ВЕРНУТЬСЯ

            Қою
қараңғылықтың көбесі енді ғана сөгіліп, боз ала таңның ақ сүттей ұйып келе
жатқан өлі арасында қалаға келіп түскен Сұлтанның бар сүйенгені - қолындағы
тілдей қағазы. Ондағы жазуды оқу үшін шұқшиып үңіліп жатудың қажеті жоқ,
самаладай самсаған неон шамдары қараңғылық қанатын кейін серпіп, вокзалды дәп
бір күндізгідей жарқыратып тұр. Бір сәт көзін көк жүзіне салып еді, қара суға
қаймақ қатқандай болып тұратын аспан төсіндегі құс жолдары жоғалған екен. Көк
жиектен рауандап ататын дала таңындай болмағасын, бозамықтанып басталатын бұл
қаланың ертеңгілігіне жігіт көңілі толыңқырамай қалды.

Сапырылысқан
халықтың ортасымен ескексіз қайықтай жағалаулатып жүріп вокзалдың сыртына
шықты. Мұнда да кіріп шығып жатқан көпшілік екен. "Боз торғай
шырылдамастан шырт ұйқыларынан оянып, екпіндеп жүрген ел ғой" тілдесуге
ыңғайлылау адам іздеп тұрған. Сондайдан да телефон будкасының жанында елден
ерекшеленіп шығып, есінеп тұрған егделеу кісінің жанына барды. Адресті оқып
алғаннан кейін: "Метроға түс, сосын бәленбай вокзалдан отырып, түгенбай
вокзалға бар, онан олай, сосын былай" деп басын қатырғаны соншалық,
қаншама нәрсенің аты миында милығып кетті. "Жаңағы кісі әңгімесін метродан
бастап еді ғой" деген жобамен жұртшылықтың легіне ілесіп отырып,
"Москва вокзалынан" бір-ақ шықты.

Ертелі
көздің қарашығындай әрі-бері жүгіріп, сілесі әбден қатқан жігіт әрең дегенде
неден салынғаны белгісіз сұрғылт түсті Грибоедов каналындағы 126 үйді тауып
алды.

Ауызғы
столда отырған кезекші кемпір таңғы асын тамамдап қалған екен, мұны көрісімен
газет дастарқанын жиып-теріп тартпасына салды да:

-
Қайдан келдің? - деді.

-
Арбалыдан...

Бұл
жерді бұрыннан білетін адамдай "Қай жақтағы жер деп сұрамады, фамилиясының
тұсына "Келді" деп белгі қойды. Кемпір көзілдірігн алып, бетіне бажайлап
қарап маужырағандай сәл-пәл отырды да, "Орын беруге болады екен"
дегендей қадам жердегі он екінші бөлменің есігін ашты. Қажыған адамның қалпымен
қолындағы портфелін еденге ықылассыздау тарс еткізгенде, қыбыр етпестен ұйықтап
жатқан үшеудің біреуі басын көтеріп алды да, тіл қатпастан қайтадан жата кетті.
Терезеден себездеп түскен таң жарығы бұрын өзі естіп жүрген полярдың аппақ
түніндей әсер қалдырып тұр. Сұлтанның ақын жүрегіне аядай бөлменің ішінде ақ
түлкі ойнап жүргендей болды. Көруге көптен құмартып жүрген қаласына келгеніне
деген ризашылық жан жүйесін енді ғана баураған сияқты, бойы балбырап ұйқысы
келді. Портфель ішін жатын киімдерін іздеп суыртпақтай бергенде, жылы көйлекке
ораулы бір сомдық тиындар сау ете қалды. Бастағы бағыттары басқа жақ болғанмен,
"байқамастық" болған екен" дегендей айналып келіп, аяғының
астына құлап жатыр. Күміс сөлкебайларды көрген кезде жігіттің кеудесін сағыныш
толқындары көміп кеткендей болды.

Арбалыдан
жүрер кезде жол ақшасы мен майда-шүйде керек-ау деген заттарын қалта,
портфеліне мұқияттап салғаннан кейін, саудыраған алты сомды әйеліне қайтып
берген.

-
Алмаймын, - деді Сәлима. - Таныс емес жер ғой, қалтаңа сала кет, тарығып
қаларсың, не таксиге мінерсің.

-
Ал, - деді Сұлтан да қасарысып, - маған қалғандары да жетеді.

-
Ертең айлықтың күні. Сен жоқта қонақ келер дейсің бе, неме жетпей жатыр, сен
ал.

Ақыр
соңында келіскендей болған келіншегі шылдыратып жинап алып, бір жерге қойып
жатқандай болып еді, қыбын тауып көйлегіне қоса орап жіберіпті. Үйден шыққанына
толығынан үш күн толмаса да сонау шалғайда артынан елегізіп қалған әйелін, оның
мейірбан жүрегі мен ұрланып жүріп жасаған осы жолғы қамқорлығына қатты
тебіреніп кетті.

