ВЕРНУТЬСЯ

    Ақан Қорамсаұлы
осы күнгі Көкшетау облысында Қоскөл деген жерде 1843 жылы туған. Оның өмір сүріп,
балалық шағын өткізген жері де осы Көкшетау төңірегі.

Ақанның әкесі шаруа болған. Бала Ақан көп қыздың ортасындағы
жалғыз, ерке ұл болып өседі. Ақанды әкесі жас кезінде дін мектебіне береді. Ол
кездегі дін мектебінде жазуды үйретпейтін. Алайда талантты болашақ ақын
жасынан-ақ жазу-сызуға әуес болып, тез-ақ хат таниды, жаза біледі. Сол оқып жүрген
кездің өзінде-ақ Ақан өлеңге әуес болады. Ойын-тойда, өзінің замандастарына өлең
шығарып, болашағы бар, талантты ақын екендігін байқатады. Ақын Ақан деген атқа
ерте ие болады. 14 жасқа келгенде молдамен араздасып, дін оқуын тастап кетеді.

Ақан ертерек оянып, бозбалалық, салдық құрады. Ит жүгіртіп, құс
салып, аңшылық, әншілік, өлеңшілік, жігітшіліктің соңына түседі. Кәміл жігіт
болып, ержеткен соң қасына қосшы-қолаң ертіп, қолына домбыра, сырнай алып, әнші,
өлеңші жігіттермен ел аралап, саяхат құрады. Ақанның сырлы сөзі, лирикаға толы
нәзік үні елдің назарын аударады. Ел ақынға сері деген атақ беріп, құрметтейді.
Ойын-тойдың көркі Ақан боп саналады. Ержеткеннен кейін Ақан Бәтима деген қызға үйленеді,
Бәтимадан бір ұл, екі қыз болады. Он жылдан кейін Бәтима дүниеден қайтады. Әйелі
өлген соң біраз жыл балаларын бағып отырады да, кейін серілік жолына қайта түседі.

Құсбегі, тазышыл, атшыл Ақан жүйрік тазы, алғыр қыран ұстайды.
Тазысына Базаралы, құсына Қараторғай деп ат қояды. Көп ұзамай-ақ ел аузында аңыз
болып кеткен кәдімгі өрен жүйрік Құлагерге ие болады. Алғыр қыран, жүйрік тазы,
жел жетпес Құлагер біріне-бірі сай келіп, ақынның көңілін Оқжетпестің өріне өрлеткендей
әсер етеді.

Күдіре жал, қыл құйрықтының жүйрігі Құлагерді Ақан күтіп, мәпелеп
баптап, бәйгеге қосып жүреді.

Алдына мал салмаған Құлагер өзге елде «Көкшетаудың дүлдүлі»
атанады.

Осы кезде Ақан өз еліндегі Ұрқия деген қызға үйленеді. Бірақ
бұл әйелі де үш ай отасқаннан кейін қайтыс болады. Мұнан кейін жақын інісі өледі.
Осы екі өлім Ақанға қатты батады. Кейін Ақан сол Қарауыл еліндегі Ақтоқты деген
қызбен көңіл қосып, соған үйленуге бел байлайды. Бірақ үстем тап өкілдері Ақтоқтыны
зорлықпен өзгеге ұзатып жібереді. Сері Ақан Ақтоқтыдан кейін көп жылдай ешкімге
көңіл аудармай жүріп, жігіт ағасы болған кездерінде Жамал деген қызды сүйеді, оған
арнап бірнеше өлең, «Үш тоты» деген ән шығарады.

Өстіп жүрген кезде, Ақанға үлкен қайғы тағы тап бола кетеді.
Керей руының паң Нұрмағамбет атанған үлкен байы Ереймен деген жерде әкесі Сағынайға
ас беретін болып, үш жүзге сауын айтады (кісі шақырады). Сол аста Ақан Құлагерді
бәйгеге қоспақ боп, баптап алып барады. Бәйгеге 323 ат қосылады. Бәрінің
алдында келе жатқан Құлагерді бұрыннан Ақтанмен өштесіп жүрген Алтайдың
Батыраш, Қотыраш деген феодалдары соққыға жығып өлтіреді. Ақан сері Құлагер өлгеннен
кейін ауыр қайғыға ұшырайды. Баласымен екеуі елсіздегі Қоскөл деген қамысты қопаны
мекендеп, тау кезіп, иесіз даланы жайлап, өзгеден оғаш өмір сүреді. Тау-тасты күңірентіп
ән салады, өлең айтады. Құлагерге арнап бірнеше ән мен өлеңдер шығарады. Ақанның
дұшпандары «Ақан жынданыпты, оны пері иеленіпті, Ақан пері қызына үйленіпті»
деген лақап таратады. Ол жөнінде әртүрлі аңыз да туа бастайды. Әйтсе де ақын
тау мекендеп, көл жайлап, ән шырқауын үдете береді. Өмірінің ең ақырғы минутына
дейін тау-тасты тербеткен әдемі әні, әсем лирикалы өлеңнен қол үзбейді. Өстіп жүреп
Ақан сері 1913 жылы қайтыс болады.

Ақан серінің өмірі - ХІХ ғасырда тіршілік еткен қазақ ақындарының
ішінде айрықша көңіл аударарлық өмір. Ақан ең алдымен өз кезінде де, өзінен
кейін де жұртшылықтың назарын өзінің әнімен, өлеңімен аударды. Жас кезінен-ақ нәзік
лирикалы, жан тербеткен үні мен сазы тыңдаушыларын сұқтандырса, өсе келе сол
сазына сәйкес, өзі ән шығаратын композитор болды. «Сырғақты», «Сырымбет», «Балқадиша»,
«Көкжендет», «Маңмаңкер», «Құлагер» т.б. оның тамаша әндерін білмейтін, сүйсіне
тыңдамайтын адам жоқ.

