ВЕРНУТЬСЯ

Бексұлтанға

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Жамбыл.

 

   - Жарықтық Қаранар батыр жайында жазып жүр деп естідім. Сол
сөз шындық па, жоқ, әлде қауесет пе? - Селдір сақалын тарамдаған қара шұбар шал
«не айтасың?» дегендей бетіме бажырая қарады. Көңілінде қандай үміт бар екенін қайдам,
болаты қайтқан нұрсыз көздерінен күдік байқадым. 

- Мынау ма? - деді ол бүйірі тоқ торкөз дәптерімді қамшы
сабымен түртіп. - Әлі мандытпаған екенсің-ау, балам. Екі бетім ду етіп, ыстық
леп самайымды шарпыды.

- Тәйт! - деп тіксінді үй иесі - Қабыш ақсақал - Киелі аруақ
туралы кітап та қасиетті, қамшыңды тигізбе!

- Баламысың деген... - Қарашұбар шал әлденеге кейігендей
басын шайқады. - Қазіргі кітаптар атам қазақтың тілінде жазылса да, құданың құдіреті-і,
түсіну қиын боп барады. Осы бала бізге жазғандарын оқып берсе қайтеді.

Қабаң күйіп кетті.

- Әй, сені біреу шақырды ма? Өзің келген екенсің, ендеше
аузыңа келгенді көкімей тек отыр...

- Қаба, сабыр етіңіз!

- Құсайын, саған не болды? - деп жік-жапар болған Мәліш, Исағұл
қарттардың көз қиығы менде. Төрт-бес күннен бері сыралғы боп қалған ауыл үлкендері
қабағымды баққан сыңайлы. Тамағым құрғап, тілім таңдайыма жабысып қалғандай. Бұрын-соңды
бет-жүзін көрмеген мына бейтаныс кісінің баса-көктеп кіріп, бейпіл сөйлегендеріне
өзім де таңмын. Қимылы еркін. Бешпетінің қойнына қолын сүңгітіп, уысқа сиярлық
кішкентай құмыра сауыт шақшасын суырып алды да, қоянқұлақ құлақшын милығына түсіп
тұрған басын шайқап-шайқап қойды.

- Мені қайдан сап ете 
қалды деп жақтырмай отырсыңдар-ау, түге. Оңашада армансыз сайратып, алқалы
топтың алдында сөйлетпей, көптің көзіне көрсетпей, келелі кеңес-сөзден қалыс қалдырып
келгендерің жетер енді.

Қабаңның бурыл қасы секіріп оң қабақтың үстіне шықты. Әлгінде
ғана басу айтқан қарттар да басымен алысқан асауды алыстан айналып өткісі
келгендей қорғаншақтап қалыпты.

- Құ-дда-ның құд-діреті-і... - Астыңғы ерні бұлтиып, еріне сөйлеген
кісінің кейпін танытып - Жалғыздықтан ішқұса боп жүргенде... сені жолықтырғанын
қар-рашы-ы... жазушы дегенге, маңдайы қасқаланған біреу ме десем... Былтыр мұнда
бір бәдік келген. Бастықтың кеңсесіне бекініп ап, осы ауылдың қағаз-қалам ұстаған
қаратаяқтарын үйді-үйге жіберіпті. Мына Исағұлдың үйінде шай ішіп отырғанбыз.
Ел «зәлім бала» деп кеткен бұқалтыр жігіт қағаз-қаламын жылтыңдатып:
«Араларында сексеннен асқан кім бар? Кеңседе әзірейіл күтіп отыр» - деп ауыз ашуға
жиналған жеті-сегіз шалдың жүрегін жара жаздаған. ...сен тіпті бала екенсің ғой.
Бірақ, мен сендерден қорқамын... Қазіргі балалар маңдайынан сипап, мақтағанды тәуір
көреді, кемшілігін бақырайтып қойып көзіне айтсаң, ақылсыз әйелдей тұлан тұтып,
кектенетіндерін қайтерсің?! Әй, өз балаң да оныңды өле-өлгенше ұмытпас...

Су ірітіп бара жатқан сабынның алқындысындай жұқарған жүйке
сыр берді.