Білім
көтеруге келгендерден он екінші бөлмеге жатқандары бірыңғай қазақстандықтар
екен. Сәскелікке таман жерлестерінің ішіндегі оянғаны - мосқалдауы болды. Онда
да:

-
Жігітім, ұйқың мол екен, жарайсың, - деп күледі. Бірінші тілдескен адамына не
дерін білмей әуелі абдырап қалған жігіт үнсіз қалуды жөн деп санамады.

-
Сіз де сергек екенсіз, ақсақал, түнде басыңызды бір көтеріп сәлемдесуге
мұрсатыңыз келмеді ғой...

-
О-о, қарай гөр мынаны, - дейді шал жан-жағындағыларға күле қарап, - Қараңдар...
Қазіргі балалар бар ғой бір сөз айтсаң екі сөз жауап қатады, ал саудаласып
көріңдерші былайынша деймін-ау, маңдайыңды қыршып алудан тайынбайды бұл
жарықтықтар. Ал біраз жерден оралған шығармыз, енді танысып қояйық, - деп
Сұлтанның тұқым, зәузатына дейін түбіршіктеп сұрап алды. - Менің аты-жөнім
Ермолаев Иван Николаевич, Орал облысынанмын, - деп өзі туралы да айтты.

Иван
Николаевичтен төменірек орналасқан Хальзов Владимир екен.

Оқу
ертеңіне-ақ басталып кетті. Бес-алы күннің ішінде қаншама нәрселер айтылып,
курстің биік кафедрасынан талай профессорлар әр түрлі тақырыптағы лекцияларын
оқып жатыр.

ІІІ

Үлкен-үлкен
оқу залдары мен жатақхана бөлмелерінен тұратын курс үйінің төменгі жағында қала
аралық байланыс бөлімі бар. Келгеніне апта өткен Сұлтан Арбалымен сөйлесіп, отбасының
амандығын білуге төменге түскен. Кабина терезесіне "Телефон-автомат"
деп жазылған әрбір әріптегі шек-шектеп салынған әшекейге қарап уақытын өткізіп
тұрғанда, әйнектің арғы бетіндегі түн түнегінен көрінген жұлдыздардай қос
жанарды аңғармапты. Аңғармапты... Бұған қарап күлімсіреп тұр. Жо-оқ, бұған
емес, сөйлескен адамына болар, бірдеңені қаймақтай еріндерінің ұшымен айтқандай
болады да күледі... Қанша күле берсін, қыздың екі көзі өзі жақта екенін сезген
жігіт те, бағанағы алғашқы ентелей қарағанындай болмай сабырлылық байқатып,
пенделігі ұстап қалды. Қара көлеңке кабина ішінде қыздың ақшыл болып көрініп,
шашы сарғыш тартып тұрғанмен, қолға ұстап көрсеткісіз бет бейнесіндегі
белгілерден қазақ екендігін айтпаса да сезіп тұр.

"Сірә,
жігітімен сөйлесіп тұр-ау", - деп түйді. - "Өйткені, трубканың
мембранасын саусағымен түртіп ойнап тұр ғой, әке-шешесінің біреуі болса, олай
етпеген болар еді. Құрбы қызы болғанда да бұлай қылымсудың реті жоқ қой",
деп өз бетінше жорамал жасап тұрған. Есіктен шыға келген бейтаныс қыздың
алдында Сұлтан шындап-ақ абыржып қалды. Бірден бас изесіп амандасқан қыз:

-
Алматы ма, - деді.

-
Алматы... Жо-оқ, дегенім-ау. Арбалымен сөйлесуім керек еді.

-
Бұл арада ол жермен тікелей байланыс жоқ, - деді қыз ақталғандай  болып. - Амалыңыз қанша, мына жерден. -
Креслода отырған жігітке бір табан жақындай түсіп. - Садовая көшесіне шығасыз
да, 22 автобусқа отырып, орталық байланыс үйіне барасыз.

-
Рахмет....

Жігіт
тұруға ыңғайланғанда, қыз қоштасып басқышпен жоғары қарай тездете басып
жөнелген. Орнынан түрегелген жігітті жаңа тұрған жаннан ауаға сіңіп қалған
"Сүйікті әйелге" әтірінің иісі жан дүниесін жайлап бара жатты. Енді
сәл кейіндеп қалса, құшағы гүлге толған көктемнен, жасыл жапырақты
бау-бақшадан, балдырлап ойнап жататын бал бұлақтың үнінен шеттеп қалатындай
көрініп, ізінен жүгірді:

-
Қарындас...

-
Жай ма?..

Қыз
жоғарыға көтерілер басқыштың бұрышында бұған қайрыла қарап, күлімсіреп тұр екен.

-
Кешіріңіз, - деді жігіт енді-енді өзін қолға алып. - Алматыдан боларсыз.

-
Иә, Алматыдан... Оқып жатырмыз. Сіздер қашан қайтасыздар?

-
Енді жиырма үш күндей бар.

-
Ал біз үш ай оқимыз, - деді қыз күрсініп. - Ауылды сағындым. Бармағаныма бір
жыл болды.

-
Есіміңіз кім болады?

-
Атым - Рыскүл.

