ВЕРНУТЬСЯ

   Жыл бойына сапасын жоғалтпай, жақсы сақталатын тағамның бірі
- құрт. Бала кезімізде құрт қайнатқан үйді жағалап, көбік жалайтынбыз.

Езілген құрттың таусыншақ түйіршектерін малта дейді. Ол өте
кәделі ас, әрі жұмсақ болады. Ұзақ сапарға жолаушылар көбіне-көп жолға малта
алып аттанған. Өйткені малта бір жағынан ашыққан адамның өзегін талдырмаса,
екіншіден, шөлдеген кісіге сусын болған.

Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт майдангер Қинаят ата малта
туралы мынадай бір хикая шертті.

- Қалмақ даласындағы қырғын шайқаста, қатарымыз селдіреп,
біздің взвод қорғаныс шебін тастап, шегінуге мәжбүр болды. Күші басым жау
әскерінің танктері екі қанаттан орап, ту сыртымызға өтіп кеткен. Тірі қалған бес
жауынгер сай-жыраны сағалап, жаудың тылында қалып қойдық. Аштық, шөл бірдей
қысқанда, жүк қапшығымды ақтарып отырып, бес-алты құрт тауып алдым. Майданға
келгеніме сегіз ай  болса  да,  
«елдің дәмі ғой»   деп ырымдап,
жемей жүргенмін. Сенсеңіз, балам, сол тығылған жерімізде төрт күн, төрт түн
тырп етпей жаттық. Өйткені мидай жазық далада жаудың көзіне түсіп қалудан
қорықтық. Шынымды айтсам, ол уақытта тұтқын болғаннан гөрі, өлгенді артық
санайтынбыз. «Пленде болыпты» деген қаңқу ілінген жауынгерге елдің бәрі
сенімсіздеу қарайды. Бесінші күні таң ата біздің бөлім қарсы шабуылға шығып,
қару-жарағымызбен өз бөлімімізге қосылдық. Жанымызды сақтаған бес-алты құрт
болды дегенге ерекше бөлімінің қызметкерін әрең иландырдық. Абырой болғанда,
дорба түбінде бір уыс құрт қалыпты. Куәлікке соны тарттық. Е, балам, сөйтіп
жанымыз бен арымызды қазақтың құрты сақтап қалған еді.