ВЕРНУТЬСЯ

   «Өй, тұқымың өскір», «Бала-шағаңның қызығын көр» деген
алғыстан адамның мерейі өсіп, марқайып қалады. Өйткені ұрпақ - ғұмыр жалғасы,
тіршілік көзі. Тіпті қаза үстінде айтылатын «марқұмның жасамаған жасын сендерге
берсін», «орнында бар оңалар» деген тілектерде де өмірлік байлам бар. Қай халық
болмасын, үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Қазақтың батырлық
жырларындағы Алпамыс, Қобыланды сияқты ел қорғаған ерлердің көбінің
ата-анасының зарығып көрген перзенттері болып келуі тегін бе?

«Атаңның ұлы болғанша, халқыңның құлы бол» деген тәмсілде
қаншалықты сыр, тілек, өсиет жатыр!

Бірде Әз Жәнібек қасындағы нөкерлеріне «төресі жоқ үйге
түсейік» дегенде, ханның тұспалын түсінбеген серіктері бір кедей адамның үйіне
әкеліпті. Сөйтсе, үй иесі бала-шағасы көп адам болып шығады. Келген қонаққа
бай-кедей деп қарамайтын сәбилер жолсоқты боп шаршап келген ханға маза
бермепті. Ертеңінде ханның нөкерлері «апыр-ай, енді қайттік» деп қысылып, Әз
Жәнібектің жанарына тіктеп қарай алмай, күмілжіп, төменшіктей беріпті. Сонда Әз
Жәнібек:

- «Балалы үй - базар, баласыз үй - мазар» деген. Базардан
қашып, мазарға түнесем, хан атыма сын болғандай екен-ау,- деп езу
тартыпты-мыс...

Ал енді осыған орай өз көзіммен көрген мына оқиға әлі күнге
дейін ойымнан кетпейді. Автобуста келе жатқанбыз. Аялдамалардың бірінен
бір-біріне тете ұл мен қызын жетектеп, ішке бір әйел келіп кірді. Жасы үштер
шамасындағы қыз бала кенет алдыңғы жақта отырған үлкен кісіні:

-   Ата, менің Атам!-
деп бас салды. Қаланың баласы кісі жатырқағыш болатын еді, мына бала ондай емес
екен. Ақ сақалы омырауын жапқан, жүзі нұрлы қарияның мойнынан тас құшақтап алған.
Көңілі босаған қария кемсеңдеп қоя берді.

- Періштем-ау, сен қайдан жүрсің? Ата деген аузыңнан айналып
қана кетейін-ау... Ақсарбас, Ақсарбас! Е, жаратқан ием, періштенің үні мен ақ
тілеуім құлағыңа шалынсын...- деп егіліп барады.

- Жылама, жаман болады. Неге жылайсың?- деп әлгі бала
атасына «ұрсып» жатыр. Көзінен тарам-тарам болып аққан жас тамшылары қарияның
әжімді жүзін мейірлендіріп жіберді.

- Жыламаймын, енді жыламаймын... Сені сегіз жылдан бері
күтіп сағынған соң, жылағаным ғой...

- Немересі ме?

- Енді табысқан ба?- деген сыбыр-күбір жолаушылардың
арасынан естіле бастады.

Жас келіншектің ибалылығы иманжүзінен білініп-ақ тұр.

- Ата, кешіріңіз, біз келесі аялдамадан түсуші едік,- деп
қысыла күлімсіреді.

Қария ыңғайсызданып қалды.

- Айыпқа бұйырма, айналайын. Жалғыз ұлымның үйленгеніне
сегіз жыл болса да, кемпірім байғұс екеуміз бір шарананың шыр еткен үніне
зарығып жүрген жайымыз бар... Мына балам ата деп мойныма асылған соң, соны ырым
көріп, ақсарбас айтып жатқаным ғой...

«Қайран, әке! - дедім іштей көңілім толқып. - Мал байлығынан
бас байлығын артық көрген әулие атам-ау. Ұрпағым үзілмесінші деген ақ арманыңыз
екен ғой, сізді дүйім елдің көзінше жылатқан?!»