-
Ендеше, Рыскүл, біздің бөлме он екінші, келіңіз, қонақ болыңыз.

Қыз
күлімсіреп басын шайқады.

-
Болмайды.

- Ендеше
мен соғайын ба?

Қыз
тағы да басын шайқады.

-
Ол да шешілмеген мәселе. Осы жерде оқимыз ғой. Көрісіп тұрамыз.

Жоғарғы
жақтан ұзан залды басына көтере айқайлаған Иван Николаевичтің даусы естілді.

-
Сұлтан, қайдасың?

-
Сұлтан, сіз емессіз бе?

-
Иә, менмін.

-
Көріскенше.

Қыз
жоғарыға көтеріле берді. Оттың ортасында қалғандай дауыстап жүрген Иван
Николаевич жігітті шырт ұйқысынан оятып жібергендей болды.

-
Не боп қалды?

-
Ә, сен мұндамысың? - деді аңқау шал қорбаңдай жүріп. - Менің көзілдірігімді
көрдің бе?

-
Көрмегені қалай, бағып жүреміз ғой, - Сұлтан да қитығып қалды.

-
Әй, көрсең айтсаңшы, газет оқиын деп едім.

-
Сіздің склерозға ішетін дәріңіз қайда осы?

-
Қалтамда.

-
Онда, Иван Николаевич, соны ішіп алып, тереңнен толғанып ойланыңыз, мұрныңыздың
үстінен тауып аларсыз.

-
Ау-у...

 

ІҮ

Рыскүлді
ертеңіне кең фоэден кездестірді. Жатақханаға келген театрға билет сатушылардың
алдында программалармен танысып тұр екен. Сұлтанды көрісімен қолындағысын
қайтарып берді.

-
Сіз Шукшинді жақсы көресіз бе?

-
Режиссерін, актерін, жазушысын құдайдай құрметтеймін, - деді білетіндігі  жөнінен терең мағлұмат беріп.

-
Онда музыкалық спектакліне барамыз.

Театр
оншалықты алыс болмай шықты. Тротуардың қарын шықырлата отырып көше
айналасындағы келісті ғимаратқа келгендерін де сезбей қалыпты.

Бұлар
спектакльден шыққанда, қар сабалақтанып жауып тұр екен, күннің райы жылы
болғанмен, ылғалды қардың көміп салатын ыңғайы бар. Екеуі көп жерге дейін үнсіз
жүрді. Тыныштықты алдымен Рыскүлдің өзі бұзды.

-
Сіз ауылда өскенсіз бе?

-
Болсақ болармыз, - деді театрда қатар отырып еркінси бастаған жігіт. - Оны
қайдан білдіңіз?

-
Сіз жаңағы Шукшиннің Иваны сияқтысыз.

-
Сіз қалада өскен болуыңыз керек?

-
Қалайша?

-
Әлгі "конструктор" ше, Иванды алдаған. Сол сияқтысыз.

Түнделетіп
келе жатқан қыз-жігіт жарқылдай күлді. Кездескендер бұл екеуіне бұрыла қарап,
өтіп бара жатыр. Көз қарастарынан кең көшеге сыймай дауыстай  сөйлескендеріне деген наразылықтары бар
сияқты. Әркімге өзі шаттанбағасын, жұрттың күлгені қуаныш бола ма.

Жол
айрығында көше жарығымен жамырай сырғанақ ойнап жатқан балалардың тұсына
келгенде, қыз әлденеге тайып кетті.

-
Деревня-я-я...

Сұлтан
ұстап үлгермеді. Орнынан тұрғызып, үстін қақты. Рыскүлдің жігітке деген шамалап
өкпе-назы бар сияқты.

-
Ай жоқта аспан жағалап жүрсіз бе? Міне, көрмейсіз бе. - Су болған қолғабын
сілкіп жатыр. - Қамқорлығыңыз қайда?

-
Айтшы, Рыскүл, - деді бойын тіктеген қыздың тоңазыған нәзік қолдарын алақанына
салып жылытып тұрған жігіт. - Ауылға келін болар ма едің?

-
Боламын... Тек ауыл қашан қалаға айналған кезде.

-
Ауыл қала болғаннан гөрі, сенің кемиек кемпір болғаның жөндемдеу соғар. Ауыл
дегенің еншісі бөлінбес табиғаттың тұтас бір бөлшегі. Қала оның әкесі де,
шешесі де емес. Ол кең өлкенің қан тамырына біткен табиғи құбылыс. Солай,
қарындас.

-
Ендеше, қаланы деревняға, ауылға айналдыру керек, сосын мен отырған орнымда
тапжылмастан-ақ ауылға келіні болып шыға келемін. Әрі қарай былай қыламыз...
Ертеңгілік күйеуіміз екеуміз ертерек оянамыз.

-
Балалар ұйықтай бере ме?

