ВЕРНУТЬСЯ

   Қолдан «батыр» жасау, «ақын» туғызу, «би» сайлау науқаны
өршіп тұрған заманда бұл жыр мен оның авторын және кейіпкерлерін аздың
шырамытып, көптің жатырқауы занды құбылыс.

Тарихи жырдың ел арасына тарағанына биыл тоқсан жеті жылдың
айы мен күні толыпты. Жүз жылда төрт ұрпақ алмасады-мыс дейтін тұспалды
межелесек, әрине, аз уақыт емес. Осы аралықта үш рет қоғамдық саяси жүйе
жаңарды...

Туындының авторы - Тобағұл Мұсабайұлы. 1871 жылы қаңтар
айында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Қопа ауылында дүниеге
келген. Әкесі Мұсабайды Құлжабайдың тоғыз ұлының кенжесі болғандықтан,
ағайындары Кенже атандырған. Мұсабайдың бәйбішесінен: Дүтбай, Нұрсапа, Нұрғали,
Әбілхан; кіші әйелі Әлпиядан: Тобағұл, одағұл, Қалиақпар, Әділбек және үш қыз
туған.

Ел аузында «Тобағұл Лепсідегі кіші мал дәрігерін даярлайтын
курсты тәмамдаған» дейтін сөз бар. Шындыққа жанасатын дерекке ұқсайды. Өйткені,
Қазақстан Орталық мемлекеттік мұрағатындағы екі томдық сот ісінің қағаздарына
Тобағұл «Мусабаевь» деп қолын орысша қойған. Көзі қарақты, сауатты адамның
қолтаңбасы. Жазуы маржандай. Қаріптерінің қалыбы көркем.

Тобағұлды тарих сахнасына алып шыққан оқиға - Жетісу
губірнасы, Лепсі уезі, Арғанаты болысындағы 1906 жылдың қаңтар айындағы
шаруалар көтерілісі. Көтеріліс ұраны - «Аттан, бауырым!» (Куә Ақмыш Шолақовтың
сөзі, 77, оп1, д 316, л
47. КазМемОрт. мұрағаты).

Бес томдық «Қазақ ССР тарихында» («Ғылым» баспасы, 1982 ж.) осы
көтеріліс туралы қысқаша мәлімет берілген.

«... 1905 жылдың басында №4 ауыл тұрғындарының салықты
мерзімінде төлемегені үшін бірнеше түйені тартып алған қиянатына қарсы 40-50
адам топтасып, болыстың өзін және оның жанындағы нөкерлері мен байларды соққыға
жықты. Наразылар саны тез көбейіп, 200 адамға жеткен, сөйтіп болысты айдалаға
апарып өлтірген» (3-том, 388-бет).

Бұл оқиғадан «Алашорданың» көрнекті қайраткері Мұхамеджан
Тынышбаев та хабардар болған.

«1905 немесе 1906 жылы Лепсі уезіндегі Жүзағаш пошта
бекетінің маңайында Арғанаты болысы Мұхаметқали Бейсенбин 500-600 адамдық
топтың қолынан өлген. 1906 және 1907 жылдары мені осы бекетте қарсы алған
Арғанаты болысының қазақтары маған адам айтса нанғысыз, аңызға толы істер
жайында әңгімелеп берді» («История казахского народа», 36-бет, «Қазақ
университеті» баспасы, 1993 ж).

Алаш ардагерінің таңданатын жөні бар. Арғанаты елінің болысы
Мұхаметқали Бейсенбин, песір Дмитрий Лиханов, 2-ауылдың биі Қошымқан Құтанбаев,
Сергиополь (Аякөз) учаскелік приставының полиция стражнигі Николай Маклаков,
урядник Павел Чернов, қазақ-орыс Михаил Калачев, болыстың шабарманы Қарымсақ
Орысбаевтар 1906 жылдың 7 каңтарында Аякөзден шығып, Жүзағаш пошта бекетіне
беттейді. Бұл елді-мекен Арғанаты болысының шаруалары алым-салық өткізетін жер
еді. Салтанатты топ 10 қаңтар күні 4 ауылдың биі Оспан Жәутіковтің үйіне
түседі. Осы топ пен көтерілісшілердің арасындағы алғашқы қарулы қақтығыс 11
қаңтар күні таңертең басталады. «Аттан, бауырым, аттан!» деп атқа қонған
отыз-қырық адамның басшысы Беркімбай Қалдыбайұлына Мұхаметқали болыс оқ атқан. (ф,77,
т, 1, д, 217, 162 л.).
Астындағы атына оқ тиген Беркімбайға қарайлап бұл топ іркіліп қалғанда, екі
жүзден астам адам әр ауылдан айқай-сүрең салып, Жүзағаш бекетіне лап қояды.
Болыс пен нөкерлері жан сауғалап, бай көпес Афанасий Кубышкиннің ауласына қашып
тығылады.

