ВЕРНУТЬСЯ

      Мен болсам кеттім ақын боп,

Азырақ бақытсыздау боп.

Төлеген Айбергенов

Әлі күнге айта алмастан келемін,

Әлемдегі ең сұлу қыз сен едің.

Торыққан бір,

тарыққан бір шағымда,

Желмен жеткен лебіңменен демедің.

Менің нәзік өлеңім-ай,

өлеңім.

Саған жырды он алтымда жазған ем,

Ғұмыр жайлы бір әңгіме қозғап ем.

Бұл өмірдің қысқалығын білсем де,

Аспандағы айға қолды созған ем,

Сен бойжеткен,

мен ұяндау бозбала ем.

Маған ермей қалдың сонау көктемде,

Жалғыз кеттім қауіптілеу өткелге.

Бұл жалғанда жалғыз қалдым, жарығым,

Қолым жайып

оралмайтын өткенге,

Үнсіз қарап жалғыз

жүрген кептерге.

Мәңгі серік етті содан асыл мұң,

Саған ғашық екенімді жасырдым.

Бұл жалғанда жалғыз қалдым, жарығым,

Қаламын ап

Төлеген мен Қасымның.

Көшелерде

шайқалдым да шашылдым.

Шайырлардың шайқап ішіп шарабын,

Жалғыз қалдым, жасқа толып жанарым.

Жалғыздықтан жапа шегіп барамын,

Сен елігі,

мен еркесі ем даланың,

Қажыдым-ау,

қайда жүрсің,

қарағым.

Елге соқтым, баяғыдай шықпадың,

Сүртті самал жанарымның шықтарын.

Мені кейде түсінбеді

Адамдар,

Мен де кейде

Адамдарды ұқпадым,

Ақындықтан ештеңе де ұтпадым.

Сонау көктем аңсатты ғой,

аңсатты,

Жүректен - жыр,

көңілден күй қанша ақты.

Сенсіз өткен жылдар мені мұңайтып,

Сенсіз өткен жылдар мені шаршатты.

Тұнжырайды аспан жасын тыймаған,

Жүрек беріп, махаббатын қимаған.

Елеусіздеу осы
ауылдың қызы ғой

Маған мәңгі
жалғыздықты сыйлаған.

Танысқанда сен он бес-ақ жаста едің.

Туманбай Молдагалиев

Махаббатқа куә болған

дала-ау бұл,

Бәрі орнында - анау өзен, анау қыр.

Алматыға кеткенімде, мұңайып

Осы ауылда бір қыз қалған сонау жыл.

Он бесіңде бой түзедің,

бүр жардың,

Түн жамылып терезеңе жүз бардым.

Сен арқылы күллі әлемді сүйдім де,

Сен арқылы сырын ұқтым

қыздардың.

Он бесінде шешек аттың,

гүл аттың,

Мына жерде қызғаныштан жылаттым.

Сенің ойлы кездеріңе ғашық боп,

Сенің аппақ көйлегіңді ұнаттым.

Гүлдер маған сыбырлайтын үлбіреп,

Сүйгеніңді, күйгенінді білді деп.

Саған үнсіз қарағаны біреудің,

Ауыртатын жүрегімді тілгілеп.

Жылдар өтті талайларды жылатып,

Талайларды тұрмастай ғып,

құлатып.

Сол ауылда он бес бала жыр жаздық,

Он бес жасар сол бір қызды ұнатып.

Қызғаныш па, біле алмадым себебін,

Барар жолда талай таяқ жеп едім.

Терезеңнің жақтауларын сипадым,

Екеуімізді бөліп түр ғой демедім.

Сағынышым бой бермеді, женді, аға,

Баяғыдай шалқымайды кең дала.

Мен де оралдым,

ол да оралды,

Оралмаған бұл ауылға сен ғана.

Соңғы жылдар
сездіргендей

күз лебін,

Жоғалтсам да, сенен

күдер үзбедім.

Содан кейін бір көруге зар болып,

Ақ сағымның ар жағынан іздедім.

Сол сағыныш бой
бермеді,

жеңді, аға,

Сондағыдай шалқымайды кең дала.

Қанша сұлу арулармен сырластым,

Қайтып маған жолықпаған сен ғана.

Арман екен,

сол бір шақтар гүл екен,

Ең ғажайып кезеңімнің бірі екен.

