ВЕРНУТЬСЯ

   Артқа тастап Ақтоғайдың белеңін, 

Ақ жаңбырмен Аякөзге келемін.

Қапшағайдан су іліп ап қашқан бұлт,

қайта-қайта шайқай берді шелегін.

Шөлі қанбай жатыр құмды төбенің.

Сөлі кетіп, шөп қурапты қолатта,

көз тігеміз көркі қашқан алапқа.

Бізден гөрі мына жаңбыр жомарт па?

Үшеуміз де қызғанышпен қараймыз,

Барар жағы - бағыты бір қонаққа...

Топ-топ тамшы шертпек алып сүйсінді,

Әйнек - маңдай көтере алмай бұл сынды

Әй, жылады-ау...

доңғалақтар жұлқынып,

Жер апшысын қуырсам деп құлшынды!

...Шашы аппақ отағасы күрсінді.

Шоқпар галстук кең құрсағын жабатын

Үшінші адам -

жуан ағай болатын;

әдеті бар, қолындағы сағатын:

«Таза  алтынның  сыңғыры-ай», -

деп тамсанып,

Шай қасықпен шағып алмай соғатын.

Сексеуілдер еңбектеген құм төбе,

Төніп келген доңғалақтан үрке ме,

Белін жазбай бүкірейген қалпында,

Қорқынышпен

жалт қарайды купеге!

Сырласуға шақырып жас жылдарын,

Отағасы (біз білетін бір ғалым).

есіне алып Майбүйректің құмдағын,

жарты ғасыр жол түспеген өңірде,

Білмей отыр кімдер жоғын, кім барын

Маңдайының тершіп қатпар қыртысы,

Ойға тұтқын болып отыр бұл кісі,

...Көне естелік парақтарын жыртады,

Сағатшының дарақылау күлкісі.

Сөйтсек...

таза алтын екен бір тісі!

...Шөл қандырсын,

тұншықпасын шаңнан қыр,

Жерді құлпырт,

тамырларға барған нұр;

Адамдардың тозаң қонған көңілін

Жел боп жұлқы,

оят, сілкі,

толғандыр.

...Жау, жау, жаңбыр, жау жаңбыр!