Тапанша мылтықтармен қаруланған көтерілісшілер (Лепсі
уезінің Мировой судьясы Тоничевке берген Н.Маклаковтың түсініктемесі, ф. 77, т.
1, д. 316, 152-154 лл.) оң иығынан жараланған болыстың мойнына қыларқан салып,
далаға сүйреп әкетеді.

Мұхаметқали Бейсенбин кім? Жас кезінен-ақ саудамен
айналысып, еті тірі, пысық жігіт атанған. Орысша сауаты бар. Орта жүз - Найман
шежіресін өдеңмен жазған Сүлеймен Бекбердіұлы өз аталасы Мұхаметқали туралы:

... Осыңдай жұрттан асқан кемеңгерді,

Жау шығып жақынынан тосып еді.

Көп итті бір бөріге қосып еді.

Заң қуып, басын сотқа кіргізе алмай,

Қамалып қалың халық сасып еді. - дейді.

Осы шежіреде: ... Мақтауға келер еді

хатқа сыйса.

Кенже ұлы Тобағұл жақсы туып,

Өнерпаз асқан емес салғастырса, - деп Тобағұл жайынан да
дерек беріледі.

Белгілі халық ақыны Есенсары Құнанбайұлының (1895-1961)
«Тобағұл батыр» дастанында (Ғылым Академиясының қолжазба қорында 1949 жылдан
бері сақтаулы тұр) бұл оқиға мүлдем басқа сипатта суреттеледі:

Бейсенбі баласы асты Мейірманнан,

Артылды бұлар тұрғай талай жаннан.

Байлықты місе көрмей, мансап іздеп,

Шашты ақша, алтын, күміс мыңменен

сан.

Қарауыз Есімбекпен көп таласып,

Бейсенбин болыс болды жеңіп содан...

...Сұм болыс, рақымы жоқ, ойран

салған,

Бәрі анық, осы сөздің емес жалған.

Ерте-кеш құлағынан қиқу кетпей,

Бір бұлт ел басына мұнарлаған.

 

***

Дос та бар, ел ішінде дұшпан да бар,

Азырақ білгізейін байыбымды.

Түрмеде жатқанменен жасығам жоқ,

Таң аса ұзартамын айылымды.

Сібірге кісі өлтіріп айдалды деп,

Найманға біздің дабыс жайылулы.

Ашынған елдің бір кісідей жұмылып, «аттандап!» атқа міну
себебін Ақбелбеу Тәукебай ақынның (1889-1967) «Зар толғауынан» білеміз.

Тобағұл заманында болған адам,

Дауысы жер-жаһанды жарған адам.

Бөрідей елге шауып Мұхаметқали,

Кісісі қалмап еді қорламаған.

Қасына ертіп жүріп казак-орыс,

Әйел жоқ, масқаралап, зорламаған.

Болыстың елге намыс болды лаңы,

Жиылып Тобағұлға бәрі барды.

Басқадан асып туған аруағы.

Арыстан секілденіп, айға атылған,

Талтүсте Жүзағашты шауып алды!

Түрмеге қамалған отыз адамның бесеуі - Тобағұл Мұсабайұлы
(35 жас-та),   Бәзбен Алашбайұлы (45
жаста), Беркімбай Қалдыбайұлы (32 жаста), Бопина Қазанғапұлы (41 жаста),
Қазанғап Сыбанұлы (67 жаста) Верный округтік сотының 1908 жылғы 26 каңтардағы
үкімі бойынша 10 жылға каторгалық жұмысқа кесіледі.

Бұл көтеріліс Қаракерей - Семіз Найман руының бір атасы
Меңлібай ішінде болған. Яғни, ру таласы, партиягершіліктен тұтанған өрт емес.
Өлген болыс та осы елдің ез тумасы.

