»  болды. Оның
шығармаларынан уақыты өтіп кеткен ескілікті немесе өліп қалғандай жансыздықты
таба алмайтындығымыз ғажап қой: ол тапқан жаңалықтардың көпшілігі қазір жалпыға
бірдей құндылықтарға айналды, ал оның кейбір пайғамбарлық болжамдары қазірдің
өзінде дәл айтқанындай келіп жатыр. Өз замандастарының қатарынан аты өшіріліп
тасталған ол енді Бальзактан басқаларының алдына шықты; өйткені олардың барлық
қым-қиғаш шығармашылықтарының ішінен тек осы екеуі ғана өз дәуірінің образдарын
жасай білді: Бальзак қоғамның қат-қабаттарын көрсете отырып, сол
қат-қабаттардың бір-бірімен араласып кетуін, ақшаның әлеуметтік билігін, саясат
механизмдерін кескіндей отырып, осының бәрін өз дәуірінің шарттарымен
салыстырмалы түрде қарағанда адам айтқысыз деңгейге дейін үлкейтіп суреттеді;
ал Стендаль болса, психологтың өзіне тән өткір көзімен және іліп түсер
назарымен барлай қарап отырып, жеке адамды айқындады және сол адамның бойынан
сан жетпес нәзік реңктерді таба білді. Бальзак қоғамның дұрыс дамуының кескінін
салса, Стендаль жаңа психологияны жасады; өйткені тым үлкейтіліп көрсетілген
сияқты немесе тым дифференциалды болып көрінген сол кездегі өлшемдері қазіргі
заманның адамдарына және қазіргі қоғамға өлшеп қойғандай дәл келіп тұр. Бальзак
өз болжамдарында қазіргі біздің қоғамды дәл көре білді, ал Стендаль өз
интуициясымен біздің адамдарды дәл көрсетті.

Өйткені Стендальдың адамдары дегеніміз - қазіргі біздер,
бүгінгі күннің адамдары, өзін өзі бақылауда тәжірибесі молырақ, психологияны да
кеңірек білетін, өз саналарында қуанышты, өз моральдарында еркінірек, жүйкелері
ширыққан және қызыққыш, танымның түрлі-түрлі жансыз теорияларынан шаршаған, тек
өз ошағын тануға ғана құштар адамдар.

Қазіргі біз үшін көп қабатты адам құбыжық болып көрінбейді
және ол сирек кездесетін де жағдай емес, ал дәл осындай Стендаль кезінде
романтиктердің ішінде өзін жалғыз қалғандай сезінген еді: сол кездегі жаңа
ғылымдар - психология мен психоанализ - қазіргі біз үшін құпияны ашып, шатысып
кеткендерді түсіндірудің ең нәзік құралдарына айналды. Енді қазір бізбен бірге
жүргендей болып көрінетін «керемет көреген» (Ницще оған осындай екінші есім
берген), пошта пәуескесіне мініп  ел
кезген, наполеондық мундир де киген осы адам қандай білімді де болған десеңші.
Қандай да бір догматизмге жоламауы, оның бойына ерте орын тепкен ертееуропалық
сезімі, әлемді механикалық жағынан соншама қарапайымдандырғандарды
ұнатпағандығы, қандай да бір көпіршітілген-ерлік сымақтың бәрін жек көргендігі
- осының бәрі - бүгінгі біздің бойымыздағы қасиеттер!

Өз замандастарының сезімді сентиментальдылықпен үлкейтіп
көрсететіндіктерін соншалықты жек көрген ол қандай әділетті болған десеңші, ол
өзінің біздің дәуіріміздің адамы екендігін өте дәл білген! Біздің әдебиетіміз
үшін сан жолды шиырлап, із кескен. Достоевскийдің Раскольниковы Стендальдың
Жюльенінсіз ақылға сыйымсыз болған болар еді, Толлстойдың Бородино шайқасын
суреттеуі Ватерлоо шайқасын жаңғыз ғана шынайы суреттеген Стендальдың
классикалық образдарынсыз ақылға сыйымсыз болып шығар еді, Ницщенің қуанышты
ойларына өзінің сөздерімен, өзінің шығармаларымен  Стендаль сияқты ықпал еткен адам өте аз.

Өзіне «жандүниесі жақын жандар, жоғары деңгейдегі болмыстың
адамдары» ақыры оған да осылайша келіп жетті, оларды Стендаль өзінің көзі
тірісінде өз қоғамынан жанұшыра іздеген еді; оның өзі тым кеш тапқан отаны,
әлем азаматы ретіндегі азат жандүниесін мойындаған «оның өзіне ұқсайтын»
адамдар мекендеген қоғамы оған азаматтық құқық берді және оны азаматтықтың
дестесімен марапаттады. Өйткені оның тұрғыластары ішінен оған шын ниетімен
тілектес болған Бальзактан басқа ешқайсысы да бүгінгі біздің ақыл-ойымызға,
сезімімізге туыстас жақын да емес, заманадас та бола алған жоқ. Тасқа басылған
әріптер мен сұп-суық қағаздар медиум тәрізденіп бізге оның образын жақындатып
тұр; міне ол, бізге жақын да таныс, бірақ өзін өзі тануға қол жеткізгенімен, басқалардың
қолы жетпейтін, өзін өзі бір қиырдан бір қиырға лақтырып, жұмбақ бір сәуле
шашып, құпияға еніп, бірақ құпияны ашпаған, жан-жақты жетілген, бірақ
аяқталмаған және қашан да тірі, тірі және тірі ол көз алдымызда. Кім де кім өз
дәуірінен шеттеп тұрған болса, келесі дәуір оны шын ниетімен өзінің қақ
ортасына қояды. Және жандүниенің қолға ұстауға келмейтін қозғалыстарынан уақыт
толқындарының өте кең шеңберлері таралып жатады.