ВЕРНУТЬСЯ

          (Төрт пікірталас)         А.) Кие мен күйе(Әбіш Кекілбаев – солақай сынның құрбаны болуға лайық па?.)                                                   «Пілдің тірі бәсі де – мың тіллә,                                                     Өлсе, тері бәсі де – мың тіллә!..»        Кейінгі жылдарда қазақтың кемеңгер жазушысы, ұлы ойшыл, көрнекті саясатшы Әбіш Кекілбаевқа бірқатар баспасөз құралдары тарапынан беталды құла шабуыл жасау әрекеті бел алып тұр. Біз білгенде оны бастаған – «Солдат» газеті Содан соң – тәуелсіз «Алтын орда» (Бас редакторы – М.Ақдәулет) газеті. Біржар жылдықта бұл басылым Ә.Кекілбаевты негізсіз ғайбаттаған, бір емес, бірнеше мақала шығарды...Біз кезінде М.Ақдәулетұлының  пендешілігін оқырманға көрсетіп жазсақ деп оқталғанбыз, бірақ, оның қазақ поэзиясы мен баспасөзіне сіңірген үлкен еңбегін ескеріп қана тоқтағанбыз!..Өткен жылы қазақ баспасөзінің «ақсақалдарының» бірі – «Жұлдыз» (Бас редакторы – М.Мағауин) журналында (№9) ақындық, жазушылық, сыншылық – осылардың қай-қайсысын да жарытпаған Бегділдә Алдамжаров деген шалағайдың Ә.Кекілбаевқа «шот салуды» көздеген «Евгений Онегинді» Гоголь неге жазбаған?..» деген шалдыр-шатпағы шықты!.. «Өлі жандарды» Пушкин неге жазбаған?..» деген атпен жарық көрген әдеби мақаласымен ой таластыруға тырысқан!.. Б.Алдамжаровтың сондағы поэма жанрының табиғатына орай жасаған теориялық тұжырымдары, мүмкін жобаға соғатын да шығар?.. Бірақ, өз мақаласында Ә.Кекілбаевты жермен-жексен қылуды мақсат тұтқан ол сөз қылып отырған негізгі тақырыбынан (поэма жанрының теориясы мен тарихы. Авт.) жалт бұрылып, кемел суреткердің жазушылық стиліне ауыз салады!.. Оны: «Мәселен, ол өз прозасында кейіпкерді іс-әрекет үстінде көрсетпей, ауызекі сөйлеуін мүлде алып тастап, тек қана оның дүниесінде не болып, не қойып жатқанын ғана суреттейді. Бұл жағдай оның барлық хикаялары мен әңгімелеріне тән», - деп орынсыз сөгеді!.. Сонда Б.Алдамжаровтың жойдасыз пікіріне бақсақ – дара стильді суреткер ретінде атақ-даңқы жер-дүнияға кеткен Ә.Кекілбаевтың: Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілхайыр хан, Гүрбелжін ханым, Жаппар шебер, Абыл күйші, Еңсеп құдықшы секілді әдеби бейне ретінде әрқайсысы бір-бір әлем болып табылатын ондаған кейіпкерлерінің жансыз қуыршақ болғаны да!..Шығармаларын кейіпкерінің ой ағынына, ішкі толғанысына құратын жазушы жалғыз Ә.Кекілбаев деп кім айтады?! Әлем әдебиетінің алыбы Ф.Достоевский, Нобель сыйлығының иегерлері: дат К.Гамсунның, орыс И.Буниннің, француз А.Камюдың, колумбиялық Г.Маркестің  немесе А.Сүлейменовтің («Бесатар», «Адасқақ» хикаяттарын еске түсіріңіз.Авт.) әлгі сыншысымақ терістеп отырған стильді қолай көргенін қай әдебиетші білмейді!.. Мұндай стильге бет бұру осы журналдың Бас редакторы Б.Алдамжаровтың «кумирі» - М.Мағауиннің кейінгі шығармаларынан да аңдалады емес пе?!. Оның өмір-бақи жете алмай жүргені – осы бағыт, осы тәсіл, осы стиль еді ғой!.. Мұндай әдеби стильді меңгеру- шығантоғайда бір кездесетін кемеңгерлердің, шеберліктің шыңына да шыға алған, шыңырауын да қаза алған хас шебердің ғана маңдайына жазылар айрықша бақыт екендігі есі дұрыс пендеге аян болса керек!.. Немесе, автордың: «Ә.Кекілбаев кейіпкерлерінде мүлдем іс-әрекет жоқ, ауызекі сөйлесу жоқ» дегені қай сасқаны?.. Сонда Б.Алдамжаровтың жарымжан логикасына сүйенсек – Шыңғыс хан (Ә.