-
Жо-оқ, - деді қиялдай бастаған Рыскүл қары саябырсыған көк жүзіне ынтыға қарап
тұрып. - Олар да оянады. Киіндіреміз... Жоқ, күйеуім киіндіріп, өзі де жұмысқа
дайындала бастайды. Мен қорадағы сиырларды сауып, бақташыға қосып жіберемін.
Жаңа сауған сүттен бөлісіп ішеміз де, күйеуім заводқа, балалар мектепке, мен
фабрикаға кетемін. Поселкамыз жасыл желекке оранған, шағын. Үш қабатты үйлер
талдардың тасасынан көрінбейді. Сайраған құстар. Ауыл арасында тас жол жоқ,
жаяулар үшін соқпақтар мен аспалы көліктер ғана пайдаланылады. Олардың қуат
көзі өзендерден басталады.

-
Міне, енді экономист деген атыңызға жақындап келесіз. Машиналар ше?

-
Машиналар ма? Машиналар мен тұрған ауылға қажет емес. Табиғаттың талай мың
ғасыр салмақтап әрең қалыпқа түсірген теңдігін бұзады. Цивилизацияның ең шыңы -
табиғат тазалығы. Ақшаңдақ жол, түтін қосқан ауа, машина мініп жұлдыздай ұшқан
адамдар бәрі ойдың бетіне қалқып шыққан жай құбылыстар. Мәні жасандылық түбінде
өкінішке бір соқтырады.

-
Күйеуіңіз заводта ғой сонымен...

-
Иә, - деп күліп жіберді Рыскүл. - Заводта.

-
Заводқа қанша адам керек екенін білесіз бе?

-
Екі мың.

-
Соншалық адам қайда? Ол сіз тұрған ауылдан табыла ма?

-
Міне, осы араға техниканың бар қуаты керек.

Ертелі
аңғармаған екен, жабағыдай ұйысқан ылғалды қар қыздың көз бояуын төмен
сорғалатып жіберіпті. Бейне бір осының бәрін шағынып, көзінің жасы бетінің
ұшында қалтырап тұрып қатып қалған сияқты. Жүзін жас жуып, қиялдап тұрған
жердің тұрғыны - Рыскүлге қарап тұрып жігіт күліп жіберді... Қыз сезе қойған
болуы керек, жалма-жан көше жарығына бұрылып, айнасына қарады.

-
Вот, деревня, сен мені ертелі мазақ етіп келеді екенсің ғой. Орамалын алып,
Сұлтанға берді. - Сүртіп жібер.

Қарсы
алдындағы қыз дем жетер жерде ып-ыссы болып тұр. Құшақтап тұрып бүгінгі айтқан
бүкіл идеясымен қосып сүйгісі келді. Сүйгісі келді, сүйгісі келді де әрең
тоқтады. Бірқауым сәтте қолы сұлқ түсті.

-
Болды.

Анандай
жерде жатақхана. Қолғапсыз қалған Рыскүл жігітке жанаса түсіп келеді.

-
Қолым тоңып барады.

-
Онда қалтаңызға сала тұрыңыз.

-
Ал сіздің қалтаңызға салсам ше?

-
Мейліңіз.

-
О-о, - деді саусағының ұшы қалтаға тиер-тиместен, мұнда көмбе жатыр. Міне,
көріңіз.

Келердегі
Сәлиманың еріксіз салып жіберген бір сомдықтары екен.

Екеуі
жатақхананың ауызғы жағында қош айтысты. Осыған дейін де бұл туралы біраз
әңгіменің басын қайырып тастаған жерлестері Сұлтан келгенде, "Не
бітірдің" дегендей үшеуінің де көздері сөйлеп тұрды.

-
Қызбен киноға баруды білесің... - деді Иван Николаевич. - Тәртіп қайда?

-
Кім айтты?

-
Мен еді ғой, - дейді Сейілжан ыржия күліп, емізулі баласындай баптайтын
термосына толтыра шай құйып жатып. Бағана көріп қалдым.

-
Енді, міне, мәселеңді қараймыз, - деді Иван Николаевич.

-
Әйелің, балаң сен деп жаны қалмай отыр. Барыңды даладан тапқан шүйкебасқа шашып
жүрсің. - Осымен әңгіме бітті дегендей Иван Николаевич көзілдірігін алып,
қорапшасына салды.

-
Солай достым, - дейді Володя да мұртының астынан тістерін ақсита күліп. Әр
уақытта ештеңеге қызу кіріспейтін Сейілжан ғана шалбарын қырлап, керуеттің
басына іліп жатыр.

Сұлтан
сол күні ұзақ көз ілмей жатты. Қол созым жерде жатқан Иван Николаевичті
бүйірінен түртіп, әрең оятып алды.

-
Не? - деді анау ұйқылы-ояу.

-
Сіз қырық жетінші бөлмедегі Катяны білесіз бе?

-
Білем. Әлгі староста ма?

-
Сол, сол. Бағана сіз туралы сұраған.

-
Қойшы-ей.

-
Шын.

-
Не деп?

-
Қайтесіз, бұзылып кетесіз. Бала-шағаңыз, әйеліңіз бәрі ауылда сізді күтіп отыр.

-
Айтсаңшы-ей. - Иван Николаевич ізінен қалатын емес.

-
Маған қайтып сөйлемеймін деңіз.