Ақан сері - тек әнші-композитор ғана емес әрі үлкен лирик ақын.
Әсіресе оның көп өлеңдері - сүйіспендікке арналған махаббат лирикасы. Жасынан сұлулықты
сүйе білген сері ақын жастық өмірдің сан алуан қызығына, сүйіспендік мәселесіне
арналған лирикалық өлеңдерін ән сазына салып шығарды. Махаббат бостандығын көксеген
сиқырлы сырлы өлеңдер жастардың көңіліне қона кетті. Жастық шақтың жүрек толқынын,
жан сезімін Ақан сөз арқылы толғады. Ақан даңқы әнімен ғана емес, «Ақ көйлек» тәрізді
әдемі лирикасымен де шықты.

Ақан серінің өмір жолы да жай адамның өмір жолынан ерекше. Ақан
бір алуан өмірін серілікпен өткізді. Өз қасына өнерпаз жастарды жинап, халықтың
ән-күйлерімен сауық ұйымдастырып, ән аңсап, өлеңге сусаған қалың көпшіліктің
рухани сусынын қандырды. Өмірінің соңғы кезін өз ортасынан аулақтап, жалғыздықпен
өткізді. Мұндай мінезді бұрын көзі көріп, құлағы естімеген ел оны жат қылық
санады.

Ақанның атағы аспанға шығып, өмірінің шешілмеген сыр-жұмбағы
көп адамдар сапында кейінгі ұрпағына аңыз болып қалды.

Өз кезіндегілер Ақанды, әсіресе оның өмірінің соңғы кезін түсіне
алмады. Бұл жайт Ақанның досына жұмбақ, дұшпанына диуаналық әрекет болып көрінді.
Шындығына келгенде, Ақанның бұл тәрізді оғаштау өмір сүруі өз кезіндегі үстемдік
етушілерге наразылықтан, қарсылықтан туған еді. Талай соққының тегеурінін көрген
сезімтал, жаны нәзік лирик ақынның өмір қиыншылығына қарсы күресте қажып, оған әлі
келмейтініне  көзі жеткенде жалғыздыққа
берілуі - тек Ақанда ғана емес, сол сықылды талай елдің ақындарының басында болған
оқиға.

Кезінде замандастары түсінбеген жұмбақты да, ақынның қайғы-шерінің
шын сырын да, жете алмай кеткен арман-нысанасын да шешкен біздің дәуіріміз,
совет заманындағы оның ұрпақтары болды. Советтік Қазақстанның зор талант, өрен
ақыны Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында ақын трагедиясының сыртқы көріністерін
көз тартарлықтай көркем, жан тербетерліктей нәзік, асқан шеберлікпен
суреттеумен қатар, оның ішкі сырын да дұрыс ашады. Ақанның заманын суреттей
келіп, Ілияс:

 

Жақсы боп елден өлім талай ерге,

Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?

Өлімді жан қорлықпен жақсы көрген

Не дейсіз Лермонтов пен Пушкиндерге?

 

Өмірде бастырмаған көңілін өрге

Кім еді, ел талантын тыққан жерге?

Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер

Ертерек ер жүрегін көмген көрге.

 

Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

Кісі ме еді ақындықтан құр алақан?

Ортасын олқы көрген бұл да дара,

Имеген иттерге бас, сері, дарқан,  -

 

дейді. Ілиястың бұл сөзінен Ақанның қайғылы халіне себеп болған
- Құлагердің өлімі емес, оны өлтіруші қара күштер. Батыраш, Қотыраштардың қанды
шоқпарлары атқа емес, аттың иесіне жұмсалғаны кімге де болса мәлім. Олардан өзінше
өш алуға шама жоқ, бір ат үшін екі елді жауластырып, аяғы қантөгіс, кісі өлімге
тірелетін дау-жанжалды да ақын мақұл көрмейді, әйтсе де жауына бас имей өлуді жөн
көрген деп қорытынды шығаруға болады.

Қазіргі үлкен жазушы-драматург Ғ.М.Мүсіреповтің «Ақан сері -
Ақтоқты» трагедиясында ақын өмірінің екінші жағы көрінеді. Дінге, қараңғылыққа қарсы
күресу, әйелдердің бас бостандығын аңсау, сан бөгет кездессе де, өзінің ғашықтық
арманына жету жолында арпалысу, халқына рухани тәрбие беретін нәрсе дін емес,
азат көркемөнер екеніне жұрттың көзін жеткізу жолында қара күштердің
тегеурініне төтеп бере алмай, трагедияға кездескені көрсетіледі.

Біраз күн Науан хазіреттің қасында болып, діншілдікке
берілмек болса да, мешіт айналасындағы неше түрлі сұм-сұрқиялықты өз көзімен көрген
адал ниет, ақын жанды Ақан қайта оралмастай боп мешіттен кетеді. Онысын Науанға
ашық айтып, ашына сөйлейді:

- Қарауылдай елге Науандай надан хазірет болыпты деп қайтам
ба мешітке?

 

Жоқ, жетіпті бір Ақанның басына,

Ішке толған шер мен шемен

Шыққалы тұр сыртыма.