Кекілбаев кейіпкері. Авт.) – жарты әлемді іс-әрекетсіз (сөйлеспей-ақ қойсыншы! Авт.) бағындырған болып шықпай ма?.. «Ә.Кекілбаев шығармаларында мүлдем диалог жоқ», - дегені – автордың қай сандалағаны?.. Мұның жалған сөз екендігі кез-келген оқырманға белгілі емес пе?..Осы жерде: «Өзі басқарып отырған журналға осындай берекесіз сөздің шығып кетуіне белгілі ғалым-жазушы ағамыз М.Мағауин қалайша жол берген?» - деген орынды сауал туады. Біздіңше, мұның да ерекше «құпиясы» жоқ секілді!.. Қайда да «бірінші» болудан  дәмелі, «Мен» деп сөйлеуден танбайтын («Мен» деген романын оқыңыз. Авт.) іштар, қызғаншақ Мұхтар Мағауин өзінен таланты асқан Әбіш Кекілбаевты көре алмайды!.. Сондықтан да ол «Жұлдызға» - Б.Алдамжаровтың «боқташағын» тықпалауға зәру!..Біз кезінде осы бір уақтыққа қарсы қалам сілтесек деп те ойлағанбыз. Бірақ: «Ондай-ондайға – алып Әбіш апшымас!» деп тағы да сабыр сақтағанбыз!..«Сөйтіп жүргенде...», - дейсіз бе? Сөйтіп жүргенде - Ә. Кекілбаевқа биылғы екі санында қатар 29 қаңтар,06 ақпан, 2004 жыл) республикалық «Жас Алаш» газеті (Бас редакторы Ж.Қорғасбек) және ауыз салыпты!.. Бірақ әйгілі қаламгер-саясатшыға қарсы «Алтын орда» мен «Жұлдыз» секілді тура шабуыл салмай, құйтырқы «жүріс» жасапты!.. Бұл газет бұрын да Ә.Кекілбайұлының: «Қазақ жастарының барлығын жұмыспен қамтамасы ету керек. Сонда олар қартайған ата-аналарын зейнетақысыз-ақ бағады!» деген келелі сөзінің өңін айналдырып: «Ойбай, Әбіш «шалдарға пенсия берудің керегі жоқ» депті-міс», - деген әңгіме қоздатқан!.. Газеттің ендігі «әрекетінің» себебі - Ә.Кекілбаевтың «Асар» партиясының Парламенттегі фракциясына кіруі көрінеді!.. «Жас Алаш» осыған: «Бұл қалай?» деп таңданғансиды. Бұл «таңдану» - айтулы тұлғаның аталған партияның фракциясына кіруін жақтырмаудан туған «таңдану» болатын!.. Мұның себебі де белгілі. Себебі сол – «Жас Алаш»» кейінгі кезде «Ақ жол» партиясының құрылтайын аузының суы құрып жазғанын көзіқарақты оқырман біледі. Торды әріректен тастаған газет бірнеше қаламгерге: «Ә.Кекілбаевтың бұл қадамына қалай қарайсыз?»-деп сауал салады. Әріптесінің «қадамына» - М.Шаханов: «Мұндай қадамға қаламгерлер ойланып баруы керек» - деп тура жауаптан тайғақтайды!.. Күлкілі... Сонда: «Басқалар ойланбаса да болады»,-дегені ме?.. «Жас Алаштың» жігіттері кімнің кім туралы не айтуы мүмкін екенін шамалапты-ау!.. Сауалнамаға шақырған үшінші адамы – Қ.Жұмаділов болып шығыпты!.. Бұл – кезінде Ә.Кекілбаевтың Мемлекеттік сыйлық алған әйгілі «Үркер» романының бас кейіпкері, қазақ халқының Аршылан перзенті Әбілқайыр ханды «опасыз» деп пәлен мәрте қаралаған, сол арқылы үздік шығарманың авторын аяусыз табалаған кәдімгі Қабдеш ағамыз ғой!.. Ол – газет тілшісінің сауалсымағына орай: «Жалпы, бұл жөнінде өзімнің пікірім бар. Бірақ мен дәл осы жерде үндемей қалайыншы. Халықтың өзі айтсыншы, халықтың айтқаны жөн шығар»,-деп көлгірсиді!..Бұл «жұмбақтың» шешімі де қиын емес. Оның аты – халықты Ә.Кекілбаевқа айдап салу!..«Жас Алаш» тілшісінің сауалына байланысты Әбекеңнің өзі: «Асар» партиясына мүше еместігін, оның Парламенттегі  фракциясына ғана мүше екендігін, Парламентте депутаттың жеке тұрып - өз ой-пікірін жүзеге асыруы қиындығын, әлгіндей қадамға сол  үшін барғандығын, сондай-ақ басқа партиялардың ешқайсысын да жоққа шығармайтындығын айтқан!..Сонда «Жас Алаш» неге ала-бөле Ә.