-
Сөйлемеймін, - деді шал шалқасынан бұған қарай бұрылып түсіп. - Бұйырса,
екеуміз әріптес боламыз.

-
Ендеше: "Мына кісі пенсияда ма", - деді.

Хальзов
бәрін естіп жатыр екен, қолын шапаттап орнынан атып тұрды.

Иван
Николаевич Сұлтанды келістіре бір сыбап алды да, тас бүркеніп әрі қарай аунап
түсті.

Ү

Лекциядан
қолы қалт еткенде, әркім өзінше демалыс жасайды. Дүкендер аралап, базарлықтар
алады, кітаптар оқиды. Спорт жарыстарына барады, әңгімелеседі, әлденеге қызыл
кеңірдектеніп таласып жатады. Сейілжан көбіне термосын көтеріп, әр жерге бір
микродастархан құрып, шай ішіп, уақытын өткізіп жүр. Кешкілік кемі екі тана
дәрі ішетін. Иван Николаевич та қорғалақтап шайды төңіректейді. Қалбиып бұйра
бас Хальзов жүреді. Жаманға да, жақсыға да қосылып жатқанын көрмейсің, қандай
ап-ауыр сөзді де мұртының астымен тісін көрсете күліп, зілсіз айтады. Бас қоса
қалса, әркім өз облысын, өз жерін мақтайды. Енді қайтып елдеріне оралмайтындай
бастарын шайқап, таңдайларын қағысады. Тақасып-тақасып келіп:

-
Біздегі қызыл балықтарды айтсайшы, - дейді аузының суын жұтқан Сейілжан. - Оның
уылдырығының қаншалықты зәру екенін білесіздер ме?

-
Білмей ше, біз де аулағанбыз, - дейді Иван Николаевич өзінің ежелгі аңқаулығына
басып. - Ой, талай рет ау тартып топырлаттық-ау...

-
Браконьерлер... - Хальзов мұртының астынан тісін ақситып күледі.

-
Шынында да, - дейді Сұлтан да киліге кетіп. - Осы қалаға балық ұрлау тәсілдерін
үйренуге келдіңдер ме?

-
Ал сендерде өзі балық бар ма? - дейді шал не айтар екен дегендей көзілдірігінің
үстінен қарап.

-
Бар болғанда қандай. Бәрі дүкенде. Біз ұрлауға ештеңе қалдырмаймыз.

Иван
Николаевич терең күрсіне дем алып, әрі бұрылды. Сейілхан тағы да қызыл балықтың
қызығына түсіп кетті. Сұлтан құлағын салып тыңдап көріп еді, балық сақтау қоғамының
инспекторлары ұстап алғанда оларға балық беріп құтылғандығы туралы әңгіме қылып
отыр екен. Қарап тұрып қапаста қалғандай болған жігіт тысқа шығып, Рыскүл
тұратын жиырма бесінші бөлменің есігін қағып тұрған кезде құлағында қызыл балық
оқиғасы ызыңдап тұр еді.

Кешкілік
уақыт кие шыққан жылтыр атлас халаты қыз бойындағы барлық мүшені түгел аңғартып
тұр екен. Су бетіне әлдеқалай тас түскенде елп етіп тарай кететін доғашық
сезімдер секілді жігіт көңілінде тербеліс толқындары жүгіріп өткендей болды.

Қыз
бен жігіт екінші этаждың бір бұрышындағы бос аудиторияға келіп кірді. Қарсы
алдындағы жайдақ терезеден тыстағы жауған жапалақ қарлар анық көрініп тұр.
Сырттан түскен болмашы жарықтан бөлме іші ақ айранданып кеткен.

-
Қар жауып тұр...

Жауған
қардың арасынан өтіп жатқан адамдардың көңілді күлкілері естіледі. Аулақта
машина үндері мен трамвайдың төске ұрған балғадай даусы келеді. Терезелері
көмескілене жылтыраған көп қабатты үйлер көз шырымын алып жатқан тәрізді. Дәл
осы сәт, шыбын ұшса шыңылдап кететін асты-үсті тас аудиториядан гөрі бүкіл
өмірдің рахат ағыны далада өтіп жатқан сияқты болды. Сол жаңа жауған қардың
жап-жарық нұрын жамылып, бозбалалықтың бозамықтап қатқан таңдай тәтті бір
сәттерін еске түсіріп, әлдекімдермен таң атқанша қыдырғысы келді. Кіммен бірақ?
Сәлимамен бе? Рыскүлмен бе? Жо-оқ, тек қана Сәлимамен. Менің алғашқы жауған
ақша қар астында ақ тілегімнің тікелей иесі сол.

-
Не ойлап тұрсыз?

Сұлтан
енді барып Рыскүлге бұрылды.

-
Қар туралы... Өзің ше?

-
Мен де.

- Рыскүл!

Қыз
үндеместен жігітке жақын келіп қарсы қарап тұрды.