Татымы жоқ бос өмірден,

Талмаураған көп ұйқыдан,

Лә иләһә еллә, алладан

Бездім, міне, біржола;

Сен орнатқан қараңғылық,

Сен боп келер зұлымдықпен

Арпалысып өтермін! -

 

дейді Ақан. 

Бұл - оның үстемдік етуші ортадан кеткендегі үзілді-кесілді
айтқан сөзі болатын. Әрине, жолына кесе-көлденең тұрғандарды жойқындап өтумен ғана
өз үстемдігін жүргізіп отырған «қара қамшы хазірет» Науан, оның қолшоқпарлары Ақан
өмірін ауыр трагедияға соқтырмауы мүмкін емес еді. Ақыры солай болып шықты. Оның
жалғыздыққа ұшырап, елден оғаш өмір сүруі өз кезіндегі әлеумет өміріндегі күрес-тартыстардың
зілді салмағы еді.

Ақан - өз
кезіндегі әртүрлі әлеуметтік мәні зор мәселелерге көз тіккен, айналасында не
болып жатқанын жақсы аңғарып, олардан өзінше қорытынды шығарып, келелі пікір
айта білген ақын. Ақан жер туралы, ел туралы, махаббат, жастар, олардың қоғамдағы
рөлі, мінез-құлық, жақсылық, жамандық, достық, қастық туралы тағы басқа да
толып жатқан мәселелерді жыр етті.

Ақан кезіндегі қоғамдық мәні зор үлкен мәселенің бірі жер мәселесі
болды. 1861 жылғы реформадан кейін қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру
жыл сайын үдей түсті. 1861 жылы қазыналыққа, мемлекеттікке айналдырылған қазақ
жерін патша өкіметі, оның губерналарды меңгеруші әкімдері көшіп келушілерге
жерді молынан және ең шұрайлысынан беруге тырысты. Бұл жайт туралы «Қазақ ССР
тарихында» төмендегідей факт келтіріледі: «1893 жылдан 1906 жылға дейін, яғни
12 жылдың ішінде, қазақ халқынан 4 млн. десятинадан сәл ғана асатын жер кесіліп
алынған болса, 1906 жылға дейінгі - жеті жылдың ішінде - 17 млн. десятинадан
аса жер кесіліп алынды» (546-б.).

Патша өкіметі қазақтың жерін алып қана қойған жоқ, екі ұлттың
арасына от жағып, араздықтарын қоздыруға күш салды. Патша өкіметіне иек сүйеп, қол
артқан орыс кулактары, қазақтардың арына тиіп, намысын қозғайтын талай сойқандық
қылықтардан да жиіркенген жоқ. Кулактардың мұндай әрекеттеріне тыйым салудың
орнына, олардың қолтығына су бүркуші патша өкіметінің өздері болды. Осындай
тарихи шындықтың айғағы болған Ақан барды барынша айтып, патша өкіметіне
наразылығын білдірді.

Патша өкіметі қазақтың жерін де, малын да алып, шаш етегінен
пайда тауып отырғандығын, бірақ қазақ халқы басқалармен тең еместігін айта
келіп, ақын өкімет алдына заңды тілектер қойды. «Пара-пар крестьянға тең
болмадық» («Пәленің басы патшаның өзінде екен») дейтін өлеңінде ақын:

 

Пара-пар крестьянға тең болмадық,

Тартылып қай жағаға ем болмадық?

Малымыз, жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дем болмадық.

Орыс, ноғай, сарт-сабан, саудагерге,

Қалайша малмен, жермен тең болмадық?! -

 

дейді. Осы өлеңнің аяқ жағында Ақан Құрылтай жиылыстарында бұл
мәселені өкімет, патшаның өзі неге тексермейді дегенді айтады. Бара-бара
патшаның қайырымсыз, мейірімсіз екендігіне әбден көзі жеткеннен кейін, ақын басқа
заң, басқа өкімет іздемекші болады.

 

Бостаншылық берсе егер басымызға,

Патшамыз мархабат қып ырзаласып,

Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,

Тыныштық жай іздер едік арып-ашып, -

 

дейді. 

Бұл да қарсылықтың бір түрі. Әрине, әлсіздіктен, лажсыздықтан
туған қарсылықтың түрі. Бірақ  оған ақын
кінәлы емес, бұл осы кездегі жағдаймен байланысты еді.

Ақын қиын халден шығудың мұнан басқа да жолын іздейді.
«Заманға қарап айтқан сөзін» («Заман туралы») дейтін өлеңінде:

 

Болғанда мұндай күнде заманамыз,

Жай жатып сахарада қамаламыз.

Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,

Қайткенде тура жолды таба аламыз? -

 

деген сөзі ақынның басқа жаққа көшуден өзге де жол қарастырғанын
аңғартады. Ел басқаратын болыс, би өздерінің қара басының ғана қамын, өз құлқынын
ойлаумен жүр, енді елде кім бар деп, айналасына көз салып еді, ел жуаны
байларды көрді. Бірақ олардың да болыс, билерден еш айырмасы жоқ екенін ақын жақсы
түсінді. Сөйтіп, олардан да күдер үзді.

 

Байлар жүр, малша күйсеп, малын бағып,

Ұйқымен өмірі өтіп тектен-текке! -

 

деп түңілді ақын. Ақынның жоғарыдағыдай жалғыз тау кезіп, көл
жайлауы, адаммен байланыс жасамай, дарашылдық өмір сүруі қазақтың қонысын,
жерін патша өкіметінің отарлап алуымен, қазақ ішіндегі болыс, би, байлардың
халық қамын ойламай, өз бастарын ғана ойлауымен тығыз байланысты. Өзі көріп
отырған зұлымдыққа қарсы шығуға ақында жеткілікті күш болмады, ол өзінің әлсіздігін
сезді; сондықтан наразылық білдірді, дарашылдыққа салынды. Айналасынан қол үзіп,
табиғатқа бой ұруының өзі де қарсылықтың бір түрі еді. Оның адам таңғалғандай оғаш
мінездерінің негізгі себептері де осындай жағдайлармен байланысты болатын.