Қазақ жосығы өлімге қиса да, мәйітті қорлатпайды. Басына үй
тігіп,   сүйегін ағайындарымен қалың
әскер ерткен патша ұлықтарына табыстаған.

Тергеу ісі үш жылға созылып, төрт адам этаппен Сібірге
айдалады. Патша үкіметі жасының ұлғайғанына байланысты Қазанғап Сыбанұлына
кесікті жазасын Лепсі түрмесінде өтеуге рақымшылық жасайды.

«Ес білген кезіміз, - дейді Темір Боқбасарұлы (1896-1985) - біраз
жатақ үй Жүзағаш бекетін сағалап отырғанбыз. Бір күні Арғанаты өңірі дүрлікті
де қалды. Тінібек (Қарауыз) елінің Батырхан деген жігіті Шұбарағаш - Ойжайлау
(Лепсі уезінің орталығы) мен Аякөз арасындағы стражник болып жүріп-тұратын.
Мына Қозы-Көрпеш, Таңсықтағы Фазылжан Нұралыұлының ағалары сол айтып кетіпті:
Тобағұлдарды Сібірге айдап барады деп. Ертеңінде қарақұрым халық Арғанаты,
Ақтоғай, Жүзағаш бекеттерін басып қалды. Аяқтарындағы кісеннің ұшы белдеріне
байланған төртеудің сақал-мұрттары өсіп, жүдеп кетіпті. Он екі айдауыл дәм
тұзын ұсынып, жылап-көріскен елді оларға жолатпайды. Аттылы- жаяуы бар,
ығы-жығы иін тірескен халықтың күңіренгенін айтсаң!..» («Жалын» журналы, 1984
ж, №3 саны).

Айдалып Алматыда үш жыл жаттым,

Бұйырған Үйсін елдің дәмін таттым.

Болғанда төртінші жыл қайта

айдалып,

Ай жарым күн-түн жүріп Арқа

тарттым.

 

Жамағат біздің сөзге салса кұлақ,

Жолшыбай көзі көрген мұсылмандар.

Бәрі де «жолың болсын» деді шулап,

Сарғайын абақтыда жатқан басым,

Түскен соң қара жолға кеттім қунап.

Темір тор, тар қапастан жерінген соң,

Құса боп ой қамаққа берілген соң.

Кезеңге Арғанаты шыққанымда,

Жыладым Тарбағатай көрінген соң,

Лепсіден дүйсенбі күн түстік жолға.

Кез болдық Құдай қосып қайғы молға.

Жеткенде Арғанаты бекетіне,

Ағайын амандаса келді сонда.

Жақыпбек бұрын келді Бекбайұлы,

Жігіттің бағланы еді өзі құрбы.

Жақсының аруақ қонған тұқымы еді,

Келген сон, жаны ашып жылап тұрды.

Қаракөк бабасынан үзілмеген,

Кісінің баласы еді патша сынды.

Жанынан бес-он теңге ақша беріп,

Қош айтып сол арада дұға қылды.

Қамбаймен (Конвоймен) келіп түстік

Жүзағашқа,

Рақым қыл патша құдай көзде жасқа

Сол жерде іздеп келіп амандасқан,

Азырақ қоштасайын қарындасқа.

Ішінде Қаракерей Семіз Найман,

Атағы жайылған ел алты алашқа.

Баласы Даңғасардың болыс Омар,

Адамға Құдай берсе, дәулет қонар.

Жасынан үздік шыққан бағыланым,

Іс қылды ағайынға көңілі толар.

Бәкизе Омарменен қатар тұрып,

«Қарағым, жолың болсын!» деді-ау

солар.

Бәкизе, Балпық қажы асқар белім,

Бір демеп көңілімді тастап едің.

Бар болса бізден қата кешіңіздер,

Кеудесін дұшпандардың басқан едім.

Тап болдым ағын судың таязына,

Қазанғап қалды Ойжайлау оязында

Қайран ел ыстығыңа күйіп едік,

Ақ патша қуды Сібір аязына

Пристап жазған екен Ачитанға,

Қол қойып, пригауар қағазына

Беркімбай Базбенменен Бопина бар

Дәм білер енді ғұмыр көп-азына

Сарыарқа қош аман бол, сайран

жерім,

Дәм тартса, бар ма жазмыш қайдан

дерің?