Қайран жүрек әлі іздейтін сол бір қыз,

Бұл жылдары қай қиырда жүр екен?

Жан сырым ғой ұға алмаған өзге ешкім,

Сезіміңмен жұмысы жоқ кезде әстім.

Бұл өмірде бір-ақ рет берілер,

Мен осылай махаббатпен кездестім.

Жағасында көк бұлақты,

көк тастың,

Қыста дауыл,

күзде жаңбыр жоқтассын.

Бұл өмірде бір-ақ рет берілер,

Мен осылай махаббатпен қоштастым.

Өткеніңде гүлді аппақ көйлекпен,

Қарап түрған мылқауларды сөйлеткен.

Мені әлі алға сүйреп келеді,

Қара көзді,

он бес жасар бойжеткен.

Махаббатқа куә болған дала-ау бұл,

Бәрі орнында - анау өзен,

анау қыр.

Алматыға
кеткенімде,

мұңайып

Осы ауылда бір
қыз қалған сонау жыл...

Тым көңілсіз өтті қызық күзің де,

Қыздар маған хат жазбайды бүгінде.

Құлағына сыбырлап мен ақырын:

«Ұлы шайыр болам дегем түбінде».

Жота жатты жазыла алмай ұйқы орап,

Сағым жақтан ойналғандай күйтабақ.

Төмен қарап үнсіз тұрдың ойлана,

Қара ағаштың қабығынан сипалап.

Ерте білдім беретінін тілдің не,

Тілсіз өмір сүрмедің не,

сүрдің не.

Үнсіз ғана қимай қарап түрып ең,

Тым алысқа ұшарымды білдің бе.

Көкірегімде тау
теңселіп,

күн күлген,

Ұлы шайыр шықпас,

бәлкім...

кім білген.

Туған ауыл,

аяулы қыз

қалды артта,

Қара жолмен көкжиекке сіңдім мен.

Сен тұрдың мені арманшыл ағаға балай,

Дос пенен дұшпан,

дариға-ай, табаламағай.

Жүрек пен теңіз,

аспан,

жер астасып кетті,

Толқындар шулап асықты жағаға қарай.

Толқындар қайта ұмтылды шегіне қалып,

Сен тұрдың елдің сан түрлі сөзіне налып.

Бауыры күнге шағыла шолп ете түскен,

Жастығым болып көрінді кезіме балық.

Толқындар келіп ақырын тобықтан ұрды,

Тарттың сен кері иіріммен қорыққан ұлды.

Қош,

аяулы қара көз,

Шардара жақта

Есіме ап жүрем ақ нұрмен жолыққанымды.

Шулаған ауыл, шыққанда жырым алғашқы,

Мазақ қып бәрі қызарып кеткен Қарғашты.

Отызға толдым, ол жылдар қалды белес боп,

Қанша жаз өтіп, даламды қанша қар басты.

Шулаған ауыл, үмітін үзді біртіндеп,

Кешегі достар сыртымнан бүгін жүр күндеп.

Көргенде мені қызарып кеткен қу қыздар,

Көзіңнің жасы

қолыммен қашан сүртілмек,

Армандап жүрмін сырласар ма едік шіркін деп.

Отызға келдім, он сегіз қалды белес боп,

Бал дәурен шақтар өтеді кейде елес боп.

Алғашқы жырға шулаған ауыл тым-тырыс,

Ақын атанып айдардан қашан жел еспек.

Отызға келдім, отызға кімдер келмеген,

Қарызбын қанша Қарашык* өткен жерге мен.

Жырымды менің білмесе-дағы мұңдылау,

Біргемін мәңгі момындау туған елменен.

Өлгендер өлді, оқиды мені тірілер,

Оқыған сайын жүрегі қан боп тілінер.

Бірігер сосын жоғалтпау үшін тілімді,

Бетінде жердің жоқтығым сонда білінер.

Тірілер түгіл, оқыған мені өлгендер.

Дәлелдер оны тындағандар мен көргендер.

Қамықпа бірақ сыйлайды қанша түлпарды,

Думанды,

нулы Қазаққа мені берген бел.

Жоқтығым менің білінер жердің бетінде,

Келуің керек шешімге желдің өтінде.

Жатармын жым-жырт жұпыны,

мұңды
бейітте,

Аясаң бұрыл сонау бір жолдың шетінде.