Ақанның дінге де бой ұрған кездері - діншілдіктен туған жоқ,
жоғарғы айтылған дарашылдығы тәрізді арпалысқан жанның аласұруы сықылды ғана нәрсе.

Шындығында, Ақан ән мен өлеңін бір минут та тастаған емес. Ән
мен өлең және дін еш уақытта да бір жерде тұра алмайды. Ендеше, ол дінді былай қойып,
ән мен өлеңді өмірлік жолдас еткен. Би, болыс, байлардан түңілсе де, жаңалыққа,
жастарға деген сенімін жоғалтпайды. Өмірді жөндейтін де, ел үшін күресетін де
жастар деп ұғады. Үзінді келтірген «Заман туралы» деген өлеңінің бір жерінде ақын
қазақтың осындай ауыр халге неліктен ұшырағанын айта келіп, жастарды өнерге, ғылымға
шақырады:

 

Жігіттер, өнер үйрен заманында,

Денсаулық, әлің келген аманыңда,

Жайылып сахарада жатамыз деп,

Мінекей қалдық дұшпан табанында.

 

Ақын артта қалудың және бір себебі - еріншектік, жалқаулық
екенін айтады да, жастарды сақтандырады.

Жастарды оқу, өнер-білімге шақырған пікірінің дұрыстығын,
осы өлеңінің басқа жерлерінде де қуаттап, дәлелдемек болады. Бұның үшін өмірдегі
әртүрлі нәрселерді мысал етіп:

 

Баласы құладынның қу ілмейді,

Алтыннан тұғыр қылып байласаң да.

Көнбейді жаман адам ынтымаққа,

Жүрмейді шошқа жөнге айдасаң да, -

 

дейді. Ақанның қу ілмейтін құладыны да, айдауға жүрмейтін
шошқасы да ел ынтымағын ойламайтындар. Ақан оларды мінейді, шенейді. Ел үшін еңбек
етуге әзір, елім деп еңіреп туғандарды, шын тұлпарды арман етеді. Өзі дүбірші
болып, қиқулап, ұран тастайды.

 

Шын тұлпар дүбір шықса, шыдамайды,

Тас қылып төрт аяғын байласаң да.

Жатпайды болат пышақ қын түбінде,

Өтпейді жасық темір қайрасаң да.

 

«Шын тұлпардың», яғни ел қамын жейтін жастардың қандай болу
керектігін, әсіресе өзінің «Жігіттерге» деген өлеңінде толық суреттеді. Жастарға
достықты берік ұста, қиянатшыл болма, кішіпейіл бол, адамгершілігің болсын; дұшпанға
берілме, өз басың үшін досты, жолдасты сатып кетпе, жауыңнан қорықпайтын ер
бол; мансап, мал қуалап, ердің, елдің арын сатып кетпе, іші-сыртың бірдей жақсы
болсын; ғылым, өнер үйрен дейді. Міне, осылардың бәрі де Ақанның өз кезіндегі үгіті,
кейінгі жастарға тастап кеткен өсиеті.

Ақан ел бірлігін, ел қамын ойламаушыларды шенесе де, оларға
наразы болса да, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей , халық ішінде жақсының
барына да, кейін тағы болатындығына да анық сенді.

 

Айнымас, кетпес толқып жаннан қорқып,

Бәйгеге басын тігіп, қалар тұрып,

Құзырға қырық кісінің бірі жарар

Біткен жоқ қой жақсы адам елден құрып, -

 

дейді. Ақынның бұл сөзі халықтың күшіне, халықтан ел қамын
жейтін адамдар туатындығына толық сенгендігін дәлелдейді.

 Ақан - лирик ақын. Бірқатар өлеңдері заман
туралы ақынның көзқарасын, ой-сезімін көрсететін саяси лирикалар тобына жатса,
бір алуаны, тіпті көпшілігі дерлік, махаббат, достық, жастық тақырыбындағы
лирикаға жатады.

Өлеңдеріне қарағанда, Ақанның эстетикалық сезімі, талғамы өте
нәзік, өте күшті. Өмірдегі не сұлу, не әдеміліктердің бәрі де Ақанның
ой-сезімін толқытып, жанына сусын береді. Ақынды әдемі табиғат та, алғыр қыран
да, жүйрік ат та сұқтандыра қызықтырып, сұғына жырлатады. Сезімін оятқан әдемі,
көркем құбылыстардың қай-қайсысын болса да, ол егіле, беріле суреттейді. Оның
«Ақиық пен ақ түлкі», «Ақ көйлек», «Сұлу қызға» т.б. лирикалық өлеңдерінен сұлулықты
машықтай, сүйсіне жырлайтындығы айқын аңғарылады. Ақын адамның түсі де, ісі де,
жаны да сұлу болуын тілейді.

 

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы.

Формыңа төңкеріліп жайдым қанат,

Шарықтап ақиықша Оралдағы.

Ертістің құба талы секілденіп,

Алдымнан майысып шық бұралдағы...

Қапаста қиын-қыстау бекінсең де.

Тәуекел, майданың да тұрамдағы.