- Өзіңіз кімсіз, ақсақал?

Оң қолының буын тұсы бүкірейген сұқ саусағы аузына барып қалған
екен, екі иығы селкілдеп кеңкілдей күлді.

- Баламысың деген...

Алашаға саусағын сүртіп, іргеге шырт еткізіп түкіріп қойды.

- Әкемнің азан шақырып қойған аты - Құсайын. Бірақ, мына
кісілерден бастап /ағаларым ғой/ ауылдың бала-шағасына дейін сыртымнан «қияли Құсайын»
дейді. Бәріміз аталаспыз. Қаранар батырдың ұрпақтармыз. - Кенет басын көтеріп
алды. Манағы нұрсыз жанарында қызыл шоқтай бір ұшқын жылт етіп, қайта сөнді -
Не, жарықтық бабама ұқсаймын ба?

Селдір сақалына сілекей жұққан бәкене бойлы шақар шал қолындағы
қамшысымен құлақшынының маңдайын көтеріп қойды. Бет-сүйегінің еті қашып, қатпар-қатпар
теріс екі ұртында салбырап тұр.

- ?!

- Неге үндемейсің?

- Ол кісіні көрген жоқпын, - дедім қитығып.

- Сен түгіл мен де көрген жоқпын, - деді ол да қыңырайып, -
бірақ кітап жазған адам бәрін білуге тиісті...

- Ендеше, сіз ұқсамайсыз!

Ашу үстінде айтылған сөз - ауыр. Селдір сақал шошаң ете қалды.
Қабаңның езуіне ұялаған ұры күлкі қасындағылардың қытығын келтірді білем, олар
мырс етті. Мен әліптің артын бақтым. Мына үнсіздік - сай табанындағы жіңішке сүрлеуде
үзеңгі қағысқан екі жолаушының алдынан шыға келген жолайрықтай еді. «Уһ!» - деп
еркін тыныстайтын сәтке кез кеп, әркім өз жолымен алаңсыз кете берер ме еді, бәлкім...
Әлгі бір қасаң жерде сөзбен қаржасып қалған сақалды тентек пен бала қырсықтың
ат тізгінін қатар тартып, бір-біріне сынай қарағаны да осы тұс.

- Ұқсаймын! - Құсайынның дауысы тарғылданып шықты. - Қабаң
да, анау Мәміш, мына Исағұл да, бәріміз де ұқсаймыз! Қабаң Құсайынды жаңа көргендей
болды. Мәміш, Исағұл ақсақалдар да құс жастыққа шынтақтарын тіреп, елең етісті.

- Ұқсаймыз! - деді қарашұбар шал күрсініп.  - Ел басына күн туғанда, жасанып келген жауға қарсы
жалаңтөс шапқан, аруағыңнан айналайын есіл ердің ұрпағы болған соң неге ұқсамайық?!
Пенделіктен ада адам бола ма? Жарықтық бабамның есімі қабырғалы елдің ұранына
айналса, жақсы қасиеттері көп болғаны да! Сен... сен менің немерем тұстассың. Көңілің
- ақ, ниетің - түзу шығар, бірақ, сені періште деп айтсам, аузым күйетін сияқты.
Әділдіктің басынан аяғыңмен аттап, жыға тартатын сұмдығың болмаса да, бұла
тартатын қулығың жоқ екендігін қайдан білейін? Сексеннің сеңгіріне шығып, абыз
атанған Қабыш ағам, көп пендеден көші озған, көшелінің өзі. Бойындағы басты
міні - тым қаншыл, жақсылық атаулыны өз ата-бабасына ғана теліп сөйлегенді жаны
жақсы көреді.

- Құсайын!

Қосанжарлана сөйлеген Мәміш пен Исағұлды, Қабыш ақсақал тиып
тастады.

- Айтсын!

