ВЕРНУТЬСЯ

     Ділмұхамедім төрт жасында шахмат ойынымен қатты шұғылданғаны. Және тез үйренді. Тез өсті. Мен онымен шындап ойнайтынды шығардым. Соның өзінде бірде ұтсам, бірде ұтылып қалып жүрдім.
  Жетпіс бесінші жылдың қысы. Бір күні ойда жоқта үйімізге Ишанбай Қарақұлов кіріп келді.
— Бір семіз соғым иісі шыққан соң, жүре беріп едім, сенің үйің болып шықты, — деп күлдірді ол.
  Жақсы көретін акжарқын ағаның шақыртпай келісіне қуанып қалдық. Келіні ас пісіретін бөлмеге жүгірді.
— Маған бола әуре болмаңдар. Бар мақсатым — сенімен шахмат ойнау.
Мен де қалжыңдап жатырмын:
— Менімен әуреленіп қайтесіз. Ең алдымен мына баламен ойнап, ұтып алыңыз.
— Әзіліңді қойшы. Төрт жасар баламен ойнап... мені немене жынданды дейсің бе? Кәне өзің кел.
  Мен шахмат тақтасын әкелдім. Келісім былай болды: жүретін мен. Көрсететін балам. Былайша айтқанда, қол менікі де, ой мен көз Димашымдікі. Нені жүр дейді, қарсыласпаймын, жүре беремін.
  Мен сөйтіп артымнан асылып тұрған баламның көрсеткен тасын қозғай бердім. Ишанбай әуел баста жеңіл жүріп отырып еді, бара-бара ойланып қалатынды шығарды. Ақыры жеңіліп тынды да, балама қолын ұсынды.
— Қарсыласың мен емес пе едім? Менің қолымды алыңыз.
Ишанбай өзінің үйреншікті әзіліне басты:
— Әй, қазағым-ай, бүйтіп мақтанбасаң, қазақ боласың ба? Қол сенікі болғанымен, көз ой баланікі! Сол себепті Димаштың қолын қысуым керек.
— Ә, маған осы мойындағаныңыз жетеді. Енді менсіз, баланың өзімен ойнап көріңіз.
  Ишанбай қарсы болған жоқ. Жымиып күлді де шахмат тастарын тіге бастады. Күш атасын танымайды деген емес пе, бала қабілетін мойындаған Ишанбай енді имашпен жекпе-жекке кетті. Мен жәй төреші ғанамын. алам шалды тағы тықсыра бастады. Әманда ойын-үлкі, әзілден айнымайтын Ишанбай өз кезегінде көп ойланып барып бір жүріс жүрді:
— Әкем марқұм бала кезімде — балам, әманда осылай жүр, — деп үйретуші еді...
— Әкеңіз үйіретіуіндей-ақ үйреткен ғой. Жаман үйретті деп ойламаймын. Бірақ ұғып алмаған кінә өзіңізде, — деді Димаш кәдімгі үлкен адамдарша. Содан кейін екі жүрістен кейін тағы матап тастады. Қарақұловты түннің бір уағында мен үйіне апарып салдым. Қоштасарда адам табиғатын түсіне білетін ақсақал:
— Димашың болайын деп тұрған бала екен. Байқаулы бол. Қөзіңнен таса ете көрме! — деді.
  Әрине, мен күні бүгінге дейін байқаулымын. Көзімнен таса етіп көрген емен. Бірақ Димашым шахматты тастап кетті. Баламның бір әлсіздігі — ұтылғысы келмейтіндігі. Ұтылып қалса, жылайтындығы. Түнде шошып ояна беретіндігі. Сондай күндердің бірінде үйімізге қонақ шақырдық. Сыйласты бір ақсақал баламмен шахмат ойнап, ұтылып қалды да ашуланды:
— Әй, балам шахматты жақсы ойнайды, сақ бол, — деп неге ескертпейсің?! — деді маған тіксініңкіреп.
— Онда жығылған күреске тоймайды деген, қайта ойнаңыздар.
Ақсақал қайта ойнап, тағы ұтылды. Жұрт күлкісіне намыстанды ма, білмеймін, әйтеуір ашуланып, шахмат тастарын шашып жібергені. Димаш өкіріп жылап қоя берді. Үй-ішіміз болып қонақтар тараған соң да бала өксігін баса алсақшы. Ұйықтап бара жатып шошып оянып бақыра бастайды.
  Осы халде бір апта уақыт өтті. Дәрігер бірер жыл шахматты тығып тастаңдар. Көзіне көрсетпеңдер, — деп кеңес берді. 
  Біз солай еттік. Бала тыныштала бастады.
  Шахмат қайда деп сұрамайтын болды. Жүре бара мүлде ұмытып бұрынғы қалпына келді. Жетпіс жетінші жылы жиырма екінші октябрьде баламның алты жасқа толған күні мен оның өз құрбыларын үйге шақырдым да шахмат тақтасын алып алдарына жайдым.
— Ал ойнаңдар енді.
  Димаш шахматқа қараған да жоқ.
  Содан бері жеті жыл өтті. Балам қазір жетінші класта оқиды. Әрқилы амалдар ойлап, шахматқа тартпақ боламын. Бірақ көңілі соқпайтындығын аңғарамын.
  Соқпаса, соқпай-ақ қойсын. Шахмат ойнамайтындар да жер басып жүр. Өкініші: лапылдап келе жатқан қабілетті білместіктен тұншықтырып тастағанымыз.
  Бір қызығы, әлгі ашуланшақ ағамыз бір күні маған кәдімгідей өкпе айтты.
— Менің төрт жасар балам пәленшекенді шахмат ойнап жеңіп кетті, — деп кез келген жерде жариялап, кім болса, соған таратып жүреді екенсің... Қой оныңды.
— Оным қателік. Кешірім сұраймын. Бұдан былай қарай: пәленшекең менің төрт жасар баламмен шахмат ойнап, ұтылып кетті дейтін болайын онда, — дедім.
  Пәленшекең қолын бір сілтеп теріс айналып жүре берді.