-
Жапонияда Фудзияма деген тау бар екен. Адам - пенде, есік пен төрдей қысқа
өмірінде тік жүре алмайтын көрінеді ғой... Бірақ базардан қайтқан уақытында сол
тауға көтеріліп тәубесіне келеді екен. Өзінің жіберген кемшілігі мен жұртқа
жасаған қиянатын, ашкөздік әрекеттерін кебіндей жамылып көрге кеткенше деп сол
тауға шығып, ақтарады екен де, ақталады екен. Егер қарсылығыңыз болмаса,
екеуміз де сол таудың мұзарт шыңдарына шығып тұр екенбіз деп есептейік. Ақиқат
айтып, ештеңе жасырмай сөйлессек деп едім.

Қыз
басын шайқады.

-
Көп нәрсені  білуді жаныңыз сүйеді.
Қартайған адам Фудзиямаға бармағанда қайда кетеді. Бәрін ішіне сақтап, көз
жұмғанша сабыр тұтуға сол пенделік ерік бермей, ақыр соңында біреуге шағынып
тынады. Сол, міне, Фудзияма. Мен ше, менің ондай атты күнге жетуге көп уақытым
бар. Сондықтан да бұл таудың басына ертерек барғым келмейді. Тек бір күні
соқпай қоймайтын шындықтың шыңы бар екенін біліп жүрсем болғаны.

Сұлтан
қызға бір қадам жақындап, бос жатқан қара шаштарын еппен сипады:

-
Ақылдым менің!

Рыскүл
басын жігіттің кеудесіне қойды. Сол баяғы "Сүйікті әйелге" әтірінің
жұпар иісі қардай борап, жан-дүниесін жаулап барады.

-
Сұлтан...

-
Жай ма?

-
Бірдеңе сұрайын деп едім...

-
Айта ғой.

-
Әйелің бар ма? - Қыз даусы естілер-емтілмес шықты. Осы үш ауыз сөзді айтуға
оймақтай еріндері әрең жуысқан сияқты. Дегенмен басын көтеріп, жігіттің жүзіне
тура қарады.

-
Бар, бар, жаным. Бәрі де бар. Балам да, жарым да, шешем де бәрі мені күтіп жүр.

-
Сен әйеліңді сүйетін болуың керек. Ол да сені...

-
Сөз жоқ сүйемін. Жанымдай жақсы көремін, сыйлаймын...

Рыскүл
үндемей сәл-пәл  тұрды. Жігіттің
айтқандарын естімеген сияқты. Сұлтанның бетіне қараған күйінде, қай жақтағы
қиялдың құшағында қалқып жүр.

Жаймен
сықырлап аудиторияның есігі ашылды. Сәлден кейін ішке қарай кезекші енді.

-
Кім бар?

Қыз
да, жігіт те тырс етіп үн шығармады. Бұл курс үйінде тәртіп темірден де қатты.
Мұндай сырласу кештері үшін, сыбағасын молдап алуы мүмкін.

Кемпірдің
иілген белі жазылып, қабырғадан шам жағатын тетікті іздей бастады. Жарық
түскеннен кейін терезе алдында тұрған бұларды көріп, қуатына қайта мінді.

-
Шығыңдар.

Тілсіз
адамдай екеуі бірден іштен шығып жүре берді.

Рыскүлдің
этажындағы қараңғы фойеге шығар басқыштардың жақтаушысына асылған қыз төменге
көз салып тұр.

- Рыскүл...

-
Әу-у...

-
Мен енді саған келмей-ақ қояйын.

-
Сізді жалықтарған болуым керек.

-
Жоқ, айта көрмеңіз.

Қыз
басын көтеріп алды. Қара көлеңкеде көз алдындағы мөлдір моншақтар айқын көрініп
тұр. Жылт етіп домалап барып, тас еденге түсті.

-
Көрмейсің бе, қазірдің өзінде де көз жасына дейін барып қалыппыз. Мұнан әрі
қарай саған келуге менің ерлігім жетер емес.

-
Қорықпаңыз...

-
Қорқамын. Өзімнен қорқамын. Күш-қуатым қанша жерге жетері бір маған ғана аян.
Қыз бен жігіттің арасына қойылатын тосқауылдың қаншалықты шыдам беретінін білмеймін...

Рыскүл
бұрылды да бөлмесіне қарай жүре берді. Сұлтанның "Қайырлы түн" деген
екі ауыз сөзіне жауап ретінде сарт ете қалған есіктің даусы ғана естілді. Ішін
беймағлұм сезім жегідей жеген жігіт денесін ауырлап келіп төсегіне қисайды.

ҮІ

Оқуды
бітіріп елге оралуға да санаулы күндер қалды. Рыскүлді көпшілік арасынан көріп
қалса, бас изеп қана амандасады. Көбінесе бір-бірлеріне жолығысудан қашқақтап
жүретін болды.

-
Түнеугүнгі қызың не болды? - дейді екі қолын қайда қоярын білмей ерігіп отырған
Сейілжан. - Ештеңе де шықпайды-ау деймін, сірәсі.