Кекілбаевты «нысанаға» алған?.. Біздіңше мұның жоғарыдағы сөз болғаннан  басқа да себебі бар.Ойымызды таратып айталық. Парламентте атағы дүрілдеп тұрған белсенді депутаттар, көп болмағанмен, бар ғой. Мысалы, қызуқанды Ш.Мұртаза немесе кез-келген мәселеге араласа кететін С.Әбдірахманов!. Бірақ, соған қарап, Ә.Кекілбаевқа қарағанда, Шерағаңның ой-пікірлері терең, немесе, Серік ініміздің сөзі пәтуалы деуге болар ма?! Асылы бар гәп- Әбекеңнің саяси тұлға ретіндегі үлкен беделінде, салмағында жатқан шығар?.. Әсілі «Жас Алаш» Ә.Кекілбаевтай толағайдың - өз тілеулесі «Ақ жолға» бет бұрмай, - «Асар» фракциясына ауып кеткенін қызғанған болар!.. Әйтпесе, біресе таңданған болып, біресе өп-өтірік түсінбеген болып Әбекеңнің бұл қадамын соншама «жыр» қылатындай несі бар?!Бұрын белсенді саясатта көрінбеген М.Мағауин мен Қ.Жұмаділов күні кеше «Ақ жолдың» құрылтайында жүрді емес пе!.. Егер,«Жас Алаш»  «сенсация» іздегіш болса – бұларды қалай көрмей қалған?! Ал, Ә.Кекілбаев дегенде – қиялай соқтығып, шахматтағы аттың жүрісін жасайды!. Сөйтіп, журналистер саяси құйтырқыға барып, оның зор беделіне кір жұқтыруға, сол арқылы оны халықтан алыстатуға тырысқан!..Бұл жерде қай фракцияға кіреді – бұл әр депутаттың өз шаруасы емес пе!.. Кімнің не қылғанында  қай газеттің несі бар?» - деген сауал да атой  салады. Бізді сөйлетіп отырған қандай ма бір партияның (ішінде «Асар» да бар! Авт.) қамы емес, әріптестеріміздің екіжүзді әрекеті екенін оқырман дұрыс түсінсін!..Әдебиеттен хабарлы көпшілік – орыстың ертеректе өткен М.Крылов деген ақынының «Піл мен қанден» (Абайдың аудармасы. Авт.) атты мысал-өлеңі бар екенін білетін шығар?..Қысқаша мазмұны мынау: Біреу қаланың көшесін қақ жарып  піл жетектеп келе жатады!.. Кенет қапталдан бір жұдырықтай қанден шыға келеді де, пілдің алдынан шәуілдей үріп қоймайды!.. Көпшіліктің көзі оған да түседі!.. Тоқтайтын қанден жоқ!.. Шәу-шәу!.. Мұның тым ерсі тірлік екенін түсінген бір ит шыдамай қанденге:-Қой, жарқыным, қойсаңшы! – деп қалады Сонда оған қанден қандай жауап берген десеңші!.. Оқиық:         -Жұрт мұнымды көрмей ме?..         Батыр атақ бермей ме?..         Қой, бұл қанден – ер шіркін,         Пілге де үрген демей ме?!.Біздіңше, Ә.Кекілбаевтың жағасына немесе балағына жармасып жүргендердің әрекетінде – осы мысалдағы қанденнің күйкі тірлігіне қатты ұқсастық бар!..Әбіштің жазушылық құдыретіне көлеңке түсіргісі келетіндерге  құлаққағыс бұрынғы-соңғы қазақтың өлеңінде – Абай! Жазушылығында - Әбіш!.. Біріншілік – осы екеуінде ғана!.. Әбіштің шығармашылығы – «түбінде шамшырақ жанған мұхит» (Қашаған) секілді!.. Сол мұхитқа мың миллион қанден барып, үрсінші – не шығарар екен?!.Саяси ақыл-ойға Ә.Кекілбаевтан терең (жүйріктерді айтпаймын! Авт.) кімің бар, айтшы, қазақ?!. Әбіштің сары алтындай сабырына, кісілігінде, кімнің қандай шарқы бар?! Сол баяғы Абай айтқан:-Жаны аяулы жақсыға қосамын деп –Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып!..Ақыл-ойының алыбына Нобель сыйлығын алып бермей-ақ қой, ең болмаса, тірлігінде құлағына тыныштық берсеңші!..Әріптестеріміздің кімді пәлелеп жүргендеріне есеп беретін уақыты әлдеқшан жеткен секілді!.. Киесіне күйесін жаға беретін ұлт – ұлт болып жарыта ма?!Аты мәңгілікке кететін Әбіштей алып – біздің қорғауымызға зәру болмас!.. Бірақ, халық әділ сөзге қашан да зәру!.. Біздің қолымызға қалам алдырған да сол!.