 

Ақынның лирикалық өлеңдерінде сүйген жарын суреттеу үшін алған
баламалары да, теңеулері де ел ұғымындағы ең нәзік эстетикалық сезімін қозғайтын
метафора, теңеу, эпитет, әдемі шендестірулер.

Оның балау (метафора), теңеу үшін алып отырған ақ түлкі, ақ
маралдары - өмірде сирек кездесетін, оңайлықпен қолға түспейтін сүйкімді
хайуанаттар. Ендеше, ақынның да арман еткен сұлуы - оңайлықпен қолға түспейтін
жан. Бірақ Ақан күдерін үзбейді, қияға қол созып, қиыннан тоят іздейді. Бұл оған
сүюшіліктің бір шарты тәрізді көрінеді.

Ақын кез келгенге бұрыла кететін көрсеқызар емес, оның өз сүйері
бар. Ол таңдап тауып қана сүюді арман етеді.

Етегін ақ көйлектің алтындаған,

Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.

Сексен қыз серуенге шықсадағы

Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған...

Көз салып жаман қызға не қылайын,

Киіздей шала басып, қарпылмаған.

 

Сексен қыздың ішіндегі таңдаулысы - тек түрі жағынан ғана сұлу
емес, ақылды, жөн білетін, сөз білетін, жайдары мінез, жаны сұлу адам. Бұл өлеңінде
ол:

 

Қамалап қанша дұшпан келседағы,

Қалқажан, айтар сөзден тартынбаған, - дейді.

 

Махаббат лирикасындағы Ақанның талғамы да, арманы да түріне
ақыл, мінезі сай жаны сұлу жандар төңірегінде ғана. Ақан тек сыртқы әдемілікті
жырлаған жоқ. Әдемілік қыздардың сыртқы бейнесінде ғана емес, ішкі дүниесінде,
ақыл-парасатында, іркілмей айтар ой-пікірінде, жанының сезімтал нәзіктігінде,
сондықтан ол мал бергеннің қолжаулығы болып кете бермеуге тиіс деген идеяны көтерді.
Сүюге ол да праволы деді. Осылайша әйел жынысын ақын идеал ете жырлауының өзі
сол кездегі прогрестік мәні зор мәселе еді («Тағырипың» т.б.). Қыздарды мал үшін
шалға сатып, зарлатып жатқан заманда Ақанның «Сырымбет», «Балқадиша», «Үш тоты»
сияқты Арқаны күңіренткен әсем де асқақ әндері қыздардың бас бостандығын аңсаушылықтан
туған шығармалар екеніне күмән жоқ.

Ақан сүйіспеншілікке негіздеген тату-тәтті, жақсы семьяны аңсайды.
Бұл - ақынның әйел жөніндегі идеалымен тікелей байланысты. Өзі көркем, өзі
мінезді, шаруасына ұқыпты, жоғын бар етіп, азын көпке балап отыратын «жақсы қатын  үйге ырыс, ерге серік» деген қорытындыға
келеді. Ақан өлеңінде жақсы тату семья құруда әйелдің рөлі үлкен екендігін баса
айтуы дұрыс, бірақ әйелді тым ерге бағындырып жіберу тәрізді қайшылығы да жоқ
емес. Ол жағын біз сынаумен қатар, мұның өзі феодалдық ортаның әсері екенін
естен шығармаймыз. Адам - өз ортасының жемісі. Демек, оған сол ортаның әсер
етпеуі мүмкін де емес. Ақан жақсы әйелдің образын жасай отырып, оларды ерге түгелдей
бағындыруы, жақсылық нысанасы тек сол еріне жағуында деп білуі феодалдық көзқарастардың
сарқыншағы еді.

Ақанның бірнеше өлеңдері достық, жолдастық, адамгершілік тақырыбына
арналады. Мысалы: «Жақсы мен жаман», «Жігіттер», «Асыл мен жасық» т.б. Бұл тақырыптарға
шығарған Ақан өлеңдері лирикадан гөрі дидактикалық өлеңдер түріне бейім.
Дидактикалық өлең ақынның ақындығын кемітпейді. Классик ақындардың өздерінен де
талай тамаша дидактикалық өлеңдерді кездестіруге болады. Абайдың:

 

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол, -

 

деп басталатын ақыл сөздерге толы әйгілі өлеңі - дидактикалық
өлең.

Дидактикалық туындылар достық, қастық, ерлік, ездік, жақсылық,
жамандық, жаулық, елдік, батырлық, қорқақтық, адамгершілік, қаныпезерлік,
мейірімділік, мейірімсіздік, әділдік, әділетсіздік тәрізді әлеумет өміріндегі үлкен
мәселелерді сөз етіп, оларға өз көзқарасын білдіреді. Өмірдегі жағымсыз құбылыстарды
шенеп, оқушылардың олардан аулақ болуына жөн сілтеп, жол көрсетеді.

 

Шірімес алтын жерде жатқанменен,

Жалқауға сөз, жаманға таяқ өтпес.

Оқ өтпес ажалсызға атқанменен,

Тас жібімес дарияға батқанменен.

 

Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,

Ер жаңылып етегін басқан жерде.

Жаманға жазатайым ісің түссе,

Қабысып қалады екен аспан көрге.

 

Жігітті шешенсінген дауда сына,

Мақтаған қыран құсты ауда сына,

Қарын тоқта әркім-ақ үйде батыр,

Жігітті батырсынған жауда сына, -

 

дейтін Ақан өлеңдерінің шумақтары, сөз жоқ, дидактикалық өлең
түрлеріне жатады. "Жақсы мен жаман», «Асыл мен жасық» тәрізді Ақан шығармалары
ақынның өмірді бақылай келіп шығарған қорытындысы, ақыл, нақыл сөздер арқылы ұрпағына
қалдырған келелі ой-пікірлері деп білуіміз қажет.