Көгенге көп жақсыны тізіп бермей,

Басымды бұл сапарға байлап едім.

Кішіні үлкен аға құрмет еткен,

Қош деймін, Қаракерей қайран елім!

Сәлем де Балтабек пен Сүбебекке,

Үзілмей келе жатқан қаракөкке

 

***

 

Шымырбайлап (ұран) шоқ шашқан

асылзатым,

Шыдамды батыр едің айтқан сертке.

Сәлем де Байғазы мен Тұтқышбайға,

Кісі еді тыныштықпен жүрген жайға.

Бас қосып Семіз Найман кеңес

қылған,

Олардай берекелі ауыл қайда?

Дүғай-дұғай сәлем де Батырханға,

Жатсам ұйқым келмейді ұзақ таңға.

Лепсіде үш күн келіп амандасты,

Жолығып рұқсат алып Әтұлтанға.

Босмойын, Шәкіртпенен екі бағлан,

Кетпейді кімнен көшіп дүние жалған.

Қапа боп тар қамауда жатқанымда,

Көтеріп коңілімді есіне алған

Шәкірт мырза ойымнан еш кетпейді,

Лепсіде жатқанымда іздеп барған.

Тар жер түгіл, кең жерде жүргенімде,

Ат, ақша, керегімнің бәрін алғам.

Қақпаған шаужайымнан бағландарым,

Жазғай-ақ көресіге есен-аман.

Осындай болам деген ойда бар ма?

Құданың құдіретіне не дүр шарам?

Жүреміз түсімізде елге барып,

Жас ағып көзімізден тарам-тарам.

Ақтоғай бекетіне келдік жетіп,

Жас ағып екі көзден мөлт-мөлт етіп.

Айбатты, салтанатты болыс, билер

Сол жерде амандасты құрмет етіп.

Сонан соң келіп кірдік пәтер үйге,

Құдайым салғаннан соң мұндай күйге

Жолдастар қасымдағы сыртта қалды,

Жиылған құрмет етіп, болыс, биге.

Ағайын естен кетпес жылағаның,

Көл қылып, көздің жасын бұлағаның.

Берікбол Түстікбаймен қатар тұрып,

Қонаққа бір күн бер деп сұрағаның.

Берікбол, жасыңыздан болдың болыс,

Бабаңнан бері қарай алдың қоныс.

Тиянақ халқымызға аулымыз ең,

Қараған аузыңызға казақ, орыс.

Түстікбай артық туған бағлан ерім,

Артылған құрбысынан кемеңгерім.

Құдайға малын айтып шалып еді:

«Аман бол көргенше деп, батыр

шерім!»

Кір жуып кіндік кескен қайран Арқа,

Есімнен кетер ме екен әсте менің!

Бекіш би, көргенімше, сіз де аман бол,

Кез қылған құдай қосып бір сапар жол.

Күнәлі көптен бөлек еш жерім жоқ.

Баласы Семіз Найман Дұғада бол!

Мәміш би жасынан-ақ туған артық,

Айдын көл ағайыным, жатқан

шалқып.

Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,

Тереңнен тұнушы едің түптен тартып.

Баласы Төлегетай бұрып мойын,

Босатпай тұрып алды жолдың бойын.

Құдірет кісенімнің құлпын бұзып,

Қазақтың қашан көрем жиын-тойын.

Сүлеймен дұғай сәлем бағланыма,

Алланың пәнде риза салғаныңа.

Сүлеймен, Тұрысбекпен көп жылады,

Қош айтып, көз ұшында қалғанында.

Шаймерден, қош аман бол, Сопы,

Рақым, Ағалар ойлап тұрсам дүние жақын.

Қой сойып, қонақ қылды үш күн,

үш түн

Ойлаған шын пейілмен жолдас хақын.

Керейде дұғай сәлем Оразбайға.

Кісі еді желігі жоқ қоқыр майда.

Жүретін бірқалыпты қайран елім,

Солардай берекелі кісі қайда?

Байғамыт, Терлікбаймен құдаларым

Мың жылдық құдалыққа шыдағаным.

Қысталаң кезде қайыр іс қылғаның

Ойынан еш кете ме тірі адамның.

Берікбол, Кәкімжанмен Болатбайым

Аллаға қылған ісін бәрі дайын

Кісісі Тойғұлы атам бәрі келді.

Білгізіп, есен-аман, мәні-жайын.