- Ана Мәміш кімнен кем? Шіркіннің қулығына құрық бойламайды.
Ол үшін Қабаңның көлеңкесінен жайлы жер жоқ. Сөйтсе де одан сыйлы адам бар ма,
бұл өңірде. Мына Исағұл ше? Күніне бір қызылқұлақ пайда түсірмесе, ұйқысы қашады.
Қаранар бабамда ептеген өзімшілдік, қулық, дүниеқорлық болмады дейсің бе? Жарықтықтың
сол бір тарыдай міндері бүгінгі ұрпағының бойынан бадырайып көрініп тұрса, оған
кім кінәлі? «Әр нәрсе асылына қайтады», қан дегенді қойсайшы!? «Әулиенің арты -
жын болады» дегенді естіппе едің; Қаранар бабам - әулие болса, жының - мен...

Исағұл ышқынып кетті.

- Әй, жекеменшіктің бүгінгі кезегі - сенікі емес пе? Жазған-ау,
малды кімге тастадың?!

- Үшеуің үшін үш күн баққаным - тақияңа тар кеп отыр ма? Әлгі
Ысмағұл болмаса /Қабаңның баласын айтамын/, бұл үйде қонақ барын да білмеппін.
«Жазушы жігітті қазір поезға жеткізіп саламын» - деп мәшинесінің доңғалақтарын
ауыстырып жатыр екен, айналайын...

- О, тоба! - деп түңілді Исағұл, тынысы тарылғандай қылғына қырылдап
- Құртты-ау, мынау...

Жыламсыраған баладай өңі бұзылып кеткен Исағұлға Қабаң иек қақты.
Сірә, әдеті болар, Құсайын шал басын тағы да шайқап қойды. Ебіл-дебіл боп сыртқа
ұмтылған туысына мойын да бұрмады.

- Құд-даның құдіреті, - деп күмілжіді ол, қиналып. Қаны қашып,
кезерген еріндері әлсіз жыбырлады - Келген шаруамды ұмытып, мені не қара
басты?! Қап?!

- Ойыңа түскенде тағы бір соғарсың, - деп, айызы қанғандай Мәміш
сылқ-сылқ күлді. - Қонақты жолынан қалдырма, ал біз ауылдамыз ғой..

- Құданың құдіреті... ойпырмай, ә... - Құсайын шалды аяп кеттім.
Жанары жасық баладай жапақтап, жан-жағына жалтақтай береді. Әлдекімнен көмек күткендей...
Әлгінде ғана арындап отырған адуын мінезін жоғалтып ап, көз алдымызда бір уыс
боп бүкірейіп шөгіп барады. «Е, бәсе!» - деп серпілді бір кезде. - Жазып жүргеніңде
Алғадай... алғадайлар бар ма?

- Ой, құдай-ай, - деп ыңырсыды Мәміш тұзды су ішкендей
тыржиып. Баяғы әлаулайың ба? Сайда саны, құмда ізі жоқ қайдағы біреуді дәріптеп...

- Кім дейсіз? - дедім таңырқап.

- Алғадайлар деймін.

Маңдайымнан суық тер бұрқ етті.

- Білмейді екенсің ғой, естімеген екенсің ғой... Апыр-ай, ә...
бұлай деп кім ойлаған... Баламысың деген... Қаранар бабамның қартайған шағында...
Қаракерей Соқыр Абыз: «Балаңыз нешеу?» - деп сұрағанда: «Көп, бірақ, көзім көргені
біреу-ақ» - дегенін... Қаба, а, Қаба, сіз де айтпағансыз ба? «Жауды көп түсіріп
алады, атағы Барақта қалады» дегендей, бұл қайткеніңіз Қаба-ау, жарықтық
бабамыздың ұрпағына қалдырған аманат-әңгімесі емес пе еді?

- Әй, Қабаңда нең бар? Өзіңе қалдырған сөзіміз екен, соған
да бізді кінәлі етпексің бе? - Сырт көзге момақан Мәміштің көзі аларып, өңі қабарып
кетіпті. Сауысқаннан сақ кісінің сыр алдырғаны қызық екен. Төрт-бес күннен бері
Қабаңның қабағын бағып, сыпайы ғана тіл қатып отырған сырбаздығынан жұғын қалмапты;
ызғары бетіне теуіп, сазарып алған. Бірақ, көзге қораш, сөзі оғаш Құсайын шал оған
қыңбады. Жақын туыстарының сөзбен іліп, қабақ түйгендері - күнде көріп жүрген құқайы
болса керек.