Мақаланың бастауындағы Қашаған ақынның сөзіне көзіңді тағы бір салшы, оқырман!..         («Үш қиян! Газеті. 11.03.2004 ж. «Жұлдыз» журналы №4. 2004 ж.)Ә) ТҰЗЫ ТАТЫМАЙТЫН СӨЗГЕ ТОҚПЫН!..         («Азат» газетіне – жауап-хат)Республикалық «Азат» газетінің 2004 жылғы 12 мамырдағы санында Дінәш Нұрмұхамбет дегеннің «Кімінің мәңгілік, кімнің әңгүдік екенін бір Алла біледі...» деген аты «ән салып» тұрған етектей мақаласы шықты!.. Онысы республикалық «Үш қиян» газетінің 2004 жылғы 11 наурыздағы санында біздің авторлығымызбен жарық көрген «Кие мен күйе» деген сын мақаланы – бірыңғай мансұқтау мақсатын көздеген, тұзы татымайтын негізсіз, жай әншейін дәйексіз «әңгіме» болып шығыпты!..Маңғыстауда шұбатқа көк суды құя-құя, әуелгі қасиетті дәмінен мүлде айырылған, сөйтіп, сусынның қадірсіздеу түріне айналған сұйықтықты «көк шалап» дейді!.. Дінәш замандасымыздың жазғаны – тап сондай нәрсіз «көк шалап» болып шыққан!.. «Неге бұлай?» - дейтін шығарсыз. Оған дәлел – шаш-етектен!.. Бәрін рет-ретімен айталық...Әдетте, мәдениетті басылымдар қандайма газет-журналмен, немесе, жеке автормен «айтыс-тартысқа» барған жағдайда – қарсы жақ пен өздерінің пікірін бір нөмірде қатар, немесе, нөмір аралатып беріп, оқырманның екі жақтың да айтқан уәжімен толық танысуына, сөйтіп, олардан нақты ой түюіне мүмкіндік туғызатын еді. Бірақ, өздерін «демократияның бір ұстыны»санап жүрген «Азаттағы» әріптестеріміз – ондай «ерлікке» бара алмапты!.. Бұл – біреуді алдын-ала байлап қойып, сосын, емін-еркін тепкілеу секілді, тым ыңғайсыз нәрсе!.. Олар, егер, қайшы пікірдегі қос мақаланы бірге шығарса - өздерінің сөздері «пышақ құрлы болмай» қалатынын шамалаған шығар!.. Содан, дара «шауып», жаңағы «шалап-сөзді» шығарған да!..Сөзі тура «Үш қиянда» - «Кие мен күйенің» жарық көргеніне үш айға жуықтады!.. Әншейінде басынан сөз асырмайтын «Алтын орда» содан бері неге тым-тырыс жатыр?.. Бұл – аталған басылымның «Үш қиянда» өз атына айтылған орынды сынды мойындағаны емес пе?.. «Алтын орда» - «кетпеннің басын басса- сабы маңдайына тиерін» білді. «Азаттағы» дінәшшілеп – татымсыз «әңгімеге» ұрынған жоқ!.. Автордың ең болмаса осыны ұқпағаны өкінішті»..Мұны аз десеңіз, «Жұлдыз» журналы 2004 жылғы 4- санында «Кие мен күйені» көшіріп басты!..Сонда бұл не?.. Журналдағылардың ақылынан алжасқаны ма?.. Жоқ, қайта, ақылға келгені шығар!.. Өздерінің тым артық кеткенін біліп, Әбекеңдей зор бедел иесінен кешірім сұрағандай болғаны, біздің мақаламыздағы ой-пікірлерді, жақтырсын-жақтырмасын, қабылдағаны шығар!..«Кие мен күйе» мақаласында: «Қайда да «бірінші» болудан дәмелі, қашан да «Мен!» деп сөйлеуден танбайтын («Мен» деген романын оқыңыз Авт.) іштар, қызғаншақ Мұхтар Мағауин өзінен таланты асқан Әбіш Кекілбаевты көре алмайды!.. Сондықтан да ол «Жұлдызға» Б.Алдамжаровтың «боқташағын» тықпалауға зәру!»- леген тура айтылған сөздер бар еді. Әсіресе, осы сөздер – Д.Нұрмұхамбеттің «шиқанын» жұлып алған секілді!.. М.Мағауиннің көрнекті ғалым-жазушы екенін жұрттың бәрі біледі. Ал, сол ағамыздың кісілігі қандай екен?.. Біздің жоғарыдағы сөздерімізге шек келтірушілер болса, онда, олар – сол кісі жөнінде белгілі тұлғалар айтқан мына пікірлерге назар аударсын:«Мен өзім Мұхаңа (М.Мағауинді айтып отыр. Авт.) арнайы хат жаздым. «Өліге де, тіріге де тиісесің. Сен – заңғар жазушысың...