Сұлтан
не айтарын білмеді. Қасындағыларға білдірмей жеңіл күрсініп алды да:
"Ештеңе", - деп қоя салды. Онсыз да өзегін оттай өртеген бұл жағдай
өз басына тілеп алған қорғасындай ауыр ой болады. "Адам деген өз драмасына
өзі ұрынады екен ғой", - деп ойлады. - Болмаса оны театрға апарып нем бар,
барған екенсің "Келмеймін" деп жылатқандағы мақсатың қандай. Енді жүр
өзің жаққан отқа өзің жылынып.

-
Жұмысымды бітіріп, аяғыңды сырттан салып жүрсің бе?

Бұл
да Сейілжанның сұрауы.

Сұлтан
бұрын болмаған сабырлылық танытып, ештеңе естімегендей орнынан баяу қозғалып
түрегелді де, Сейілжанның қасындағы тысы тозып, мақтасы ағараңдай бастаған жұмсақ
орындыққа отыра кетті. Иван Николаевич түстен кейінгі ұйқының жоспарын асыра
орындап төсегінде жатыр.

-
Сәке, шайыңыздан бір шыны аяқ құйсаңыз, - деп ештеңе естімеген жандай марғаулау
үн қатты. Бір-екі стакан шай маңдайдан терді бұрқ еткізді. Ертелі үнсіз отырған
жігіттің жүйке пернесі босайын дегендей болды. Әлден уақытта:

-
Сәке, қыз сүйіп көрдіңіз бе? - деді.

-
Е-е, сүймей ше? Қызға ғашық болған жалғыз сен бе екен?

Баяғыда
райкультурада істеп жүрген кезімде біреумен байланысқанмын. Қазіргі жеңгең де
сол кезде жолықты. Сонан, екі жақтан да күдерімді үзбей көп жүрдім. Алғашқы қыз
жақтан бір пәле бола жаздады ма деймін, сезіктенген жеңгесі әлгіні әкесіне  қосып, дедектетіп маған алып келді. Иманымды
үйіріп, құрдымға кете бастағам. Шырағым-ау, оңай дейсің бе, бәрінен жұрдай
боламын ғой. Бірақ ана қыз азамат екен. "Бұл жігітті енді әурелесеңдер,
суға кетіп өлемін де өлемін", - деп далаға тұра жүгірген кезде, әкесі
борсаңдап ізінен тұра шапты. Басынан түсіп қалған қалпағына да қараған жоқ. Оны
кейін мен балыққа шыққанда теңізге киіп тоздырдым.

-
Жеңгесі ше?

-
Жеңгесі ме? Құдай сақтасын, мені оқты көзімен атып тұрды да: "Сен де
еркексің-ау", - деп шыға жөнелді.

-
Ол қыз сізді сүйген ғой?

-
Оған не дауа, шіркін. Кейін хат та жазды, бірақ мен үйленіп қалдым қазіргі
жеңгеңе...

-
Сіз сүйіп пе едіңіз?

-
Соны білмеймін, айналайын. - Сейілжан қолын созып керует басынан сүлгісін алып,
үсті-басын ойқастай сүртінді. - Әуелі жақсы көрген сияқты едім, кейіннен қызығы
кетіп, қызуы басылғандай болды.

Осы
кезде қорылдай ұйықтап жатқан Иван Николаевичтің демі бітіп қалғандай болып,
бір сәт тұрды да, өзі орнынан атып түрегелді.

-
Таң атып кетіпті ғой, - дейді көзілдірігін іздеп. - Тамаққа баруымыз керек.

Ертелі
көңілсіз әңгімеден қоңторғайланып отырған екі жігіт мынадан ішек-сілелері
қатқанша күлді.

-
Құдайың қаласа,, кешкі тамаққа енді барасың, - деді Сейілжан. - Жатқаныңыз жаңа
ғой, шал-ау!

ҮІІ

Билет
күні бұрын қалтада қаттаулы тұрғасын сенбіде сабақ бітісімен Сұлтан жолға
даярланған. Бір жақсысы, мұнан апта бұрын Рыскүл кететін уақытын сұрап білген.
Қалай да бір кездесіп кету көкейінде жүргенде, курсанттардан босаған оқу
залының арғы басында өзіне қарсы Рыскүл келе жатты. Қолындағы кітаптарына қарап
"Кітапханаға барасың-ау" деп түйген.

Бір
көз тастап бас изеген соң, адам тасалап жөнімен жүре беретін әшейіндегі
көпшіліктің біреуі де жоқ. Тамағына тастай кептелген жалғыз ауыз сөз
"Саламатсызбаны" шақтап айтты. Амандасқан қыз назар салмастан тұсынан
өте шыққан.

- Рыскүл,
- дегенін өзі де сезбей қалды.

Қыз
тұра қалды да жайымен бұрылды.

Жігіт
жүрегі дүрсілдеп, дізесі дірілдеп кеткендей болды. Соны білдіргісі келмегендей
қызға қарай жайлап жүрді. Енді болмаса бүкіл буыны босап, алдына құлап
кететіндей.

-
Күнім менің!..

Рыскүлді
бауырына басты.

-
Сұлтан...

-
А-а...

-
Мен сені түсімде көрдім. Сен бар ғой, астыңа ақ боз ат мініп жүр екенсің.