Достық, жолдастық мәселесіне де Ақан айрықша көңіл бөліп,
бірнеше өлең қалдырды («Жігіттерге» т.б.). бұл өлеңдерінде Ақан өз кезіндегі
жылпостық, алдампаздық, сертте тұрмаушылық, жолдасына, досына опасыздық жасауды
сынай, шеней отырып, адамшылық ары мол, шын дос, жақсы жолдастарға тән мінез-құлық,
іс-әрекеттерді сипаттайды. Осы өлеңінде:

 

Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп,

Қайғыға ортақ болар мойын бұрып.

Тастамас жау қолына қысылғанда,

Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп.

Шұрқырап шыбын жанын бірге салар,

Мойныңа бір дұшпаннан түссе құрық.

Айнып ол кетпес толқып, жанынан қорқып,

Бәйгеге басын тігіп қалар тұрып.

 

Шын дос, нағыз жолдастың осылар тәрізді басқа да жақсы қасиеттерін
айта келіп, жастарға өнеге боларлық мінездердің үлгісін көрсетеді. Бұл
дидактикалық сарында жазылған Ақан өлеңдері ақынның бізге қалдырған мұраларының
ішінде ең құндыларының сапынан орын алады.

Адамның
ішкі сезім дүниесін суреттеуге Ақан өте шебер. Оның «Құлагер», «Мылтық пен
мергеншілік» атты өлеңдері әртүрлі жағдайлармен байланысты өзінің не басқалардың
басында болатын психологиялық өзгерістерді, күйініш-сүйініштерді суреттеуде әлі
күнге шейін қазақ поэзиясында үлгілі өлеңдердің қатарында есептеледі.

«Құлагер» - халыққа көп тараған Ақанның ең даңқты өлеңінің
бірі. Жаулары соққыға жығып, мерт қылған атын іздеп табады да, басын ұстап
отырып, Ақан сол жерде-ақ атына арнап ән және өлең шығарады. Бұл кейін «Құлагер»
әні аталып кетеді. Тегі жағынан «Құлагер» күйініш лирикасына жатады. Өйткені оқиғаға
ақынның көзқарасын көрсетуден гөрі, сол жағдайға байланысты оның сезім дүниесіндегі
күйінішін, психологиялық жайды суреттеу жағы анағұрлым басым. Сондықтан мұны
жан күйінішін білдіретін өлең деп талдаған дұрыс.

«Құлагер» өлеңінде Ақан атының өлімімен байланысты өз
басындағы ауыр халді өте шебер бере білген. Атын жақсы көретіндігі де, зорлықшыл
үстем тап өкілдерінің жауыздық қиянатына қарсы іште қайнаған ыза, кегі де,
аяулы жануардың өлуімен байланысты оның күйініші де өлеңнің әр образынан-ақ байқалады.
Бір жерінде ол:

 

Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай,

Суырылып топтан озған жүйрігім-ай, -

 

деп өзегін өртеген жалынын сыртқа шығарып, жасын төксе,
екінші жерінде:

 

Шыныңмен өлгенің бе, Құлагерім,

Салбырар саптыаяқтай төменгі ернің, -

 

деп атын өлімге қимай, өлді деуге сенбейді. Аянышты сезімнің
күші бар денесін билегендей болады. «Құлагер» өлеңінде ақынның аянышты жан күйігі
ғана емес, оның тап сол минуттағы жан сезіміндегі болған өзгеріс, құбылыстар да
анық байқалады.

 

Алдыңғы ат баран емес, қылаң деді,

Сол жерде тұра алмадым денем шошып, -

 

деп, суық хабардың шеті құлаққа тигенде, күдік пен үміттің
араласқан жерін ақын осылай суреттесе, күдіктің қауіпке айналғандағы қорқынышын:

 

Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды

Жығылмаса Құлагер қайда деймін, -

дей береді. Әрине, бұлар әлі қайғы емес, қауіп, қорқыныштың
бастамасы ғана. Өлеңде сезілетін оның психологиялық құбылыстары осылай өзгеріп
отырады.

Құлагер мерт болды деп алғаш естігенде, Ақанға ол жай түскендей
қатты әсер еткен. Ақын сол секундтағы күйінішінің ең шарықтау шегіне жеткен
жерін:

 

Құлагер мерт болды деп естігенде,

Жұлдым да сақалымды, ойбайладым, -

 

деп суреттейді. Мұнан кейінгі психикалық өзгерістерін де ақын
шебер түрде суреттеп бере алған.

Ауыр оқиғаны естігеннен кейін, адам не істерін білмей
сасады. Ақыл-ойдан гөрі де адамды инстинкт билеп кететін кездер болады. Бұл уақытта
адамның әрекеті сезімнің билеуімен істеледі. Сондықтан да ақын:

 

Міндім де Бозшұбарға тұра шаптым, -

 

дейді. Ақан атының мертіккенін естіді. Іздеп те тапты. Өліп
жатқанын көргенде, көзінен жас та шықты. Енді оның психикалық қалпында басқаша өзгеріс
болғаны байқалады. Ауыр оқиғаға кездескенде, әуелі күйіп-піссе, онан кейін
сезімді ақыл жеңіп, төзімділікке бел байлайды. «Артының қайырын берсін» деп өткенді
емес, келешекті тілейді:

 

Құлагер, әкең - тұлпар, шешең - сұңқар,

Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.