Халықтың тарихын екі-үш ғасырға жылжытқан адамсың. Мен сенің осындай еңбегіңді жоғары бағалаймын. Ал, жаңағыдай жаңсақтығыңды кешіре алмаймын»,-дедім. (Қазақтың әйгілі киноактері Асанәлі Әшімовтің «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан. 18 мамыр.2004 ж.)«Мен, мен...», «мен данышпан» деп бір Мұхтар (Бұл да М.Мағауинді айтып отыр. Авт.) шығып еді, онымен тайталасып, «мен данышпан» деп,.. екінші Мұхтар (М.Шахановты айтады авт.) шыға келді. (Белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатынан 14 мамыр, 2004 ж.)Бұл сөздер қосымша түсіндіруді қажет етпейді. Көкірегін даңққұмарлық пен өзімшілдік жайлап, қызғаныштың қызыл итіне ерік берген адам – ешкімді де (тіпті бұрынғы досы Әбішті де Авт.) аямайды!.«Кие мен күйеде» Әбіш десе, «аллергиясы» ұстап қалатын тағы бір жазушы – Қабдеш Жұмаділовтің атына да аз-кем сын айтқанбыз Бұл жөнінде – Д.Нұрмұхамбет ештеңе демепті. Дейтін ештеңесі болмаған ғой, шамасы!..Құрғақ ақыл айтып «мораль оқуға» құштар автор бұрынғылардан: Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафиндерді көзі тірілерден - Ә.Нұрпейісовті «қозғай» отырып бізге «Ә.Кекілбаевты «бірінші» дегенің – ұят емес пе?» - дегендей қыр көрсетеді!..Құдайға шүкір, біз де қара жаяу емес, қазақтың да, шетелдің де классиктерін бір кісідей оқыған, әдеби талғам қалыптастырған адамбыз. Біздіңше, Әбіштің барлық жазғанының, кем дегенде, тоқсан пайызы – классика!.. Өз басым қазақта мұндай биік самғаған жазушы бар деп білмеймін!..Бәйге бермес тұлпардың алдынан арқан керуді қоятын, теңгермешілік «ауруынан» айығып, кімнің кім екенін мойындайтын уақыт жеткен жоқ па?!Д.Нұрмұхамбет - Ә.Кекілбаевты «көкелей» қалыпты! «Асар» партиясының фракциясына кіргені үшін – оған «өкпелей» қалыпты!.. «Жорға – сөзге» мұндай шебер болар ма!.. «Өкпесін» алдымен ағаның өзіне айтпай, газетке кекесін-мақала қылып шығаратын мұндай «іні-бауырдан» Құдайым Әбекеңді сақтай көрсін!.. Бұл Д.Нұрмұхамбет «Асар» партиясының кездесулерінде – жұртқа мәйкі мен кепкі таратып жүргенін де Кекілбаевтан көретін шығар-ау!.Д.Нұрмұхамбет мақаласында «Әбекең – кім-кімді де орнына қоятын, қарсы пікір жазып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін дәлелдеп,  өзгенің көмегінсіз-ақ өзін ақтап алуға құдіреті жететін жазушы»,-деген «әдемі» сөздер бар.. Біз білсек, Әбіш ондай мақаланы жазбайды!.. Себебі,  балағына жармасып жүргендердің ( арасында «Азат» газеті де бар. Авт.) уақ тірлігі – оның «ауыз ауыртуына» тұрмайды! Біреуге жасаған қылдай қиянаты жоқ жазушы не үшін ақталуы керек?.. Ақталса - Әбіштің артынан қайта-қайта тас атқандар ақталсын!.. Ұялса – солар ұялсын!..Әбіш, кейбір даңққұмар даңғойлар секілді, ешқашан «Мен данышпанмын!..» деп өзеуремеген адам. Әбіш біреулерді жөнсіз ғайбаттап, аяғынан да шалмаған!.. Биік талант пен кісілік – оның бір басына сыйып тұр!..Бірқатар пенделерде, егер, өз мақсаттарына қажет деп тапса – Алланың атын да «саудаға сала қоятын» ауру бар!.. «Кімнің «мәңгілік» екенін бір Алла біледі...» - деп көсемсиді Д.Нұрмұхамбет. Ә.Кекілбаевқа – «мәңгілікті» қимаған ол – осындай бір «жүріс» жасаған көрінеді!. Болашағында кімнің кім болатыны – сол пенде шыр етіп, дүниеге келгенде пешенесіне жазылып қойылмақ! Әбіш – Алласы Сөз құдіретін берген, маңдайына «мәңгілік» бақыты жазылып туылған алып!.. Ондайлармен – ойнамас болар!..