ВЕРНУТЬСЯ

       Менің басымда
тағы да бір мін бар. Оным - орынсыз ұяңдық. Орынсыз деп отырғаным - кей-кейде
ұялмайтын жерде ұялып, беті ашылмаған жас баладай өз-өзімнен қысылып қаламын.
Ондай уақытта орнымен сөзтауып сөйлеуім де оңайға түсе бермейді.
        Әлі есімде:
бір мың тоғыз жүз елу төртінші жылы май айында өзімнің
туған өлкем - Солтүстік Қазақстанның аудандарын араладым.
Қасымда облыстық «Ленин туы» газетінің редакторы Ғалым Мұхамеджанов. Бір
жақсысы - Ғалым ашық жігіт. Кез келген адаммен оп-оңай тіл бысып кете береді.
Ал мен болсам, өйте алмаймын. Әкесінің артына тығыла беретін ұялшақ балаға
ұқсап, Ғалымға қараумен боламын. Былайша айтқанда, осы
облыста көптен істейтін, сол себепті қай ауданға барса да
танысы көп газет редакторына ерқарамын. Мені таныстыратын да, керек жөрінде сөйлейтін
де өзі.
... Біз бір ауылға келдік. Ғалым мені мектепте қалдырды да,
жарты сағатқа бір жерге барып келейін деп кетіп қалғаны. Сол жарты сағат маған
жарты жыл секілді өтпей қойды.
     Бөлмеде бес-алты
мұғалім. Әрқайсысы өз жұмысымен шұғылдануда. Анда-санда бір сұрақ қоямын. Олар
анда-санда тоқ етерін айтады да үнсіз
қалады. Әңгімеміз жалғаспайды. Маған тіпті олар осы бөлмеде
бөтен кісі бар екен-ау, - деп ойламайтындай көрінеді. Содан ба, әйтеуір, қысыла
түсемін. Далаға шығып кетейін десем, оның да жөнін таппаймын. Акыры Ғалым келіп
көзім ашылғаны. Әңгіме де түзелді.
        Сазарып
үндемей отырған жұрттың кескініне қан жүгіріп сала бергендей...
        Мен бұл оқиғаны
тәптіштей айтып отырған себебім - өз басымдағы күні бүгінге дейін есіме түссе,
жанымды қинайтын бір өкініштің барлығы.
         Сол сапарда біз
Преснов ауданына қарасты Қызыл әскер совхозына соқтық. Себебі - совхоз
орталығындағы ауруханада менің немере апам Күләш жатқан болатын. Мен іздеп келген
соң жалғыздық түскен Күләштің қуанғаны-ай десеңші. Төсегінен басын көтерді.
Төңірегіндегілерге Алматыда тұратын інім, - деп мақтанды. Көпке дейін қасынан
шығармады. Ауруын, қалай емделіп жатқанын айтты. Ақыры қоштасарда:
- Бас дәрігеріне барып жолыға кетші. Менің жағдайымды сұра.
Өзіңнің кім екеніңді айтып, қадағалап қара деп тапсыратын бол. Атқа мінгендер
бірінің сөзін бірі тастамайды. Ал біз секілді жәй адамдарды жүре тыңдайды, -
деп қиылды.
      Мен апама уәде
беріп палатасынан шықтым. Бірақ ауылдық жердегі аурухананың бас дәрігеріне
жолыққаным жоқ. Баруын бардым. Кабинетінде бір кісілер отыр екен, соларды баса
көктеп кіріп баруға ұялып бетімнен басқаным.
        Менің бұл
әлсіздігімді не деп түсінуге болады? Рас, тура келген ажалға басқаны былай
қойғанда, ауылдық жердің дәрігері де ара түсе алмайды ғой. Сонда да қаны бір
туыстың соңғы өтінішін орындай алмауым, орындай алмау себебім - ұяңдығымда
тұрса, қалай сөксеңіз де артықшылығы жоқ деп білемін.
     Осы бір жөн-жосығы
жоқ ұялшақтықтан күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатсам, не демексіз?!