-
Рахмет, жаным. "Ат мінген мұратына жетеді ғой", - дейді қазақ.

Екеуі
қолдасқан күйінде бос аудиториялардың біреуіне кірді.

-
Сен бар ғой, сен үстіңде сауыт-сайманың бар және  қазақы ер-тоқымдармен ежелгі
ата-бабаларымыздай Алматыдағы біздің есіктің алдына келіп тұрсың.

-
Рас, шығар, Рысым.

-
Иә, иә, мен саған барғым келеді, бірақ ештеңе шықпайды. Сен бір ертегілерден
суырылып шыққан Ер Төстік сияқтысың, ұсынсам қолым жетпейді.

-
Оның да дұрыс. - Көкіректен күрсінген үн естілді. - Өмір жолымыз тоғыспаса
бір-бірімізге ынтығумен өтерміз. Сыртымыздан қарап сүйсінерміз. Ғұмырыңда
қолыңа түспейтін қымбаттыларың болғаны да дұрыс қой. Бақытқа адамның уысы
толуша ма еді.

-
Солай ма? - Қыз үнсіз ойланып, сәл-пәл тұрды. - Бірдеңе сұрасам деп едім.

-
Айта ғой.

-
Адамның жарға деген махаббаты бір жанмен шектеулі тиіс пе?

-
Осыны саған келердің алдында ойланып едім. Шектелуі тиіс. Адамзат үшін,
адамзаттың әлеуметтік берекеті үшін қосымша ынтызарлық пен құмарлықтың бәрін
құрбан етуі тиіс. Ол үшін бір ғана жан жеңіл жұбанышың, өмірлік жарың болуы
керек. Ал жалпы адамға деген сүйіспеншілік шектеусіз, үлкен жүрекке миллион
адам да жайғаса алады.

Қыз
қиялдана тыңдады. Әлде бір сұрақтардың көмекейіне кептеліп қалғаны көрініп тұр.
Кенет ақ шар бұлттардың арасынан көлеңкеленіп тұрып жарқ ете қалған
"Телефон-автоматтың" ішінде көрген еді.

-
Қалай, қай күнгі тиын бір сомдықтар таусылды ма?

-
Жо-оқ. - Сұлтан балаша құнжындап төс қалтасынан қағазға ораулы күмістерді алып
шықты. - Міне, тұр.

Алты
сомның мөлтекше тарихын Рыскүлге баян етті. Қыз басын шайқап, мұңлы жүзбен
жымия күледі.

-
Менің әжем бар ғой, - деді әңгіме біткесін барып. - Алла тағала адамның сол
иығында деуші еді. Шайтан жамандыққа түртпектер болса, періште қолын қағады деп
сендіретін. Мынау жүрек тұсыңызға сақтап салып жүрген күміс теңгелер сізді
періштедей қорғаған екен ғой... Мені де қорғапты...

-
Қазір иықта періште де, шайтан да жоқ, Рыскүл. Бәрі тереңге түсіп кетті
ғой.  Бірақ бір жерде өмір сүреді
тілектес, тілсіз періштелер...

-
Қойшы, әзілге айтамын, - Рыскүл қолын сілтеп қалды. - Адамға шайтан да, періште
де керегі жоқ. Адам өзінің шын мәніндегі адам қалпына қашан келеді екен.

-
Мен сізді осы сөзіңіз үшін бір сүйсем деп едім.

Үн
жоқ. Көзін ашып алып еді, өзі еппен басып қана ашық тұрған есіктен шығып
кетіпті, стол үстінде бір жапырақ қағаз қалыпты.

"Мен
бәрібір сізді сүйемін. Бірақ бұзылмаған дүние қалпында қалсын... Саған тілсіз
тілектес періштелеріңіз жар болсын, Сұлтаным". Үлкен әріптер баданадай
болып көзін қарап барады.

ҮІІІ

Ертеңіне
Москва вокзалынан "Қызыл жебе" экспресіне Сейілжан екеуі келіп
отырған жігіт көңілі құлазумен болды. Жүрек түкпіріндегі жалғыз қуанышы от
басына, сағынған балаларына, қарт шешесіне, жарына барады.

-
Әне, қара, - деді терезеден тысқа көз салып отырған Сейілжан қолымен нұсқап. -
Сенің қызың жүгіріп келеді. Вагоны Рыскүлге белгілі, терезелерді жағалап келеді
екен. Сұлтанның орнынан атып тұруын күткендей, поезд да жылжып жүре берді. Рыскүл
әдейі жүретін уақытқа туралап келген болуы керек, тілдесуге үлгермеді.
Терезеден қалмай еріп келеді, күлетін сияқты, көзінде жас... Жылдамдық артқан
сайын қолын көтерген күйінде қалың тобырда қарайып қала берді.

-
Жігіт, төсек-орныңызға бір сом ақша төлеңіз, - деді жолсерік жігіт. Жалт
қараған Сұлтан әлем-жәлем болып тұрып қалтасына қол салғанда, іліккені әйелі
берген алты сомдық сөлкебайлар екен. Біреуін алды да үн-түнсіз ұсына берді...