- Балам, - деді маған қарай ұмсынып - Жалған дүниенің бетіне
тік қарау үшін көз емес, жүрек керек. Қияли Құсайын атандырған да осы мінезім
шығар. Сен де сөйт, балам... Өйткені, көз қорқақ... қорқақ! Ақ селеу кірпіктер
айқасқан сәтте, әпенді адамның бет-пішіні өзгеріп сала береді. Үлкен, жарық
терезеден қиғаштай түскен күн сәулесі әжім аяусыз шимайлаған кәрінің жүзін
ежелгі мүсіншілердің қолынан шыққан көне дүниенің ойшылына ұқсатты. Бағзы заманда Алакөл мен Сасықкөлдің толқындары қойындасып,
Көкше теңізге иек артып жатады екен. Телегей сулардың екі көш сығылысып, әрең өтерлік
осы бір тұсында қазақ пен жоңғар қосындары бетпе-бет келіпті. Ата қонысқа ат тұяғын
іліндіріп, «а, құдайлаған» қолдың тау жыққандай екпінін бөгеймін деп тар қапталдан
тосқауыл құрған Қалдан-Доржы мен Қазақшарының торғауыт өлет, дархаттардан жасақталған
көктемірлі шебі лек-лек. 

Жауынгерлік үрдістің әлібі - жекпе-жек. Екі аралықтағы қозыкөштей
жерге жоңғар жағынан сары киімді сидаң қара шыққанда, айдарлы топ: «Боршы!
Боршы! - деп қиқуға басыпты. Сонда талай ердің тұлымды басын қанжығасына байлаған
Бөрібай батыр Қаранар бабамыздан бата сұраған екен. Жарықтықтың аузынан: «Аруақ
қолдасын! Деген лебіздің шығуы мұң, Бөрібайдан бағылан тұлпарының сауырына қамшы
салады. Жүрек жұтқан ерлерін жекпе-жекке шығарған қалың қолдың аруақ шақырған
айғайынан дүр-р етіп үріккен құстар қанаттарын қаға алмай су бетіне қайта құлапты-мыс!

Екі арғымақ жер танабын қусырып, жұлдызша ағады. Мыңдаған көздердің
қарашықтарының болатын суырып бара жатқан батырлар да тізгін тартпайды. Балуан
Бөрібай, батыр Бөрібай, түйе мойнын қиялай тартып қылпып кесетін қылышкер Бөрібай
алдаспанын жарқылдатып, ата жауына төніп-ақ қалды-ау дейсің? «Әне жетті! Міне
жетті!» - деп елегізген екі жақ та демдерін ішіне тартып, тына қалысты.

О, жасаған! Құлақ естісе көңіл иланбайтын сұмдықты ағып
кеткір көзің көрсе не шара? Оң қолы шошаң ете қалған Боршыға қылар қайраны
болмай, есіл ер арманда кетті. Жауға сілтер қылышын жерге лақтырып, екі қолымен
бетін жапқан Бөрібайдың басын аруақты ерім деп ардақтаған елінің алдында кесіп
алған сидаң қара сақ-сақ күлсін. Атасы басқа аламанның абыройы асты. «Мынау...
мынау пері болмасын!» - деп шошынды қазақ сарбаздары. Әйтпесе, найза шанышпай, қылыш
қағыспай кісі өлтіргенді кім көрген?

Бөрібай өлімі - елдің туын жықпаса да шайқалтып-ақ
кеткендей. «Жекпе-жектің жаналғышы» атанған арыстың тұяқ серпуге шамасы келмей
шәйіт болғаны көптің жүрегін шайлықтырғандай еді. Тілін тістеп, түнерген қолдың
алдында Қаранар батыр күндей күркіреп, қаһарына мінді. Күрзісін ыңғайлап, арғымағын
тебінген сәтте, оң қанаттан бір сарбаз:

- Мен Алғадаймын! Мен Алғадаймын!» - деп сурылып шығып, Бөрібайдың
басын жұтқан Боршыға қарай құйғытты.

- Батырдың батасын алмай кетті!

- Қасиетті Қаракемнің жолын кесті! - деп араның ұясындай ызыңдап
қоя берген көпшілікті сақа сарбаздар тиып тастады.