Сен өлсең, орның басар Кербесті бар,

Болады, құдай қосса, о да тұлпар, -

 

деп, Ақан өзін-өзі жұбатады, жаңағы ішкі жалынына су сеуіп сөндірмекші
болады. Кербестінің тілегін тілейді. Сөйтіп, «Құлагер» өлеңінің екінші бір құнды
ерекшелігі ақынның өз басында болған психологиялық өзгерістерін көркем бере
алуында. Сонымен қатар ақын атының портретін де, жүйріктік қасиетін де өте
шебер түрде суреттейді.

 

Салбырар саптыаяқтай төменгі ернің...

Бота тірсек, қыз сағақ сандал керім...

Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай...

Ор болып қалушы еді шапқан жерің...

 

Міне, осындай суреттеулер арқылы Құлагердің шын жүйрікке тән
мүсінін де, шапқандағы қимылын да ақын толық көрсете алады. Бірақ ол Құлагердің
қадірлілігі де, оның өлімінің зор қайғы болуы да, тек сұлулығында не өзінің аты
болғандығында емес, өз елі үшін (Атығай, Қарауылға) керекті мал деп ұғады. Құлагер
өлгенде Ақан: «Ел бетін қалай көремін?» - депті дейді. Талай жарыста ер
намысын, ел намысын қорғап қалып жүрген Керқұланың өлімі бүкіл Атығай, Қарауыл
еліне де оңай емес екенін, сондықтан да Ақанның жаңағыдай сөзді айтуы мүмкін
екенін мына бір шумақ дәлелдегендей болады:

 

Ор болып қалушы еді шапқан жерің,

Сүйсініп тұрушы еді қосқан елің.

Атығай, Қарауылға олжа салған,

Бота тірсек, қыз сағақ сандал керім.

 

Ақынның «Құлагерін» оқығанда, оқушылар Ақанмен бірге күйініп,
оны шексіз аяп, аяулы жануарды мерт қылған жауыздарға лағынет айтып отырады.
Екі рулы елдің мақтаны болған жазықсыз өлтірушілердің зұлымдығына зығырданы қайнайды.
Өлеңде сезілетін ақынның азалы үні, қасірет-қайғысы, қатты күйініші баршамызға
ортақ; ол - қараниет арам жауға мәңгі өшпес лағынет таңбасы, халық қарғысы. Өлеңді
зер салып оқыған сайын зорлықшыларға қарсы ашына түсеміз.

Сөйтіп, «Құлагер» өлеңінде жалғыз ат қайғысы ғана
жырланбайды, соның аянышты өлімін аза тұту арқылы адамның сай-сүйегін сырқыратарлықтай,
ыза-кегін өршітерліктей дәрежеде заман шындығын, әлді үстем таптың зұлымдығын әшкерелейді;
сол арқылы өткен кездегі теңсіздікті еске түсіреді.

Қазақ
халқының ертеден келе жатқан қосымша кәсібінің бірі - аңшылық. Аңшылықтың қызығын,
құмарлығын аңшылар жақсы түсінеді.

Аңшылықтың бір көрінісін, қыран мен түлкінің шайқасқан
тартысын тамаша түрде Абай суреттесе, мерген өмірінің бір көрінісін Ақан сері
суреттейді. Ақанның мергеншілік жайындағы өлеңі үш эпизодтан құралған.
Біріншісінде ақын жақсы мылтықтың қандай болуы керектігін суреттесе,
екіншісінде аң атқан мергеннің сол минуттағы жан сүйінішін суреттейді. Мерген
боламын деушілерге қандай мылтық ұстауды нұсқайды. Мергендіктің қызықты өмір
екенін аңғартады. Бірақ өлеңнің салмағы да, құндылығы да үшінші эпизодында. Бұл
эпизодта ақын, жатқан аңға кездескен мергеннің ішкі сезімін, психологиясындағы әртүрлі
өзгеріс, құбылыстарын көрсетеді:

 

Ол кезде жатқан аңнан қатты қорқар

Өлтіретін жауындай басын алып.

Аяғын байқап басқан суда жүріп,

Тым ұялшақ болады сонда тұрып.

 

Маңдайынан қарайды жылмырайып,

Қай жерден атамын деп ой ойланып.

Асығыс алабұртып қарағанда,

Жатқан аң екеу болар сағымданып.

Сіңбіретін дәрмен жоқ, ол бір тар жер,

Мұрыны бітіп тұрса да қабаттанып.

 

Бұл үзіндіде ақын аңшылардың аң атар кездегі басында болатын
жайларды асқан шеберлік, шындықпен айтып бере алған. Аңшының аяқ басуы да, өзінен-өзі
ұрланып денесін жасыруы да, дем алысы да, тәтті үміт, қауіпті қорқыныш та - бәрі
де тайға таңба басқандай анық. Өлеңді оқығанда аңшының ішкі сезімі,
психологиясындағы өзгеріс, аласұрулары көз алдыңа келеді. Мұнда артық сөз,
бояма сыр жоқ, барлық күш, барлық көркемдік, сол минуттағы аңшының басында болған
қуанышын, күдігін, қорқынышын бұлжытпай бере білуінде. Сонымен қатар Ақан аңшылықты
тек құмарлық үшін демейді, оны өнер деп ұғады. Қай өнер болсын тіршілік, адам
баласының күнкөрісі үшін керек. Демек, аңшылық та сол тіршілік үшін керекті өнердің
бірі. Сондықтан да ақын:

 

Оқудан соңғы өнер - мылтық деген,

Халайық, құлақ қойсаң тілге нанып, -

 

дейді. Мылтық өнерін халық әуелден сүйеді. Ертеден келе жатқан
халық мақалында: «Қару жисаң, мылтық жи: жаяу жүрсең - таяғың, қарның ашса -
тамағың» десе, Ақан да халықтың осы пікірін қолдайды. Мылтық атқыштық,
мергендік ғылымнан кейінгі өнердің бірі дейді.

