ВЕРНУТЬСЯ

     Қарағандыға «Лениншіл жас» газетінің тілшісі болып барғаннан кейін бейтаныс қалада алғашқы танысқан адамдарымның бірі — екіжылдық оқытушылар институтының мұғалімі Қалжан Тұңғышбаев. Бір көргеннен-ақ үйіріліп, өзіне тартып алды да кетті. Сондай ақ көңіл. Кездесе қалса-ақ болды, асты-үстіңе түсіп жалпылдап жатқаны. Бір жақсысы — осы мінезінде ішкі есебі жоқ. Біреуге жағынайын дейтін арамдықтан аулы алыс. Бұл кісіңіздің амандық-саулық сұрағаны да қызық: өзің жақсысың ба? Ауру-сырқаудан амансың ба? Балалар қалай? Келіннің дені-қары сау ма? — деп сұрақты жаудырта береді. Осы сауалдардың бірі болмаса, біріне жауап бермек талпыныстарының бәрі зая... Өйткені амандық сұрау парыз болғанымен, жауап алу шарт емес оған. Осыған қарап Қалжанды тасбауыр, біреудің жоғын жоқтамайды, мұңын мұңдамайды, — деуің де мүлде қате. Өтінішіңді екі етпейді. Ісің түссе, өзіңдей етіп орындауға тырысады. Жұбайы Сара да сондай жұғымды, іскер, таза адам. Қай уақытта барсаң да қабақ шытар жан емес. Мынадай бір оқиға есіме түседі: менің тұңғышым — Жанна өкпесі қабынып қатты ауырды. Әрбір үш сағат сайын ине сұғып пенцилинмен емдеу керек. Ол үшін, неге екені белгісіз, біз әрбір үш сағатта телефон соғып жедел машинасын шақырып тұруға тиіспіз. Өйтейін десем, жаңа қоныс тепкен біздің үйде телефон жоқ. Осы қиындықтан Қалжан мен Сара құтқарғаны. Біз телефоны бар солардың үйіне шықтық.
  Бір жетінің бойында ұйқы-күлкі көрмеген үй иелері қабақ шытпады. Біреу десе жаны жоқ Қалжанның.
  ...Алғашқы танысқан кезіміз. Қалжекең бізді қонаққа шақырды.
— Қешігіп жүрме. Үйде тағы бір қонақ бар. Уақытында кел. Барсақ, дөңгелек жүзді толықша келген қара кісі отыр. Асықпай, әндетіңкіреп тым жәй сөйлейді екен. Әрекет-қимыддары да сондай баяу. Ал Қалжан болса, қолды-аяққа тұрмайды, жүгіріп жүр.
— Сара, етіңді түсір...
— Сара, шайыңды әкел...
— Сара, ана арақ-шараптарыңды ұмыта көрме...
— Сара, шанышқы, қасықтарың жетпей жатыр...
  Осындай қарбалас үстінде қонағымен таныстыруды да ұмытқан жоқ. — Қайролла Байқабылов Осокаровканың түбіндегі Ақтас МТС-ының директоры. Біз әп-сәтте-ақ табыстық. Әлгіндей болмай мінез-құлқымыз да, сөзіміз де жарасып кетті.
  Бір кезде үйме табақ дәм келді.
— Ал кәне алып жіберіңдер.
  Біз алып жатырмыз.
  Қалжан тықпалайды-ай келіп:
— Ал, кәне, алсаңдаршы. Сафуан, ал кәне. Қайролла, ана алдыңдағыны көтеріп таста.
— Алып жатырмыз ғой, Қалжа-еке.
  Қалжан дөңгелек дастарқанның енді басқа бір жағына шықты:
— Ал, Қайролла, мына бір қазыны асап жіберші.
  Қайролла бас тартқан жок, көрсеткен дәмді асап жіберді.
— Өй, мынаны ұмытып барасың ғой, — деп енді оның қолына рюмканы ұстатты. — Ал кәне алып жіберейік.
  Алып жіберейік делінген соң, алып жібердік. Ал Қалжан болса, тамағын жұтып та үлгірмеген Қайроллаға қарап:
— Әлгі берем деген шөбінді ұмыта көрме, Қайролла, жалғыз сиыр мөңіреп тұр, — демесі бар емес пе. — Ал кәне алып қояйық.
  Қайролла ішек-сілесі қатып, қақалып-шашалып шиқылдасын да қалсын. Себебі, өз досының мінез-кұлқын жақсы білетін директор сиыр мен шөп мәселесін — ал, алдың астындағы қай тықпалауда айтар екен деп бағып отырған ғой. Соны аңғарып, енді мен де күлдім.
  Сөзге Сара да араласып жатыр.
— Шаруаңды кейін де айтпайтын ба едін, қонақтарға тамақ жегізбедің ғой.
  Қалжан болар емес.
— Айтылатын өтініш болған соң, кашан айтсаң да бәрі бір емес пе?! Құлағына кұя бермесең, ұмытып кетеді бұлар.
— Енді өлсем де ұмытпаспын. Осыдан бара салып кайтсем де жібертем, — деді енді-енді өзіне келе бастаған Қайролла.
— Ә, онда дұрыс болды. Ал кәне алындар тамақты. Қайролла, алсайшы. Дегенмен бізде сиыр барын, оған шөп керек екенін есіңнен шығара көрме. Ал, кәне алыңдар тамақты. Алсаңдаршы кәне!..
  Ақ көңіл де ашық, басқаға зәредей жаманшылық ойламайтын, арамдығы жоқ Қалжан аңқылдап отырса да, есебінен жаңылыспайтын осындай адам.