ВЕРНУТЬСЯ

 
  Ақымақ бұл қала... 
Арлысын арзанға жіберді.
Мінбеден қолыңды бұлғама,
Жасытып жігерді.
Шылқыды шекесі дырдудың,
Өлсең де ішіп қал.
Төменде тойы өтті кіл қудың,
Биіктен түсіп бар.
Саған да қол соғар масаңдау,
Бұлданба, күлік ой!
Жылтыр бет бір ақын жасаңдау
Қырындар... күліп қой.
Бөс-бөс те шарапқа сүзіліп,
Өзіңнен кет безіп.
Ойыңның тұрғанын бұзылып
Қалмасын тек сезіп.
Ем іздеп бүлінбе жараңа,
Бақытты бәрі де.
Билей бер, түгіне қарама
Семіз бе, кәрі ме.
Мүсіркеп қараса біреулер,
Сыңқылдап күліп ал.
Жасасын темірдей тіреулер,
Жасасын бүлік ар!
Ақымақ бұл қала...
Арлысын арзанға жіберді.
Мінбеден қолыңды бұлғама,
Жасытып жігерді.