 - Алғадаймын деп
басын өлімге байлаған ерлер айтады.

- Алғадайдың бата сұрағанын қай атаңнан сұрап едің?

- Қай ру?

- Кімнің баласы? - деген сыбыр-күбірден қалың қол жел
сыбдырлатқан қамыстай толқыды.

Жалбыраған қасы-көзін жапқан Қаранар бабам сонда:

- Алғадай - елдің баласы. Онда әке-шеше, ру болмайды! -
депті.

Бөрібай батырдай айдынды, айбарлы емес; түбіт мұрты енді тебіндей
бастаған мына бозбаланы көрген жұрттың назары оң қанатқа ойысқан. Тығырыққа тап
болған тұста, ел тынысын бір сәтке ғана кеңіткен көзсіз ер кім болды екен? Сүйсінуден
гөрі қызғанышы басым жұрт емеспіз бе, апыр-ай, атақ-абырой қай ауылдың
еншісінде кетті деген күпіршілік те жоқ дейсің бе, бәрі болған шығар.

Боршы ноянның оң қолы тағы да шошаң еткенде, екі жақта шу
ете қалды. Ат бауырына ауып түскен Алғадаймен бірге ел үміті қоса өлді. Сидаң қара
ат тізгінін қармай алмай, қапыда қалды, бүйірлей жалт берген қара ат тас лақтырымдай
жер ұзап кетті.

Қылышын ер үстіне кесе-көлденең салып лекіткен Боршының
есіл-дерті арғымаққа ауған. Қаптал тұстан қиялай салып жанамалаған сәтте қайқы қылыштың
жүзі жарқ етті. Қаурсын қадалған қара тұлым қиылып түсті. Тосын қимылдан үріккен
екі арғымақ ауыздықпен алысып, қайта шығандады.

- Тірі екен! Аман екен! - деп қазақ жағы ереуілдеді. Сонда Қаранар
бабам! «Айлалы болғанмен, әдіс ала алмаған екенсіңдер, қылышты қиялап сілтесең
етті» - деп қамығыпты.

Тұлымы кесілгеннен гөрі басы кеткенді артық санайтын жоңғардың
мына қорлықтан қаны қарайса керек; шалма тастам жерге жеткенде екі қолын бірдей
көтеріпті.

Шын-Машын шеберлерінің қолынан шыққан үш қырлы болат сапының
бірі - қыз ерні тимеген балғын жүздің жақ етін жалбыратып, екіншісі - жайнап тұрған
қос жанардың біріне қадалыпты. Боршының «құпиясын» кеш білген Қаранар батыр
майданға шығып, Қазақ-Шарының батыр ағасын ат көтіне салыпты. Қабырғасы сөгіліп,
езуінен қара қан аққан дұшпаны айтыпты-мыс.

- Қазақтың бағы - сенің басыңда деуші ем, сенің бағың - қасыңда
екен-ау, Қаранар. Осы жекпе-жекті төрт жыл бойы күтіп, төрт болат сапыны күндіз-түні
жанып, кеңірдегіңе қадасам ба деп едім. Бір сапыны - Бөрібай алды, үш сапым-қайдағы
бір боқмұрын балаға... бала деймін-ау, далаға кетті.

Жау жеңіліп қашқан сол бір қанды ұрыстан кейін Қаранар өлім
халінде жатқан жас ұланнан жөн сұрапты.

- Кім боласың, жарқыным?

- Алғадаймын, - депті бала сарбаз.

- Тым жас екенсің, өз уақытыңды күтпей бекер асықтың-ау деп
күрсініпті жарықтық.

- Оқасы жоқ, аға. Алғадайдың міндеті - айлалы жаудың әдісін
ашу. Сіз сияқты бірдің өмірі мыңға татыған заман емес пе? Ендеше өкінішім жоқ!
- деп, алғадайдың демі үзіліпті.

Енді байқадым, қияли Құсайын иығы бүлкілдеп үнсіз жылап отыр
екен!..

- Қарағым, - деді Қабыш қарт тамағын кенеп, - мына Құсайынның
артық-ауыс сөзін көңіліңе ауыр алма. Бұл бір аңқылдаған ақ көйлек байғұс. Заты
жуас, момын еді бейшарам. Ақылтай, Атымтай деген егіз ұлы кешегі Ұлы Отан соғысында
өлді. Солардың күйігі ғой...