Біреуі Оспан Жәутік көрінбеді

Көп айтып басқа сөзді не қылайын?

Көп сәлем, дұғай-дұғай Қайран мырза,

Жасыңнан еліңізге болдың тұлға

Бабаңнан бері қарай ер дарыған,

Намысың кеткен емес қазақ ұлға.

Қоңыр мен Есенсары бағыланым,

Көп ойлап, құрбыларды қамығамын

Дуаннан іздеп келіп, амандасқан,

Кісіні ойламаған неғыламын,

Сәлем де, Байқұлжаға дұғай-дұғай

Рауа хажатынды берсін Құдай.

Жұрт билеп қажы болып

бабаң да өткен

Болады кімге жолдас дүние сұмырай!

Айқасқан тай-құлындай құрбыларым,

Сібірге біз айдалдық жылай-жылай.

Байқұлжа артық еді ғазиз басың,

Сағынып көп жылаған көзде жасым.

Айырылып ел-жұртымнан

болдым пақыр,

 Болады қай уақытта жарылқасын.

Секілді қалың тоғай қайран Тоғым,

Ағайын қош аман бол қарындасым.

Жер мен көк сәулет алған Күн мен

Айдан,

Сөзімді мен бір пақыр жұртқа жайған.

Аман бол қалың орман Қаракерей,

Орта жүз омыртқасы қайран Найман.

Бір шөкім топырағыңды ала кеттім,

Топырақ бұйырар деп енді қайдан.

Аман бол, келгенің де, келмегенің,

Жүрегім шор боп бітті шерден менің,

Шыдамас намыс үшін, уа дариға

Қолымды қиын жерге сермегенім.

Алдым тор, артым мылтық ентелеген

Ұлықтың неше көрдім тергегенін.

Ел үшін еркек тоқты біз құрбандық,

Еншіге заң-зәкүнге он жылды алдық.

Қырандай қолға түскен көрбаламыз,

Жетелеп бара жатыр әлсіз жарық

Еркіндік ер жігітке арман екен,

Алдында айдауылдың болдың ғарып.

Қайрансыз кек буады көкіректі,

Құдайым көл қылғайсың көп тілекті.

Шырылдап артта қалды бала-шаға

Ұлықтар итжеккенге үкім етті

Келгенде отыз беске ойнап-күлер,

Біз көрдік темір тұсау текіректі.

Ұмытпас Қаракерей бес боздағын,

Қорғаншақ көп жаманның несі кетті?

Аман бол, сәлем айтқан, айтпағаның

Арасын енді айырдым ақ-қараның.

Кеміріп кісен жеді қызыл етті.

Артыма елді қимай көп қарадым.

Дұғасы халайықтың қабыл болып,

«Қайран ел, дәмің тартсын!» деп

барамын!

Тобағұл ақынның даңқын елге жайған туындылары - Саратов
түрмесінде, кейінірек Иркутск губірнасы, Благовещенск уезінде каторгада жүріп
жазған өлең хаттары.

«Тобағұл әкеміздің Сібірден жолдаған өлен хаттарын бүкіл ел
болып асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей, таласып-тармасып көшіріп алатын.
«Отыз бес деген жасымда», «Түрме», «Шұбарағаш-Ойжайлау», «Бәзбен ер»,
«Қоштасу», «Сағындым Сарыарқаны» және тағы басқа жырларын бала кезімізде
үлкендер жағы бізге айтқызып, өздері жылап отыратын еді», - деп есіне алатын
қарт жырау Кәрім Сеңкібайұлы (1903-1985) («Жалын» журналы, 1984 ж, №3 саны).

Ал осы «Қоштасу» жырындағы кейіпкерлер кімдер? Солар жөнінде
оқырман қауымға мағлұмат берейік.

1. Жақыпбек Бекбайұлы - Семіз Найман - Меңдеке (лақап аты
Төбет) елінің старшыны. Арқа Төбеті атанған Алыбайдың Қаржау табынан. Аталары
Шүрегей, Күншайдың даңқы Арқа, Жетісуға саба-саба қымызбен шыққан. Жүз жылқының
терісінен тігілген қара сабаны он екі жігіт ат үстінде айналып жүріп піседі
екен. Жақыпбек «Торы ала атты Алаш» полкіне сарбаз беріп, оны полк құрамындағы
Семіз Найман эскадронын атпен, қарумен жабдықғаған байлардың бірі. Аякөз
(Сергиополь) совдепінің комиссары Сабыржан Ғаббасовты он бір қызыл әскерімен
тұтқындаған Жақыпбектің жігіттері. 1929 жылы пішен шауып бола берген уақытта
Сергей Щипицын мен Зүбәйір бастаған аякөздік чекистер Жакыпбекті Балқаш Саяқ
бетіндегі Ащыбұлақ жерінде ұстаған. Содан хабарсыз кеткен.

