ВЕРНУТЬСЯ

Қыруар қаржы шығарылып, үлкен еңбекпен салынатын ескерткіш-кесене – көшіріп-қондыра салатын дүңгіршектер емес!.. Сондықтан қайдан-кімге және қандай ескерткіш салынатыны алдын-ала мұқият зерттелуі, бұл мәселені жергілікті жердегі талғамды басшылар мен білікті мамандардың Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссиямен бірлікте түбегейлі кесіп-пішіп, келісілуі, алынған жобаға кең ауқымды конкурс жарияланып, таңдаулы делінген бірнеше нұсқаның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық талқысына берілуі – басты шарттар деп білеміз!..Күн сайын елдің көз алдында тұрып, өлшеусіз тәрбиелік-эстетикалық қызмет атқаратын олардың – адамдар көп жүретін, орталық алаңдарда, кең жерде орналасқанына, «мен мұндалап» тұратын (әрине, оғаш емес. Авт.) айбынды да еңселі, биік тұғырлы болғанына не жетсін!..Мамандар: «Ескерткіштер сырты қабыршақтанып, онысы желмен ұшып, тез қарайып, бейненің өңін кетіретін қорғасынмен емес, қола немесе мыспен қапталуы керек!..»-деседі. Дұрыс айтады!.. «Арзанның – жілігі татымас!..»Маңғыстауда, кесене, немес там салудың белгілі шеберлері болғанымен, кәсіби мүсіншілер жоқтың қасында!.. Бұл ретте жалғыз-ақ мықтымыз бар! Ол – Көшер Байғазиев!.. Жалғыздың аты – жалғыз! Оған ізбасарлар дайындауды қолға алатын уақыт та жеткен секілді!.. «Мақалада айтылғандар – бұлжымайтын ақиқат пікір» - дейтін астам ойдан аулақпыз! Көпшіліктің алып-қосар, ойлы, дәлелді ұсыныстары болса, ол – елге қуаныш!.. Пікір айтсақ – мәселеге таза жүрек, сарабдал ақылмен келейік!..