ВЕРНУТЬСЯ

      1975 жыл. Қыркүйек айы. Құрылыс отрядында «жазғы семестрді»
тәмамдап, оншақты күнге, демалысқа үйге бара жатыр едім. Мен отырған
«Алматы-Мәскеу» жедел поезының жолсерігі өзімнен екі-үш жас үлкен әзірбайжан
жігіті екен. Неге екені белгісіз, бірден әңгімеміз үйлесе кетті. Негізінен орыс
тілінде сөйлескенімізбен, ара-арасында қазақша да, әзірбайжанша да айтып
қоямыз. Әрине, сол кездегі жастар әңгімесі кино, өнер төңірегінде өрбиді ғой.
Мен өзімнің атағы әлемге жайылған Муслим Магомаевтың өнеріне тәнті екенімді
айтсам, ол Полат Бюл-бюл оғлының әндеріне жантаятынын жасырмады. Таңданып:-Ау,
Муслим де әзірбайжан емес пе?!-дегенімде, ол мұңайып: -Иә, қандасымыз ғой.
Жақсы әнші, бірақ өзге ұлттың қызына үйленіп отыр. Немене, оған жар боларлық,
ақылды да әдемі әзірбайжан қызының табылмағаны ма?!-...

Муслим Магомаев. Ол тек ұлы әнші ғана емес, бұрынғы Кеңес
Одағында өмір сүрген миллиондардың, соның ішінде біздің де балдай тәтті балалық
және жалынды жастық шағымыздың жарқын куәгері саналады. 2008 жылы 25 қазан күні
таңмен дүниеден озған онымен бірге еліміздің өткен ғасырдағы ең «алтын» кезеңі
саналатын 1965-1975 жылдардың күміс көмей бұлбұлы да өмірден кеткен сыңайлы...

Түбі бір түркі жұртының баласы, асқан дарын иесі Муслим
Магомаев кең байтақ Кеңес елінің сахнасына өткен ғасырдың елуінші жылдарының
аяғында шықты. Оған дейін бүкілодақтық деңгейде ән салатындар не жебірей, не
славян ұлтынан болатын еді. Өзге ұлт өкілдерінің, соның ішінде түркі жұртының
тумасының сондай биік дәрежеге көтерілуі сірә, Муслим Магомаевқа дейін болмаған
сыңайлы...