Ақан өлеңдерінің бірен-сараны болмаса, көпшілігі аса көркем.
Ол - шебер лирик ақын. Оның өлеңдерінде сезім дүниесі басым жатады. Ақын өз
лирикаларына дәл келетін нәзік образдарды таңдай біледі. Ел ұғымындағы әрі көркем,
әрі сұлу, әрі аяулы нәрселерді талғап ала білген. Көркем теңеу, метафора тағы
басқа да нәзіктікті бейнелейтін сөздерді таңдап алады.

 

Етегін ақ көйлектің алтындаған,

Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.

Сексен қыз серуенге шықсадағы,

Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

 

Немесе

 

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы.

Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы, -

 

деген тәрізді теңеу, метафоралар тамаша үздік, асқан сұлулықты
сүйген сезім арқылы таңдалынып алынған.

Ақанның сұлулықты сүйіп, сөз маржанын тере білген, оқушысының
сезімін тербету арқылы ойын қозғауды мақсат еткен ақын екенін әр образы-ақ дәлелдеп
тұрады.

Ақан сері өлеңдерінде араб, иран (парсы) сөздері де аз емес.
Бұлардың бір алуаны - діни кітаптарда көп қолданылатын алиф, би, мим, нон1,
парыз2, уажып3, әшия4, екіншісі - шығыс поэзиясында жиі ұшырайтын мақбұб5, тағырип6,
назым7, мақшұғ8, маккем9 тағы басқа осылар тәрізді сөздер.

Ақан дін мектебінде өте жақсы оқып, өзінің қабілетті
зеректігінің арқасында аз жылда көп нәрсе біліп, мектептен кеткеннен кейін өз
бетімен оқу, үйренуден қол үзбеген. Өйткені оның «Тағырипың» атты ұзақ өлеңінде
шағатай тілі, осман, түрік тілдерінде шыққан сүйіспеншілік, ғашықтық жырлары:
«Жүсіп-Злиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Сейпілмәлік-Жамал» т.б. Шығыстың  лиро-эпостарымен жақсы таныстығын және
олардан үлгі алып, творчестволық жолмен үйренгендігін аңғартады. Міне, осы жағдай
оның өлеңдерінде шет сөздердің кездесуіне негіз болды.

 

1Алиф, би, мим, нон - араб алфавитінің әріптері.

2Парыз - Ислам дінінің міндетті түрде орындалуға тиісті
шарттары.

3Уажып - Ислам дінінің жеңілдеу шартының бірі.

4Әшия - айқын, ашық.

5Мақбұб - сүйіспеншілік.

6Тағырип - сипат.

7Назым - лирикалық өлең.

8Мақшұғ - ғашық.

9Маккем - берік (бекем).

 

Ақанның бізге жеткен поэзиялық мұралары: көбіне лирикалық қысқа
өлеңдері, дидактикалық сарында әнге жазылған екі-үш өлеңі және «Тағырипың» атты
сюжетсіз поэмаға ұқсайтын махаббат тақырыбына жазылған лирикалық ұзақ өлеңі. Оның
бізге жеткен өлеңдерінің бәрі де он бір буынды өлеңдер. Көбі ән текстісі түрінде
жазылған.

Қорыта айтқанда, Ақан - өз кезіндегі ірі ақынның бірі. Ол әлеумет
өміріндегі әртүрлі мәселелерді тақырып етіп, ел басындағы қысымшылықты көре
білді. Ел қайғысы өз қайғысы болып, үстемдік етушілерге қарсылық білдіріп,
наразылық көрсетті. Зорлықшыларды шенеп, еңбекші халықтың ой-сезімін оларға қарсы
тәрбиеледі. Ақын заманының азып бара жатқанын көріп және оны жөндеудің, түзеудің
жолын іздеді. Заманды түзеуші де, елді ел қылатын да жастар деп, келешек ұрпақтардан
үміт күтті. Ол қазақ поэзиясына өшпес еңбек етіп, адамның психологиясын, күйініш-сүйінішін
суреттеудің үлгілі, өнегелі туындыларын қалдырды. Жастардың эстетикалық сезімін
оятып, әдемілікті сүйе білуге тәрбиелейді. Ақан - ақын ғана емес, ірі әнші,
дарынды композитор. Оның жан сезіміңді тербететін әйгілі әдемі әндері бар. Ақан
әні қазақ халқының рухани сусыны болып келеді. «Сырымбет», «Үш тоты», «Құлагер»,
«Қара торғай» тәрізді ән шоқтығы қазақ еліне тегіс жайылып, әннің авторына,
талантына бас игізді. Көп әнші, композиторлар Ақан әнін өздеріне үлгі етті. Ақанды
ұстазы деп таныды. Бұл жағынан да Ақан - кейінгі ұрпаққа қымбат. Ақан әндері қазақтың
опералық искусствосынан кең түрде орын алды. Ақан еңбектерінің бұл жақтары оны
біздің сүйікті ақынымыз ғана емес, ардақты композиторымыз етті. Оның қалдырып
кеткен асыл мұрасы - социализм құрушы халқымыздың игілікті қазынасы.