Дінәш әріптесіміз, мақаласында өзі мәлімдегендей, «Азат» газетінің он екі кітап шығарған Бас жазушысы болса да, Әбекең мен бізге «арнаған» ұзақсонар «әңгімесін» - жеріне жеткізе алмапты!.. Солай болатын да жөні бар!.. Себебі, ойы тайыз, тұзы жеңіл сөз – қашан да алысқа ұзамаған!..Д.Нұрмұхамбеттің осы «сарыны» - Ғ.Қабышевтың жақында ( 24 мамыр, 2004 ж.) «Жас Алашқа» берген сұхбатында да байқалады... Ұйымдастырылған зат қой – оған да таң қалған жоқпыз!..(Автордан: «БАҚ туралы» Заң талабын бұзған «Азат» газеті – бұл жауапты жариялауға жарамады!.. Содан -16.09.2004 ж. «Үш қиян» газетіне шықты.)Б) ҒАББАС ҚАБЫШЕВТАН ЖАЛЫҚТЫМ!.                  («Жас Алашқа» жауап-хат)«Жас Алаш» газеті оқырманының қаперіне берейік. Ақтауда шығатын тәуелсіз «Үш қиян» газетінің 2004 жылғы 11 наурыздағы санында – біздің авторлығымызбен «Кие мен күйе» деген сын мақала жарық көрді. Рас, мақала өзі сынаған «кейіпкерлерінің» қышыған жеріне тиердей дәрежеде өткір жазылды!.. Оның себебі біреу: ол – кейінгі жылдарда бірқатар басылымдар тарапынан қазақтың кемеңгер жазушысы, белгілі саясаткері Әбіш Кекілбайұлына орынсыз күйе жағып, оның зор беделіне көлеңке түсіру науқанының бел алғандығы!.. Сол мақаладағы сөзіміз өңмендерінен өтіп кеткен болу керек – содан бері, әсіресе «Жас Алаш», «Азат» газеттері осы тақырыпты қайта-қайта өзеурей жазып, соңымыздан қалар емес!..Біздің ойымызша, «Кие мен күйе» қай басылымның атына нақты қандай сын айтылды – оның жауабы да дәл осы бағытта өрбуі керек. Өкінішке орай, бізге  бағытталған «жауап-сындарда» - пәлендей нақтылық жоқ, есесіне, бөстекі қызыл сөз көп!.. Мысалы «Кие мен күйе» мақаласында «Жас Алашқа» айтылған «әңгіме» біреу ғана болатын. Ол – партиягершіл жалаң мақсат көздеген аталған газеттің демократия шекпенін жамыла отырып, Ә.Кекілбаевты аяқтан шалмақ ниетте құйтырқы сауал-пікірлер ұйымдастырғаны!.. Мұның дәл солай екендігі – мақаламызда бұлтартпастай дәрежеде дәлелденген де еді!.. Сондықтан бұл бағытта нақты айтар жауабы жоқ «Жас Алаш» жөнді сөзге тоқтаудың орнына, бұрынғысынан бетер бетпақтанып, біздің мақаламызда («Кие мен күйе») өткір сынның бір ұшы тиіп кеткен Ғаббас Қабышев деген жазушыдан – осы мәселеге арнайы соқтығуды мақсат еткен көлдей сұхбат алып, онымен де қоймай, оның тағы бір пікірін шығарып, ұйымдасқан түрде қаралау науқанын одан әрі өршітіп отыр!..Сонда Ғ.Қабышев «Жас Алашқа» берген сұхбаты («Б» десең – Бәкеңе тиеді, «Т» десең Тәкеңе тиеді...» 25 мамыр, 2004 ж.) мен мақаласында («Жазушыға адвокат керек пе?» 03 маусым, 2004 ж.) бізге қандай-қандай «уәж» айтады екен – соларының негізі бар ма екен?.. Енді соларына аз-кем тоқталайық. Ғаббас ағамыз бізді «мысық», «шашбайлаушы», «ұрда-жық», «көргенсіз», т.б. деп сөгеді. Ішін қызғаныш жайлаған адам не демейді?! Айта берсін!.. Жасы ұлғайып келе жатқан ағамыз ғой, мүмкін жүйкесі сыр беріп жүрген шығар... үлкен сыйлаған қазақпыз ғой, ондай-ондайларына түсіністікпен қарамасақ – біздің кім болғанымыз?!.Сонымен бірге Ғаббас ағамыз. «Өз басым Әбішті – қатарынан оқ бойы озып кеткен жазушы дегенге иланбаймын»,- депті!.. Иланбай-ақ қойсын!.. Онысында – біздің қандай шаруамыз бар?.. Себебі, бұл сөздер – оның өз пікірі, өз түсінігінің жеткен жері!.. Ал, біз болсақ, Әбішті: «Қатарынан – оқ бойы озып кеткен жазушы!»