- Қаба, өйтіп саңсақ сөйлемеңіз. Ақылтай мен Атымтайды бір
маған телімеңіз, олар баяғы алғадайлардың көпшілік біле бермейтін ұрпағы, елдің
баласы. Жалған айтсам, Мәміш екеуің куәсің. Ел басына күн туған кезде, қолыма қару
алып, майданға аттанбақ болдым. Оған жарамайсың деді. Сонсоң он алтыға енді толған
екі құлынымды ертіп, оянкоматқа апардым. «Алжыдың ба?» - деп шулаған елдің
ішінде екеуің де болдың, рас қой? Мен көнбедім.

- Әлі жас қой, - деп оянкомат қарсылық білдіргенде:

- Туған жылымыз, жасымыз шегеріліп қате жазылған, - деп олар
көнбеді. Бүгін Құсайынды «қубас» деп табалайтындар да табылар. Бірақ, мен тәуба
айтамын. Қазір, әке сағын сындыратын бала аз ба? Ондай әкенің халі менен де мүшкіл.
Қазақ біреуді мұқатуға қандай шебер?! Бөрібайдың ұрпақтары осы ауылда тұрады.
Солардан бабасы туралы сұрашы, ләм-мим деп жақ ашар ма екен?! Неге дейсің ғой,
жарықтықтың жау қолынан өлгенін намыс көреді! Жиені - жаңағы Исағұл ғой.
«Жайына жүрмей несі бар еді?» деп ел үшін еңіреп өткен ер Бөрібайды сөгетіннің
бірі - сол.

- Ал, балам, бұл ауданда алдына мен бармаған азамат қалмады.
Мүмкіндігің келсе, қол ұшын бер... 1752 жылы жекпе-жекте өлген Алғадайдың қабірін
тауып, басына ескерткіш орнатайық.

- Астапыралла! - деп Мәміш жағасын ұстады. - Утөбенің
басындағы обаны қазып жүрген сенбісің? Өлсең, көмусіз қалатындай, көзің тіріде өзіңе
бейіт тұрғызып, сүйегімізге таңба салғаның аз ба, сенің?!

- Өрекпіме, Мәміш, - деп Қабаң қабағын шытты. - Қайдағыны
айтып, қонақтың басын ауыртпаңдар!

Мәміш ақсақал қолымды қысып: «жолың болсын, қарағым» - деп
сыпайы аттанды. Құсайын қарт «осы бала кім өзі?» дегендей бетіме бажырая қарап,
басын шайқап біраз тұрды да қолын бір-ақ сілтеп жүре берді.

- Баланың қайғысы оңай ма? - деді Қабаң күбірлеп. Кезінде Кәкең
атанған азаматымыз-ақ еді, қайғы бұзды ғой...

 

* * *

Күн арқан бойы көтерілген шақта, жолға шықтық. Қабаңның
шофер баласы Смағұл жеңіл машинамен теміржол станциясына жеткізіп салмақ. Биік
төбенің баурайындағы төртқұлақты зираттың тұсынан өтіп бара жатқанда, Ысмағұл күліп
жіберді.

- Не болды? - дедім таңырқап.

- Мына өзіңіз көрген қияли Құсайынның бейіті. Өзі Алғадай
деген біреудің баяғыда қурап қалған сүйегін іздеп жүр. Былтыр жолаушылап жүрген
екі діндәр басына кеп құран оқып, елді бір шулатқан. Әй, дегенмен, ауылда
осындай бір Қожанасырдың болғаны да жақсы-ау...

Жолаушылар поезында кісі сирек көрінеді. Шаршағанымды енді
сезініп, төрт-бес күнгі ұйқының есесін бір қайтарайын деп ертерек жатып қалдым.
Ойымды он саққа жүгірткен шым-шытырық сезімдер ғажайып түске ұласты білем...

... Бүгін бір ғана Құсайын жоқтаған Алғадайды кәріміз бар,
жасымыз бар, ел болып іздеп жүр екенбіз!..