ВЕРНУТЬСЯ

         Әлі есімде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Жәнібектегі
Тайыр Жароков атындағы орта мектепті бітіргендердің ішінде Жанқуат есімді бір
жігіт болды. Өзі анасының жалғыз баласы. Неге екені белгісіз, замандастары
сияқты жоғары оқу орнына ұмтылып, атой салған да жоқ. Сол ауылда қалып, түрлі
жұмыстардың басын шалып жүрді. Қазір өмірде бар-жоғынан хабарсызбын.

«Түрлі жұмыстардың басын шалып» дегенім,  аталған азамат сан алуан қол жұмыстарында
еңбек етті. Әрине, адал еңбек етсең, дұрыс жүрсең, қол жұмысы абырой-атақ  сыйлайды ғой. Бірақ өмірде олай бола бере
ме?!

Бала кезінен ерке болып өспесе де, Жанқуаттың тағдыры дұрыс
қалыптаспады. Қыз шошитындай ұсқыны болмағанымен, дер кезінде үйлене алған да
жоқ. Бәріне де кінәлі-маскүнемдік. Дені дұрыс жігітті менсіне қоймайтын
бүгінгінің өркөкірек бикештері оны қайтсін?! Тұрақтап, еңбек етпегесін, жұртты
да бездіріп бітті. Оның үйленуін күтіп, немере сүюді армандаған анасы да
қинала-қинала бір кезде өмірден озды.

Бірде, жаназа кезінде сол кезде қырыққа келіп қалған, көшеде
қаңғып жүрген Жанқуат туралы кенеттен әңгіме туды. -Жас кезінде жүзіктің
көзінен өткендей тамаша жігіт еді,-деді бір кейуана оны мүсіркей сөйлеп,- Енді
азып кеткенін қарашы. Әлде жалғыздықтан ба, екен?!-

 -Жоқ,-деп кесіп айтты
бірден төрде отырған ақсақал,-Ол-зауалдан туған салдар ғой...-

-Зауалдан?!...-

-Иә, иә. Оның әкесі кезінде осы ауданның прокуроры болған.
Сонау отызыншы жылдары талайлардың көз жасына қарамай, жазалап, итжеккенге
айдатып жібергенін көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Кейін өзі де Құрышовтың
(Хрущев) заманында шатылып, әупіріммен зейнетке шығып үлгірді. Сонан соң, көп
жасаған жоқ, жүрегі жарылып өлді. Әрине, баласының ешкімнің алдында ондай
жазығы бола қоймас. Бірақ өзгеге жасаған қиянатың түптің түбінде өзіңе оралады.
Онан қалса, бала-шағаңнан шығады не ұрпақтарыңа кесірі тиеді...-

Дастархан үстінде үнсіз тыныштық орнады. Ешкім де қайта
оралып, ол туралы аузына алмады.