2. Омар Даңғасарұлы - Семіз Найман Жанғұлы елінің Тұманшы
руынан. Көп жылдар болыс болған. Комиссар Ғаббасов 1918 жылдың шілдесінде Омар
ауылында екі күн тұтқында жатқан. Алашорда мүшесі. Қайтыс болған жылы белгісіз.

3.  Бәкизе, Балпық
қажылар - Семіз Найман, Жанғұлы елінің Қожан руының адамдары.

4.  Қазанғап Сыбанұлы 1906
жылғы көтеріліс басшыларының бірі. Семіз Найман Меңлібай елінің Итқара руынан.
1913 жылы Лепсі түрмесінде 72 жасында қайтыс болған.

5.  Балтабек, Сүбебек
Байсұлтан ұлдары - Семіз Найман Жанғұлы елінің Шымырбай ұранды Қожан руының ел
басылары. Балтабек 1860 жылы дүниеге келген. Белгілі шежіреші, этнограф,
ғалым-ағартушы. Аякөз өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы.
Әбдіғапар хан мен Кейкі батырдың Торғай өлкесінен келген елшілерің Балқаш
көлінің жағасында қабылдаған. Патша түрмесінен 1917 жылы 7 наурыз күні
азаттыққа шыққан. 1910-13 жылдары Мекке, Мәдине, Стамбұл, Каир, Бағдат
сапарынан жолжазба жазған. Балтабек еңбектеріне Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов,
Әлкей Марғұландар назар аударып, 1950 жылдары ел адамдарына хат жолдаған.
Балтабек қажы туралы Нарманбет ақынның өлеңі, Смахан Бөкейханұлының естелігінде
айтылады. 1921 жылдың жазында Иванов, Садовский, Грабовский, Брюханов, Қанай
Боранбаевтардың «Кеңес өкіметінің жауы, ұлтшыл» деген ұйғарымымен сотсыз,
тергеусіз атылған. Қытайдағы белгілі жазушы Қажығұмар Шабдан - осы елдің
баласы.

6.  Беркімбай
Қалдыбайұлы - 1906 жылғы көтеріліс қаһарманы. 1913 жылы 22 мамырда Саратов
түрмесінде өлген. Семіз Найман Меңлібай Тоққожа руынан.

7. Бәзбен Алашбайұлы - Тобағұлдың серігі. 1914 жылы 1
шілдеде Саратов түрмесінде шейіт болған. Қазасын елге Тобағұл өлең-хатпен
естірткен.

8. Бопина Қазанғапұлы - 1906 жылғы көтеріліс каһарманы.
Семіз Найман Менлібай Итқара руынан. Сібірден тірі қайтты деген сөздің анық-қанығына
көзіміз жетіңкіремеді.

9.  Байбазар,
Тұтқышбай - Семіз Найман Жанғұлы елінің Ақбелбеу руынан. 1920 жылдары қайтыс
болды.

10.   Батырқан Семіз   Найман Меңлібай табына қарасты Тінібек (лақап
аты Қарауыз) руынан. Еті тірі, пысық жігіт болған. Стражник. Тобағұлдың айдалып
келе жатқанын елге айтқан осы адам.

11.  Босмойын, Шәкірт -
Семіз Найман Жанғұлы елінің Байтайлақ руынан. Тапқанбай, Санқайбай қажылардың
балалары. Саңқайбай XIX ғасырдағы қазақ байларынын бірегейі. Босмойын қажы
аласапыран заманда Қытайға ауып, сол жақта қайтыс болған. Шәкірт қажының зираты
Семей облысы, Үржар ауданы, Қарақол ауылында.