- деп санаймыз. Бұл енді – біздің ойымыз, біздің пікіріміз!.. Ер-тұрманын бауырына алып тулаған Ғабекең, бір қызығы, біздің осы байламымызға қайта-қайта шаптығады!.. Мұнысымен бұл кісі – не өндіреді?.. Түсінбеймін!..Ғ.Қабышевтың «Жас Алашпен» бірлікте ұйымдастырған солақай жарияланымдардың өне бойынан: «Үш қияндағы» мақала - Ә.Кекілбаевтың тапсырысымен жазылған!..»- деген ой атойлап-ақ тұр!.. Сөйте тұра ол кісі: «Мен олай деген жоқпын!»- деп безек қағады. Ағамыз – мұншама неге құбылады?.. Таңмын!.. Әлде, жұрттың бәрін – сөз ауанын түсінбейтін соншама ноқай көре ме екен?! Егер, Ә.Кекілбайұлы, өзіне адвокат іздейтін болса - өз туған жері Маңғыстаудан шығатын «Үш қиянда» несі бар? Басқа бір өңірден шыққан, бізден гөрі атақтылау, аузы да дуалырақ біреуді (бәлкім, әлденеше адамды. Авт.) таппас па еді?!. Ғ.Қабышев ағамыздың, ең болмаса осыған ақылының жетпегені қайран қалдырады!.. Асылы құрғақ сөз, құр айқайдың адамынан – бұдан артықты күтудің өзі де бекер ме немене?!Өз басым Ғабекеңнің сатира жанрында жазған шығармаларын да оқымаушы едім!.. Қазақтың классик Оспанхан бастаған талантты сатириктері тұрғанда – оны қайтейін!.. Ағамыздың жоғарыдағы сын-мақалалары да – сол шамасынан аспапты!.. Қайда барсын, «зауыты» бір ғой!..Ә.Кекілбайұлының соңына шам алып түскен «Жас Алаш» осы тақырыпқа, бір емес, екі емес, төрт рет айналып соқты!.. Мұның аты, демократия емес, жауығу!..Аталған газет – осы «жолда» бір айтқанын қырық қайталаудан аспайтын Ғ.Қабышевтың «қызметін» үш рет пайдаланған екен!.. Басқа оқырманды білмеймін, өз басым Ғаббас ағамыздың «дежурный әңгімесінен» қатты жалықтым!.. Соған орай, «Жас Алаш» бір ұсыныс-пікір айтқым келеді. Енді соны жеткізейін! Бұл тақырыпқа тағы орала қалсаңдар – Ғ.Қабышев ағамды ауыстыра көріңдер!.. Ел іші ғой, басқа біреу табылар!.. Тыңнан қосылған «жүйрікті» қызықтау – оқырманға да жақсы емес пе?!. Іздесеңдер – табатындарыңа кәміл сенемін!..Айтпақшы, бұл – Сізде жарияланған төрт материалға қатысты беріп отырған жалғыз жауабым!.. «БАҚ туралы» Заң бар дегендей, жарық көрмей қалып, ұят болып жүрмесін!..» Қолмен істегенді мойынмен - көтерер болар!..»Ал, әріптестер, аман болыңыз. Жазар көбейсін!..(Автордан: Өзіміз де күткендей, «Жас Алаш» - бұл жауапты да жариялаудан жалтарды!.. Амалсыздан, «Үш қиянның» 23.09.2004 ж. санына шығардық.) В) КҮННІҢ КӨЗІН – ЖАБА АЛМАЙСЫҢ!..         («Жас Алаш» газетіне – тағы да реплика!..)«Жас Алаш» көптеген басылымдарға қарағанда, әжептәуір оқылатын газет!.. Бірақ, кейде «артық» қыламын деп – тыртық қылатын» жайлары да баршылық».. Мықтыға қайта-қайта жармасып, «алтын» ұпай жинағысы келе ме, әлде біреулер қоярда-қоймай айдай ма, әйтеуір, осы газет - Әбіштей ой алыбына, сүйкене беретін  «ауруынан» әлі күнге арылар емес!..Аталған басылымның жуырдағы сандарының бірінде (10 қараша, 2005 жыл.) Аманжан Жақып деген автордың «Жасырын жазбалар» атты ой-түйіндері жарық көрді. Оқыдық. Сол кісі әлгі «Жазбаларының...» бір жерінде: «Әбішті әзір Әуезовке балап жүр. Әйтсе де, Әлемдік Әуезовтің ауылы Әбішке әлі алыс-ау!..»- деп -өзінше «сәуегейлік» жасапты!..Ол - айтқан екен!.. Енді, осыған қатысты пікірімізді біз айталық!.. «Әбішті әзір Әуезовке баласа» - балайтындай кереметі болғаны да!.. Бұл жұрт М.Әуезовтей ұлыға өзін-өзі мадақтаудан жалықпайтын М.Мағауин мен Қ.Жұмаділовті баласа – көрмей жүр ме екен?!.