ВЕРНУТЬСЯ

        «Міне, осылай! Кімде-кім Құдай дінінің амалдарын құрмет
тұтса, Аллаһтың алдында оның жүзі жарқын », «Құран-Кәрім», «Хаж» сүресі,

...Біз қасиетті Құран-Кәрімнен тектен-текке үзінді келтіріп
отырғанымыз жоқ. Өйткені осы жолғы әңгімеміз Аллаһқа жан-тәнімен берілген,
бүкіл ғұмыры мен талантын бір Жаратушымыз бен 
ұлтына арнаған жан туралы. Ол-он 
жыл бойы Иран Ислам Республикасының ең жоғарғы және рухани жетекшісі әрі
көсемі болған аятолла Рухолла Мусави әл-Хомейни (1899-1889).

 Батыстың насихаты ол
туралы не айтпады, не жазбады десеңізші ?! «Тоңмойын, керітартпа тұлға»,
«өзімшіл билеуші» ...т.с.с. негізсіз айыптауларды үйіп-төгіп, оны қаралап-
күстәналап бақты. Алайда биік парасат пен сарабдал ақыл иесі соның
бірде-біреуіне кірпігін де қимылдатқан емес. «Ит үреді, керуен көшеді» ғой... 

Дін жолында

Бала кезінен ерекше есті және сезімтал Рухолла ислам дініне
бас ұрған қарапайым да көп балалы отбасында дүниеге келді. Діншілдік, соның
ішінде исламның шиизм бағытына мойын ұсыну - сол заманда  және қазір де көптеген иран отбасыларына тән
қасиет. Есейе келе, бозбала Хомейнидің де дін жолын таңдауы  кездейсоқтық емес.

Ең әуелі қасиетті ислам негіздерін терең зерттеп үйренді. Білімі
мен парасатына орай, діндәрлардың арасында зор беделге ие бола бастады. Нәтижесінде
бүкіл әлемнің шииттері үшін қасиетті орын - Кум қаласында медреседе сабақ
берген. Тамаша ұстаз әрі тәрбиеші болғаны үшін оған «аятолла» (шиит
діндәрларының ең жоғарғы рухани лауазымы) құрметті атағы беріліпті. Міне, сол
құрмет пен лауазыммен тып-тыныш жүре берер еді. Алайда тағдырдың өзі оған көпке
дейін бойын алып қашып жүрген саясатпен айналысуды жазған екен...