ВЕРНУТЬСЯ

   Мектептен келсем, шешем бауырсақ пісіріп, әкем қой сойып,
бауырларым аула сыпырып, текемет, алаша, сырмақтарды қағып, үйдегілер әбігер
болып жатыр екен.

- Қонақ келе ме?- деп әркімнен бір жағалап сұрап едім,
қолыма келсап ұстатып, келі түйгізіп қойды. Түкке түсінсем бұйырмасын. Әйтеуір,
бірін-бірі «бол-болдың» астына алып асықтырып, өзі де ебіл-дебіл болып
жанталасқан жұрт.

Тіпті көрші-қолаң да қазан-ошақтың маңайында күйбеңдеп,
қолғабыс тигізіп жүр.

Қолы бостықтан іші пысып, көше кезіп кеткен інім үйге
келгенде барып, абың-күбің бұл тірліктің себебін бір-ақ білдім.

-  Келіні дұрыстап
түй,- деді ол маңғазданып.- Атам келе жатыр!

-  Қайдағы ата?- дедім
таңырқап.

Мәссаған, мынау, шынында да, үлкен жаңалық! Үйдің жанына
келіп тоқтаған көліктен сақал-мұрты бурылданған ала көз бір шал түскенде, әкем
барып оның қолтығынан демеді.

- Құлыным-ау,- деп әкемнің маңдайынан иіскеген ақсақал жылап
көрісті. Атамыз осы кісі екен. Бәрімізді жағалай сүйіп шықты. Балпанақтай
сүйкімді інімді: «насыбайыңды әкел» деп біраз әурелегенде, маңайдағы жұрт мәз-мейрам
болып күлісіп алды.

Ол кісінің әңгімесін ұйып тыңдаған ел, таң сарғайып атқанда
бір-ақ тараған. Інім екеумізде ұйқы жоқ.

Ел аяғы басылған соң, төсек салынып, атам бізді қасына
шақырды.

- Келіңдер, менің қойныма жатыңдар.

- Мен жатпаймын,- деді інім.- Сен бағана ішкиімнің бауын
үзіп жіберіпсің.

Атам сылқ-сылқ күлді.

- Жатпасаң, жатпа. Бірақ тентектігің бізге тартыпты. Атамның
қойнына мен жаттым. Басымнан сипап, көзімнен сүйген атам біраздан соң күбірлей
бастады.

- Е, құдай, үрім-бұтақ, ұрпағыма тыныштығыңды бере гөр.
Осылардың алдында өлсем, армансызбын...

Таңертеңгі асты бәріміз бірге іштік. Дастарқан үстінде атам
дәмге қол созбай тұрып: «Ұлдан туған, қыздан туған ұрпағым аман болсын», - деп
екі қолымен бетіп сипады. Беу, атаның ақ тілеуі-ай!