«Әлемдік Әуезовтің ауылы Әбішке әлі алыс-ау!» - дейді. Иә, «әлі алыс» боп тұр! Неге?.. Біздіңше, оның басты себебі, Ә.Кекілбаев талантының тіпті де олқылығында емес, оның әлемге танылу мүмкіндігінің шектеулі болуында, ел болып қолдаудың кемдігінде жатыр!..Мұхтар Әуезов - әзірге қазақтан шыққан жазушы ретінде Әлемге танылған жалғыз тұлға!.. Оны біз де мақтан етеміз!.. Бірақ, шындықты айталық, егер, өз тұсында жан-жақты қолдаушы күштері болмаса – жалғыз талантпен ол кіісі де тым биікке шырқап кете алмас еді!..Мұхаң негізінен, қазақты – орыс билеген кезеңде ғұмыр кешкен адам. Соңғы алған әйелі де сол орыс ұлтынан еді. Оның Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург. Авт.) оқып, Москвада қызмет қылған тұстары да бар. Атақты орыс жазушылары бастаған дос-жараны да көп болды. Алтын – басына зауал туғанда- оны қорғап қалған да солар – орыстың мықтылары!.. Оның ұлы жазушы ретінде Әлемге аты шығуына, белгілі дәрежеде, септескен де, әрине, солар!..Мұхаң – кезінде Қазақстанды ұзақ жылдар билеген, КСРО басшылығының алдында зор беделі бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен туған құда болған. Ұлты орыс емес, қазақтан шыққан таланттың өз тұсында кеңінен жолы болуына – мұның да «өзіндік әсер-ықпалы болмады» деп айта аламыз ба?.. Осындай демеуші күштер болмағанда – Мұхаңның да Қазақстан ауқымынан шыға алмай қалуы ғажап емес-ті!..Заманында Мұхтар Әуезовтей данышпанды да көре алмаушылар болған! Бірақ, олардың қатары бүгінде Әбіш Кекілбаевты жылдарға созып жамандап, күндеп жүргендердей тым көп болмаған!..Ұлы Мұхаңның кезінде әлемге кең танылуына қатысты жоғарыдағы кейбір пікірлерімізді жазбасақ та болатын еді!.. Бірақ, бірі өлі, бірі тірі – қос кемеңгердің арасына қайта-қайта от жақпаса – жүре алмайтындар бізді жөнімізге қойып отыр ма?!.Біздіңше М.Әуезов - әлемдік тұрғыда өзіне жарасымды орнын алған асқақ шың болса, көзі тірі классик Ә.Кекілбаев, сондай биікке лайықты бола тұра, өз қандастары етегінен тартып тұрған жетім шың!.. Ал, ғайыптан-тайып, өз қазағы қоярда-қоймай ұсынып, Әбіш – Нобель сыйлығын алды екен-ақ дейікші!.. Одан – М.Әуезов шыңы аласарып қалар ма еді?!. Әлемдік деңгейге тағы бір кемеңгерін шығарса – қазаққа көптік етер ме еді?!.Кешегі өткен ұлы шайырымыз Жұмекен Нәжімеденов, бүгінгі ақындарымыздың әрі ағасы, әрі данасы бола тұра, өлшеулі ғұмырында қайран таланты еленбей де, ескерілмей бара жатқан Өтежан Нұрғалиев, проза теңізінде терең тыныспен ағатын Төлен Әбдіков, қазақ поэзиясында өз жасау-жаңалықтары бар Есенғали Раушанов пен Тыныштықбек Әбдікәкімов!.. Әлемдік биікке бұларды да шығарсақ – қазақ үшін артықтық қылар ма еді?!.Қазақ көркем ойының аспанына тас ату тоқталар ма екен?!, Қатты күмәнім бар!.. Себебі, әлемдік деңгейге басқалар түгілі, ақын біткеннің пайғамбары, ұлылардың ұлысы Абайдың өзін әлі күнге шығара алмай жүрген «алтыбақан – алауыз», сорлы жұрт емеспіз бе?!.«Күннің көзін – жаба алмайсың!» - дейді. Мұны – бұрынғының қазағы айтқан!.. Қазіргінің қазағы мұндай сөзге түсінер ме екен?!. Қатты күмәндімін!..Біреулерге жосықсыз тиісуге шебер болғанымен, өзіне тиетін өткір сөзден өлердей қорқатын «Жас Алаш», бұрынғы әдетіне басып, біздің бұл жауабымызды да жариялауға тәуекел етпес!..(Автордан: «Жас Алаш» жарықтық әрине, бұл жауаптан да қашты!.. Соттасып - өзімді кішірейткім келмейді!.. 18.11.2005 ж. жазылған бұл репликаны, ақыры, кітабыма кіргіздім!..)