12.  Түстікбай - Семіз
Найман Жанғұлы елінің Былғақ (лақап аты Тентек Былғақ) руынан. 1918 жылы
Үшаралда қазақ сиязы өткен. Сияздың күн тәртібінде «Торы ала атты Алаш
полкінің» Жетісу майданындағы ұрыс қимылдарына қатысу мәселесі қаралған.
Түстікбай екі күн ауырып, сонда қайтыс болған. Сүйегін былғарыға тігіп, елге
Балтабек қажы жеткізіпті.

Ағайындары абыржып, сасқалақтап қалғанда: «Әй, түге сендерге
не көрінді?» Былғақтың тұқымы  бір күнде
бәрі қырылып қалса, бәріңді Бақиға бір Түстікбай жөнелтер еді»» - деп Балтекең
ақырған екен. Зираты Ай өзені бойында.

13. Берікбол Малдыбайұлы - Семіз Найман Жанғұлы елінің
Байшуақ руынан. Патша заманында Аякөзде былғары зауытын салғызған. Көзі ашық,
орысша сауатты адам. Алашорда мүшесі. Торы ала атты Алаш полкін
ұйымдастырушылардың бірі. Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Садық Аманжоловтармен
тығыз қарым-қатынаста болған. 1928 жылы кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылған.
1933 жылы Абайдың толық шығармалар жинағы жарық көрген кезде Мұхтар Әуезов пен
Есмағамбет Ысмайыловқа жолдаған хаты Ғылым Академиясының қолжазба қорында
сақтаулы тұр. 1960 жылдары Қарағанды қаласында қайтыс болған.

14.   Бекіш би - Семіз
Найман Меңлібай елінің Тінібек Тоқтауыл руының биі. І920 жылдары қайтыс болған.

15.  Мәміш би
Көмекбайұлы - Семіз Найман Меңлібай елінің Тінібек (лақап аты Қарауыз) руының
заманында сөз ұстаған адам.

16. Cүлеймен, Тұрысбек - Меңлібай елінің Итқара руының
ақсақалдары. 1918-19 жылдары қайтыс болған.

17.  Шаймерден - Семіз
Найман Меңлібай елінің Тінібек (Қарауыз) руының Қасаболат дейтін атасынан.
Көгілдір бекетінде тұрған.

18.  Сопы, Рақым - бұл
кісілердің кімдер екенін біле алмадық.

19.  Оразбай,
Байғамыт, Терлікбай, Берікбол, Кәкімжан, Болатбай, Оспан Жәутікұлы - Керей
руының Тойғұлы атасынан.

20.  Қайран
Жалдыбайұлы - Семіз Найман Жанғұлы елінің Аманқұл руының Бозай деген атасынан.
Қайран асқан қайрат иесі, палуан болған. Алашорда мүшесі. 1930 жылы Семей
түрмесінен Атбасарға айдалған.

21.  Есенсары
Ыбырайымұлы - Семіз Найман Жанғұлы елінің Аманғұл руының Бозай атасынан. Әкесі
Ыбырайым болыс болған. 1926 жылы пәниден өткен. Ұрпақтарының біразы Қытай
жерінен ауып, кейін елге оралған.

22.  Қоңыр Дәрібайұлы -
Семіз Найман Жанғұлы елінің Аманғұл руынан. Соғыстан кейін жасы ұлғайып барып
қайтыс болған.

23.  Байқұлжа
Түгелбайұлы - Семіз Найман Меңлібай елінің Тоғым руынан. 1906 жылғы көтеріліске
белсене қатысушылардың бірі. Кейінгі ұрпақтарының бірі - Ғабиден Жұмагелдіұлы
Бөлеков желтоқсан көтерілісіне қатысып, екі жылға сотталған.

 

***

 

Патшаның болысын өлтірген деген сұрақтың тууы әбден заңды.
1917 жылы Сібірден оралған Тобағұл 1928 жылы кәмпескеге ілініп, 1930 жылы
екінші мәрте ауыр жазаға кесілген. Сонда «Кұдай менің ғұмырымды түрмеге жазған
екен» деп налыған жарықтық, өзі бақилық болғаннан кейін (1936) бір жылдан соң
зиратының да сотты боларын қайдан білсін! «Тобағұлдың бейітін қалағандарға бір
шелек айран апарыпсың» деген желеумен күйеу баласы Шәпіш он жыл мерзімге «халық
жауы» боп айдалған.Тобағұл кеңес өкіметі кезінде неғып сый-кұрметке, марапатқа
ие болмады